The website color
Distance between letter distance
Images
19.11.2022

Мәжіліс төрағасы сайлауды бақылаушы халықаралық делегациялармен кездесті


Астана, 19 қараша, Мәжіліс үйі. Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов президенттік сайлаудағы парламентаралық ұйымдар миссиясының байқаушыларымен бірқатар кездесу өткізді.

Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауы қарсаңында Палата Төрағасы Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің және Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеяларымен, сондай-ақ ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының халықаралық миссиясының басшысымен кездесті.

ҰҚШҰ ПА байқаушылары тобымен өткен жиында Ерлан Қошанов Қазақстандағы кезектен тыс Президент сайлауы елдің демократиялық негізде одан әрі дамуын қамтамасыз ететін маңызды саяси оқиға екенін атап өтті.

- Біз халықаралық бақылаушылар механизмін кеңінен қолдануға ерекше мән береміз. Парламентаралық ұйымдардың, әсіресе ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы өкілдерінің қатысуы біз үшін өте маңызды, - деді Төраға.

Армения-Қазақстан парламенттік достық тобының жетекшісі, топ үйлестірушісі Вагаршак Акопян мәжілісмендерге жылы қарсы алғандары үшін алғыс білдіріп, Қазақстандағы сайлаудың сәтті өтуін тіледі.

Президент сайлауында ТМД ПАА халықаралық байқаушылар тобы 67 делегаттан тұрады. Оның құрамына сенаторлар, депутаттар, Парламентаралық Ассамблеяның лауазымды тұлғалары мен сарапшылар кірді.

- Біз өз жұмысымызда бейтараптық, мемлекеттің ішкі істеріне араласпау және кез келген артықшылықтар мен баға беруден бас тарту қағидаттарын ұстанамыз, - деді өз сөзінде Тәжікстан Республикасы Мәжілісі төрағасының орынбасары Дилрабо Мансури.

Ерлан Қошанов ТМД ПАА басшылығына Қазақстанға назар аударғаны үшін алғыс айтып, Ассамблея парламентарийлер арасындағы тиімді диалог алаңына айналғанын және халықаралық парламентаризм жүйесінде ерекше орын алғанын алға тартты.

Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының халықаралық байқаушылар тобымен кездесуде ТүркПА Құқықтық мәселелер және халықаралық қатынастар комиссиясының төрағасы Эрол Кая Қазақстан халқын алдағы сайлаумен құттықтады.

- Біз бұл сайлаудың демократиялық тұрғыдан ашық және әділ өткенін қалаймыз. Қазақстанның демократиялық, экономикалық және мәдени тұрғыдан қарқынды дамуы бүкіл аймақ үшін үлкен маңызға ие екенін атап өткім келеді, - делегация басшысы.

ТүркПА байқаушылар тобына Түркия, Әзірбайжан және Қырғызстан парламенттерінің өкілдері кіреді.

Түстен кейін Мәжіліс Төрағасы ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының халықаралық миссиясының басшысы Уршула Гачекпен кездесті.

Миссия басшысы елдегі сайлау алдындағы жағдайды сұрап, өткен апталарда Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидаттармен және олардың өкілдерімен кездескенін айтты.

Ерлан Қошанов мемлекет сайлауды халықаралық стандарттарға сай өткізу үшін барлық қажетті шараны қабылдағанын айтты.

Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-66-20. Суреттерді түсірген Ж. Жұмабеков

 


Using of any information is acceptable in case of indicating the link to the official website of the Mazhilis of Parliament of the Republic of Kazakhstan