The website color
Distance between letter distance
Images
08.04.2020

Мәжіліс тұрғын үй бағдарламаларына қатысты заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады


 

Нұр-Сұлтан, 8 сәуір, Мәжіліс үйі. Бүгін Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Мәжілістің жалпы отырысы өтті. Онда бірқатар жаңа заң жобалары мақұлданып, Елбасы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» мақаласында айтылған үндеуіне орай алдағы жұмыстардың бағыттары белгіленді.

Мәжілістің жалпы отырысын ашқан Палата Спикері Нұрлан Нығматулин депутаттық корпустың назарын Елбасы мақаласындағы негізгі бағыттардың маңыздылығына аударды.

-            Баршаңызға белгілі, бүгін республикалық ақпарат құралдарында Тұңғыш Президентіміздің арнайы Үндеуі жарияланды. Бұл Үндеу – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың әрқашанда өз халқымен бірге екенін көрсетіп, халқымыздың ынтымағын одан әрі нығайтуға серпін береді. Себебі, Елбасымыздың көреген саясатының арқасында тәуелсіздік жылдары бірлігіміз артып, елімізде ірі саяси, экономикалық, әлеуметтік реформалар жасалып, Қазақстанымыз барлық салада зор табыстарға жетті. Сонымен бірге, болашаққа арналған Ұлттық қорымыз да бар. Бұл қазіргі күрделі кезеңде халқымызды, әрбір азаматты жан-жақты қолдауға мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан, Елбасымыз айтқандай, «бірлік бар жерде алынбайтын асу жоқ». Біз бірлікті, келісімді, тұрақтылықты сақтап, осы уақытша қиындықтан аман-есен шығатын боламыз, - деді Нұрлан Нығматулин.

Мәжіліс Төрағасының пікірінше, қазір біз жауапкершілікті арттырып, еліміздің игілігі үшін, әсіресе мұқтаж жандарға қолдау көрсету үшін барлық мүмкіндікті пайдалануымыз өте маңызды.

-            Халқымыздың төзімділігі, ерік-жігері және өзіне деген зор сенімі арқасында міндетті түрде жеңіп шығамыз, - деп Елбасы айтқандай,  қазақстандықтар қазіргі күрделі жағдайды да жеңе алатынына ешқандай күмән жоқ. Елбасы атап өткендей, бірде-бір адам, еліміздің ешбір азаматы қамқорлықсыз қалмауы маңызды. Біз, Парламент депутаттары қазақстандықтарды қазіргі қауіп-қатерден қорғау үшін, ең алдымен, әлеуметтік маңызы бар заң жобаларына күш-жігерімізді жұмсаймыз, - деді Нұрлан Нығматулин.

Сонымен қатар бүгінгі Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй бағдарламалары операторларының санын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

-        Тұрғын-үй саясаты әрқашанда күн тәртібінен түспейтін маңызды мәселе екені баршаңызға белгілі. Осы жолда Мемлекет Басшысының тапсырмасымен әзірленіп, мақұлданған бүгінгі Заң жобасы аталған саладағы сұрақтарды уақыт талабына сәйкес, одан әрі,  тиімді шешуге ықпал етеді деп білеміз. Себебі, енді, Қазақстанда тұрғын үй саясатын жүзеге асыратын бірыңғай оператор құрылады. Ол халқымызға, соның ішінде, әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтар арасында қолжетімді баспана мәселесін шешуге кең жол ашатын болады, - деді Нұрлан Нығматулин.  

Заң жобасы тұрғын үй бағдарламаларының жұмыс істеп тұрған операторлары «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ-ны, «Бәйтерек девелопмент» АҚ мен «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ-ны Тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторы етіп біріктіруге, сондай-ақ олардың бірін-бірі қайталайтын функцияларын жоюға және жалпы әкімшілік шығыстарын қысқартуға бағытталған.

Нәтижесінде, жалпы әкімшілік шығындар 42% - ға азаяды.  

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі өкілдерінің айтуынша, кепілдік беру тетіктері күшейтілуде.  Себебі бірлестіктің жалпы активтері шамамен 750 млрд.теңгені құрайды.

             Осыған сәйкес, Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин негізгі басымдықтар мұғалімдерге, дәрігерлерге, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлеріне, сондай-ақ орташа табыс деңгейі және орташадан төмен мемлекеттік қызметшілерді қамтитынын атап өтті. 

-            Жалпы, бірыңғай оператор құру біздің азаматтарымыз үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді тұрғын үй саясатын қалыптастыруға ықпал етеді, - деді Нұрлан Нығматулин.

Құжат жобасында тұрғын үй құрылысы бірыңғай операторының ипотекалық тұрғын үй қарыздарына және көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысын аяқтауға кепілдіктер беру, инвестициялық жобаларды қаржыландыру және іске асыру жөніндегі қызметін регламенттеу бойынша да нормалар көзделген.

Бүгінгі отырыста Мәжіліс бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы  заң жобасын және оған ілеспе түзетулерімен  II оқылымда мақұлдады.

Заң жобасын жалпы отырыста қарауға дайындық барысында депутаттар жобаның үкіметтік нұсқасына бірқатар түбегейлі жаңалықтар енгізді.

Атап айтқанда, бейбіт жиналыс өткізу туралы хабарлама беру мерзімдерін және жергілікті атқарушы органдардың қарау мерзімдерін айтарлықтай қысқарту мәселелесіне ерекше назар аударды.

Ұйымдастырушылар мен қатысушыларға және журналистер үшін тыйым салулар мен міндеттер айтарлықтай қысқарды. Сонымен қатар депутаттар мемлекеттік органдардың немесе лауазымды тұлғаларының талабы бойынша ұйымдастырушылардың, қатысушылар мен журналистердің бейбіт жиналыстардың фото және бейнежазбасын ұсыну міндеттері туралы нормаларды артық деп  санайды.

Жалпы отырыста Мәжіліс «Ардагерлер туралы» және оған ілеспе заң жобаларын, сондай-ақ, салық салу мәселелеріне қатысты заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. 

Бүгінгі екінші оқылымда мақұлданған заң жобаларының қатарында депутаттар әзірлеген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың арсеналдары, базалары мен қоймалары жанындағы тыйым салынған аймақтар мен тыйым салынған аудандар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бар.

Бүгінгі жалпы отырыста Мәжілістің бейінді комитеттері «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мен саяси партиялар туралы, сондай-ақ, «Кеме қатынасы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобаларын жұмысқа алды.

 

(74-63-01, Э. Башеева, Мәжілістің Баспасөз қызметі. Суретті түсірген Жаслан Құспанов).


Using of any information is acceptable in case of indicating the link to the official website of the Mazhilis of Parliament of the Republic of Kazakhstan