The website color
Distance between letter distance
Images
07.11.2022

Мәжіліс сот алқабилердің қатысуымен қарайтын істер санаттарын кеңейту мәселелері туралы заң жобасын қарайды


Астана, 7 қараша, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Палата Бюросы өтіп, онда алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды.

Палата депутаттарына «Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне сот алқабилердің қатысуымен қарайтын істер санаттарын кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қарау ұсынылды.

Заң жобасы Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру үшін әзірленген. Мақсаты – алқабилердің қатысуымен істерді қарау мәселелерін реттейтін қылмыстық іс жүргізу заңнамасын жетілдіру. Қазір алқабилер қылмыстық құқық бұзушылықтардың 14-құрамын қарастырады. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 35-ке дейін, ал 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап, аса ауыр ғана емес, құқық бұзушылықтардың басқа да құрамы бойынша 43-ке дейін ұлғаятын болады.

Сонымен қатар күн тәртібінің жобасында Палата комитеттері бірқатар жаңа жобаларды жұмысқа алуды көздейді. Олар: тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, еңбек даулары мен жанжалдарды шешу тәртібін оңайлату және жайылымдарды пайдалану мәселелері туралы заң жобалары.

Мәжіліске келіп түскен заң жобаларының қатарында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері туралы, сондай-ақ ратификацияланатын заң жобалары бар.  

 

Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-63-01. Суретті түсірген Ж.Жұмабеков


Using of any information is acceptable in case of indicating the link to the official website of the Mazhilis of Parliament of the Republic of Kazakhstan