ОМАРБЕКОВА
Жанат
Әнуарбекқызы

Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
«Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті енгізу барысы туралы» тақырыбы бойынша үкімет сағатында сөйлеген сөз

Министрлік өткен жылы атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа форматын енгізуге дайындық кезінде атаулы әлеуметтік көмек көрсетуді тағайындау үшін азаматтардан талап етілетін құжаттардың санын қысқарту, ақпараттық жүйені жетілдіру және біріктіру бойынша үлкен жұмыс атқарды.

Бүгінгі күні қолданыстағы заңнама нормасы өтініш берушіге атаулы әлеуметтік көмек көрсетуді тағайындау үшін өтініш пен құжаттар топтамасын ауыл немесе ауылдық округ әкіміне өткізу мүмкіндігін көздеп отыр, яғни ол үшін аудан орталығына барудың қажеті жоқ.

Сонымен қатар тәжірибеде қажетті құжаттарды жинауда үміткерлердің жолға қосымша қаражат шығаруына әкеп соғатын белгілі бір қиындықтар кездесуде.

Әлеуметтік көмек алу үшін бірінші рет жүгінген отбасыларға құжаттар жинау қажеттілігі туындауда, оларды жинау үшін аудан орталығына, басқа аудандарға, облыс орталығына бір немесе бірнеше рет баруына тура келеді.

Мысалы, мұндай отбасы Жұмыспен қамту орталығымен әлеуметтік келісімшартқа отырудан басқа, аудан орталығына кемінде банктен шот ашу үшін де баруы керек (өйткені, шот ашатын Қазпоштаның бөлімшелері барлық ауылда жоқ).

Басқа мысал – бұл алимент туралы анықтама. Алимент алуға тиіс, бірақ оны 3 айдан астам уақыт алмаған отбасы алимент бойынша қарыздарды айқындайтын қаулы ұсынуға тиіс. Мұндай қаулыны аудан орталығындағы сот орындаушысынан алады. Қаулыны сот орындаушысының біліктілігіне байланысты бір барғанда да немесе ауданға бірнеше рет барып та алуға болады. Біршама себептерге байланысты бір барғанда алатындығыңа кепілдік берілмеген: мәселен, ақпараттық жүйе істемеуі мүмкін (кейде күні бойы істемеуі мүмкін, өтініш беруші ауданға текке барды деген сөз), қаулының мәтіні дұрыс толтырылмауы мүмкін, өтініш беруші ассисенттің тырысуына қарамастан барлық қажетті құжатты алмауы мүмкін.

Атаулы әлеуметтік көмек алуға кандидаттың отбасының жақын туыстарының ғана емес, бір адрес бойынша тұратындардың барлығының, яғни үй шаруашылығының  кірісін есепке алу қажетті құжаттарды жедел жинауға ықпал етпейді, өйткені менің әріптестерім айтпақшы, бір адрес бойынша тіркеуге тұрған туысқандар, іс жүзінде басқа елді мекендерде тұруы мүмкін.

Тағы бір жеке мәселе – ол бірінші топтағы мүгедекті, екінші топтағы жалғыз тұратын мүгедекті және жасына байланысты бөгде адамның көмегін қажет ететін зейнеткерді, сексен жасқа жеткен қартаң адамды, он алты жасқа дейін мүгедек баланы бағып күтуді жүзеге асыру фактісі мен мерзімін растайтын тиісті сот шешімін әкімшілікке ұсыну қажеттілігі. Мұндай жағдайда атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткерге ауданға кемінде үш рет баруға тура келеді, бірінде өтініш берсе, екіншісінде сот отырысына қатысуы керек, ал үшіншісінде сот шешімін алуы қажет.

Атаулы әлеуметтік көмек мөлшері бір адамға орта есеппен 4 800 теңгеден сәл артық болғандықтан, құжаттарды жинау бойынша ақшалай және уақытша шығындарды салыстыру бойынша заңды мәселе туындайды.

Жоғарыда айтылған мәселелерге байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі азаматтардың атаулы әлеуметтік көмекті тағайындауға өтініш беру тәртібін одан әрі оңайлату және ол үшін талап етілетін құжаттарды қысқарту мақсатында қолданыстағы Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу қағидасына және Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) жиынтық табысын есептеудің қағидасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселені қарастырғаны қажет деп есептеймін.