ОМАРБЕКОВА
Жанат
Әнуарбекқызы

Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
«Қазақстан Республикасының туристік саласын дамыту туралы» тақырыбы бойынша үкіметтік сағатта сөйлеген сөз

«Бұл әлем, саяхатқа шығу мүмкіндігімен керемет», - деп, кезінде Николай Пржевальский айтқан еді. Өкінішке орай, мүмкіндігі шектеулі жандарға өмірдің бұл қуанышы қол жетімсіз.

Қазіргі заман халық табысының өсуімен, инфрақұрылымның дамуымен және бос уақытты тиімді пайдаланумен сипатталады, осыған орай бүкіл әлемде туризм маңыздылығы артуда. Ол маңызды әлеуметтік-экономикалық факторға айналды. Бүгінгі күні әлемдегі әрбір оныншы доллар туризм саласына жұмсалады!

Сонымен қатар, халық қартаюының әлемдік үрдісі және халықтың жалпы санындағы мүгедектердің салыстырмалы үлесінің ұлғаюы байқалуда. Халықтың бұл бөлігі – туристік қызметтер нарығын дамыту үшін үлкен әлеуеті болып табылады. Әлеуметтік туризмнің әлеуетті топтары (мүгедектер, қарттар, аз қамтылған отбасылар, жастар, балалар) халқымыздың 40%-ын құрайды және іс жүзінде туристік үдерістерге тартылмаған.

Біздің елімізде әлеуметтік туризмге жеткіліксіз назар аударылуда. Туристік қызмет туралы заңда әлеуметтік туризм жұмыс берушінің және (немесе) өзге де үшінші тұлғалардың қаражаты есебінен толық немесе ішінара жүзеге асырылатын, туристік көрсетілетін қызметтердің мүгедектерге, халықтың күнкөрісі төмен топтарына қолжетімді болуын қамтамасыз ететін туризм түрі ретінде айқындалған. Бұл тұжырымдама – әлеуметтік туризмге қатысты жалғыз ғана, оның өзі де іс жүзінде  жұмыс істемейді.

Бүгінгі таңда әлі әлеуметтік туризмді дамыту бағдарламасы жоқ және әлеуметтік туризмді қаржыландыру туралы мемлекеттік бюджетте бір жол да қарастырылмаған.

Саяхаттың қолжетімділік мәселесінде бірнеше мүгедектерге арналған «арнайы шешімдер» туралы емес, барлық адамдардың қоғамдық өміріне бірдей қатысуы туралы айтылған. Ерекше қажеттіліктері бар адамдар сол қонақ үйлерді, сол көлікті, мейрамханаларды, туристік аттракциондарды және сол туристік көрікті жерлерді басқа адамдар сияқты бірдей қолдануы керек.

Қолжетімді туризм көпшілікке жақсы қызмет атқарады, кем дегенде, ол ешкімге зиян келтірмейді. Мүгедектер арбасына арналған есік кіреберістері мен жолдары кішкентай балалары бар ата-аналарды, ауыр жүк таситын жолаушыларды, қарт адамдарды, тіпті велосипед тебетін адамдарды да қуантатын болады.

Туризмнің бүкіл тізбегінде қол жетімділікті қамтамасыз ету қажет. Бұл сапарды жоспарлау және брондау кезеңінен басталады, келу және кету, қонақ үйдегі және қоғамдық тамақтану орындарының қолжетімділігі, туристік көрікті жерлердің және жергілікті инфрақұрылымның қол жетімділігі кезеңінде жалғасын табады.

Шетелдік туристердің 80% таңдаған тур пакеттерін ғаламдық интернет арқылы сатып алатындығын айтып кету қажет. Өкінішке орай, сіз бір шетелдік интернет-порталда Қазақстанның қолжетімді туристік объектілері туралы ақпарат таба алмайсыз.

Әлемде саяхат және туризм саласы қарқынды дамып келуде, саяхатшылар саны артуда, осыған орай біз елімізде саяхатты барынша қауіпсіз және кедергісіз жасауымыз қажет.