ОМАРБЕКОВА
Жанат
Әнуарбекқызы

Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Ауылдық жерлерде Интернетті дамыту туралы депутаттық сауал

Қазақстан Республикасы

Инвестициялар және даму министрі

Ә.Ө. Исекешевке

Депутаттық сауал

Құрметті Әсет Өрентайұлы!

    Мемлекет басшысы Парламенттің алтыншы шақырылымдағы бірінші сессиясының ашылуында Үкіметке әкімдіктермен бірлесіп, барлық мектептерде интернеттің үзіліссіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуді тапсырды.

    «Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасында да ІТ-инфрақұрылымын дамыту, 2021 жылға қарай адам саны 250-ден асатын барлық елді-мекендерді интернетпен қамту қарастырылған.

    2016 жылғы ақпан-наурыз айларында еліміздің елді-мекендерінде сайлаушылармен кездесулер өткізгенде, ауылдарды интернетпен қамту мәселесі жиі көтерілді.

    Өйткені көптеген ауылдарда интернет жоқ, интернет желісі қосылған елді-мекендерде оның жылдамдығы өте төмен. Сондықтан да, ауылдардың тұрғындары интернет арқылы қажетті ақпаратты, мемлекеттік қызметтерді алуға қол жеткізе алмай отыр, тиісті органдарға өз өтініштерін жібере алмайды. Бұл «Ақпаратқа қол жеткізу» туралы Заңның толық орындалуына кері әсерін тигізуде, білім саласын дамытуға да кедергі болуда.

    Осыған байланысты Сізден:

1. Еліміз бойынша әр ауылдық елді-мекенді және мектептерді жылдамдығы жоғары интернетпен қамтуға байланысты жүзеге асырылатын нақты іс-шаралар туралы ақпарат беруді сұраймыз;

2. Еліміздегі ауылдық елді мекендерді, мектептерді жылдамдығы жоғары интернетпен қамту және елді мекендерді интернетпен қамтудың жол картасын әзірлеу мәселесін қарастыруыңызды сұраймыз.

    Осы депутаттық сауалға жауапты заңда белгіленген тәртіпке сәйкес жазбаша түрде беруіңізді сұраймыз.

Құрметпен,

депутаттар, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері

Н. Сабильянов

Ж.Омарбекова