Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер

Халықаралық қызмет


19.05.2016

Б. ІЗМҰХАМБЕТОВ: 40 ЖУЫҚ МЕМЛЕКЕТ ЕАЭО-пен ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ОРНАТУҒА ЫНТАЛЫ

Астана, 19 мамыр, Мәжіліс үйі. Санкт-Петерборда өтіп жатқан «Еуразиялық экономикалық перспектива» IV халықаралық форумында сөйлеген сөзінде Мәжіліс Төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов ЕАЭО-ты дамытудың халықаралық бағдарына айрықша назар аударды. Б. Измұхамбетовтің пікірінше, Қазақстан Президентінің ірі интеграциялық жобаларды түйіндестіру мақсатында «Үлкен Еуразия» құру туралы идеясының өзектілігі жыл санап артып келеді. Осы ретте Мәжіліс Спикері ЕАЭО, ШЫҰ-мен ықпалдастық, Жібек жолының экономикалық белдеуі әріптестікті дамытудың маңызды тетіктері екендігін атап өтті. Бақтықожа Ізмұхамбетовтің сөзінше, өзара іс-қимыл көлік-логистикалық саламен шектелмейді. Осы ретте Мәжіліс Төрағасы: - Екі ұйымға қатысушы-мемлекеттер экономикасының жиынтық көлемі 11 трлн. доллардан астам немесе ЖІӨ жалпы әлемдік көлемінің 15 пайызын құрайды. Тұрғындар саны біржарым млрд-тан асады. Жақын уақытта Қытаймен сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келіссөздер басталады. Энергетика, телекоммуникация, пайдалы қазбаларды өндіру және қайта өңдеу сынды салаларда өзара тиімді мүмкіндіктер бар. Және өндірістік, агроөнеркәсіптік, инновациялық кооперация жақсы әлеуетке ие,-деп атап өтті. Жалпы алғанда 40 мемлекет ЕАЭО-пен ынтымақтастық орнатуға ынталы екенін алға тартқан Мәжіліс Төрағасы Одақтың еркін сауда аймағы жүйесін кеңейту арқылы ірі сауда блоктарымен өзара тиімді әріптестік орнату қажеттілігі туралы пікірін білдірді. Олар, атап айтқанда, Еуропалық одақ, сондай-ақ, Транс-тынық мұхиты. Жиынға қатысушы парламентшілердің айтуынша, Қазақстан Президентінің ЕАЭО-ЕО форматында халықаралық конференция өткізу туралы бастамалары Еуроодақпен еркін сауда аймағын құру жөніндегі келіссөздер процесін жеделдетуге жол ашады. - Одақты дамыту процесі - өңірлік экономикалық бірлестіктермен стратегеиялық ынтымақтастыққа шыға отырып, аймақтық жоспар бойынша интеграцияны біртіндеп дамытудан көрінеді,-деді Б. Ізмұхамбетов. Сондай-ақ, Форумда сөйлеген сөзінде Мәжіліс Төрағасы парламентшілерді, саясаткерлер мен сарапшыларды Қазақстан Президентінің «Әлем. XXI ғасыр» манифесін алға жылжыту жолында бірігуге шақырды. Б. Ізмұхамбетов: - ЕАЭО мүшелері арасында, сондай-ақ, үшінші мемлекеттермен өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастық тек қана жалпыға ортақ және бөлінбейтін бейбіт жағдайда ғана мүмкін болмақ. Сондықтан, Қазақстан Көшбасшысының манифесі – халықаралық экономикалық ынтымақтастық та негізделетін ғаламдық қауіпсіздікті сақтау, бейбітшілікті нығайту ісіне қосылған зор үлес,-деді.

19.05.2016

Б. ІЗМҰХАМБЕТОВ: ҮЙЛЕСТІРІЛГЕН АГРАРЛЫҚ САЯСАТ – АЛДАҒЫ ОНЖЫЛДЫҚТАҒЫ ЕУРАЗИЯЛЫҚ ИНТЕГРАЦИЯНЫҢ МАҢЫЗДЫ БАҒЫТЫ

Астана, 19 мамыр, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов «Еуразиялық экономикалық перспектива» IV халықаралық форумында сөйлеген сөзінде келісілген аграрлық саясатты одан әрі жалғастыру және оның ЕАЭО инфрақұрылымы мен көліктік-логистикалық дамуға байланысты түйіндесу мүмкіндіктерін меңгеруді ұсынды. Мәжіліс депутаттары қатысып жатқан бұл маңызды форум бүгін Санкт-Петерборда ТМД Парламентаралық Ассамблеясының көктемгі сессиясы аясында өтіп жатыр. Онда ЕАЭО Азияның оңтүстік-шығыс елдерімен ынтымақтастық перспективасы, еркін сауда аймағын құру мәселелері әңгіме өзегіне айналды. Б. Ізмұхамбетов БҰҰ болжамы бойынша 2050 жылға қарай әлем тұрғындарының саны 10 млрд-тан асатындығын, соған сәйкес, азық-түлік өніміне деген сұраныс 70 пайызға артатындығын еске салды. Қазіргі уақытта дүниежүзінде экологиялық таза өнімге деген сұраныс жыл сайын 20-30 пайызға артқаны байқалады. - Тұрақты дамудың ғаламдық күн тәртібінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету аса өзекті болмақ. Бізде осы олқылықтың орнын толтыру үшін табиғи ресурстар да адам капиталы да бар. Сонымен қатар, ЕАЭО-тың Еуропа, Қытай, Азия аралығында орналасуы бізді қажетті басымдықтармен қамтамасыз етеді,-деді Мәжіліс Спикері. Мәжіліс Төрағасының айтуынша, бүгінгі күні Қазақстанда 100 млн-нан артық жер ауылшаруашылығы айналымына берілген. Соңғы 10 жылда ауылшаруашылығында өндіру көлемі 41 пайызға, экспорткөлемі 59 пайызға артқан. Осы саланың негізгі капиталына құйылған инвестиция көлемі 2005 жылы 149 млн. доллардан 2015 жылы 507 млн. долларға, 3 есеге дейін ұлғайды. Өз сөзінде Б. Ізмұхамбетов отандық ауылшаруашылығы өнімдерін өндірушілерді қолдау үшін заңнамалық база құру қажеттілігін атап өтті. Өткен жылы «Ауылшаруашылығы коопертивтері туралы» және «Органикалық өнімдер өндіру туралы» заңдар қабылданған болатын. Мәжіліс Төрағасы аталған саланы дамытуға және жаңа технологиялар енгізуге Астанада орналасатын азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы да ықпал ететіндігін жеткізді.

11.05.2016

МӘЖІЛІС ТӨРАҒАСЫ Б. ІЗМҰХАМБЕТОВ В. МАТВИЕНКОМЕН КЕЗДЕСТІ

Астана. 11-мамыр. Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов ҚР Парламенті Сенатының шақыруы бойынша Қазақстанға ресми сапармен келген РФ Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің Төрайымы Валентина Матвиенко бастаған делегация өкілдерімен кездесті. Тараптар қос мемлекет президенттерінің салиқалы саясатының арқасында қарқынды дамып келе жатқан Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық әріптестік жайына айрықша назар аударды. Кездесу барысында Еуразиялық Экономикалық Одақ мәселесі әңгіме өзегіне айналды. Мәжіліс Төрағасы Қазақстанның осы жылы ЕАЭО-на төрағалық ететінін алға тартып, Қазақстан Президентінің 2016-жылды «ЕАЭО-ның үшінші елдермен және маңызды интеграциялық бірлестіктермен экономикалық қатынастарды тереңдету жылы» деп жариялау ұсынысын жеткізді. Өз кезегінде В. Матвиенко Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамашылығымен құрылған Еуразиялық Экономикалық Одақ бағытында Ресейдің Қазақстанмен толықтай ниеттес екендігін, экономикалық байланысты тереңдету жылы ретіндегі ұсыныс ынтымақтастықты күшейткісі келетін елдерге дер кезінде жасалған белгі екендігін айтты. Және мейман біздің еліміздің төрағалығы аталған одақ жұмысына тың серпін беретіндігіне сенімді. Сонымен қатар, халықаралық парламентаралық байланыс жайы да тараптар назарынан тыс қалмады. Осы ретте ТМД Парламентаралық Ассамблеясының елдер арасындағы модельдік заңдарды үйлестірудігі маңыздылығын сөз еткен М. Матвиенко осы жолда Қазақстан Парламенті депутаттарының да үлесі зор екендігін, бұл жұмысты одан әрі белсенді жалғастыру керектігін айтты. Ал, Парламентаралық ықпалдастық жайына келсек, Мәжілісте Ресей Федерациясымен ынтымақтастық жөніндегі топ, сондай-ақ, РФ Федералдық Жиналысы Мемлекеттік Думасымен палатаралық парламенттік комиссия жұмыс істейді.

05.05.2016

Б.ІЗМҰХАМБЕТОВ: ПОЛЬША ҚАЗАҚСТАННЫҢ МАҢЫЗДЫ САЯСИ ЖӘНЕ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӘРІПТЕСІ

Астана. 5-мамыр. Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов біздің елімізге ресми сапармен келген Польша Республикасы Парламенті Сенаты делегациясымен кездесті. Делегация құрамын Польша Сенатының төрағасы Станислав Карчевски бастап келді. Мәжіліс Төрағасы мәртебелі мейманды Польша елінің жыл сайын 3 мамырда атап өтетін Конституция күнімен құттықтады. Құжат 1791 жылы қабылданған. Одан әрі тараптар барлық сала бойынша екіжақты ықпалдастықтың маңызды мәселелерін талқылады. Мәжіліс Төрағасы атап өткендей, Польша Қазақстанның Орталық және Шығыс Еуропадағы маңызды саяси және экономикалық әріптесі. 2015 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 1 млрд долларды құраған. Бүгінгі күні біздің мемлекетімізде польшалық капиталдың қатысуымен 190 компания жұмыс істейді. Кездесу иелері алдағы уақытта елдер арасындағы экономикалық байланысты одан әрі күшейте түсудің маңыздылығын, оған қос мемлекеттің де әлеуеті жеткілікті екендігін атап өтті. Осы орайда Қазақстан Президентінің ағымдағы жылдың тамыз айында Польша мемлекетіне жоспарланған іс-сапарына айрықша мән берген мәртебелі мейман, оның екі елдің стратегиялық қарым-қатынасын одан әрі тереңдетуге серпін беретіндігіне сенімді. Мәжіліс Спикерінің айтуынша Қазақстан Еуроодақпен ынтымақтастықты дамытуға да барынша ынталы. Оған ағымдағы жылдың наурыз айында Қазақстан Парламентінде ратификацияланған Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы ынтымақтастық пен әріптестікті кеңейту туралы келісім дәлел. Осы орайда С. Карчевски аталған келісімнің Польша Парламентінде де тезірек ратификациялануына ықпал ететіндігін жеткізді. Б. Ізмұхамбетов поляк кәсіпкерлерін Қазақстанда «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты мен үдемелі индустриялық даму бағдарламасы аясында маңызды жобаларға белсене қатысуға шақырды. Осы ретте Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесінің басымдықтарына айрықша назар аударылды(Польша мемлекетіне бөлінген павильон көлемі 400 ш.м.). Мәжіліс Спикері Қазақстан мен Польшаның транзиттік мемлекеттер екенін алға тартып, Батыс Еуропа мен Азия бағытында тауарлар тасу көлемін арттыру жолында осы мүмкіндікті кеңінен пайдалану керектігіне тоқталды. Парламентаралық қатынас жөнінде екі ел парламенттері арасында ынтымақтастық жөніндегі топтың жұмысына көңіл бөлініп, қос тарап бүгінгі кездесудің қазақстандық-поляктық қарым-қатынасты, соның ішінде парламентаралық байланысты одан әрі нығайтуға жол ашатынына сенім білдірді.

29.04.2016

ЕЛБАСЫНЫҢ "ӘЛЕМ. XX ҒАСЫР» МАНИФЕСІ ТАБЫС ЕТІЛДІ.

Астана. 29-сәуір. Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілістің Халықаралық істер, Қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Бақытжан Ертаев пен Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Глеб Шегельский Катар елінен келген делегация мүшелерін қабылдады. Тараптар бұл жылы жүздесуді тарихы терең тамырластықтан басталған достық кездесу ретінде бағалады. Әңгіме барысында Қазақстан мен Катар елі арасындағы қатынас жыл санап қарқынды дамып келе жатқандағы айтылды. Делегация жетекшісі, муниципалитет және қоршаған ортаны қорғау министрі Мухаммад Абдуллах Аль Румайхи қос мемлекет арасындағы ынтымақтастық барлық салада, әсіресе, саяси бағытта өте жоғары деңгейде екенін және болашақта да нығая түсетінін жеткізді. Комитет төрағасы Г. Щегельский делегация мүшелерін экология саласында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстыра келіп, Қазақстан Президентінің бүгін ғана «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі мәселелері бойынша өзгерістер мен торлықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойғанынан хабардар етті. Осыған орай Катар елінің келер жылы Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне белсене қатысатындағына сенім білдірді. Комитет төрағасы Елбасының халықаралық деңгейдегі маңызды бастамаларын сөз ете келіп, делегация жетекшісіне «Әлем.XXI ғасыр» манифесін табыс етті. Бақытжан Ертаев Қазақстан Президентінің бүкіл әлемді бейбіт өмірге үндеу жолындағы батыл қадамдарын алға тарта келіп, дүниежүзіндегі 4-арсенал ядролық құралдан бас барту бастамасына айрықша назар аударды. Б. Ертаев мәртебелі мейманның иығына шапан жауып шығарып салды.

18.04.2015

ҚАЗАҚСТАН ПАРЛАМЕНТІНІҢ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ САНКТ-ПЕТЕРБОРДА ЖАМБЫЛ ЕСКЕРТКІШІНДЕ

Астана. 18-сәуір. Мәжіліс үйі. ҚР Парламентінің депутаттары Санкт-Петерборда ТМД ПАА салтанатты шараларына қатысу барысында Ұлы Отан соғысы батырларының ескерткішіне тағзым етті. Сонымен қатар Сенат пен Мәжіліс Төрағалары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қабиболла Жақыпов Жамбыл ескерткішіне де гүл қойды. Қоршауда қалған Ленинградтықтардың ерлігін жырға қосқан қазақтың ұлы ақынына Нева жағасындағы қалада ескерткіш қойылған. «Ленинградтық ұландарым! Мақтанышым сендер менің!»,- деп басталатын әйгілі жыр жолдары ТМД ПАА мерейтойлық салтанатты жалпы отырысында Таврия залының Дума мінберінен де жаңғырды.

17.04.2015

К.ЖАҚЫПОВ: ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАҚЫЛАУШЫЛАРДЫҢ ҚАТЫСУЫ САЙЛАУДЫҢ МАҢЫЗЫН АРТТЫРЫП, СЕНІМДІ ЖОҒАРЫЛАТАДЫ

Астана, 17 сәуір. Мәжіліс үйі. Палата Төрағасы Қабиболла Жақыпов бастаған мәжілісмендер Санкт-Петерборда ТМД Парламентаралық Ассамблеясы шараларына қатысты. ТМД ПАА Кеңесі жиынының күн тәртібінде қаралған мәселенің бірі – 2015 жылы 26 сәуірде өтетін Қазақстан Республикасы Президенті сайлауына халықаралық бақылаушы ретінде ТМД ПАА өкілдігін жіберу туралы. Мәжіліс Спикерінің пікірінше, халықаралық бақылаушылардың болуы сайлаудың мән-маңызын арттырып, сенімді жоғарылатады және ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз етуге ықпал етеді. ТМД ПАА 42-пленарлық отырысында Достастық елдері парламенттері технологиялық терроризмге қарсы іс-қимыл, шекаралық қауіпсіздік, денсаулық қорғау саласы, еріктілік, аудиторлық қызмет, туристік салалардағы модельдік заңнамаларға қатысты өзекті сұрақтарды талқылады. Әсіресе, Ұлы Отан Соғысы Жеңісінің 70 жылдық мерейтойына орай арнайы әзірленген «Отан қорғау кезінде қаза болғандарды мәңгі есте қалдыру туралы» және « Патриоттық тәрбие беру туралы» сынды модельдік заңдарға айрықша көңіл бөлінді.

17.04.2015

ТМД ЕЛДЕРІ ПАРЛАМЕНТШІЛЕРІ: ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫ ЖЕҢІСІНІҢ 70 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫ – ШЫНАЙЫ ДОСТЫҚТЫҢ АЙШЫҚТЫ БЕЛГІСІ

Астана, 17 сәуір, Мәжіліс үйі. Палата Төрағасы Қабиболла Жақыпов бастаған мәжілісмендер делегациясы Санкт-Петерборда Ұлы Отан Соғысы Жеңісінің 70 жылдық мерейтойына арналған ТМД Парламентаралық Ассамблеясының салтанатты пленарлық отырысына қатысты. Жиынға қатысқан ТМД елдері парламентшілерінің, ардагерлердің айтуынша Жеңістің 70 жылдық мерейтойы – бостандықты, ізгілікті, әділдікті қадірлейтін әрбір азамат үшін қасиетті күн әрі шынайы достықтың айшықты белгісі. Сондай-ақ, жаңа мыңжылдықта көп қырлы ынтымақтастықты дамытудың кепілі. Отырысқа қатысушылар парламентаралық құрылымдардың, соның ішінде, ТМД Парламентаралық Ассамблеясының Ұлы Отан Соғысы батырларының қайталанбас ерлігіне тағзым ету, есте қалдыру жолындағы айрықша рөліне тоқталды. Ұйымның заң шығармашылық қызметіне баса көңіл бөлінді. Бүгінгі күні парламентаралық Ассамблеяның күш-жігерінің арқасында бірқатар заңнамалық құжаттар әзірленді. Салтанатты жиын барысында ардагерлерге ТМД мемлекеттер басшылары кеңесімен бекітілген «Ұлы Отан Соғысы Жеңісіне 70 жыл» мерейтойлық медаль табыс етілді. Одан әрі әскери оркестрлердің қатысуымен мерекелік концерт өтті.

17.04.2015

САНКТ-ПЕТЕРБОРДА «ЕСКЕ АЛУ ЭСТАФЕТАСЫ» САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

Астана, 17 сәуір, Мәжіліс үйі. Палата Төрағасы Қабиболла Жақыпов бастаған мәжілісмендер делегациясы Ұлы Отан соғысы жеңісінің 70 жылдық мерейтойына орай ТМД Парламентаралық Ассамблеясы ұйымдастырған «Еске алу Эстафетасы» акциясының мәрелік салтанатына қатысты. Акция 11 наурызда Беларусь астанасы Минскіде басталған-ды. Парламентаралық Ассамблея өкілдері Ұлы Отан соғысы құрбандарына арналған мемориалда болып, арнайы капсуламен мәңгілік алаудың бөлшегін алып шыққан болатын. Таврический сарайында болған салтанатты шарада ТМД ПАА қатысушы-мемлекеттер парламенттерінің өкілдері жалын бөлшектерін бірегей Достастық алауына біріктірді. Ол Санкт-Петербордағы «Ленинградты ерлікпен қорғаушылар монументі» мемлекеттік тарихи мұражайына жолданды. Сонымен қатар, салтанат барысында Б.Н.Ельцин атындағы президенттік кітапханада «Біз жеңдік, өйткені біз бірге болдық» көрмесінің ашылуы өтіп, жиналғандар назарына 1941-1945 жж. Отан соғысы дәуірін суреттейтін кинохроникалар, фотосуреттер, тарихи құжаттар ұсынылды. Қорғаныс құралдары, Қызыл Армия әскерлерінің жеке заттары, марапаттары мен медальдары көрсетілді. Қазақстан мен қазақстандықтардың жеңіске қосқан үлесі арнайы экспозицияда баяндалды. Мәжіліс делегациясы құрамында М.Әшімбаев, М.Бегентаев, Б.Ертаев, А.Қожахметов, В.Рогалев, Р.Сәрпеков, С.Сейдуманов, А.Тортаев бар.

03.04.2015

МӘЖІЛІС ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ ДАРИҒА НАЗАРБАЕВА МӘСКЕУДЕ КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ

Астана. 3 сәуір. Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасының орынбасары Д. Назарбаева бастаған Қазақстан Парламенті делегациясының өкілдері Ресей Федерациясына жұмыс сапары барысында Қаржы мониторингі жөніндегі федералдық қызмет пен Федералдық салық қызметі басшыларымен кездесті. Мәскеуге сапар мақсаты – қаржылық мониторинг және салықтық әкімшілендіру саласында ресейлік тәжірибені меңгеру. Қаржы мониторингі жөніндегі федералдық қызмет басшысы Юрий Чиханчин өзі жетекшілік етіп отырған саланың іс-тәжірибесі, басым бағыттары және болашақ мақсаттарымен бөлісіп, халықаралық ынтымақтастық мәселелеріне тоқталды. Кездесу барысында тәуекелдерді бағалау орталығының қызметіне де баса көңіл бөлінді. Ал, Федералдық салық қызметі басшысымен жүздесу кезінде Михаил Мишустин қазақстандық парламентшілерді Ресейдің салық қызметінің негізгі басымдықтарынан хабардар етті. Сонымен қатар, жеке және заңды тұлғаларға салық саласындағы мемлекеттік қызметтің кең түріне оңайлатылған қолжетімділікті қамтамасыз ететін қолданыстағы интернет-порталды таныстырды. Кездесулер қорытындысында тараптар аталған салалардағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге уағдаласты. Жүздесуге сондай-ақ, Мәжіліс депутаты Гүлжан Қарағұсова және Сенат депутаты Рашит Ахметов қатысты.

31.03.2015

Қ. ЖАҚЫПОВ ВЬЕТНАМДА ҚАЗАҚСТАНДЫ ЖАҢҒЫРТУ ТУРАЛЫ БАЯНДАДЫ

Астана, 31 наурыз, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов бастаған қазақстандық парламенттік делегация өкілдері Вьетнам Социалистік Республикасына жасаған алғашқы ресми сапары барысында Хо Ши Мин атындағы Ұлттық саяси академия тыңдармандарымен кездесіп, Вьетнамда Қазақстан елшілігінің жаңа ғимаратының ашылу салтанатына қатысты. Қ.Жақыпов Қазақстанның заманауи дамуының ерекшеліктері, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастамашы болған «Қазақстан-2050» Стратегиясы, ҮИИДБ және «Нұрлы жол» туралы баяндады. Өз сөзінде: - Вьетнам 2020-жылға қарай индустриалдық экономика мәртебесіне жету, өңдеу саласын жаңғырту, ғылыми қамтымды өндіріс үлесін арттыру туралы мақсат қойды. Сіздердің елдеріңіздің индустрияландыру бағыты өзінің мақсат, міндеттері бойынша «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатымен үндес келеді. Бұл жоспарды табысты орындау қауіп-қатерлер мен дағдарысқа қарсы тұруға ықпал етіп қана қоймай, біздің еліміздің 2050-жылға қарай ең дамыған 30 елдің қатарына кіруіне мүмкіндік береді, - деп атап өтті Мәжіліс Спикері. Қ.Жақыповтың айтуынша, Қазақстан үшін микроэлектроникаларды, нанотехнологияларды, энергия үнемдегіштерді дайындаумен айналысатын жоғары технологиялы Сайгон саябағы айрықша қызығушылық туғызады. Сондай-ақ, құрамында сенатор Е.Мұқаев, мәжілісмендер М.Әшімбаев, Р.Мәдинов, Ә.Бимендина, В.Киянский, Ү.Медеуов бар делегация мүшелері Вьетнамда Қазақстан елшілігінің жаңа ғимаратының ашылуына қатысты. Аталып өтілгендей, бұл – қос мемлекет арасындағы екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға деген мүдделіліктің көрсеткіші, достықтың, әріптестік пен өзара сенімнің белгісі.

30.03.2015

ҚАБИБОЛЛА ЖАҚЫПОВ ВЬЕТНАМ ПРЕЗИДЕНТІМЕН КЕЗДЕСТІ

Астана, 30 наурыз, Мәжіліс үйі. Вьетнам Социалистік Республикасына ресми сапары барысында Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов ел Президенті Чыонг Тан Шангпен кездесті. Кездесу қарсаңында Мәжіліс Спикері бастаған парламенттік делегация мүшелері Хо Ши Мин кесенесіне гүл шоқтарын қойды. Вьетнам президентімен әңгіме барысында Қабиболла Жақыпов Қазақстан Президентінің арнайы өкілі ретінде Чыонг Тан Шанга Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Қазақстан кандидатурасын қолдау жөнінде жолдауын табыс етті. Мәжіліс Төрағасы қазақстандық-вьетнамдық қарым-қатынас жайын сөз еткенде, аталған мемлекеттің Оңтүстік-Шығыс Азиядағы Қазақстанның маңызды саяси және экономикалық әріптесі екенін атап өтті. Қ. Жақыпов БҰҰ, ИЫҰ, АСЕМ аясында екі елдің өзара байланысын күшейтудің маңыздылығына тоқталды. Спикердің айтуынша, осы күндері Ханойда өтіп жатқан Парламентаралық Одақтың 132-Ассамблеясы Вьетнамның халықаралық қатынастағы салмақты рөлінің көрсеткіші. Мәжіліс Төрағасы қарқынды дамуға, вьетнамдық қоғамның қайта құрылу ауқымдылығына көңіл бөлді. «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатына, ҮИИД бағдарламасына, сондай-ақ, Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын жоғарлату мәселелеріне тоқталды. Чыонг Тан Шанг Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығының арқасында жеткен жетістіктерді сараптап, Қазақстанның болашақта талай асуларды бағындыратынына сенім білдірді және вьетнамдық азаматтарға көрсеткен көмек үшін біздің елімізге алғыс білдірді Тараптардың атап өткеніндей, болашақта туризм, мұнай-газ, ауылшаруашылығы салаларында ынтымақтастықты нығайтудың мүмкіндігі зор. Осы ел Президентінің пікірінше, вьетнамдық компаниялардың Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуы даму үрдісіне жаңа серпін береді. Ал, қос мемлекет президенттері арасындағы келісімдерді заңдық тұрғыдан қолдау жайында Мәжіліс Төрағасы қазақстандық парламентшілердің алдағы уақытта да екі елдің өзара іс-қимылын күшейтуге ықпал етуге дайын екендіктерін жеткізді. Жүздесуге сондай-ақ, сенатор Е.Мұқаев, мәжілісмендер М.Әшімбаев, Р.Мәдинов, Ә.Бимендина, В.Киянский, Ү.Медеуов қатысты.

28.03.2015

Қ. ЖАҚЫПОВ ВЬЕТНАМҒА РЕСМИ САПАРЫ БАРЫСЫНДА ПАО 132-АССАМБЛЕЯСЫНА ҚАТЫСАДЫ

Астана, 28 наурыз. Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов бастаған қазақстандық парламентшілер делегациясы ресми сапармен Вьетнам Социалистік Республикасында жүр, бүгін онда Парламентаралық Одақтың 132-Ассамблеясы ашылады. Жоғары парламенттік жиынға осы жылы өзек болған тақырып – 2015-жылдан кейінгі тұрақты даму мақсаттары. Ортақ пікір алмасулар кезінде Мәжіліс Төрағасы Қ. Жақыповтың сөз сөйлеуі күтілуде. Сондай-ақ, сапар бағдарламасы аясында Вьетнам Президенті Чыонг Тан Шангмен, Парламентаралық Одақ Төрағасы Сабер Хоссейн Чоудхуримен, Вьетнам, Германия, Иордания парламенттерінің спикерлерімен кездесулер жоспарланған. Бүгін ресми сапар барысында қазақстандық парламентшілер Вьетнамның солтүстік шығысындағы туристік және өнеркәсіптік дамыған Куанг Нинь провинциясында болды. Провинцияның әкімшіліктік орталығы Халонг қаласында Мәжіліс Спикері Қабиболла Жақыпов провинцияның партиялық комитеті хатшысының тұрақты орынбасары Куанг Нинь До Хи Хоанмен кездесті. Қ. Жақыпов Вьетнам Коммунистік партиясы құрылуының 85 жылдығымен, сондай-ақ, Вьетнам Социалистік Республикасы тәуелсіздігінің 70 жылдығымен құттықтады. Мәжіліс Спикері Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан маңызды бағдарламалардан хабардар етті. Соның ішінде, «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатына айрықша көңіл бөлінді. Ынтымақтастықтың маңызды бағыттары қатарында тараптар мұнай-газ, туризм, телекоммуникация салаларына назар аударып, сондай-ақ, Кедендік Одақпен еркін сауда аймағын құру турасында өзара іс-қимыл мәселелерін атап өтті. Кабиболла Жақыпов пен До Хи Хоан қазақстандық-вьетнамдық қатынастың, соның ішінде, аймақтар арасындағы байланысты нығайтудың маңыздылығына тоқталды. Жүздесуге сонымен қатар, делегация мүшелері, Мәжіліс депутаттары М.Әшімбаев, Р.Мадинов, В.Киянский, У.Медеуов және сенатор Е.Мұқаев қатысты.

27.03.2015

МӘЖІЛІС – ЕУРОПАЛЫҚ ОДАҚ: ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ БАЙЛАНЫСТАР

Астана, 27 наурыз. Мәжіліс Үйі. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Қазақстан Республикасы – Еуропалық Одақ» парламентаралық ынтымақтастығының мүшесі Айгүл Соловьева Еуропалық қызметтің сыртқы іс-әрекеттер бойынша Орталық Азия Басқармасының басшысы Тойво Клаар және Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Өкілдігінің басшысы, елші Аурелия Бушезбен кездесті. Жүздесу барысында Мәжіліс депутаттары екі жақты ынтымақтастық байланыстардың көкжиегінің кеңейгенін атап өтті. Алда серіктестік қатынастардың қанат жая түсуіне тілектестік білдіріп, визалық тәртіп шарттарын жеңілдету жолдарын қарастыру мәселесін қозғады. Тойво Клаар мырза Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы ынтымақтастық байланыстың өткен жылғы қазандағы Қазақстанның Мемлекет Басшысы Н.Назарбаевтың Брюсельге ресми сапарынан соң жаңа деңгейге көтерілгенін хабарлады. Құрамына 28 мемлекет енетін Еуроодақ өз құқықтық актілерін қайта қарап, келісімдерде көрсетілетін жаңа салаларға назар аударып жатқандықтарын мәлімдеді. Қазақстанмен визалық тәртіпті оңтайландыру жағдайын да ойластырып жатқандықтарын жеткізді. Осы кездесуге Мәжіліс депутаты, «Қазақстан Республикасы – Еуропалық Одақ» парламентаралық ынтымақтастығының мүшесі Шавхат Өтемісов те қатысты.

27.03.2015

ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ С. ДЬЯЧЕНКО ИНДОНЕЗИЯЛЫҚ ДЕЛЕГАЦИЯ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

Астана, 27-наурыз. Мәжіліс үйі. ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Сергей Дьяченко Индонезия Республикасы Өкілдер Палатасы Төрағасының орынбасары Фахри Хамза бастаған парламенттік делегация өкілдерімен кездесті. Тараптардың атап өткеніндей, ел басшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Сусило Юдойононың мемлекеттік іс-сапарлары екі ел ынтымақтастығының тереңдей түсуіне тың серпін берді. Қазіргі уақытта қос мемлекет арасындағы өзара іс-қимыл барлық салада табысты дамып келеді. Қазақстан Индонезияны Оңтүстік-Шығыс Азиядағы саяси және экономикалық әлеуетке ие алдыңғы қатарлы ел ретінде таниды. Вице-спикер сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, саяси салалардағы ортақ жетістіктерді алға тартып, қауіпсіздік пен тұрақтылық бағытындағы маңызды бастамаларды сөз етті. Өз кезегінде Өкілдер Палатасының Вице-спикері Фахри Хамза аталған салалардағы өзара іс-қимылды одан әрі тереңдетудің маңыздылығына тоқталып, Индонезияның Қазақстанды Орталық Азиядағы маңызды әріптестерінің бірі ретінде қарайтындығын атап өтті. Кездесу барысында парламентаралық ынтымақтастықты нығайту мәселесіне айрықша көңіл бөлініп, екі елдің заңнамалық органдары арасында өзара түсіністік және ынтымақтастық жөніндегі топ құру қажеттілігі айтылды.

27.03.2015

ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия БҰҰ институттарымен одан әрі сындарлы ынтымақтастыққа дайын

Астана, 27 наурыз. Мәжіліс Үйі. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Қуаныш Сұлтанов БҰҰ Уландырғыш және қауіпті өнімдердің, қалдықтардың заңсыз тасымалы мен көмілуінің адам құқықтарына кері әсері жөніндегі арнайы баяндамашысы Баскут Тункакпен кездесті. Кездесу барысында тараптар экологиялық құқықтың орталық проблемалары болып отырған мәселелер мен уландырғыш және қауіпті өнімдер мен қалдықтардың заңсыз тасымалы мен көмілуінің адам құқықтарына кері әсерін зерттеу жағдайын талқылады. Комиссия төрағасы Қ.Сұлтанов Адам құқықтары жөніндегі комиссияның қызметі туралы, Конституцияда, ҚР Экологиялық кодексінде, ҚР Орнықты дамуға көшуінің 2007-2024 жылдарға арналған тұжырымдамасында бекітілген азаматтардың экологиялық құқықтары туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Баскут Тункак ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның құқық қорғау қызметіне жоғары баға беріп, алдағы жұмысына сәттіліктер тіледі. Сапар қорытындысы бойынша жиналған ақпарат Б.Тункактың БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесіне өткізетін есебінде баяндалатын болады. Өз кезегінде Комиссия төрағасы Қ.Сұлтанов БҰҰ Арнайы баяндамашысына адам құқықтарын қорғау және көтермелеу саласындағы сындарлы ынтымақтастығына алғыс білдіріп, Комиссияның БҰҰ институттарымен одан әрі сындарлы ынтымақтастыққа дайын екендігін білдірді.

26.03.2015

МӘЖІЛІС ТӨРАҒАСЫ Қ. ЖАҚЫПОВ КОРЕЯЛЫҚ ДЕЛЕГАЦИЯ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

Астана, 26 наурыз, Мәжіліс үйі. Бүгін Парламентте Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының «Қазақстан Республикасы – Корея Республикасы» ынтымақтастық жөніндегі парламентаралық топ жетекшісінің орынбасары, Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының депутаты Чаң Юнсок бастаған делегация өкілдерімен кездесті. Тараптар барлық сала бойынша екіжақты қарым-қатынасты дамыту жайында пікір алмасты. Мәжіліс Төрағасы Корея Қазақстанның Шығыс Азиядағы маңызды стратегиялық әріптестерінің бірі екенін алға тарта келіп, саяси, сауда-экономикалық саладағы жетістіктерге тоқталды. Корея Республикасының Президенті Па Кын Хенің өткен жылғы Қазақстанға жасаған мемлекеттік іс-сапары өзара саяси іс-қимылға тың серпін берді. Қос мемлекет арасындағы тауар айналымы өткен жылы 2 млрд долларға жуықтады. Бүгінгі күні Қазақстанда 800-ден астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Әсіресе, Атырау облысында салынып жатқан газ-химиялық кешен, жақын уақытта іске қосылатын «Жамбыл» кен орны, Балхаш ЖЭС сынды ірі жобалар Қазақстанның инфрақұрылымдық дамуына айтарлықтай үлес қосумен қатар, біздің елдеріміздің инвестициялық және технологиялық ынтымақтастығын нығайта түспек. Осы ретте Мәжіліс Спикері Еуразиялық экономикалық одақ басымдықтарын да назардан тыс қалдырмады. Одан әрі Мәжіліс Төрағасы оңтүстік кореялық бизнес өкілдерін «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясат және ауқымды үдемелі индустриялық даму бағдарламасы аясында Қазақстанда индустриялық – инновациялық жобаларды жүзеге асыруға, сондай-ақ, Астанада өтетін «ЭСПО-2017» халықаралық көрмесіне белсене қатысуға шақырды. Қабиболла Жақыпов көпжақты іс-қимылды нығайту жайын сөз еткенде Корея Респбуликасының 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Қазақстан кандидатурасын қолдайтындығына сенім білдірді. Ал елдегі саяси ахуалды әңгімелеу барысында сәуір айында өтетін президенттік сайлаудың маңыздылығын атап өтті. Өз кезегінде делегация жетекшісі Астанаға бірінші рет келгенін, қаланың заманауи деңгейде өркендеп келе жатқанына тәнті болғанын жеткізді. Чаң Юнсоктың атап өткеніндей, ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының арқасында Қазақстан қарқынды даму жолына түсті. Кездесу иелері мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту мәселесіне де көңіл бөлді. Сондай-ақ, парламентаралық ықпалдастықты күшейтуге айрықша назар аударылды. Осы орайда Мәжіліс Спикері Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының Төрағасы Чон Ый Хваға Қазақстанға ресми сапармен келуге шақыру жолдады.

16.03.2015

МӘЖІЛІС ТӨРАҒАСЫ Қ. ЖАҚЫПОВ ФИНЛЯНДИЯНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІСІ И. РЭЙСЕНЕНДІ ҚАБЫЛДАДЫ

Астана, 16 наурыз, Мәжіліс үйі. Бүгін Парламентте Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов Финлияндияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Илкка Рэйсэненді қабылдады. Мәжіліс Төрағасы сауда-экономикалық байланыстың қарқынды дамып келе жатқанын сөз етіп, аталған елдің компанияларын Астанада өтетін "ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесіне белсене қатысуға шақырды. Қабиболла Жақыповтың атап өткеніндей, бүгінде, қазақстандық экономиканың маңызды бөліктерінде 80-нен астам бірлескен кәсіпорындар жұмыс істейді. Ал, «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясат пен оның аясында жүзеге асырылып жатқан үдемелі-индустриялық даму бағдарламасы кәсіпкерлер үшін бұрынғыдан да зор мүмкіндіктерге жол ашпақ. Осы ретте Мәжіліс Спикері ТМД кеңістігінде қолға алына бастаған Еуразиялық экономикалық одақ басымдықтарын да назардан тыс қалдырмады. Өз кезегінде елші «Қазақстан-2050» Стратегиясына айрықша көңіл бөліп, оның өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуда ықпалы зор екенін алға тартты. Тараптар екіжақты қарым-қатынасты, соның ішінде парламентаралық байланысты кеңейту мәселелерін талқылады. Әңгіме барысында алдағы уақытта екі елде өтетін сайлау науқандарына, атап айтсақ, Қазақстанда өтетін президенттік, Финлияндияда өтетін парламенттік сайлаулардың маңыздылығы айтылды. Кездесуге Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы М. Әшімбаев қатысты.

12.03.2015

МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ ЕЛШІМЕН КЕЗДЕСТІ

Астана, 12 наурыз, Мәжіліс Үйі. Бүгін, Мәжіліс депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Қуаныш Сұлтанов Словакия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Петер Юзамен кездесті. Тараптар кездесу барысында екіжақты саяси және экономикалық саладағы қатынастардың болашағын талқылады және де екі мемлекет арасындағы сауда мен инвестициялық ынтымақтастықты жандандыра түсу қажеттігін атап өтті. Қуаныш Сұлтанов еліміздің «Қазақстан - 2050» Стратегиясы, «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберіндегі әлеуметтік-экономикалық мақсаттар жайында, Еуразия экономикалық одағы жағдайында қазақстандық рыноктың басымдығы, ҚР инвестициялық ахуал қалыптастыру шаралары жөнінде, сонымен бірге ұлтаралық және конфессияаралық келісімдерді нығайтудың мемлекеттік шаралары жайында айтып берді. Өз кезегінде Словакиялық дипломат аймақтық және ғаламдық мәселелерді шешу, әсіресе, бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі, ізгілік жолы мен тұрақты даму жолындағы Қазақстанның қосып отырған үлесіне тоқталды. П.Юза Орталық Азиядағы тұрақтылық факторындағы Қазақстанның роліне жоғары баға берді.

06.03.2015

ЕЛБАСЫ Н.Ә. НАЗАРБАЕВТЫҢ АРНАЙЫ ӨКІЛІ РЕТІНДЕ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ С.ДЬЯЧЕНКО ЧЕРНОГОРИЯДА БОЛДЫ

Астана. 6-наурыз. Мәжіліс үйі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы өкілі ретіндегі сапары аясында ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Сергей Дьяченко Черногорияда ел Президенті Филипп Вуяновичпен, Парламенттің вице-президенті Cульо Мустафичпен кездесті. Черногория Президентімен кездесу барысында Сергей Дьяченко Қазақстан Республикасы Президентінің атынан Филипп Вуяновичке және Черногория халқына ізгі тілек жеткізді. Арнайы өкіл аталған мемлекет Қазақстанның осы аймақтағы жақын әрі маңызды әріптесі екенін алға тарта келіп, екі ел арасындағы әріптестіктің өзара түсіністік пен сенім деңгейінде қанат жайып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, әлеуметтік-экономикалық, саяси салаларда жүргізілген реформалардың нәтижесінде қол жеткізілген табыстар жайында хабардар етіп, Қазақстанның іскерлік және климаттық деңгей бойынша 200 мемлекет ішінде 50-орын иеленгенін, біздің еліміздің Еуропадан, Америкадан, Азиядан Орталық Азияға тартылған барлық инвестицияның 80 пайыздан астамын жинақтап, ол- 200 млрд. АҚШ долларын құрағандығын атап өтті. Ғаламдық мәселелерді сөз еткенде С. Дьяченко Қазақстанның ЕҚЫҰ ШЫҰ, ҰҚШҰ, БҰҰ сынды халықаралық ұйымдар аясында діни және трансконтинентальдық қауіпсіздікті нығайтудағы рөлі мен үлесіне тоқталды. Соның ішінде, Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға қатысты көрсетілген көмек, Батыс Африкада БҰҰ бітімгерлік миссиясына қатысу, ядролық қарудан бас тарту мен Семей полигонын жабу мәселелеріне баса назар аударылды. Әңгіме барысында ҚР Президентінің арнайы өкілі 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздігі кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Қазақстан кандидатурасын қолдау туралы өінішін жеткізе келіп, Ф.Вуяновичке Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке жолдауын салтанатты түрде табыс етті. Өз кезегінде Черногория Президенті алғысын білдіре келіп, Қазақстан Басшысы мен халқына өзінің игі тілегін жолдады. Сондай-ақ Қазақстан кандидатурасын қолдайтындығын айта отырып, Елбасы бастамасымен қолға алынып жатқан маңызды бастамаларға, соның ішінде «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатқа, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізуге қатысты қадамдарға жоғары баға берді. Сондай-ақ, ел басшысы екіжақты қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға ынталы екенін, осы ретте энергетика, тау-кен өндірісінде, туризм-сауда салаларында белсенділікті арттыру керектігін айтты. Сонымен қатар, B2B форматында іскерлік байланыстарды кеңейту, құқықтық базаны нығайту, парламентаралық өзара іс-қимыл желісі бойынша ынтымақтастық тобын құру мәселелері сөз болды. Черногория Парламенті екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты дамытуға ықпал етуге дайын екендіктерін жеткізе келіп, парламенттаралық байланысты нығайту мақсатында келесі кездесуді Астанада өткізу туралы, ал, Черногория Президенті осы елдің премьер-министрінің Астанаға сапарлау мүмкіндігін қарастыру жөнінде ұсыныс жасады.