The website color
Distance between letter distance
Images
09.02.2024

Мәжіліс көші-қоны саласындағы заңнаманы жетілдіру туралы заң жобасын қарайды


Астана, 9 ақпан, Мәжіліс үйі. Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Бюро отырысы өтіп, алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды.

Депутаттар бірінші оқылымда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оларды Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларына сәйкес келтіру мәселелері бойынша өзгерістер ме толықтырулар енгізу туралы»  заң жобасын қарайтын болады. Құжат мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы конституциялық нормаларға сәйкестендіру мақсатымен әзірленген.

Екінші оқылымда Парламент депутаттары бастамашы болған халықтың көші-қоны саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы ұсынылады. Онда кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстары үшін сотталған шетелдіктерге елімізге кіруді және елдің азаматтығын алуды шектеу ұсынылады. Сонымен қатар экстремистік немесе террористік әрекетке қатысы бар шетелдіктердің елге кіруіне тыйым салынады.

Алдағы жалпы отырыста Қазақстан мен Түркия үкіметтері арасындағы халықаралық құрамдастырылған жүк тасымалдары туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы да қаралады.

Мәжіліс комитеттері қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру және жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау мәселелері, сондай-ақ жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы жаңа заң жобаларын жұмысқа алады.

 

Мәжілістің Баспасөз қызметі, 74-63-01. Суретті түсірген Ж.Жұмабеков


Using of any information is acceptable in case of indicating the link to the official website of the Mazhilis of Parliament of the Republic of Kazakhstan