Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер

Парламент Мәжілісінің ғимараты

Демократиялық республикада маңызды мемлекеттiк шешiмдердi Парламент қабылдайды. Қабылданатын заңдардың сапасы қандай болатынына заң жобалары талқыланатын орын да әсер етедi. Астананың жаңа орталығында «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағының аумағында салынған Парламент Мәжiлiсiнiң ғимараты мемлекетiмiздiң заң шығару билiгi саласының лайықты нышаны болып табылады.

Ол жаңа әкiмшiлiк орталықтың бас алаңында, Мемлекет басшысының Ақордасы, Жоғарғы Сот пен Сенат ғимараттары жанында орналасқан және 22 қабатты биiк ғимаратымен, Парламент палаталарының бiрлескен отырыстарына арналған залымен 4 блокты кешеннен тұрады. Мәжiлiс пен Сенат ғимараттары өзара өтпелi галереямен байланысқан.

Мәжiлiстiң ғимараты Қазақстан Республикасының Президентi Iс басқармасының тапсырысы бойынша салынды. Мәжiлiс ғимаратының құрылысын «Ахсель Иншаат» түрiк құрылыс компаниясы жүзеге асырды. Құрылыс үш жыл: 2002-2004 жылдары жүргiзiлдi. Кешеннiң жалпы аумағы 26 мың 800 шаршы метрдi құрайды.

Палата ғимаратының бiрiншi қабатында су, жылу, жарық және өзге де жабдықтардың, телефон байланысының жұмыс iстеуiн қамтамасыз ететiн техникалық қызмет жайлары, баспа цехы, гараж, қоймажайлар және басқалар орналасқан.

Екiншi қабатта өте әсем безендiрiлген вестибюлi бар Мәжiлiс ғимаратына кiретiн орталық есiк орналасқан. Фасады, фойесi, галереясы гранитпен қапталған. Бұл материалды отандық «Астана-гранит» фирмасы берген. Гранит ғимаратқа асқақтық пен мызғымас мығымдық беретiн болғандықтан пайдалануға ұйғарым жасалды.

Осы қабатта 50 орындық қабылдау залы, 150 орындық баспасөз орталығы, 15, 50, 80 және 150 орындық 4 тамақтану залы, сауда павильондары, банк кассалары, әуе компаниялары мен темiр жол кассасы, кеңсе, диспетчерлiк бөлме, газет дүңгiршiгi орналасқан.

Ғимараттың ең маңызды элементтерiнiң бiрi - 400 орынға арналған Парламент палаталарының бiрлескен отырыс залы. Ол классикалық стильде салынған. Залда бiр уақытта ондаған тiлде iлеспе аударма жүргiзуге мүмкiндiк беретiн қазiргi заманғы жабдық орнатылған.

Үшiншi қабатта Палатаның жалпы отырыстарын өткiзуге арналған 150 орындық зал бар. Бұл жайдың креслолары мен қабырғалары сарғыш түстi жұмсақ матамен қапталып әрлендiрiлген. Парламентшiлердiң үстелдерiнде дауыс беруге арналған құрал, дыбыс күшейткiш жүйе орнатылған. Отырыс залы үш секцияға бөлiнген. Оның екеуiнде депутаттар отырады, үшiншiсi министрлiктер мен Мәжiлiс Аппаратының өкiлдерiне арналған.

Осы қабатта жұмыс топтары мен комиссиялардың, депутаттық бiрлес­тiктердiң отырыстарын өткiзуге арналған 20-40 орындық 7 арнайы кабинет, iлеспе аударма, отырысты стенограммалау кабинеттерi, 40 орындық оқу залы бар кiтапхана, телестудия кешенi, медициналық пункт, шаштараз орналасқан.

Үшiншi қабаттан жоғары депутаттар мен олардың көмекшiлерiнiң, Палата Аппараты қызметкерлерiнiң жұмыс кабинеттерi орналасқан. Бұдан басқа, жетi қабатта комитеттердiң жұмыс отырыстарын өткiзуге арналған жеке залдар бар. 21-қабатта Мәжiлiс Төрағасының апартаменттерi орналасқан. Мұнда спикердiң жұмыс кабинетi, оның Хатшылығы қызметкерлерiнiң кабинеттерi, ресми делегацияларды қабылдау залы, Мәжiлiс Бюросының отырыс залы орналасқан.