Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
11.11.2015

МӘЖІЛІС КӨЛІК ҚҰРАЛДАРЫ ПАСПОРТЫНЫҢ БІРЫҢҒАЙ НЫСАНДАРЫН ЖӘНЕ ЭЛЕКТРОНДЫҚ ПАСПОРТТАР ЖҮЙЕЛЕРІН ЕНГІЗУДІ КӨЗДЕЙТІН ЗАҢ ЖОБАСЫН РАТИФИКАЦИЯЛАДЫ


МӘЖІЛІС КӨЛІК ҚҰРАЛДАРЫ  ПАСПОРТЫНЫҢ БІРЫҢҒАЙ НЫСАНДАРЫН ЖӘНЕ ЭЛЕКТРОНДЫҚ ПАСПОРТТАР ЖҮЙЕЛЕРІН ЕНГІЗУДІ КӨЗДЕЙТІН ЗАҢ ЖОБАСЫН РАТИФИКАЦИЯЛАДЫ

 

Астана. 11-қараша, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті.

Халық қалаулылары  көлік құралы паспортының (көлік құралының шассиі паспортының) және өзі жүретін машина мен техниканың басқа да түрлері паспортының бірыңғай нысандарын енгізу және электрондық паспорттар жүйелерін ұйымдастыру туралы келісімді ратификациялауға қатысты заң жобасын мақұлдап, Сенатқа жолдады.  Бұл келісім былтыр Мәскеуде жасалған. Көлік құралдарының электрондық паспорттары және өздігінен жүретін машиналардың және техниканың басқа да түрлерінің электрондық паспорттары жүйелерінің жұмыс істеу тәртібі мен оған қойылатын талаптарды және паспорттардың бланкілері туралы мәліметтер алмасу тәртібін, сондай-ақ оларды қолдануды бастау мерзімдерін Еуразиялық экономикалық комиссия айқындап, бекітеді. 

Осы күні Мәжіліс депутаттары бірқатар заң жобаларын екінші оқылымда мақұлдады.  Олар ілеспе құжатпен «Мемлекеттік сатып алу туралы» және спорттық-бұқаралық, мәдени ойын-сауық және басқа да іс-шаралар өткізу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша түзетулер

Алғашқысы мемлекеттік сатып алулар ережесін жеңілдетіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуды қарастырады. Мәселен, өткізілетін мемлекеттік сатып алулардың ашықтығын қамтамасыз ету, сондай-ақ өтінімдерді қарау және  сатып алу жеңімпазын айқындау кезінде сатып алуды ұйымдастырушы тарапынан сыбайлас жемқорлық әрекеттерді болғызбау үшін конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуға қатысуға өтінім берген әлеуетті өнім берушілердің өтінімдерді ашу хаттамасы жарияланған кезден бастап басқа да әлеуетті өнім берушілердің  осы конкурсқа қатысуға берген өтінімдерін көруі қамтамасыз етілмек. Конкурсқа қатысуға берілген өтінімдері қабылданбай қалған әлеуетті өнім берушілер туралы ақпаратты, оны қабылдамау себептерін мұқият көрсетіп, оның ішінде  олардың біліктілік талаптары мен конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкес келмейтінін растайтын мәліметтер мен құжаттарды көрсете отырып, конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алудың қорытындылары туралы хаттамаға қосатын нормалар қарастырылды. Бұған қоса, мемлекеттік сатып алуды өткізудің ұзақтығын азайту мақсатында,  депутаттар мемлекеттік сатып алудың алдын-ала жылдық жоспары жаңа институтын кіргізу жөнінде түзетулер қосты, онда тиісті бюджет бекітілгенге дейін  өнім берушінің таңдауы бойынша рәсімдері өткізу мүмкіндігі қаралған. Ілеспе құжатта Бюджет кодексіне, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске, «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» заңдарға түзетулер енгізу көзделген.

Ал, спорттық-бұқаралық, мәдени ойын-сауық және басқа да іс-шаралар өткізу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша түзетулер іс-шараларды өткізуге тартылған ұйымдардың қызметін үйлестіреді. Жеке тұлғалардың іс-шаралардағы мінез-құлықтың қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылығы енгізіледі. Ұйымдастырушыларға көрермендердің іс-шаралар өткізілетін орындардағы мінез-құлық қағидаларын орналастыру міндетін жүктеу ұсынылды. Іс-шаралар өткізілетін орындарға алкогольдік өнімді, металл, шыны ыдыстағы өнімді әкелуге тыйым салу туралы түзету енгізілді. Сахналарға, ареналарға, төсеніштерге, спорт алаңдарына, сондай-ақ көрермендер орналасқан орындарға адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін кез келген заттарды лақтыруға тыйым салынады.

Жалпы отырыста бірнеше ратификациялық құжаттар жұмысқа қабылданды. Олар: Германиямен адамдарды қабылдау және транзиттеу туралы үкіметаралық келісімді (реадмиссия туралы келісім),  2003 жылғы 25 желтоқсанда Астана қаласында қол қойылған Қырғыз Республикасымен мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттері туралы келісімге өзгерісті енгізу туралы үкіметаралық хаттаманы, сондай-ақ, ЕАЭО кедендік аумағына тауарларды әкелу мен олардың айналысының кейбір мәселелері туралы хаттаманы ратификациялауға қатысты болмақ.

Осы күні депутаттар салық салу және кедендік әкімшілендіру мәселелері бойынша түзетулерге қатысты  заң жобасына Сенат енгізген өзгерістерді мақұлдады.  

(Зәмеш Кеңесқызы – 74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі