Қазақстан
Республикасы
Парламенті Мәжілісі
Бюросының
2007 жылғы 20
қарашадағы
№ 72-IV МБ қаулысына
№ 1 қосымша
Қазақстан
Республикасы Парламентінің Мәжілісі жанындағы
Қоғамдық
палата туралы
Е Р Е Ж Е
Осы Ереже Қазақстан
Республикасы Парламентінің Мәжілісі жанындағы
Қоғамдық палатаның мәртебесін,
өкілеттіктерін және қызметін ұйымдастыруды
айқындайды.
1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан
Республикасы Парламентінің Мәжілісі жанындағы
Қоғамдық палата (бұдан әрі – Қоғамдық
палата) Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі
жанындағы консультациялық-кеңесші орган болып табылады.
2. Қоғамдық палата
өз қызметін Қазақстан Республикасының
Конституциясы мен заңдарына, Қазақстан Республикасы
Президентінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық
актілерге, Парламент Мәжілісінің Регламентіне, сондай-ақ осы
Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
3. Қоғамдық
палатаның қызметін қаржыландыру Қазақстан
Республикасы Парламентінің қызметін қаржыландыруға
бөлінген бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
2.
Қоғамдық палатаның негізгі міндеттері мен функциялары
4. Қоғамдық
палатаның негізгі міндеттері:
заң жобаларына сараптама
жасау;
әзірленіп және
қаралып жатқан заң жобалары бойынша нұсқамалар
мен ұсыныстар дайындау;
заңдарды
қабылдау мен іске асырудың ықтимал салдарларына болжам
жасау;
өз құзыреті аясында Парламент
Мәжілісіне қолданыстағы заңнаманы жетілдіру
жөнінде келіп түсетін ұсыныстарды қарау және
бағалау болып табылады.
5.
Қоғамдық палатаның негізгі функциялары:
Парламент
Мәжілісінің депутаттары заң шығару бастамасы
тәртібімен енгізетін заң жобаларын әзірлеуде
консультациялық көмек көрсету;
шетелдік
парламенттердің заң шығару қызметі саласындағы
тәжірибесін зерделеу және қорыту;
заң шығару
қызметінің проблемалары бойынша дөңгелек үстелдер,
семинарлар, тыңдаулар, конференциялар мен өзге де іс-шаралар
өткізу және оларға қатысу болып табылады.
3.
Қоғамдық палатаның өкілеттіктері
6.
Қоғамдық палата өзіне жүктелген міндеттер мен
функцияларды шешу мақсатында:
Қоғамдық
палатаның қарауына жататын заң жобаларының тізбесін
айқындайды;
өз құзыреті
шегінде Парламент Мәжілісі Аппаратының құрылымдық
бөлімшелерінен тиісті заң жобалары бойынша қажетті
ақпаратты сұратады және алады;
Қоғамдық палата
өкілдерін Парламент Мәжілісі жұмыс топтарының отырыстарына
қатысуға жібереді;
Қоғамдық
палатаның жұмысына Қазақстан Республикасының
заңнамасында белгіленген тәртіппен ғылыми және
мемлекеттік мекемелердің, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық
бірлестіктердің сарапшыларын тартады;
Қоғамдық
палатаның жұмыс жоспарын бекітеді;
Қоғамдық
палатаның қызметін ұйымдастырудың өзге де
мәселелерін шешеді.
4.
Қоғамдық палатаның құрамы
7.
Қоғамдық палата Парламент Мәжілісінің
тұрақты комитеттерінің, тіркелген саяси партиялардың,
үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық
бірлестіктердің ұсыныстары негізінде Қоғамдық
палатаның Төрағасы, оның екі орынбасары, жауапты хатшысы
және мүшелері құрамында құрылады.
8.
Қоғамдық палатаны өз қызметінің
мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті
Мәжілісінің Бюросына есеп беретін Төраға
басқарады
5.
Қоғамдық палатаның Кеңесі
9.
Қоғамдық палатаның ағымдағы және
ұйымдастырушылық қызметіне басшылық ету үшін
Қоғамдық палатаның Кеңесі құрылады.
Кеңестің құрамына лауазымы бойынша
Қоғамдық палатаның Төрағасы, оның
орынбасарлары, Қоғамдық палатаның жауапты хатшысы және
секциялардың басшылары кіреді.
10. Қоғамдық
палатаның Кеңесі:
Қоғамдық
палатаның сессияға арналған жұмыс жоспарын іске асыруды
жүзеге асырады;
Қоғамдық палата
мүшелерінің заң жобалары бойынша енгізетін қорытындыларын
талқылайды және Қоғамдық палата атынан жалпы
қорытындыны бекітеді;
кейіннен Қоғамдық
палатаның жұмысында пайдалану үшін азаматтардың,
үкіметтік емес ұйымдардың бастамалары туралы ақпаратты
жинау мен өңдеуді жүзеге асырады;
Қоғамдық палатаның
жұмыс жоспарына өзгерістер енгізу жөніндегі ұсыныстарды
қалыптастырады;
Қоғамдық палата
басшыларының ағымдағы жұмыс туралы хабарламасын
тыңдайды;
Қоғамдық палатаның
дөңгелек үстелдер, семинарлар, тыңдаулар,
конференциялар түріндегі іс-шараларын дайындау мен өткізудің
тәртібін бекітеді;
Қоғамдық палатаны
шақыру туралы шешім қабылдайды және оның
отырысының күн тәртібін қалыптастырады;
Қоғамдық палатаның
отырыстары арасындағы кезеңде оның атынан өкілдік етеді,
заң жобаларының алдын ала сараптамасын ұйымдастырады.
11.
Қоғамдық палатаның Кеңесі өз
жұмысының тәртібін өз бетінше айқындайды.
6.
Қоғамдық палатаның жұмысын ұйымдастыру
12.
Қоғамдық палатаның жұмысы оның отырыстарын,
соның ішінде өңірлердегі көшпелі отырыстарын,
жұмыс топтарының отырыстарын өткізу, конференцияларды,
«дөңгелек үстелдерді» және өзге де іс-шараларды
ұйымдастыру арқылы жүзеге асырылады.
13. Қоғамдық
палатаның отырыстары қажеттігіне қарай, бірақ кемінде
үш айда бір рет өткізіледі. Егер Қоғамдық
палатаның отырысына Қоғамдық палата мүшелері
жалпы санының кемінде жартысы қатысса, отырыс заңды болып
табылады.
14. Төраға отырыстарды
өткізудің уақыты мен орнын айқындайды, Қоғамдық
палата отырысының күн тәртібін бекітеді, Қоғамдық
палатаның хаттамаларына, қорытындыларына және өзге де
шешімдеріне қол қояды және оның қызметі
үшін жауапты болады.
15. Төраға Қоғамдық
палата отырысының күн тәртібін Қоғамдық палатаның
мүшелері ұсыныстарының негізінде қалыптастырады.
16. Отырыста Төраға:
отырыстың күн
тәртібі мен жұмыс тәртібі туралы хабарлайды;
отырыстың осы Ережеге
сәйкес жүргізілуін қамтамасыз етеді;
ұсыныстардың түсу
тәртібіне қарай сөйлеу үшін сөз береді, ал
қажетті жағдайларда, кезектің өзгертілу
дәлелдерін хабарлай отырып, сөз сөйлеу кезегін
өзгертеді;
отырыстағы талқылауларды
қорытады және хаттамаға қол қояды.
17. Қоғамдық
палатаның мүшелері:
Қоғамдық
палатаның қызметін жетілдіру жөнінде, соның ішінде
Қоғамдық палатаның жұмыс жоспары, оның
отырыстарының күн тәртібі және мәселелерді
талқылау реті жөнінде ұсыныстар енгізеді;
Қоғамдық
палатаның отырыстарына материалдар, оның шешімдерінің
жобаларын дайындауға және Қоғамдық палата
қарайтын мәселелерді талқылауға қатысады.
Қоғамдық палатаның
мүшелері өз өкілеттіктерін басқа адамдарға беруге
құқылы емес және оның отырыстарына ауысу
құқығынсыз қатысады.
18. Қоғамдық
палатаның хаттамалармен ресімделетін қорытындылары, сондай-ақ
өзге де шешімдері ұсынымдық сипатта болады, отырыстарда
ашық дауыс беру арқылы қарапайым көпшілік дауыспен
қабылданады.
Талқыланатын мәселе
бойынша дауыстар тең болған жағдайда
Төрағаның даусы шешуші болып табылады.
Қабылданған шешіммен
келіспеген жағдайда Қоғамдық палата
мүшелерінің айрықша пікірін айтуға
құқығы бар.
19. Заң жобалары сараптамасының
нәтижелері бойынша Қоғамдық палатаның қорытындылары
Парламент Мәжілісінің тұрақты комитеттеріне
жіберіледі.
20. Қоғамдық
палатаның қорытындыларын Парламент Мәжілісінің бас
комитеттері заң жобаларымен жұмыста пайдаланады. Егер бас
комитеттер қажет деп тапса, заң жобалары бойынша баяндамашылар
(қосымша баяндамашылар) Қоғамдық палатаның
қорытындыларын Қазақстан Республикасы Парламенті
Мәжілісінің жалпы отырыстарында оқып беруі мүмкін.
21. Қоғамдық
палата Төрағасының шешімі бойынша Қоғамдық
палатаның отырысына Парламент депутаттары, Қоғамдық
палатаның құрамына кірмейтін, тіркелген саяси
партиялардың, үкіметтік емес ұйымдар мен
қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, ғалымдар
мен тәуелсіз сарапшылар шақырылуы мүмкін.
Қоғамдық палатаның отырысына шақырылған
адамдар дауыс беруге қатыспайды.
22. Қоғамдық
палатаның отырыстарына материалдар дайындау үшін Қоғамдық
палатаның мүшелері арасынан және басқа да мамандардан
секциялар мен уақытша жұмыс топтары құрылуы
мүмкін. Секциялар мен жұмыс топтарының құрамын,
сондай-ақ олар қарайтын мәселелердің ауқымын Қоғамдық
палатаның Төрағасы айқындайды.
23. Қоғамдық палатаның
қызметін ұйымдастыру жағынан қамтамасыз ету Парламент
Мәжілісінің Аппаратына жүктеледі.
Отырысты шақыру мен
ұйымдастыруды, сондай-ақ материалдар мен қорытынды
құжаттардың әзірленуін ұйымдастыруды Қоғамдық
палатаның жауапты хатшысы қамтамасыз етеді.
Қоғамдық
палатаның отырысын өткізудің уақыты мен орны туралы
ақпарат, сондай-ақ отырыстың күн тәртібі Қоғамдық
палатаның мүшелеріне отырыс өткізілетін күннен кемінде
бес күн бұрын ұсынылады.
Қоғамдық
палатаның отырысында қаралатын материалдар Қоғамдық
палатаның мүшелеріне отырыс өткізілетін күннен кемінде
үш күн бұрын ұсынылады.
24. Қоғамдық
палатаның отырысына ұсынылатын материалдардағы
ақпаратты Қоғамдық палатаның шешімі
шығарылғанға дейін бұқаралық ақпарат
құралдары арқылы таратуға болмайды. Қоғамдық
палатаның Төрағасы Парламент Мәжілісі Бюросының
алдында осы Ереженің бұзылуына жол берген кез келген мүшені Қоғамдық
палатаның құрамынан шығару туралы ұсыным
жасауға құқылы.