Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер

Дөңгелек стол

01.03.2024

Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінде экономикалық қылмыстарды қылмыстық сипаттан арылтудың өзекті мәселелері талқыланды. Комитет төрайымы Снежанна Имашеваның жетекшілігімен өткен дөңгелек үстелге Палатаның Вице-спикері Дания Еспаева, мүдделі мемлекеттік органдардың, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және адвокаттар қауымдастығының өкілдері қатысты. Отырысты ашқан Дания Еспаева кәсіпкерлердің құқықтарын қорғаудың жекелеген мәселелері Мәжілісте талай рет көтерілгенін, жуырда ғана кәсіпкерлік мәселелері туралы заң Сенатқа жолданғанын атап өтті. – Бүгін біз бизнесті қылмыстық қудалау орбитасына негізсіз тартуға қарсы іс-қимыл туралы айтатын боламыз. Мемлекет басшысы оны императивті заңнамалық деңгейде бекіту міндетін қойды. Кәсіпкерлікті қорғау саласындағы жұмыстар жалғасуда. Біздің қарауымызда тұрған заң жобалары – соның айғағы, – деді Д.Еспаева. Снежанна Имашева бүгінде Мәжілісте Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық атқару кодекстерін оңтайландыру бойынша заң жобасы әзірленіп жатқанын айтты. Мәселен, депутаттардың бір тобы Қылмыстық кодекстің 197-бабында көзделген мұнай мен мұнай өнімдерін шығу заңдылығын растайтын құжаттарсыз тасымалдауға, сатып алуға, өткізуге, сақтауға, қайта өңдеуге қатысты әрекеттерді қылмыстық сипаттан алып тастауды ұсынып отыр. Ал басқа депутаттар бұл бапты Қылмыстық кодекстің «Экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтар» атты 8-тарауына көшіру керек деп есептейді. Өйткені, олардың пікірінше, құқық бұзушылықтың объектісі – экономикалық қызмет саласындағы қоғамдық қатынастар. Бұл ретте Комитет төрайымы депутаттар Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатымен экономикалық құқық бұзушылықтарды декриминализациялауға және салықтық қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілікке тартудың әділ тетігін анықтауға бағытталған заң жобасына бастамашылық еткенін айтты. Осыған байланысты түзетулерді әзірлеушілер бұл мәселені сарапшылар қауымдастығымен бірлесіп талқылауды ұйғарды. Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов заң жобасының мақсаты қылмыстық процесте азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау екеніне назар аударды. Түзетулерде несиені заңсыз алу немесе бюджеттік несиені мақсатсыз пайдалану, бухгалтерлік есеп пен қаржылық есеп туралы заңнаманы бұзу сияқты құқық бұзушылықтарды толығымен қылмыстық сипаттан шығару ұсынылған. Экономикалық контрабанда, кедендік төлемдер мен алымдарды, салықтарды төлеуден жалтарулар ішінара қаралады. Ал салық қылмыстары мен кірістерді жылыстату саласындағы қатынастар бөлек реттеледі. Абзал Құспан Қылмыстық кодекстен Әкімшілік кодекске ауыстырылатын баптарға тоқталды. – Біз толығымен Қылмыстық кодекстен алып тастағалы отырған баптардың ішінде заңсыз несие алуға байланысты 219-бап бар. Екінші норма – бухгалтерлік есеп пен қаржы есебі туралы 241-бап. Бәрімізге белгілі, жекелеген мекемелерде шешім қабылдайтын бухгалтер емес, сол мекеменің басшысы немесе құрылтайшысы. Ал қылмыстық жауапкершілікке бухгалтерлер, есеп қызметкерлері тартылып кетеді. Осы кезге дейін бұл мәселе бірнеше рет көтерілген болатын. Сондай-ақ 234-236-баптар ішініара декриминализацияланатын болады, – деді Абзал Құспан. Жиын барысында депутаттар мен өзге де отырысқа қатысушылар заң жобасына экономикалық құқық бұзушылықты қылмыстық сипаттан алып тастауға қатысты өз пікірлерімен, ұсыныстарымен бөлісті. Снежанна Имашева оларды алдағы уақытта жұмыс топтарында ескеретінін айтты.
26.06.2023

Дөңгелек үстел

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заң жобасының негізгі ережелерін және оларды Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына енгізудің орындылығын талқылау»тақырыбында дөңгелек үстел
08.06.2023

2023 жылғы 8 маусымда VIII сайланымның Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің бірінші сессияға арналған негізгі іс-шаралар жоспарына сәйкес Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті «Есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы іс-қимылдың проблемалық мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Дөңгелек үстел модераторы заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы С.В. Имашева отырысқа Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, ғалымдар, халықаралық сарапшылар, азаматтық сектордың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Отырыс «Есірткі, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы іс-қимылдың проблемалық мәселелері» заң жобасы аясындағы түзетулерді қамтыды. Жұмыс тобының жетекшісі Дмитрий Колода соңғы жылдары есірткі таралуының артуына байланысты тақырыптың өзектілігін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі таңда бұл саладағы заңнамалық базаны жетілдірудің өзекті қажеттілігі туындап отыр. – Есірткі қылмысымен күрес және нашақорлықтың алдын алу мәселелері Конституцияда кепілдік берілген адам мен азаматтың негізгі құқықтары мен бостандықтарын қорғаумен тікелей байланысты. Халықтың денсаулығын, ел экономикасын қалпына келтіру, заң үстемдігі нашақорлыққа қарсы тиімді күресті одан әрі дамытуға тәуелді. Сондықтан нашақорлықпен күресті дамытудың мемлекетіміз үшін маңыздылығы мен қажеттілігі даусыз, – деді комитет төрағасы Снежанна Имашева. Ішкі істер министрлігі Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Қажығали Имажанов 2019 жылы Мәжіліс депутаттарының ықпалымен «аналогтар» ұғымын, сутегі, оттегі, гидроксил топтары және басқа да элементтердің «алмастырғыштары» тізбесі енгізілген түзетулер жасалғанын айтты. Бұл қауіпті есірткінің барлық белгілі түрін бақылауға мүмкіндік берді. – Бүгінде олардың тізімге ену мерзімі бір айға да жетпейді. Мұны негіздеу үшін белгілі бір заттың Еуразиялық одақ елдерінің және БҰҰ Халықаралық комитетінің тиісті тізімдерінде болуы жеткілікті. Осылайша олар елде пайда болмай тұрып бақылауға алынады, - деді Қажығали Имажанов. Сонымен бірге, оның айтуынша, бұл тиісті статистикалық көрсеткіштердің өсуіне әкелді. Жаңа заңнама бойынша жұмыс істеген 3 жыл ішінде бұл заттарды тәркілеу саны 50 еседен астам өсті (2019 жылы – 10 кг, 2022 жылы – 583 кг). Биылдың өзінде 40-қа жуық жасырын есірткі зертханасы жойылып, 80 тонна прекурсорлар тәркіленіп, сол арқылы 8 тонна дайын заттар айналымы тоқтатылған. Есірткі құралдарының заңсыз айналымына қарсы күрес саласындағы сот сараптамасының проблемалық мәселелерін Әділет вице-министрі Даниэль Вайсов атап өтті. Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник Қазақстандағы есірткіні емдеудің қазіргі жағдайы туралы баяндады. Одан әрі талқылау барысында есірткі қылмысымен күресу және нашақорлықтың алдын алу бойынша ұсыныстар қабылданды. Снежанна Имашева оларды тиісті комитет Үкіметке ұсынатынын айтты. Сонымен қатар Мәжіліс жұмыс тобының аясында түзетулермен жұмысты жалғастырады. Депутаттар дөңгелек үстелге қатысушыларды есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес саласындағы заңнамалық базаны жетілдіру бойынша нақты және сындарлы ұсыныстарды бірге жасауға шақырды.
08.12.2022

«Бас бостандығынан айыру орындарында ұсталатын сотталғандарды еңбекпен қамту» тақырыбында өткен «дөңгелек үстел»

2022 жылғы 8 желтоқсанда Парламент Мәжілісінде сағат 10.00-де (А-235 конференц зал) «Бас бостандығынан айыру орындарында ұсталатын сотталғандарды еңбекпен қамту» тақырыбында Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті «дөңгелек үстел» өткізді. Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы А.Т. Қожахметов Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының, мемлекеттік органдар өкілдерінің, ғылыми сарапшылардың, азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен өткен «дөңгелек үстелдің» модераторы болды. Сотталғандарды жұмысқа орналастыру қылмыстық-атқару жүйесі қызметінің маңызды мәселелерінің бірі болып табылады. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, еңбек түзетудің және қайта әлеуметтендірудің негізгі құралдарының бірі болып табылады, сондықтан пенитенциарлық қызметтің ажырамас элементі еңбекті ұйымдастыруға жағдай жасау болып табылады. Еңбекпен қамтылған сотталғандардың ұстау режимін бұзу ықтималдығы әлдеқайда аз, сот процестері бойынша қарыздарын өтейді, жақын адамдарына әлеуметтік пайдалы байланыстарды сақтай отырып, ақшамен көмектеседі, нәтижесінде босатылғаннан кейін оларға қоғамға әлеуметтік бейімделуге жеңіл болады. Бұл іс-шара мемлекеттің қылмыстық-атқару жүйесінде кәсіпорындарды дамытуда және мекемелердегі арнайы контингент арасында жұмыспен қамтылғандарды ұлғайтуда және олардың кәсіби дағдыларын арттыруда қолдау мақсатында өткізілді. Дөңгелек үстел отырысы барысында жұмыс орындарын ұйымдастыруға, өндірістер ашуға, сотталғандардың кәсіби біліктілігін арттыруға, олардың кәсіптік-техникалық білім алуына байланысты проблемалық мәселелерді талқылау, оларды шешу бойынша бірлескен ұсыныстар әзірлеу жоспарланды.
27.06.2016

Дөңгелек стол

2016 жылғы 21 сәуірде Астана қаласында «Әкімшілік заңнаманы жетілдіру туралы: Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы жаңа кодексін қолдану тәжірибесінің қорытындылары бойынша».

2016 жылғы 25 сәуірде Астана қаласында «Пробация туралы» сараптамалық кездесу өтті.

2016 жылғы 25 сәуірде Қарағанды қаласында, Қазақстан Республикасы ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясында «100 нақты қадам - Ұлт жоспарының» аясында «Жергілікті полиция қызметі: қалыптасуы және оның жұмысының алғашқы нәтижелері» атты дөңгелек үстел өткізілді. Дөңгелек үстел барысында жергілікті полиция қызметінің қалыптасуы және жетілдіру мәселелері, оның жұмысының алғашқы нәтижелері талқыланды, жаңа институттың сәтті жұмыс жасау үшін қолайлы жағдайлар туғызу жолдары ұсынылды.

2016 жылғы 29 сәуірде Алматы қаласында «Бес институционалдық реформаның екінші бағытын іске асыру аясында сот-сараптама қызметі саласындағы заңнаманы жетілдіру» атты дөңгелек үстел өткізілді.

2016 жылғы 29 сәуірде Алматы қаласында «Адам құқықтары саласында индикаторларды әзірлеуді қолдау және халықаралық талаптар мен ұсынымдарды орындаудың бағалауын жетілдіру» жобасы бойынша сараптамалық кездесу өтті.

2016 жылғы 5 мамырда Астана қаласында «2015 жылы өткізілген алдын алу кездуселердің қорытындылары бойынша жинақталған баяндаманы таныстыру» атты дөңгелек үстел өткізілді.

2016 жылғы 27 мамырда Шымкент қаласында жеке сот атқарушылық институтын дамыту мәселелері бойынша дөңгелек үстел өткізілді.

2016 жылғы 31 мамырда Алматы қаласында «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 27-қадамының шеңберінде жеке сот атқарушылық институты және оны дамыту» тақырыбында республикалық дөңгелек үстел өткізілді.

2016 жылғы 3 маусымда Астана қаласында «Инвестицияларды қорғаудың институционалдық тетіктерің жетілдіру, инвестициялық даулар және арбитраж туралы заңнамасының жаңалықтары» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.

2016 жылғы 11 маусымда Қарағанды қаласында «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары бағдарламасы аясында «Полиция қызметшілерінің іріктеу жүйесін және оларды дайындауды жақсарту» тақырыбында профессор Р.Б. Құлжақаеваны еске алуға арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

2016 жылғы 24 маусымда Астана қаласында «Қазақстан Республикасындағы сот-сараптама қызметі туралы» Заң жобасы аясындағы жеке сот сараптамасы институтын дамыту»тақырыбында халықаралық конференция дөңгелек үстел өткізілді.

Конференция барысында «Қазақстан Республикасындағы сот-сараптама қызметі туралы» Заң жобасының ережелері, соның ішінде Жеке сот сарапшылардың палатасын құруды көздейтін нормалар кеңінен талқыланды. Жеке сот сарапшылардың институты мемлекеттік институтына балама ретінде құрылады және сот-сараптамалық тәжірибесінде жарыстастықты қамтамасыз етуге бағытталған.

Конференцияның жұмысында Әділет министрлігінің өкілдері, «Нұр Отан» партиясы жанындағы Құқықтық кеңес мүшелері, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, соттар, сарапшылар қауымдастығының, нотариаттық палатаның және адвокаттар алқасының өкілдері, «Қазақстанда қылмыстық төрелікті жетілдіру» ЕО жобасының жетекшілері, сондай-ақ шетелдік сарапшылар қатысты.

18.02.2013

Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің жаңа редакциясында көзделген өлім жазасы және өмір бойы бас бостандығынан айыру жаза түрлері» атты дөңгелек үстел өтті.

Аталған шара Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің Заңнама және сот құқықтық реформа комитеті, Орталық Азиядағы PRI өкілдігі және «Адам құқықтары үшін хартиясы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен және Еуропалық Одақтың сонымен қатар Астанадағы Ұлыбритания елшілігінің қолдауымен жүзеге асырылды.
05.12.2012

Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті «Қазақстан Республикасында төрелікті және аралық сотты дамыту» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Дөңгелек үстел «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне төреліктің және аралық соттың қызметін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын қарау шеңберінде өткізілді. Заң жобасы төреліктің және аралық соттың қызметін нығайтуға бағытталған әрі мемлекеттік соттардың жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Төреліктің және аралық соттың құзыреті оларға азаматтық-құқықтық шарттардан емес, азаматтық-құқықтық қатынастардан туындайтын дауларды қарау құқығын беру арқылы кеңейтіледі. Сонымен қатар, төрелік және аралық сот адамның өмірі мен денсаулығына, жеке өміріне қол сұғылмаушылыққа, жеке және отбасылық құпиясына, атына берілетін құқыққа қатысты мүліктік емес сипаттағы дауларды қарауға құқылы емес. Халықтың аралық сот туралы ақпаратқа еркін қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсатында тұрақты жұмыс істейтін аралық сот қызметінің шарттары белгіленеді. Тиісті түзетулер ҚІЖК, АІЖК, Салық кодексіне және 8 заңға енгізіліп отыр. Қазақстан Республикасы Әділет министрінің орынбасары З.Х. Баймолдина, Астана қаласы аралық соттың төрайымы Д.К. Құрманова, Қазақстандық халықаралық төреліктің төрешісі Е.Б. Осипов баяндама жасады. Дөңгелек үстел жұмысына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьялары, Бас прокуратураның, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің, өкілдері, сондай-ақ төрелікте және аралық сотта іс қарау аясындағы қызметті жүзеге асыратын үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
14.06.2012

2012 жылдың 14 маусымда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік органдардың құзыретін заңнамалық және (немесе) заңға тәуелді деңгейде бекіту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бойынша дөңгелек үстел өтті. Заң жобасы Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2008 жылғы 15 қазандағы нормативтік қаулысын іске асыру мақсатында әзірленді, және Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң жобалау жұмыстарының 2011 жылға арналған жоспарының 4-тармағына көзделген. Заң жобасы маңызды қоғамдық қатынастарды реттемейтін мемлекеттік органдардың функцияларын заңнама актілерінің қолданыстағы нормаларынан алып тастауды және оларды заңға тәуелді деңгейге ауыстыруды ұсынады. Жалпы заң жобасы 87 заңнамалық актісіне, соның ішінде, 3 Кодекске (Экологиялық, Су, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы») өзгертулер енгізеді. Дөңгелек үстелге Конституциялық Кеңес, Жоғарғы Сот, Бас прокуратура және т.б. министрліктер мен ведомстволар қатысты. Дөңгелек үстел барысында қатысушылар мемлекеттік органдар құзыретін бекіту және заң жобасын қарастыру барысында пайда болған мәселелерді шешу сұрақтарын талқылады.
24.04.2012

Дөңгелек үстeл

2012 жылдың 24 сәуірінде Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті «Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жеке басты куәландыратын құжаттар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңдарының жобаларын талқылау бойынша дөңгелек үстел өткізді. «Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасында жеке басты куәландыратын құжаттардың құқықтық негіздерін айқындау ұсынылып отыр, жеке басты куәландыратын құжатты сипаттайтын түсінік бір ізге салынады, оларды ресімдеуге, беруге, ауыстыруға, тапсыруға, алып қоюға және жоюға қойылатын талаптар регламенттеледі, мұндай құжат түрлерінің толық тізбесі белгіленеді, құжаттандыру саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдардың құзыреті айқындалады. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жеке басты куәландыратын құжаттар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заң жобасының мақсаты қолданыстағы заңнаманы «Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасында көзделген нормаларға сәйкестендіру, сондай-ақ құжаттандыру саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру болып табылады. Заң жобасымен Қылмыстық-іс жүргізу кодексіне, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске, «Сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдері туралы» және «Босқындар туралы» заңдарға түзетулер енгізу ұсынылып отыр. Дөңгелек үстелде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Қ.С. Тыныбеков баяндама жасады. Сонымен қатар дөңгелек үстелге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соттың, Бас Прокуратурасының, Ішкі істер, әділет, Сіртқі істер, Көлік және коммуникация министрліктердің, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
19.04.2012

Дөңгелек үстeл

2012 жылдың 19 сәуіріндеЗаңнама және сот-құқықтық реформа комитеті «Халықаралық түрмелік реформа» ХҚҰ Орталық Азиядағы өкілдігімен бірлесіп «Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы Қазақстан Республикасының заңнамасын дамыту» тақырыбына дөңгелек үстел өткізеді. Іс-шарада аясында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаптаулардың және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлерінің алдын алуға бағытталған ұлттық алдын алу тетігін жауа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңы жобасының тұсау кесері өтті. Дөңгелек үстелде Қазақстан Республикасы Әділет министрінің орынбасары Құсдаулетов Дулат Рашидұлы және Қазақстан Рспубликасы Ішкі істер министрінің орынбасары Күреңбеков Амантай Жанкейұлы баяндама жасады. Сонымен қатар дөңгелек үстелге Қазақстан Республикасы Конституцтиялық кеңесінің, Жоғарғы Соттың, Бас Прокуратурасының және басқада құқық қорғау органдарының, министрлік пен ведомствалардың, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.