Мемлекет басшысының Қазақстан Республикасы Парламентінің ІІ сессиясын ашарда сөйлеген сөзі

Мемлекет басшысының Қазақстан Республикасы Парламентінің ІІ сессиясын ашарда сөйлеген сөзі


Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ:


Біз еліміздің өскелең дамуын қамтамасыз ететін
басты бағытты әрдайым жүргізетін боламыз


Біз, қалыптасқан дәстүр бой­ынша, Парламенттің кезекті сессия­сын қыркүйек айының алғашқы қүндерінде ашып отырмыз.

Бүгін біз осыған дейінгі заңнамалық, құқықтық саладағы атқарылған іс-шаралардың бас-аяғын қорытындылап, болашақтағы шаруалардың жоспарын пысықтап алуымыз керек.

Дүние сәт сайын өзгеру үстінде. Біздің еліміз де өткен бір жылдың ішінде қоғамдық-саяси, әлеуметтік, экономикалық тұрғыда оң үрдістерге қол жеткізді.

Төртінші шақырылымдағы Парламенттің бір жылдық қызметі табысты болды. Аз ғана уақыттың ішінде сіздер 67 заңнамалық актіні талдап, талқылап, қабылдадыңыздар.

Жалпы алғанда, конституциялық реформалар, соның ішінде заң шығарушы және атқарушы биліктің бірлесіп жұмыс жасауының жаңа тетіктері өзін-өзі толықтай ақтады деуге толық негіз бар.

Заңнамалық, құқықтық саладағы оң өзгерістерге Парламент Сенаты депутаттарының да қосқан үлесі зор. Келесі айдың басында сенаторлардың бір бөлігі қайта сайланбақ.

Осыған орай сенаторларға жемісті қызметтері үшін алғысымды біл­діргім келеді. Сіздер бұдан әрі де Отанымыздың гүлденуі үшін барлық күш-жігерлеріңізді жұмсайтындарыңызға кәміл сенемін.


* * *


Соңғы айдағы Кавказ аймағындағы жағдай беделді халықаралық ұйымдар мен жетекші әлем саясаткерлерінің жаһандық пікірталасының басты тақырыбына айналып отыр.

Батыс елдері тарапынан бұл оқиғаларға біржақты баға берілуі жағдайында біз өңірде тұрақтылықты қамтамасыз ету және қантөгісті тоқтату үшін Ресей Федерациясы қабылдаған шараларды қолдайтынымыз туралы мәлімдедік.

Біз тараптарды Медведев пен Саркози бекіткен алты тармақ негізінде келіссөзге кірісуге шақырамыз. Біз Батыс елдері мен Ресейді өзара кінәласу мен қатер төндіруден бас тартып, халықаралық құқықтың өзекті қағидаттарының біріншілігі негізінде ахуалды тұрақтандыру үшін келіссөзге көшуге шақырамыз.

Бүгінде Оңтүстік Осетия мен Грузиядағы жапа шеккен қара­пайым адамдарға көмектесу аса маңызды. Қазақстан қазірдің өзінде қақтығыс аймағына қажетті гумани­тарлық көмек жіберді. Мен бұл мәселе жөнінде Достастық мемлекеттері басшыларымен сөйлестім. Сондай-ақ Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің, жақында Душанбеде өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының мәжілістерінде де бұл туралы әңгіме болды.

Кавказдағы ұзақ жылдар бойы созылып келе жатқан халықтар арасындағы қақтығыс талай мәрте қанды қырғынға әкеліп соққанын бәріміз білеміз. Оның алдағы уақытта тіпті басқа аймақтар үшін немен аяқталары әлі белгісіз.

Сондықтан да біздің бәріміз үшін негізгі міндет – ортақ Отанымыздың тыныштығы мен бірлігі екендігіне тағы бір мәрте назар аударамын.

Мен осы мәселені он жеті жыл бойы тынбай айтып келемін. Жоғарыдағы оқиғалармен салыстыратын болсақ, бұл айтылған сөздің бәрі бекер емес. Осы бағытта атқарған шаруамыздың барлығы да татулықтың арқасы екенін тағы бір атап өткен жөн болар.

Халқымыздың өсіп-өркендеуі, бейбітшілік, саяси және экономикалық тұрақтылық, көпұлтты және көпконфессиялы Қазақстанның толеранттылығы, заңды түрде бекітілген мемлекеттік шекара, көршілерімізбен жақсы қарым-қатынас – мұның бәрі тәуелсіздік жылдарында біз бірге қол жеткізген үлкен ұлттық жетістіктер.

Бүгін біз бұл жетістіктерімізді шын мәнінде мақтан тұтамыз.

Біз еліміздің өскелең дамуын және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін осынау басты бағытты әрдайым жүргізетін боламыз.

Бүгінде біз баршамыз ұлтаралық және конфессияаралық келісімде қол жеткізген жетістіктерімізді сақтап, одан әрі дамытуға жауаптымыз. Сондай-ақ әлемдік қоғамдастықпен де жоғары дәрежелі әріптестік қатынастарды сақтауға мүдделіміз.

Біз әркез бұл жөнінде ұмытпауымыз керек және өз жұмы­сымызда осыны басшылыққа алып, халыққа үнемі түсіндіріп отыруымыз қажет. Және елдің тыныштығына, бірлігіне қарсы әрекеттердің қандайына болсын тыйым салуға тиіспіз.

Егер әр азамат, елдегі саяси қозғалыстар мен қоғамдық ұйымдар өз Отанын сүйетін, Қазақстанның болашағын ойлайтын болса, олардың осы мәселедегі іс-әрекеті бір болуы қажет. Бұл уақыт талабы болып отыр. Отанымыздың бақытты болашағы – тек бірлікте.

Осылай ғана біз елімізді одан әрі дамыту тұрғысындағы міндеттерді жүзеге асыра алмақпыз.


* * *


Қазақстан қазірдің өзінде жаһандық экономикалық және саяси үдерістерге біржолата тартылып отыр. Сондықтан да бұл үдерістердің біздің ішкі істерімізге ықпалы алдағы кезде тек өсе түсетін болады.

Мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ. Әлемдік экономиканың тұрақсыздығы, міне, жылдан асты біздің экономикалық жүйеміздің беріктігін сынап келеді. Осындай жағдайда Қазақстан экономикасы әлемге өзінің тұрлаулылығын көрсетті.

Өзіміздің даму стратегиямыздың, әлемдік экономикадағы үрдістерге мониторингтің және жүйелі талдаудың арқасында біз алдын ала мұқият тексерілген және теңдестірілген шешімдер қабылдап отырдық.

Әлемдік экономикаға өрлеу де, сол секілді құлдырау да тән, сондықтан дағдарыс жағдайында тұрақтандыру шараларын үнемі көздеп отыру қажет. Бізде елдің Ұлттық қоры мен алтын-валюта резерві осындай өзіндік бір “қауіпсіздік жастығы” болып табылады.

Нақ осы құралдар бізге ахуалды тұрақтандыруға және сыртқы үрдістердің ел экономикасына келеңсіз ықпалын барынша азайтуға мүмкіндік берді.

Банк жүйесіндегі ахуал тұрақ­тандырылды. Ел банктері сыртқы да, ішкі де төлемдер бойынша дефолтқа жол берген жоқ.

Естеріңізде болса, Ұлттық қордың қаражатын түрлі жақсыаттанушылық мақсаттарға жұмсағысы келгендер көп болғаны белгілі. Бүгінде біз арзан ұрандардың жете­гінде кетпей, қандайлық дұрыс істегенімізді көріп отырмыз.

Менің тапсырмам бойынша Үкімет біздің резервтен әлемдік экономиканың қолайсыз ықпалынан барынша зардап шеккен үш маңызды бағыт бойынша қолдау көрсетті.

Бірінші – бұл үлескерлер.

Үкімет азаматтар мен құрылыс­шылар арасындағы өзара қатынас үшін тікелей жауапты емес. Әркім өз ақшасын кімге сенетінін өзі шешеді. Ол кезде ешкім Үкіметтен кеңес сұраған жоқ. Бірақ та біз өз азаматтарымызды қиын жағдайда қалдыра алмаймыз.

Біз үлескерлер проблемасының тиімді шешімін уақытында таптық. Тек Астана мен Алматы қалаларындағы үлесті құрылыс нысандарын аяқтауға 157 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді, оның 41 миллиард теңгесі Астанада салынып жатқан бюджеттік сала қызметкерлеріне арналған үйлерден пәтерлер сатып алуға арналған.

Теріс ниетті үй салушылардан зардап шеккен үлескерлерді қорғау үшін біз қосымша тағы 17,2 миллиард теңге бөлдік.

Үкімет банктерде болмай қалған кредиттер түрінде берілген бұл ха­лықтық қаражатты қайтаруға тиіс. Сондай-ақ оны адамдарды алдаған үй салушылардан өндіріп алу керек. Бұл мәселелер бойынша тергеу жүргізіліп, іс аяғына дейін жеткізілуі тиіс.

Мен Үкіметке тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңнаманы пысықтауды тапсырғанмын. Бізде мұнда ұмыт қалған тұстар болды, ал оны қиянатшыл алдамшылар пайдаланып кетті. Бізге үлестік құрылыстың нақты да айқын тәртіптері қажет. Біз үй салушыға деген талапты қайта қарап, үлескердің жауапкершілік деңгейі мен тәуекелінің үлесін анықтауға тиіспіз. Бұл заң жобасы қазір Парламентте жатыр.

Екінші бағыт – шағын бизнес.

Банктер кредит беруді қысқартқанын ескере отырып, шағын және орта бизнеске ауқымды мемлекеттік – қаржылық та, институттық та – қолдау көрсетілді. Өткен жылдың аяғында бөлінген 48,8 млрд. теңге есебінен шағын және орта бизнес субъектілерінің 2000-нан астам жобасы қаржыландырылды.

Биылғы жылы жергілікті және республикалық бюджет қаражатынан шағын бизнеске тағы 95,5 млрд. теңге бөлінді.

Бұл соманың 50 млрд. теңгесі “Қазына” қоры арқылы бөлінуде, банктер тағы 50 млрд. теңге бөледі.

Сонымен қатар менің тапсырмам бойынша Үкімет әкімшілік кедергілерді азайту, шектен тыс және қажетсіз бюрократиялық ресімдерді жою жөніндегі жұмысты жалғастыруда. Бұл жұмысты әрі қарай да жалғастыру керек.

Үшінші бағыт – ауыл шаруа­шылығы.

Өздеріңіз білесіздер, соңғы жылдары біз елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөнінде қосымша шараларды іске асырдық.

Тұтастай алғанда бүкіл әлемде азық-түлік қымбаттауына байланысты біз елде жетіспейтін өнімдер шығаруды ұлғайту жөнінде шаралар қабылдауға мәжбүр болдық.

Тұтастай алғанда, биылғы жылы бюджеттің және даму институттарының есебінен АӨК үшін 127 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді.

Бұл қаражат бізде жетпей жататын өнімдерді – көкөністі, жемістерді, сүт өнімдерін, етті өндіруге жұмсалады.

Барлық өңірде астықтың және өнімдердің әлеуметтік мәнді түрлерінің тұрақтандырушы қоры құрылған. Жаңа өндірістер, соның ішінде ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу жөніндегі өндірістер құрылуда.

Бүгін мен тағы да атап көрсеткім келеді, бұл тұрғыда біздің халқымызда алаңдаушылық үшін себептер болмауы тиіс. Біз азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті нәрсені істейміз.

Мен жуырда ғана барлық астық өсіруші өңірлерді аралап өттім және астық рыногындағы ахуалды тұрақтандыру жөнінде біз жүргізіп отырған саясат дұрыс екенін айтуға тиіспін. Қазақстан әрдайым астықты болады.

Инфрақұрылымдық жобалар белсенді іске асыру кезеңінде тұр, біздің азаматтардың әлеуметтік берекелілік мәселелері тұрақты шешілуде, қазірдің өзінде әкімшілік реформаның алғашқы оң нәтижелері бар.

“Қазақстанның 30 корпоративтік көшбасшысы” бағдарламасын іске асыру туралы айрықша айтқым келеді. Жалпы құны 53 млрд. АҚШ долларынан асатын 45 серпінді жобадан тұратын “Базалық тізім” түзілді. Бұл бағдарламаның алғашқы нәтижелерін биылғы жылдың өзінде көретін боламыз, ал бағдарлама 2015 жылға дейін жалғасады.

Осылардың нәтижесінде бірінші жартыжылдық бойынша елдегі экономикалық өсім сақталып қалды. ІЖӨ-нің өсуі 5 %-дан астамды құрады және оның баяулауы экономиканың теңдестірілген өсуін қамтамасыз ету жөніндегі міндетке сай келеді. Яғни, осындай қиын – сыртқы қорланудың жоқ жағдайында біз бұл үдерістерді басқаруды өз қолымызға алдық. Біз өсу қарқынын ұлғайта алар едік, бірақ та ол инфляцияның өсуіне соқтырар еді. Біз теңдестіре ұстау негізінде экономикалық өсуді ұлғайтпау, сонымен қатар даму ұстанымын қабылдадық, бұл дұрыс та болды.

Ұлттық қорды ескергенде елдің жалпы резерві 47 млрд. долларды құрады.

Осылайша, әлемдік экономиканың турбуленттілігі жағдайында экономикалық ахуалды тұрақтандыру жөніндегі біздің іс-әрекетіміз сарабдал да уақтылы болып шықты.

Ендігі біздің міндетіміз – экономикалық қауіпсіздіктің әлде­қайда жоғары деңгейін қамтамасыз ету, банк секторының тәуекелін барынша төмендету.

Сондықтан да мен Үкіметке және “Қазына” қорына әлемдік озық практиканы ескере, халықаралық қаржы институттарын тарта отырып, ашыну активтері қорын құру мәселесін пысықтауды тапсырдым. Бұл – қаржы тәуекелдерін басқарудың сенімді нарықтық тетігі, сондықтан да біз онымен қаруланатын боламыз.

Әңгіме кредитке қойылған кепіл мүліктердің бағасы түсіп, банктер жұмсаған шығындарды өтемеуі себепті біздің банктердің жағдайы одан әрі нашарлау мүмкіндігі туралы болып отыр. Мұнда мемлекет сол бағаларды төмендету есебінен көмектесе алады. Мұны Үкімет нақты пысықтап, тиісті жекеменшік құрылымдармен келісуі тиіс.

Талдау көрсеткеніндей, әлемдік экономикадағы дағдарыс үрдістері әлі еңсерілген жоқ. Сондықтан да Үкімет пен Парламент келесі жыл да қиын жыл болуы мүмкін екенін ескеруі қажет. Әлемдік экономикадан туындайтын күрделі де қиын жағдайларға әзір болу керек.


* * *


Енді – болашаққа арналған жаңа жоспарларымыз туралы.

Менің тапсырмам бойынша Үкімет ел дамуының қазіргі кезеңі үшін стратегиялық маңызы бар заң жобаларын әзірлеп, Парламентке ұсынды. Бұл – Салық және Бюджет кодекстері, үшжылдық бюджет, сондай-ақ бәсекелестік туралы заң жобасы.

Үкімет қысқа мерзімде осы жобаларды әзірлеп, үлкен жұмыс атқарғанын атап өткен жөн.

Салық кодексінің жобасы өңдеу секторынан экономикалық қайтарымды арттыру есебінен экономиканың шикізаттық емес секторлары үшін жалпы салық ауыртпалығын барынша азайтуды көздейді, салық­тың әкімшілдендіруін айтарлықтай жеңілдетеді және салық жеңіл­дік­терінің қалыптасқан жүйесін оңтайландырады.

Шикізаттық емес секторға салық ауыртпалығын төмендету үшін 2009 жылы корпоративтік табыс салығының ставкаларын 30%-дан 20%-ға дейін, 2010 жылы 17,5%-ға дейін және 2011 жылы 15%-ға дейін кезең-кезеңмен төмендету көз­делген.

Бұл қазақстандық кәсіпкерлер үшін жақсы қолдау болады, бұл оларға біздің экономика мен бизнесті қосымша инвестициялау үшін елеулі айналым қаржысын босатуға мүмкіндік береді.

Егер жаңа Салық кодексінде корпоративтік табыс салығы бойынша аванстық төлемдерді алып тастау ұсынылғанын айтсам, мен кәсіпкерлерді қуантамын деп ойлаймын.

Сонымен қатар, патент және оңайлатылған декларация негізінде шағын бизнес үшін арнаулы салық режімі бұрынғы күйінде сақталды.

Салық есептілігін қысқарту жөнінде бірқатар тұтас бастамалар көзделіп отыр.

Жаңа Салық кодексі елдегі инвестициялық ахуалды айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік беретініне сенімдімін. ТМД елдерімен кедендік кедергілердің жоқ екенін ескерсек, ол Қазақстанда бизнес жүргізуді отандық та, сондай-ақ шетелдік өндірісшілер үшін де әлдеқайда пайдалы етеді.

Әлбетте, бұл бюджеттің табыс бөлігін азайтуға соқтыратыны белгілі. Осы заң жобасын қарау барысында сіздер, депутаттар, бәрі де теңдестірілуіне мұқият зер саларсыздар: бизнеске де жақсы болсын, бюджет те қалыпты толықтырылсын.

Бюджет қаражатын және мем­лекеттік активтерді пайдалану тиім­ділігін арттыру үшін мен Үкіметке жаңа Бюджет кодексін әзірлеуді тапсырғанмын.

Парламентке ұсынылған кодекс жобасы – бұл жүріп жатқан әкімшілік реформаның нәтижесі, ол дәстүрлі мемлекеттік әкімшілдендіруден жаңа мемлекеттік менеджментке көшуді білдіреді.

Жаңа Кодексте мемлекеттік саясатты бюджеттік үдеріс арқылы жоспарлау мен іске асыруды үйлестіру күшейтілген.

Бюджет қаражатын пайдалану нәтижелілігіне тұрақты мониторинг­тің, бақылау мен бағалаудың кешенді жүйесін ендіру көзделіп отыр. Мемлекеттік қаржылық бақылау жүйесі күшейтілген.

Үкіметтің заңнамалық бастамалар пакетінде 2009-2011 жылдарға арналған республикалық бюджет маңызды орын алады. Жаңа Бюджеттік кодекстің жобасында біз үш­жылдық бюджетті ендіруді көздедік және ағымдағы жылдың өзінде осындай бюджет Парламенттің қарауына енгізілді.

Ұсынылған бюджет жобасында Үкіметтің халықтың табысын арттыру жөнінде Жолдауда мен берген тапсырмалардың бәрін ескергенін атап өткім келеді.

Зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері 2009 жылы — 25%-ға, 2010 жылы – 25%-ға және 2011 жылы 30%-ға ұлғайтылады. Базалық зейнетақы төлемдері 2011 жылға қарай ең төменгі өмір сүру деңгейінің 50%-ы деңгейіне дейін жеткізіледі.

Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мен арнайы мемлекеттік жәрдемақылар мөлшері 2009 жылдан бастап жыл сайын орта есеппен 9%-ға ұлғайтылатын болады. Осы әлеуметтік бастамаларды іске асыру үшін үшжылдық бюджет жобасында қажетті қаражат көзделген.

Бала тууды ынталандыру және демографиялық ахуалды жақсарту мақсатында 2010 жылдан бастап көп балалы отбасыларға әлеуметтік қолдау күшейтіледі.

4-ші және одан көп бала туғанда біржолғы жәрдемақы 50 айлық есептік көрсеткішке дейін арттырылатын болады. Сәбиді ол бір жасқа жеткенше күту жөніндегі ай сайынғы жәрдемақы орта есеппен 2,5 есе ұлғайтылады.

Әлеуметтік төлемдердің жаңа түрі – мүгедек балаларды тәрбиелеуші ата-аналарға, қамқоршыларға 1 ең төменгі жалақы мөлшерінде жәрдемақы енгізіледі.

Сонымен қатар, 7 және одан көп бала туып, тәрбиелеген көп балалы аналарды “Алтын алқа” медалімен және 6 бала туып тәрбиелеген аналарды “Күміс алқа” медалімен наградтау көзделуде.

Үшжылдық бюджет сондай-ақ бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысын 2012 жылға қарай екі есе, соның ішінде 2009 жылы – 25%-ға, 2010 жылы – 25%-ға және 2011 жылы 30%-ға арттыруды көздейді.

Зиянды еңбек жағдайы үшін қосымша ақы алатын мамандар тізімі кеңейтілді.

Осы мақсаттарға 2009 жылы – 4,3 млрд. теңге, 2010 жылы – 5,4 млрд. теңге, 2011 жылы 7,1 млрд. теңге бөлінетін болады.

Осыған қосымша, “Нұр Отан” партиясының ұсынуы бойынша, мен Үкіметке оқитын жастардың шәкіртақы мөлшерін 2009 жылы – 25%-ға, 2010 жылы – 25%-ға және 2011 жылы 30%-ға кезең-кезеңмен арттыруды жүзеге асыруға тапсырма бердім.

Осылайша, біз өзімізге бұрын алған барлық әлеуметтік міндеттемелерді орындап келеміз. Осы шаралардың барлығы “Нұр Отан” партиясының сайлауалды бағдарламасында көзделген болатын. “Нұр Отан” – бұл нақты істердің партиясы, оның сөзі ісінен алшақ кетпейтін партия екенін тағы да дәлелдедік!

Тұтастай алғанда, жалақы төлеу жүйесі жетілдіруді талап етеді. Үкіметке 2010 жылдан бастап бюджеттік саланың түрлі бағыттарындағы қызметкерлердің жалақы деңгейін қалыптастыруға жаңа көзқарас ендіру жөнінде ұсыныс беру тапсырылды.

Біз елдің құқық қорғау және сот жүйесінің әлеуетін одан әрі нығайтуға айрықша назар аударуға тиіспіз. Сондықтан Үкімет 2009 жылдан бастап жергілікті және оларға теңестірілген соттар судьяларының лауазымдық окладтарын 60%-ға арттыруды қамтамасыз етеді.

Судьялар мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің лайықты материалдық және әлеуметтік қамтамасыз етілуі ел азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың бүкіл жүйесінің тиімділігін арттыруға, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықпен ойдағыдай күресуге көмектеседі деп үміттенеміз.

Осы жылдың өзінде жол полициясы қызметкерлерінің еңбекақысын арттыру ұсынылады. Бұл шараны сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру тетіктерінің бірі деп қарастырған жөн. Осы мақсаттарға 2009-2011 жылдарға арналған бюджетте 14 млрд. теңге көздеу қажет.

Айрықша назар аудару қажет болатын тағы бір маңызды құжат – “Бәсекелестік туралы” заң жобасы, ол бизнес қоғамдастықтың белсенді өзара ықпалдастығы жағдайында әзірленді.

Ол сондай-ақ елде кәсіпкерлік белсенділіктің өсуі, инновацияларды, шағын және орта бизнесті дамыту мүддесі тұрғысынан тікелей әрекет ету заңы ретінде әзірленді.

Келесі жылдың басынан бастап біз жаңа құқықтық аяда жұмыс істей алуымыз үшін мен сіздерден осы заң жобаларын үстіміздегі жылдың аяғына дейін қарап, қабылдауды сұраймын.

Таяудағы уақытта сіздерге сондай-ақ аса маңызды азық-түлік қауіпсіздігінің мәселелері бойынша заң жобасы келіп түседі.

Тағы да бірқатар өзекті заң жобалары – “Әлеуметтік қызмет көрсетулер туралы”; “Білім туралы” Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы”; “Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар туралы” және басқа заң жобалары бар.

Сондай-ақ өтімділіктің әлемдік дағдарысы жағдайында қаржы жүйесінің мәселелері айрықша маңызға ие болуда. Сондықтан да сіздердің қарауларыңызға енгізіле­тін аса маңызды заң жобаларының бірі “Қазақстан Республикасы­ның кейбір заңнамалық актілеріне қаржы жүйесінің тұрлаулылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасы болып табылады.

Қазіргі экономикалық жағдайда қаржыландырудың жаңа көздерін іздеудің өзектілігі ешбір кем емес. Таяу Шығыстан, Малайзиядан және басқа өңірлерден перспективалы инвесторларды тарту үшін жаңа қаржы құралдарын енгізу қажет.

Мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру аясында мемлекеттік қызметтің жаңа моделі әзірленуде. Саяси факторларға тап болмайтын мемлекеттік қызметшілердің жаңа кәсіби буыны қалыптастырылатын болады. Тиісті заңнамалық базаны қалыптастыру керек.

* * *


Елде одан әрі демократияландыру үшін құқықтық негізді қалыптастыру жөнінде де үлкен жұмыс күтіп тұр.

Өткен жылы Қазақстан Республикасының Конституциясына қабылданған өзгерістерді іске асыруға бағытталған заңдарды ойластыру керек.

Әңгіме ең алдымен “Қазақстан халқының Ассамблеясы туралы”; “Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы” Конституциялық заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі; “Жоғары Сот Кеңесі туралы”; жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері бойынша, сондай-ақ өлім жазасын іс жүзінде алып тастауды регламенттейтін заң жобалары туралы болып отыр.

Сонымен қатар, бізге өзіміздің саяси жүйемізді жетілдіруге мүмкіндік беретін тағы бірқатар қадамдар жасау керек. Бұл туралы мен Астанада ЕҚЫҰ-ның Парламенттік Ассамблеясының сессиясында айтқан болатынмын.

Парламентті кем дегенде екі партияның, тіпті егер екінші партия 7 пайыздық тосқауылдан өтпесе де, жасақтауға мүмкіндік беретін құқықтық тетікті құру қажет.

Парламентте “Нұр Отан” партиясының үстем болуы – бұл халықтың шешімі. Бұл – тәуелсіздік жылдарындағы біздің ортақ жұмысымыздың нәтижелерін мойындау.

Солай болса-дағы, Қазақстанда демократиялық мәдениетті қалыптастыру үшін біз осы қадамға барып отырмыз.
Біз бүгінде жасай алатын келесі маңызды қадам саяси партияларды тіркеу үшін әлдеқайда қолайлы жағдайлар жасауға қатысты.

Халықаралық және қазақстан­дық сарапшылардың ұсыныстарын ескере отырып, “Сайлау туралы” Заңды жетілдіруді жалғастыру керек. Тиісті ұсыныстар әзірленген.

Бұқаралық ақпарат құралдары саласын одан әрі ырықтандыру да маңызды мәселе болып табылады. Мұнда БАҚ қызметтерін реттейтін шектен тыс бюрократиялық тосқауылдарды алып тастау қажет.

Бірақ та мемлекет БАҚ қызметі адам құқықтарына қарсы келмеуін қадағалауы тиіс. Сөз бостандығы – бұл ақиқатты айту құқығы. Еш­қан­дай да саяси ұрандар өтірікті, жала жабуды, біздің еліміздің тағдыры мен болашағына қатер төндіретін ұлтаралық немесе басқа кез келген әлеуметтік алауыздықты қоздыруды көлегейлемеуі тиіс.

Осылайша, таяудағы уақытта Парламентке “Сайлау туралы” Конс­титуциялық заңға, “Саяси партиялар туралы”, “Бұқаралық ақпарат құралдары туралы” заңдарға және басқа заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобалары келіп түсетін болады.

Бұл заң жобаларын қабылдау біздің еліміздегі саяси реформалар аясындағы маңызды кезең болады.

Өздеріңіз білесіздер, 2009 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстан ЕҚЫҰ “үштігіндегі” өз жұмысын бастайды. Біз қазірдің өзінде осы ұйымға төрағалық етуге әзірлік жұмыстарын бастап кеттік.

Қазіргі уақытқа дейін көп іс атқарылды. Мен Венада “Қазақстан­ның ЕҚЫҰ жанындағы тұрақты өкілдігін ашу туралы” Жарлыққа қол қойдым, СІМ-де ЕҚЫҰ-мен ынтымақтастық жөніндегі жаңа департамент құрылды, мемлекеттік органдардың қызметкерлері ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдерде тағылымдамадан өтуде.

ЕҚЫҰ-дағы қазақстандық төрағалықтың басымдықтарын егжей-тегжейлендіру жөніндегі жұмыс біз жуырда ғана қабылдаған 2009-2011 жылдарға арналған “Еуропаға жол” мемлекеттік бағдарламасының аясында іске асырылатын болады.

Бағдарламаның мақсаты – барлық қырлар бойынша еуропалық елдермен стратегиялық әріптестік деңгейіне шығу. Сауда-экономикалық салада, инновациялық технологиялар, энергетика, көлік, техникалық реттеу салаларында, шағын және орта бизнесті дамыту саласында, өмір сапасы саласында, гуманитарлық өлшемдерде стратегиялық әріптестік деңгейіне шығу.

Бұл жұмысқа барлық мемлекеттік органдар тартылатын болады.

Осынау мемлекеттік бағдарламаны орындау Үкімет пен Парламенттің 2009-2011 жылдарғы қызметінде басымдықтардың бірі болуы тиіс.

Көріп отырсыздар, алда көп жұмыс тұр.

Алдағы кезеңде Парламент әлдеқайда белсенді болуы тиіс. Парламент бұдан былай да Үкіметпен сындарлы өзара ықпалдастықта болуы керек.

Сонымен қатар заңдардың, сондай-ақ экономиканы дамыту және біздің азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту жөнінде бекітілген бағдарламалардың орындалуына бақылау күшейтілуі тиіс.

“Нұр Отан” партиясының фракциясы жүйелі түрде Үкімет мүшелерін тыңдап, олқылықтарды сыни тұрғыдан көрсетуі, Үкіметтің партияның сайлауалды бағдарламасын орындау барысын тұрақты бақылауы қажет. Сұраныс қатаң болуы тиіс – бұл біздің ортақ міндетіміз. Үкімет дұрыс түсініп, әлдеқайда белсенді жұмыс істеуі керек.

Сөзімнің қорытындысында мынаны атап көрсеткім келеді.

Соңғы уақытта Мәжіліске бәзбір мерзімінен бұрын сайлау өткізу мүмкіндігіне қатысты пікірлер жиілеп кетті.

Бұл депутат корпусы жария, бүкіл халықтың қатысуымен сайланған және тиімді жұмыс істеуде. Мерзімнен бұрын сайлау үшін ешқандай да құқықтық, ешқандай да саяси себептер жоқ. Сайлау Конституцияда көзделген мерзімде, яғни 2012 жылы өтеді. Қазір сайлау науқандарымен емес, елді дамыту үшін нақты заң шығарушылық үдеріспен айналысу керек.

Біздің міндетіміз – сіздермен бірге белгілеген біздің барлық мақсаттарымызға қол жеткізу үшін сапалық және тиісті құқықтық базаны жасау. Ал ол – өте байыпты, үлкен де қиын мақсаттар.

Баршаңызға жұмыстарыңызда табыс тілеймін.

“Егемен Қазақстан”, 2008 жылғы 3 қыркүйек