The website color
Distance between letter distance
Images
29.04.2020

Мәжіліс сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады


 

Нұр-Сұлтан, 29 сәуір, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Онда депутаттар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері туралы заң жобасын  бірінші оқылымда мақұлдады.

Мәжіліс Төрағасы атап өткендей, заң жобасына енгізілген жаңа түзетулер арқылы ағымдағы жылы Парламент сессиясының ашылуында Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы жүзеге асырылды.

-          Осы мақұлданған Заң жобасы еліміздің ашық және тұрақты дамуы жолындағы тағы бір маңызды қадам деуге болады. Себебі, әрбір демократиялық дамыған елде сыбайлас-жемқорлыққа жол жоқ. Сондықтан, тікелей Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен әзірленген осы Заң жобасы жемқорлықпен күресті одан әрі күшейтуге бағытталып отыр. Осы жолда заң жобасына жемқорлықпен күресті жүйелі түрде жүргізуге арналған көптеген өзгерістер енгізілді. Оның басты мақсаты - кез-келген заң бұзудың алдын-алу және болдырмау, – деді Нұрлан Нығматулин.

Мәжіліс депутаттары Мемлекет Басшысының тапсырмасына сәйкес, қылмыстың кез-келген түрін арандатқаны үшін қылмыстық жауапкершілікті сыбайлас жемқорлыққа қарсы органдардың қызметкерлеріне ғана емес, жалпы кез келген құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне  белгілеуді ұсынды.

Бас Прокуратураның, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, Ішкі істер және қаржы министрліктерінің өкілдері депутаттардың бұл ұсынысымен келісіп, құжат жобасы екінші оқылымға дейін пысықталатын болады.

Бүгінгі жалпы отырыста Мәжіліс депутаттары көтерген тағы бір мәселе өз шешімін тапты. Ол жөнінде Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин:

-          Енді тек бірінші басшылар ғана емес, квазимемлекеттік секторда қызмет ететін лауазымды тұлғалар да жемқорлық үшін жауапқа тартылатын болады. Бұл норма бойынша да Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы жүзеге асырылады. Бұл әділ және дұрыс қадам деп есептеймін. Оны қолдауымыз керек, - деді.

Талқылауды қорытындылаған Мәжіліс Төрағасы осы заң жобасының нәтижесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің тиімділігі артатынын атап өтті.

Сондай-ақ, заң жобасымен құқық қолдану практикасында туындаған құқықтық олқылықтар мен коллизияларды жоюға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның мәртебесі мен ұйымдық қызметіне қатысты мәселелерді реттеуге бағытталған нормалар бекітіледі.

Бүгінгі жалпы отырыста депутаттар төтенше жағдай мәселелеріне қатысты заң жобасын мақұлдады.

Құжат жобасының мақсаты - төтенше жағдай кезеңінде азаматтардың қауіпсіздігін және еліміздің конституциялық құрылысын қорғау және бүкіл мемлекеттік жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін жедел шаралар қабылдау. Заң жобасында төтенше жағдай енгізу кезінде әлеуметтік-экономикалық салада қолданылатын негізгі шаралармен және уақытша шектеулермен толықтыру бөлігінде «Төтенше жағдай туралы» және «Құқықтық актілер туралы»  заңдарға өзгерістер енгізу көзделеді.

Сонымен қатар, бүгін цифрлық технологияларды реттеу мәселелеріне қатысты заң  жобасы екінші оқылымда мақұлданды.

Осы заң жобасымен жұмыс істеу барысында депутаттар индустриялық, инновациялық, сыртқы сауда қызметі саласындағы уәкілетті органдардың функцияларын шектеу жөніндегі нормаларды нақтылады. Бұдан басқа, дербес деректерді қорғауды қамтамасыз ету бойынша нормалар нақтыланды.

Жалпы отырыста Палата лотереялар және лотерея қызметіне, сондай-ақ, соғыс жағдайы мәселелеріне қатысты заңнамалық түзетулерді екінші оқылымда мақұлдады.

Сондай-ақ, бүгін Мәжіліс бірқатар жаңа заң жобаларын жұмысқа алды. Олар  ғылым саласы, отбасылық және гендерлік саясат мәселелері бойынша түзетулер енгізу туралы заң жобалары. Осылардың қатарында Қазақстанның Әзербайжан мен Беларусь мемлекеттерімен көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы Келісімді ратификациялау туралы заң жобалары бар.

Жалпы отырыс соңында депутаттар А.Жамалов, И.Смирнова, А.Перуашев мемлекеттік органдарға бірқатар депутаттық сауалдар жолдады.

 

(74-63-01. Мәжілістің Баспасөз қызметі. Суретті түсірген Ж.Құспанов)


Using of any information is acceptable in case of indicating the link to the official website of the Mazhilis of Parliament of the Republic of Kazakhstan