ІЗМҰХАМБЕТОВ
Бақтықожа
Салахатдинұлы

VIII сайланған
Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Мәжілісте Қаратай Тұрысовтың 90 жылдығына арналған жиын өтті

Мәжілісте Қаратай Тұрысовтың 90 жылдығына арналған жиын өтті

2 ақпан, Мәжіліс үйі.Image title

Бүгін Парламент Мәжілісінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Қаратай  Тұрысовтың 90 жылдығына арналған жиын өтті.

Тағылымды кездесуге елімізге еңбегі сіңген қайраткер-тұлғалар, Қаратай Тұрысұлымен үзеңгілес, әріптес болған азаматтар, аяулы жары мен жақындары, Сенат пен Мәжіліс депутаттары және Үкімет мүшелері қатысты.

Мәжіліс спикерінің орынбасары Дания Еспаева мерейтойға орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы жолдаған хатын оқып берді. «Қаратай Тұрысов Тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайтып, егемен елдің билік институттарын қалыптастыруға, Қазақстан парламентаризмінің негізін қалауға, кәсіподақ қозғалысын дамытуға елеулі үлес қосты. Әр жылдарда жоғары деңгейдегі бірқатар жауапты қызметті абыроймен атқарды. Қаратай Тұрысов – қарапайымдылық пен қайраткерліктің, адамгершілік пен адалдықтың, отаншылдық пен ұлтжандылықтың озық үлгісін көрсеткен біртуар азамат», – делінген Президенттің хатында.


Image title

                    Сөз кезегін алған Қазақстанның Еңбек Ері, ҚР Мәжілістің депутаты Бақтықожа Салахатдинұлы Ізмұхамбетов өз сөзінде: Ел тарихында  өз орны бар азаматтың бірі Қаратай Тұрысов ағамыз болды.

Қызметтес болмағанмен кездесіп, араласқан адамның бірімін. Қаратай  ағамыз сол жылдары Шерхан Мұртаза, Шота Уәлиханов секілді тұлғалар тәрбиеленген Тараздағы Жамбыл атындағы қазақ орта мектеп-интернатын 16 жасында бітіріп, 1955 жылы 21 жасында Москвада Серго Орджоникидзе атындағы геологиялық барлау институтын, онан кейінгі жылдарда Жоғары партия мектебін, Москвадағы халық шаруашылығы академиясын бітірген аса білімді, әрі қабілетті адамдардың бірі болды. Өмір баянын, қандай жұмыстарда болғанын жаңа естідіңіздер. Ағамызбен 1991 жылы геология комитетінде, 1992 жылдан бастап Геология және жер қойнауын қорғау министрлігінде жұмыс жасаған кездерімнен таныс болдым. Ол кісінің мен байқаған бойындағы қасиет өзіне де, айналасына да үлкен жауапкершілікпен, кейде тіпті қаталырақ,сын көзбен қараушы еді. Әрқашан тура сөйлейтін, ойын ашық, бүкпесіз айтатын.

            «Қазақстанның құрметті кен барлаушысы» Қаратай Тұрысов ағамыздың бір жолы мен Энергетика және минералдық ресурстар министрінің бірінші орынбасары болып жүргенімде Парламент Мәжілісінде, «Бақтықожа, сен жер қойнауын игеру жұмысында мұнайыңды көбірек ойлап, басқа қазба байлықтарды кейінге қалдырып жүрме», дегені бар-ды. Ағамыз мамандығы бойынша Павлодар, Қарағанды облыстарында геологиялық барлау партияларының басшысы болып жұмыс жасап, кен орнын ашушылардың бірі, қабілетті, халықпен тіл табыса алатын өндіріс басшысы болды. Еліміздің кенді аймақтарының геологиялық картасын жасау ісіне көп жыл бойы үлес қосты. Қаратай Тұрысов ағамыз ел экономикасының көптеген саласында, лауазымды қызметтерде болып,  елдегі басқару жүйесіне елеулі ықпал жасап, үлес қосқан адам. Осы еңбектері ескеріліп, елеулі жасы аталып өтіп жатыр. Еліне, халқына көп жыл адал қызмет еткен Қаратай Тұрысов қазақ геологиясының дамуына өлшеусіз үлес қосты.

        "Көктасжал кен орнын алғашқы ашушылардың бірі. Бүкілодақтық кәсподақтардың орталық кеңесінде де абыройлы қызмет атқарды.  1987 жылы тұңғыш рет Кеңес одағы депутаттары мен АҚШ конгресмендері арасында телекөпірге қатысып, негізгі спикерлердің қатарында болғанын замандастары мақтанышпен айтты. - Қаратай Тұрысов тәуелсіздікке дейін пісіп-жетілген тарлан тұлға болатын. Кеңес заманы тұсында сонау Мәскеуде Бүкілодақтық кәсподақтардың орталық кеңесінің хатшысы болды. Қаратай ағамыз – БҰҰ Бас ассамблеясына Қазақстан делегациясын бастап барған бірінші қазақ және Төлеген Тәжібаевтан кейін жоғары мінбеден сөйлеген екінші қазақ, – деді мемлекет және қоғам қайраткері Жақсыбек Құлекеев.

    Жиынға қатысушылар Қаратай Тұрысовтың қайраткерлік қасиеттері мен адами болмысын еске алды. Мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімов оның  өмір жолы өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге екенін атап өтті. - Қаратай Тұрысов халықтың сүйікті перзенті болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адал азамат» деген тұжырымдамасы бар ғой. Сол үлгі алатын нағыз адал азаматтың бірі – осы біздің Қайрекең. Мұндай тұлғалардың өмірі мен еңбек жолын жастар арасында насихаттауымыз керек, – деді О.Әбдікәрімов. Қаратай Тұрысовтың қайраткерлік болмысы егемендік жылдары жарқырай көрінді. Ол 90-жылдардағы алмағайып кезеңде Министрлер кабинетінің төраға орынбасары бола жүріп, ең қиын да күрделі салаларды абыроймен басқарды. Туризм, дене шынықтыру және спорт министрі, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы болды. Бірінші және екінші сайланымдағы Мәжіліс депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы қызметін атқарды.