The website color
Distance between letter distance
Images
23.09.2019

Н. Нығматулин мен Андрей Данко ынтымақтастың басым бағыттарын талқылады


 

Нұр-Сұлтан, 23  қыркүйек, Мәжіліс үйі.  Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулин Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келген Словак Республикасы Ұлттық Кеңесінің төрағасы Андрей Данкомен кездесіп, мемлекетаралық, соның ішінде, парламентаралық әріптестіктің негізгі бағыттарын талқылады.  

Мәжіліс Төрағасын мейманға Еуразия елдері Парламенттері спикерлерінің 4-кеңесіне қатысу үшін арнайы келгеніне алғыс білдіріп, бұл Словак мемлекетінің жан-жақты әріптестікті тереңдетуге деген  ынтасының көрсеткіші екенін айтты.

Қазіргі уақытта елдеріміз арасында сындарлы саяси диалог орнап, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстар жүйелі жалғасын тауып келеді.   Осы жолда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломатиялық миссияны Елшілік ретінде қайта құру туралы шешімі өзара ықпалдастықты қолдаудың дәлелі.

Халықаралық мәселені сөз еткенде Нұрлан Нығматулин Словактың осы жылы ЕҚЫҰ төрағалық етіп отырғанына ерекше тоқталып, аталған халықаралық ұйыммен ынтымақтың маңыздылығына тоқталды.

Н. Нығматулин Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы «байланыстырушы көпір» болғандықтан, басым бағыттар бойынша өзара іс-қимылды дамытудың барлық мүмкіндіктерін тиімді пайдалану қажет екенін айтты. Мысалы, біздің еліміз өнеркәсіп, инновация, балама және жаңартылған энергия көздері  саласында жоғары технологиялы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ынталы. Сондай-ақ, Астана Хаб АйTи-стартаптар халықаралық технопаркі, жасыл технология және инвестиуциялық жобалар халықаралық орталығы аясында бірлесе жұмыс істеудің мүмкіндігі зор.  

Өз кезегінде Андрей Данко біздің елдеріміз әріптестігінің әлеуеті зор екенін, Словак елі екіжақты, соның ішінде, парламентарлық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүдделі екенін жеткізді.

Осы орайда, Мәжіліс Спикері парламенттеріміздің ынтымақтастық топтар және бейінді комитеттер арқылы өзара сапарлар алмасу практикасын орнатудың маңыздылығын, бұл заңнама саласында жан-жақты тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретінін айтты.   

Мәртебелі мейман арнайы шақыру үшін алғысын жеткізді.

Тараптар парламенттік форум қатысушы барлық елдерге жан-жақты тиімді және пайдалы пікір алмасуға кең жол ашатынына сенімді.

(ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)


Using of any information is acceptable in case of indicating the link to the official website of the Mazhilis of Parliament of the Republic of Kazakhstan