Смайыл
Алдан
Зейноллаұлы

Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Қазақстан Республикасының Премьер - Министрі К.Қ. Мәсімовке
Қазақстан республикасыныҫ

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

К.Қ. Мәсімовке

 

Депутаттық сауал

 

Құрметті Кәрім Қажымқанұлы!

 

                Биыл 1932 жылғы алапат аштыққа 75 жыл толып отыр. Атамыз қазақтың арғы-бергі тарихында бұрын-соңды дәл осындай нәубет болған емес. Көрген қорлық, шеккен азаптың ащылығы мен қырылған халықтың көптігі жағынан атышулы «Ақтабан – шұбырындыдан» да асып түскен зұлмат бұл.

                Шетелдер зерттеушілері мен Алаш асылдарының тарихи еңбектерінде  аталған апат коммунистік режимнің қазақ халқына қасақана жасаған геноцидтік қатыгездігі  екені ашық айтылады. Бұған дәлел жеткілікті.

                «История Казахстана. Народы и культуры» академиялық еңбегіне сүйенсек, Қазақстанда 1926 жылдан бастап көшпелі шаруашылықтарды  жою саясаты қарқынды жүргізілген.  Елдің мүмкіндігінен 17 есе артық жоспарланған егін және мал салығы ұлан даланы айтақырға айналдырды. 1928-1932 жылдардың ішінде  халықтан 6 миллион 509 мың ірі қара,             18 миллион 566 мың қой, 3 миллион 516 мың жылқы тартып алынып,    жүген-құрығын ұстап қалған жұрт басы ауған жаққа шұбырды. Сүрінген жерінде үзілді, жығылған жерінде жан тапсырды. Аш өзегі азынамаған аймақ қалмады. Солтүстік Қазақстан өңірінде - 385 мыңнан астам, Батыс Қазақстан өңірінде – 395 мыңнан астам, Оңтүстік Қазақстан өңірінде -  618 мың, Орталық қазақстанда – 30 мың адам қынадай қырылды.

                Демограф ғалымдардың осы дерегі бойынша барлығы 1 миллион      800 мың жан көз жұмған.

                Кейінгі зерттеулер бұл мәліметтің толық емес екендігін анықтап берді. Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың 1917 жылы: «Иншалла, 6 миллион қазақпыз» - деген сөзін еске алып, қазақ асылы  Мұстафа Шоқаевтің деректеріне жүгінсек, аштықтан көз жұмғандардың қатары 2 миллион        287 мыңға жетеді.

                Адамзат тарихында бола қоймаған, ұсақ ұлттарға жасалған геноцидтің удай шындығы, міне осындай. Мұны ұмытуға хақымыз жоқ. Қазақ есімді тағдыры тауқыметті елдің қанға боялған сол бір тарихи кезеңін ескерусіз қалдыру қоғамға да, заманға да, азаматқа да сын. Бүгіннің тамыры - өткенде, тірілердің тамыры – тірліктен көшкендерде. Ресей федерациясы мен Украина бұл нәубетті мемлекеттік деңгейде атап өтті.

                Атажұрттың азаматтары!

                Дүние жалғаннан күңіреніп көшкен миллиондардың рухына тағзым етіп, республикалық деңгейде еске алайық. Құрбан айтта құран бағыштайық. Қорлықпен өткен бейбақтардың рухы үшін, тарихи сананың сабақтастығы үшін, мына тоқ заманда жүзіміз жарқын жүруі үшін!

                Бұ дүниенің шаруасы бір бітер, о дүниеліктердің шаруасын ұмытпайық.

 

 

                Қазақстан Республикасы

          Парламенті Мәжілісінің депутаты                                  А. Смайыл

                                                                                                             

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Орынд.: Н.Байырқұлова

тел: 746221