ОМАРБЕКОВА
Жанат
Әнуарбекқызы

Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Семей қаласының инфрақұрылымын дамыту туралы депутаттық сауал

25.05.2016 ж.

жарияланды

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

К.Қ. Мәсімовке

Депутаттық сауал

Құрметті Кәрім Қажымқанұлы!

    Семей қаласы - еліміздің ірі қалаларының бірі, оған 39 елді-мекен қарайды. Халқының саны 340 мың. Аумағы – ауылдық округтарды қосқанда 27,5 мың шаршы шақырым.

    Семей ядролық сынақ полигоны 40 жыл бойы адамдардың денсаулығына және қоршаған ортаға орасан зор зиян келтірді. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен ядролық сынақ полигонының жабылғанына биыл 25 жыл толады. Бұл елдің, халықтың болашағы үшін жасалған тарихи шешім еді. Ядролық сынаққа тосқауыл қойған елді көруге шетелдерден адамдардың келуін ескере отырып және тұрғындардың қолайлы өмір сүруі үшін қаланың инфрақұрылымын жақсарту керек.

    Семей қаласында 9100 адам мемлекеттік тұрғын-үй қорынан үй алу үшін кезекте тұр. Осыдан 27 жыл бұрын кезекте тұрғандар әлі тұрғын үйге қол жеткізе алмаған. Ал жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін жер учаскесіне өтініш бергендер 10 мың адам. Сондықтан, жер учаскелерін беруге су және электрмен жабдықтау желілерімен қамтамасыз етілген алаңдар қажет.

    Сондай-ақ, қаладағы басты мәселенің бірі – жолдардың нашарлығы. Қала ішіндегі тозығы жеткен жолдармен жүру көліктерге, тұрғындарға қиындық туғызуда. Ой-шұңқырлы жолдар мен қараңғы көшелер көбіне жол-көлік апаттарының орын алуына себепші болып жатады. Жолдарда су ағарлар орнатылмағандықтан, көктем мен күз мезгілдерінде, қатты жаңбырда қала көшелерін су алып кетеді. Қаланың жолдарын жөндеуге 2 170,0 млн.теңге болатын жобалық құжаттама жасалған. Семей – Қайнар республикалық деңгейдегі жолы да күрделі жөндеуді қажет етеді.

    Семей қаласына қарайтын 39 елді-мекеннің бір қатарында ауыз су, әлеуметтік нысандар, мектептер мәселесі де бар. Ұшақтар (Юность) кентінде құны 1724,0 млн.теңге болатын 1200 орынға арналған мектепті және 1 150,0 млн.теңге тұратын кәріз жүйесін салуға тиісті құжаттар дайындалған. Новобаженово, Мұқыр, Қайнар, Абралы ауылдары мен Комсомол, Контрольный кенттерінде су құбырлары ауыстыруды қажет етеді.

    Сонымен қатар, жаз бойы қала тұрғындарына ыстық су берілмейді.

2000 жылы қараша айында қолданысқа берілген Ертіс өзені арқылы өтетін аспалы көпір әлі күрделі жөндеуден өтпеген. Ертіс өзені астындағы кәріз жүйесі апатты жағдайда.

    Жоғарыда айтылған мәселелер қалада халықпен кездесулер өткізгенде жиі көтерілген. Оларды шешуге қаражат қажет.

    Осы айтылғандарды ескере отырып, Семей қаласының әлеуметтік-экономикалық жағдайын дамыту үшін қала бюджетіне қосымша қаражат бөлуді сұраймыз.

    Осы депутаттық сауалға жауапты белгіленген тәртіпке сәйкес жазбаша түрде беруді сұраймыз.

Құрметпен,

депутаттар, «Нұр Отан» партиясы

фракциясының мүшелері 

Н. Сабильянов

Ж. Дүйсебаев

Ж. Омарбекова