Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
01.09.2015

V ШАҚЫРЫЛҒАН ҚАЗАҚСТАН ПАРЛАМЕНТІНІҢ БЕСІНШІ СЕССИЯСЫ ӨЗ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ


V ШАҚЫРЫЛҒАН ҚАЗАҚСТАН ПАРЛАМЕНТІНІҢ БЕСІНШІ СЕССИЯСЫ ӨЗ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ

 

Астана, 1 қыркүйек, Мәжіліс Үйі. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтті.

Күн тәртібінде бір ғана сұрақ қаралды. Ол - бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бесінші сессиясының ашылуы туралы.

Елбасының мемлекеттік сапармен Қытай Халық Республикасында жүруіне байланысты «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға сәйкес, Қазақстан Республикасы Президентінің берген тапсырмасы бойынша бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бесінші сессиясын Мәжіліс Төрағасы ашты.

Сессияның ашылуы ресми жарияланғаннан кейін еліміздің әнұраны орындалды.

Одан әрі Мәжіліс Спикері бүгіннен Парламенттің бесінші сессиясы өз жұмысын бастағанын айта келіп:

-қазіргі таңда біздің алдымызда Елбасының тапсырмаларын орындау жөніндегі орасан зор, қауырт әрі жауапты жұмыс тұр. Бұл бізден, құрметті әріптестер, қай кездегідей Парламенттің қос Палатасының Мәжіліс пен Сенаттың үйлесімді, бірлескен және ұйымшыл жұмысын, әрқайсымыздан зор жауапкершілік пен жоғары кәсібилікті талап етеді. Осы жұмыста  баршаңызға сәттілік тілеймін,-деді.

Бірлескен отырысқа Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, Мемлекеттік хатшысы, Президент Әкімшілігінің Басшысы, Конституциялық Кеңестің, Жоғарғы Соттың және Орталық сайлау комиссиясының төрағалары, Үкімет мүшелері, Республика Президентіне  тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың басшылары, Президент Әкімшілігінің, Премьер-Министр Кеңсесінің, Парламент Палаталары аппараттарының жауапты қызметкерлері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

 

 (Зәмеш Кеңесқызы – 74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі