Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
12.05.2015

МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ ҚУАНЫШ СҰЛТАНОВТЫҢ «ЕЛБАСЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІГІ» КІТАБЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ


 

МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ ҚУАНЫШ СҰЛТАНОВТЫҢ «ЕЛБАСЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІГІ» КІТАБЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ

 

Астана. 12 мамыр. Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілісте Халықаралық істер, Қорғаныс және Қауіпсіздік комитетінің мүшесі, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасы  журналист, саяси ғылымдар докторы, профессор Қуаныш Сұлтановтың «Елбасы және Қазақ мемлекеттігі» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Кітап Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы  Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еліміздің Жаңа дәуірдегі мемлекет құрылысы мен оның  дүниежүзілік қоғамдастыққа еркін араласып,  бәсекеге лайықты ширақ топтан көріну мақсатындағы  орасан мемлекеттік қайраткерлік еңбегіне арналған.

Онда қазақ мемлекетінің тәуелсіздік алып қалыптасуы жолындағы  тарихи оқиғалар, сындарлы кезеңдердегі Елбасының кемел саясаты, сондай-ақ, Президенттің ерен еңбегінің арқасында қол жеткізілген Қазақстанның әлемдік сахнадағы абыройы туралы кең көлемде баяндалады.

Шараны Мәжіліс Спикері Қабиболла Жақыпов ашып, жүргізді. Алғы сөзінде  Мәжіліс Төрағасы Қуаныш Сұлтановтың өмірлік тәжірибесі мол дарынды саясаткер, қоғамдағы беделі зор мемлекет қайраткері ретінде еліне танымал, халқына сыйлы да ардақты азамат екенін айта келіп, өз баяндамасында кітаптың мазмұнына, әрбір тарауына жеке-жеке тоқталып, жеке көзқарасын білдірді.

Бұл туындының Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тәуелсіз Қазақ мемлекеттігін ғасырлар тоғысындағы жаңа дәуірде қайта жаңғырту мен дамытудағы алып тарихи еңбегіне арналғандығын, егемен еліміздің әр салада бүгінгі биігіне жетуі, бейбіт өмір сүріп жатқаны, болашаққа деген жарқын сенімі, бізді бүкіл әлемнің құрметтеуі – мұның барлығы Елбасымыздың дана стратегиясы және қажымас қайраткерлігі арқасында жеткен асулар екенін сөз етті.

-Осы айтылған  және кітаптың мазмұнын құраған басқа да мақалалардың қай-қайсысы да Елбасының тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттілігін бекемдеудегі көп-қырлы еңбегінен алуан сыр шертеді.

Тағылым-өнегесі, ұрпаққа ұлағаты мол осындай еңбек үшін Қуаныш Сұлтанұлы,  Сізге мың алғыс!,-деді Қабиболла Жақыпов.

Одан кейін сөз алған  ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова мерейтой иесіне Елбасының Алғысын жариялап, омырау белгісін тақты.

Ал Сенат Спикері Қасым-Жомарт Тоқаев Қуаныш Сұлтанұлының ел игілігі жорлындағы қажырлы еңбегін жан-жақты баяндай келіп, кітап мазмұнына айрықша назар аударды. Қазақстанның айтылған барлық болжамдарға қарамастан, ел Президентінің арқасында тұрақты экономикалық даму қарқынына ие, реформаларды табысты жүзеге асырып, аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті нығайту ісіне елеулі үлес қосып келе жатқан, күллі әлем қауымдастығы мойындаған елге айналғанын, бұл еңбек те – ел өміріндегі осындай айрықша күрделі оқиғалардың құнды жылнамасы екенін айтты.

-Бұл кітап жаңа мемлекет құру жолында барша Қазақстан халқының ел Президентімен бірге жұмыла отырып жасаған ауқымды еңбегінің айрықша көрінісі екенін атап өту қажет,-дей келіп, Қасым-Жомарт Тоқаев Сенатта атқарған елеулі еңбегі үшін Құрмет грамотасын табыс етті. 

Одан кейін «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекке  сөз беріліп, ол Қуаныш Сұлтанұлының партияның беделін көтеру жолындағы еселі еңбегіне тоқталып, мерейтой иесіне «Нұр Отан» партиясының Мәжілістегі фракциясының жетекшісі Д. Назарбаеваның ұсынысымен, партияның Саяси Бюро шешімімен, Елбасының келісімі бойынша берілген партияның ең жоғарғы наградасы «Алтын белгі» омырау белгісін тақты.  

Қуаныш Сұлтанұлы кітабының тұсаукесеріне ел үкіметінің атынан ҚР Премьер-министрінің Кеңсе басшысы Ерлан Қошанов ыстық лебізін білдіріп, Премьер-министр Кәрім Мәсімовтің құттықтау хатын табыс етті.

Шара барысында Қуаныш Сұлтанұлымен ұзақ жылдардан бері әріптес әрі замандас болған, партияда да, Сенатта да бірлесе еңбек еткен Парламент Сенатының 1995-2000 жылдардағы Төрағасы, біраз жылдар Сенат депутаты болған белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Бәйгелді,  «Елбасы және Қазақ мемлекеттігі» кітабының алғысөзін жазған, Қазақстан Республикасы Мемлекет тарихы институтының директоры, профессор Бүркітбай Аяған,  Қуаныш Сұлтанұлы түлегі саналатын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, профессор Ғалымқайыр Мұтанов сөз сөйледі. Ғ. Мұтанов аталған Университеттің бастамасымен шығарылып келе жатқан,  45-шығарылымы толығымен Қуаныш Сұлтанұлының өмірі мен еңбегіне арналған «Өнегелі өмір» кітабын таныстырды. 

Рәсім соңында Қуаныш Сұлтанұлы шараға қатысқан барша азаматтарға Елбасының еңбегі туралы деректі кітапқа қызығушылық білдіріп, салиқалы ой, салмақты сөз айтқандары үшін шексіз алғысын білдірді. Қуаныш Сұлтанұлы:

- бүгін Мәжілісте қатардағы бір депутатқа осындай құрмет көрсетіп жатқандарыңыз да біздің  басқа барлық тәуелсіз жетістіктеріміздей тәуелсіздігіміздің, сол тәуелсіздігіміздің мазмұнын  мағынасын ұтымды, сауатты ұйымдастырып, ел игілігіне айналдырған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың орасан мемлекеттік қайраткерлік  еңбегінің нәтижесі,-деді.

Шараға сондай-ақ, қос палата депутаттары, танымал саяси және қоғам қайраткерлері, жоғарғы оқу орындарының, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері  қатысты.

 Осыған дейін Қуаныш Сұлтановтың  еліміздің қоғамдық-саяси өміріне арналған 10 кітабы мен 200-ден астам мақаласы жарыққа шыққан болатын. 

 

 (ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)

 

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі