Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер

Халықаралық қызмет


05.03.2015

МӘЖІЛІС ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ С.ДЬЯЧЕНКО ЕЛБАСЫ Н.Ә. НАЗАРБАЕВТЫҢ АРНАЙЫ ӨКІЛІ РЕТІНДЕ БОСНИЯ ЖӘНЕ ГЕРЦЕГОВИНАДА БОЛДЫ

Астана. 5-наурыз. Мәжіліс үйі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы өкілі ретіндегі сапары аясында ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Сергей Дьяченко Босния және Герцеговинада осы елдің президенттігінің төрағасы Младен Иваничпен, Босния және Герцеговина Парламенті өкілдері палатасының (төменгі палата) төрағасы Шефик Джаферовпен және Босния және Герцеговина СІМ бастамасы бойынша Сыртқы саяси ведомоство жетекшісі Амер Капетановичпен кездесті. Кездесу барысында Сергей Дьяченко Қазақстан Республикасы Президентінің Босния мемлекетіне гүлдену мен табыс тілеген ықыласын жеткізді. Арнайы өкілдің атап өткеніндей, Босния және Герцеговина Қазақстанның осы аймақтағы маңызды саяси әріптесі саналады. Екі ел арасындағы саяси ынтымақтастық өзара түсіністік пен сенім деңгейінде қанат жайып келеді. Мәжіліс төрағасының орынбасары Боснияның Қазақстанның халықаралық маңызды бастамаларына көрсеткен қолдауларына жоғары баға бере келіп, алдағы уақытта сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту маңыздылығына тоқталды. Өйткені, қазіргі уақытта Қазақстан мен Босния және Герцеговина арасындағы тауар айналымын нығайтудың, сондай-ақ, екіжақты ықпалдастықтың келісім-құқықтық базасын жетілдірудің мүмкіндігі зор. ҚР Президентінің арнайы өкілі Қазақстанда соңғы 10 жыл ішінде әлеуметтік-экономикалық, саяси салаларда жүргізілген реформалардың нәтижесінде қол жеткізілген табыстарды сөз ете келіп, біздің еліміздің Еуропадан, Америкадан, Азиядан Орталық Азияға тартылған барлық инвестицияның 80 пайыздан астамын жинақтағаны, оның тәуелсіздік алған уақыттар ішінде 200 млрд. АҚШ долларын құрағандығын алға тартты. Сергей Дьяченко Қазақстан Президентінің халықтың әл-ауқатын көтеру және дамыған 30 елдің қатарына кіру жолында ұсынған «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты туралы да хабардар етті. Ғаламдық мәселелерді сөз еткенде С.Дьяченко Қазақстанның дінаралық және ұлтаралық толеранттылықтың, жанжалды бейбіт жолмен реттеудің жақтаушысы екенін және солай қала беретінін атап өтті. Қазақстан ЕҚЫҰ және ШЫҰ сынды халықаралық ұйымдар аясында аймақтық әрі ғаламдық сұрақтарға қатысты мақсаттар мен міндеттерді алға жылжытуда айтарлықтай үлес қосты. Біздің еліміздің Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға қатысты көмегі аймақтық қауіпсіздікті нығайтуда маңызды рөл атқарды. Сонымен қатар, Қазақстан Президентінің ядролық қарудан бас тарту мен Семей полигонын жабу бастамасы осы саладағы ірі жетістіктердің бірі. Қазақстан халықаралық қауымдастықтың мүшесі ретінде басқа аймақтарда тұрақтылық пен бейбітшілікті қолдауға байланысты БҰҰ халықаралық бітімгерлік миссиясына айрықша үлес қосуда. Босния және Герцеговина басшысымен әңгіме барысында ҚР Президентінің арнайы өкілі БҰҰ Қауіпсіздігі кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Қазақстан кандидатурасын қолдау туралы өінішін жеткізе келіп, Босния президенттігінің төрағасы Младен Иваничке Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке жолдауын салтанатты түрде табыс етті. Өз кезегінде Босния мемлекетінің басшысы Қазақстан Президентінің ыстық ықыласы мен су тасқыны кезінде көрсетілген қаржылық көмегі үшін ризашылығын білдірді. Младен Иванич Қазақстан мен Босния арасындағы екіжақты қатынасқа жоғары баға бере отырып, сауда-экномикалық, инвестициялық, құқықтық саладағы байланыстарды одан әрі тереңдету керектігіне көңіл бөлді. Босния президенттігінің төрағасы Қазақстанның аймақта, бүкіл әлемде қауіпсіздікті күшейту жолындағы үлесін ерекше атап өтіп, біздің елімізді Орталық Азиядағы бейбітшілік пен дамудың орталығы деді. Одан әрі Младен Иванич 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Қазақстан кандидатурасын қолдайтындығын және әріптестеріне өз ұсынысын айтатынын жеткізді. Бұл тақырып одан кейін С. Дьяченокның Босния және Герцеговина Парламент (төменгі палата) өкілдері палатасының төрағасы Шефик Джаферовпен және Босния және Герцеговина СІМ бастамасы бойынша Сыртқы саяси құрылым жетекшісі Амер Капетановичпен жүздесуінде де әңгіме өзегіне айналып, кең қолдау тапты.

27.02.2015

МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ ТӘЖІКСТАН ОЛИ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨМЕНГІ ПАЛАТАСЫНА ДЕПУТАТТАР САЙЛАУЫН БАҚЫЛАУДА

Астана, 27 ақпан. Мәжіліс Үйі. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ұласбек Сәдібеков ТМД Парламентаралық Ассамблеясы халықаралық бақылаушылар тобының құрамында Тәжікстан Республикасы Оли Мәжілісінің төменгі палатасына депутаттар сайлауын өткізуге әзірлік барысын бақылауға қатысады. Сапар барысында Қазақстандық парламентшілері Тәжікстан Республикасының Президенті жанындағы стратегиялық орталықтың директоры Худайберды Холикназаровпен, ОСК басшылығымен, және де Тәжікстан Парламенті палатасымен кездесулер өткізеді. Сайлау өтетін 1 наурыз күні Хотлан облысына, Нурек қаласына барып дауыс берудің ашылуын және де Дангар мен Куляб қалаларындағы сайлау барысын бақылау жоспарланған. Бақылауға ЕҚЫҰ Парламент Ассамблеясының халықаралық бақылаушы миссиясының өкілі болып табылатын, Мәжіліс депутаты Нұрлан Жазылбеков те қатысуда.

26.02.2015

ҚАЗАҚСТАН МЕН ЭСТОНИЯ АРАСЫНДАҒЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ ТЕРЕҢДЕТУДІҢ МҮМКІНДІГІ ЗОР

Астана. 26-ақпан. Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілісте Палата Төрағасының орынбасары С. Дьяченко Эстония Республикасының бұрынғы президенті Арнольд Рютель бастаған делегация өкілдерімен кездесті. С. Дьяченконың атап өткеніндей, біздің мемлекетіміздің тәуелсіздік алған күннен бастап Эстония елімен байланысты дамытуға баса назар аударуының нәтижесінде екі ел арасындағы түсіністік, сыйластық, өзара қолдау деңгейіндегі ықпалдастық күннен-күнге қанат жайып келеді. Қазіргі уақытта Эстония - Қазақстанның Балтық аймағындағы ең маңызды саяси және экономикалық әріптестерінің бірі. Тараптар қос мемлекет арасындағы сауда-экономикалық, транзиттік байланысты тереңдетуге, соның ішінде, ауылшаруашылығы саласы бойынша ынтымақтастықты күшейтуге айрықша көңіл бөлді. Делегация өкілдері өздерінің теңіз айлақтары арқылы Қазақстанның әлемдік нарыққа шығуына көмектесуге және қос мемлекет арасындағы кәсіпкерлік саланы барынша қолдауға дайын екендіктерін жеткізді. Осы ретте жоғары технологиялық бірлескен кәсіпорын жұмыстарын жолға қоюдың маңыздылығы зор болмақ. Осыған орай эстондық қонақтар бірқатар маңызды жобаларымен таныстырды. Өз кезегінде мәртебелі мейман Қазақстанның ерекше қарқынмен дамып келе жатқан мемлекет екенін сөз етіп, Эстонияның біздің елмен қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға ынталы екенін атап өтті. Жылы шырайлы жүздесу барысында тараптар қалыптасқан достық қарым-қатынасты одан әрі тереңдетіп, экономикалық әріптестікті нығайтудың мүмкіндігі зор екенін алға тартты.

25.02.2015

МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ Қ. СҰЛТАНОВ ЕЛБАСЫ ЖОЛДАУЫН ЧЕХ ПРЕЗИДЕНТІ МИЛОШ ЗЕМАНҒА ТАБЫС ЕТТІ

Астана, 25 ақпан. Мәжіліс Үйі. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов Мемлекет басшысының арнайы уәкілі ретінде Чех Республикасына сапармен барды. Прага қаласына сапар шеңберінде ЧР Президенті Милош Земанмен (Milos Zeman) және ЧР Парламенті депутаттар Палатасы төрағасының орынбасары Войтех Филиппен (Vojtech Filip) кездесулер өткізді. Өз кезегінде Қ.Сұлтанов М.Земанға Қазақстанның кандидатурасын 2017-2018 жж. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне жылжыту жөніндегі Елбасының жолдауын тапсырып, чех тарапын аймақтық және халықаралық тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту, оның ішінде ядролық қаруды таратпау және қарусыздандыру саласына қосқан Қазақстанның үлесімен қатар, көпжақты дипломатия саласындағы еліміздің белсенді қызметі туралы ақпараттандырды. Сонымен бірге, 2014 ж. қарашада ЧР Президенті М.Земанның Қазақстанға жасаған ресми сапары қорытындылары бойынша берілген тапсырмаларды жүзеге асыру барысы баяндалды. ЧР Парламенті депутаттар Палатасы төрағасының орынбасарымен әңгіме барысында тараптар қазақстан-чех парламентаралық қатынастардың тұрақтылығын және екі елдің парламенттік делегация өкілдері сапарларының жиілігін атап өтіп, ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму Комитеті мүшелерінің Чех Республикасына сапарының дайындығын талқылады.

25.02.2015

Мәжіліс депутаты Қ.Сұлтанов Мемлекет басшысының Арнайы елшісі ретінде Словакия Республикасына сапармен болды

Астана, 25 ақпан. Мәжіліс Үйі. Парламенті Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов Мемлекет басшысының Арнайы елшісі ретінде Словакия Республикасына сапармен болды. Сапардың негізгі мақсаты – БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесіне 2017-2018 жж. Қазақстанның кандидатурасын ұсыну, сонымен қатар екі ел арасында парламентаралық қарым-қатынасының жай-күйі мен келешегін талқылау болды. Сапардың бағдарламасы аясында СР Президенті Әкімшілігінің Басшысы Ян Шотпен, СР Ұлттық Кеңесінің Төрағасының Орынбасары Мирослав Чижбен және «Словакия – Қазақстан, Беларусь, Молдова, Армения, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Грузия» Парламенттік Достық Тобының Төрағасы Роберт Мадеймен кездесулер өтті. СР Президенті Әкімшілігінің Басшысымен кездесу барысында Қ.Сұлтанов Словакия Президенті Андрей Кисканың атына 2016 жылғы БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесін сайлауда қазақстан өтінішін қолдау туралы ҚР Президентінің Жолдауын табыстады. Тараптар екі жақты саяси және экономикалық қарым-қатынасты дамыту жайын талқылады. Аймақтық және халықаралық саясаттағы өзекті мәселелердің көпшілігінде көзқарастарының бір екендігі байқалды. Екі елдің бар мүмкіндіктерін ескере отырып, сауда және инвестициялық ынтымақтастығын жандандыру қажеттілігі ерекше аталып өтті. Халықаралық саясаттың негізгі аспектілеріне, соның ішінде Украинадағы жағдай, Ауғанстанның қақтығыстардан кейінгі қалпына келтірілуі мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Словакиялық өкіл Қазақстанның жергілікті және жаһандық мәселелердің шешілуіне, әсіресе бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуіне, тұрақты дамуға кол жеткізуіне, гуманиталрық мәселелердің шешілуіне қосқан үлесін ерекше атап өтті. Орталық Азияда тұрақтылық факторы ретінде Қазақстанның рөлі мен маңыздылығын жоғары бағалады. Қ.Сұлтанұлының СР Ұлттық Кеңесінің Төрағасының Орынбасары Мирослав Чижбен кездесу барысында мемлекетаралық қатынастың маңызды элементі болып табылатын екі елдің заң шығарушы органдары арасындағы диалогты нығайтудың қажеттілігі баса айтылды. Екі жақ мемлекеттер арасында, соның ішінде парламенттік комитеттер мен достық топтың аясында тығыз байланыс орнатуға оң пікірлерін білдірді. Парламенттік Достық Тобының Төрағасы Роберт Мадеймен кездесу кезінде экономика, ғылым, білім және мәдениет аясында өзара мүмкіндіктерді толық жүзеге асыру үшін парламентаралық құрылымдардың түбегейлі қарым-қатынасының маңыздылығы аталып өтті.

24.02.2015

МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ ҚАЗАҚСТАН МЕН ҰЛЫБРИТАНИЯ МАШИНА ЖАСАУШЫЛАР ТЕХНОЛОГИЯСЫ

Астана, 24 ақпан. Мәжіліс Үйі. Бүгін, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің іс-сапары барысында Лондон қаласында Қазақстан машина жасаушылар одағының басқарма төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мейрам Пішембаев пен Ұлыбритания машина жасаушылар технологиясы ассоциациясының вице-президенті Гай Молларт екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамыту туралы меморандумға қол қойды. Аталған меморандумда екі мемлекеттің машина жасаушыларының қарым-қатынасы негізінде өндірісті роботтандыру, компьютерлік жобалау, темір өңдеудің жаңаша жүйесі мен станоктар және құралдарды соңғы технологиямен өндіру белгіленген. Іс-шараны қорытындылаған ҚР-ның Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов мемлекеттеріміздің сауда-экономикалық қатынасын алдағы уақытта дамытуда бүгінгі ынтымақтастықтың маңыздылығына баса назар аударды.

19.02.2015

Д. НАЗАРБАЕВА МАЖАРСТАННЫҢ СЫРТҚЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖӘНЕ СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІМЕН КЕЗДЕСТІ

Астана, 19 ақпан, Мәжіліс үйі. ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Дариға Назарбаева Мажарстан сыртқы экономикалық және сыртқы істер министрі Петер Сийяртоны қабылдады. Кездесу барысында екіжақты және халықаралық деңгейдегі өзекті сұрақтар талқыланды. Мәжіліс Төрағасының орынбасары қазақстандық-венгерлік ынтымақтастықтың жоғары деңгейде дамып келе жатқанын тілге тиек ете келіп, одан әрі нығайтудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, Мәжілістің заң шығармашылық жұмыстары жайында хабардар етіп, әсіресе, туристік кластерді дамыту, Қазақстан экономикасын әртараптандыру, қолайлы инвестициялық климат орнату жолында атқарылып жатқан заңнамалық жұмыстар жайында баяндады. Өз кезегінде Сийярто мырза Қазақстан басшысы тарапынан жүргізіліп отырған саясатқа жоғары баға беріп, венгерлік кәсіпкерлердің қазақстандық әріптестерімен ынтымақтастықты нығайтуға ынталы екендіктерін жеткізді. Кездесу барысында парламентаралық байланыс жайы да назардан тыс қалмады. Тараптар Қазақстан мен Венгрия арасындағы өзара іс-қимылды дамытуда, парламенттік іс-сапарлар алмаса отырып, парламенттік дипломатия рөлін нығайтудың қажеттілігіне тоқталды. Кездесуге сондай-ақ, Мәжіліс депутаты В. Рогалев Мажарстандағы Қазақстанның Төтенше және Өкілетті елшісі Н. Рүстемов қатысты.

17.02.2015

БАСПАСӨЗ ХАБАРЛАМАСЫ

2015 жылдың 9-12 ақпан күндері Мәжіліс депутаттары А.Милютин мен Н.Петухова әр жылы Словения Республикасының Любляна қаласында өтетін Провослав халықтарының ынтымақтастық қоғамдық қорының XXI-ші халықаралық конференциясына қатысты. Оның биылғы тақырыбы: «Адамдардың құқы мен еркіндігіне христиандық көзқарас»,- деп аталды. 2015 жылдың 16-17 ақпанында Женева(Швейцария) қаласында жыл сайын өтетін Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) 2015 жылғы парламенттік конференциясына Мәжіліс депутаты С.Оразов қатысуда. Конференцияны Парламентаралық Одақ Еуропалық Парламентпен бірлесіп ДСҰ-ның 20 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған. Парламенттік конференция ақпараттар, көзқарастар мен тәжірибе алмастыру және де халықаралық сауда саласында бірлескен іс-шаралар атқару мәселесінде парламенттің ролін айқындайтын халықаралық үнқатысу алаңы болып табылады.

13.02.2015

МӘЖІЛІС ТӨРАҒАСЫ ДСҰ ЕУРОПА ӨҢІРЛІК БЮРОСЫНЫҢ БАСШЫСЫН ҚАБЫЛДАДЫ.

Астана, 13 ақпан, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов ДСҰ Еуропа өңірлік бюросының директоры Жужанна Якабты қабылдады. Қабиболла Жақыпов алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша ДСҰ Еуропа бюросы кеңсесінің Алматыда ашылуымен құттықтады. Салтанатты шара 11-ақпанда өткен болатын. Тараптар бұл Қазақстан мен Орталық Азия ғана емес, Еуропа үшін де маңызды оқиға екенін атап өтті. Мәжіліс Төрағасы Қазақстан Президентінің маңызды бағдарламаларында денсаулық мәселесіне айрықша басымдық берілетінін алға тарта келіп, Елбасы саясатының әлемдегі экономикалық жағдайға қарамастан әлеуметтік міндеттемелерді толық көлемде жүзеге асыруға бағытталғанын атап өтті. Өз кезегінде Жужжана Якаб кеңсенің Қазақстанда ашылуы – Нұрсұлтан Назарбаевтың ғаламдық және аймақтық деңгейдегі денсаулық сақтау мәселесіне қатысты теңдессіз рөлінің айқын дәлелі екенін жеткізді. Осы ретте мәртебелі мейман Қазақстан Президентінің әлеуметтік саланы инвестициялау қажеттілігіне қатысты көреген шешімдерін айтып, біздің еліміздің алға қойған барлық мақсаттарына жететіндігіне сенім білдірді. Кездесу барысында Мәжіліс Төрағасы Қазақстанда денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруге, денсаулықты нығайтуға, дәрі-дәрмек саясатын дамытуға бағытталған заңнамалық жұмыстар туралы әңгімеледі. Жужжана Якаб денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту көрсеткіштері бойынша жетістіктерді тізбелей келіп, ДСҰ мен Қазақстанның өзара іс-қимылына жоғары баға берді.

12.02.2015

Қ.ЖАҚЫПОВ ТҮРІКМЕНСТАННЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІСІН ҚАБЫЛДАДЫ

Астана, 12 ақпан, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов Түрікменстанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Магтымгулы Акмырадовты қабылдады. Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың ауқымды сұрақтарын талқылай келіп, отын-энергетикалық сала, ауылшаруашылығы, көлік және коммуникация бағыттарына айрықша назар аударды. Кездесу иелері қазақстандық-түрікмендік қарым-қатынас деңгейіне жоғары баға беріп, оның тұрақты дамуына екі ел басшыларының серпін беріп келе жатқанын алға тартты. Мәжіліс Спикері әлемдік экономикада болып жатқан ғаламдық үдерістерді айта келіп, Қазақстан Президентінің дағдарыстың жағымсыз ықпалына қарсы бағытталған маңызды бастамаларын атап өтті. Өз кезегінде мейман Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатын сөз етіп, Қазақстанның даму қарқынына назар аударды. Парламентаралық байланыстарды нығайтуға да айрықша көңіл бөлінді. Қабиболла Жақыпов өзінің түрікмендік әріптесіне ағымдағы жылы күзде Астанада өтетін Түрік тілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясының алтыншы пленарлық отырысына қатысу үшін Қазақстанға келуге шақыру жолдады. Магтымгулы Акмырадов Мәжіліс депутаттарын биыл мерейтойлық жыл аясында Ашхабадта өтетін Түрікменстанның бейтарап ел атануының 20 жыл толуына арналған шараларға қатысуға шақырды. Осы ретте тараптар екі ел үшін де маңызды 2015-жыл қос мемлекет халықтарының қарым-қатынасын нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашатынына сенім білдірді.

10.02.2015

Д. НАЗАРБАЕВА ИТАЛИЯНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІСІ С.РАВАНЬЯНМЕН КЕЗДЕСТІ.

Астана, 10 ақпан, Мәжіліс үйі. Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Дариға Назарбаева Италияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Стефано Раваньянды өз өтініші бойынша қабылдады. Тараптар қазақстандық-италяндық ынтымақтастық жайын талқылап, Миланда және Астанада ЭКСПО-2015 және ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізу мәселелерін сөз етті. Парламентаралық байланысты кеңейту сұрақтары да назардан тыс қалмады. Халықаралық күн тәртібіне де айрықша назар аударылды. Стефано Раваньян, Қазақстан Президентінің мықты саяси тәжірибесін алға тарта келіп, өзекті халықаралық мәселелерді шешуде көрегендік танытудың маңыздылығына тоқталды.

02.02.2015

Лихтенштейнге жасалған іс-сапар

ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Д. Назарбаева бастаған қазақстандық Парламент өкілдері іс-сапармен Лихтенштейн Князьдігінің Вадуц қаласында болды. Сапар аясында Лихтенштейн Ландтага (Парламент) төрағасы Альберт Фрикпен және Лихтенштейн жоғары мәртебелі князі Ханс – Адам II кездесу өтті. Тараптар халықаралық саясат төңірегіндегі өзекті сұрақтарды талқылай отырып, Қазақстан мен Лихтенштейн Князьдігі арасындағы байланысты, соның ішінде парламентаралық ынтымақтастықты тереңдету жағдайларын сөз етті. Қазақстандық делегация әсіресе, әлеуметтік қорғау, соның ішінде медициналық сақтандыру, сондай-ақ, денсаулық сақтау және білім салаларындағы әдіс-тәсілге ерекше қызығушылық білдірді. Лихтенштейн жоғары мәртебелі князі Ханс – Адам II жүздесу барысында делегация жетекшісі 2017-2018 жылдарға Қазақстан кандидатурасын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне жылжытуға қатысты ҚР Президентінің жолдауын табыс етті. Дариға Назарбаева Қазақстанның аймақтық және халықаралық тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту, ядролық қарусыздану және таратпау, мәдениаралық және дінаралық үнқатысуды қолдау әрі дамыту жолындағы белсенді іс-қимылдарына назар аударып, Ауғанстанға жасалып жатқан гуманитарлық және техникалық көмектерді сөз етті. Кездесу иелері сондай-ақ, «Қазақстан – 2050» Стратегиясы мен «Нұрлы жол – Болашаққа бастар жол» Жолдау аясында сауда-экономикалық байланысты кеңейтуге көңіл бөлді. Делегация құрамында Мәжіліс депутаттары Г. Иксанова және В. Рогалев бар.

02.02.2015

МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ ГФР БУНДЕСТАГЫНДАҒЫ ӘРІПТЕСТЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Егор Каппель мен Төлеш Кенжин Германия Федеративтік Республикасы Бундестагының депутаттары Хартмут Кошик және Генрих Цертикпен кездесті. Тараптар қазақстан-герман ынтымақтастығы мен парламентаралық байланыстар мәселесін талқылады. Мәжіліс депутаттары германия тарапын ЭКСПО-2017 көрмесіне белсене қатысуға шақырды. ГФР Федералдық үкіметінің аз ұлттар мен көші-қон мәселесі бойынша өкілі Кошик мырза Қазақстан-Германия Үкіметаралық комиссияның этникалық немістер мәселесі бойынша жұмыстары жайынан сөз қозғады. Жүздесушілер Қазақстанда тұрып жатқан этникалық немістерді екі ел арасындағы «байланыстырушы көпірге» айналып отыр деген тоқтамға келді. Сондай-ақ екіжақты қарым-қатынастар мен парламентаралық ынтымақтастықтың жарқын болашағын да талқылады. Кездесуге ГФР Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Г.Херц пен елшіліктің бірінші хатшысы Д.Крамер қатысты.

30.01.2015

МӘЖІЛІС ПЕН ЖОГОРКУ КЕНЕШ АРАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ НЫҒАЙТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Астана. 30-қаңтар. Мәжіліс үйі. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер Қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы М. Әшімбаевтың Қырғыз Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Э. Омуралиевпен кездесуі өтті. Тараптар Қазақстан мен Қырғызстанның заңнамалық органдары арасындағы ықпалдастықты одан әрі нығайту, сондай-ақ, 2014-жылы қыркүйек айында Бішкекте өткен Жогорку Кенеш пен Мәжіліс арасындағы ынтымақтастық жөніндегі парламентаралық комиссиясының төртінші жиын қорытындысы бойынша келісімдердің жүзеге асырылу барысы жөніндегі маңызды мәселелерді талқылады.

29.01.2015

МӘЖІЛІС ТӨРАҒАСЫ ҚЫТАЙ ЕЛШІСІН ҚАБЫЛДАДЫ

Астана, 29 қаңтар, Мәжіліс үйі. Парламент Мәжілісінің Төрағасы Қабиболла Жақыпов Қазақстандағы Қытай Халық Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Ханьхуэй Чжанды қабылдады. Мейманды біздің еліміздегі дипломатиялық жұмысының басталуымен құттықтаған Палата Спикері дипломатиялық байланыс орнаған 23 жылдың ішінде біздің елдеріміздің мемлекетаралық қарым-қатынастың жарқын үлгісін қалыптастырғанын сөз етті. Бұл ең алдымен Қазақстан мен Қытай басшылары арасындағы тиімді үнқатысудың нәтижесі. Сауда-экономикалық байланысты нығайту жайын сөз еткенде Мәжіліс Төрағасы Қытай Қазақстанның ең ірі сыртқы сауда әріптесі екенін атап өтті. Біздің еліміздің жалпы тауар айналымында екі жақты тауар айналымының үлесі 20% артты. Палата Спикерінің пікірінше, әсіресе, көліктік-транзиттік саланың әлеуеті зор. Ал, ағымдағы жылы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік магистральінің қазақстандық аумағының іске қосылуы тағы да жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ. Тараптар парламентаралық ынтымақтастық жайын сөз еткенде депутаттық топтардың, бейінді комитеттердің, жалпы екі ел парламенттерінің арасындағы байланысқа айрықша назар аударды. Осыған байланысты Мәжіліс Спикері Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының Тұрақты Комитетінің төрағасы Чжан Дэцзянға біздің елімізге іс-сапармен келуі үшін шақыру жолдады. Өз кезегінде елші біздің мемлекеттің жетістіктеріне жоғары баға беріп, Пекин үшін Қазақстан Орталық Азиядағы ең маңызды әріптестің бірі саналатынын айтып, алдағы уақытта да барлық байланыстарды одан әрі дамытуға дайын екенін жеткізді. Дипломат: - Тұрақты әрі гүлденген Қазақстан Қытайдың негізгі мүдделеріне сай келеді,-деді.

29.01.2015

Қазақстан Парламенті өкілдерінің Германияға және Лихтенштейнға іс-сапары

Ағымдағы жылдың 28-қаңтарында ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Дариға Назарбаева бастаған қазақстандық делегацияның Германияға және Лихтенштейн Князьдігіне сапары басталды. Сапардың негізгі мақсаты - 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Қазақстанның кандидатурасын жылжыту, сондай-ақ, екі ел арасындағы парламентаралық өзара іс-қимылдың қазіргі ахуалы мен келешегін талқылау. Бағдарлама аясында Берлинде Бундестаг Төрағасының орынбасары Йоханнес Зингхаммермен және Берлин Сенатының спикері Ральф Виландпен және Бундестаг депутаттары –Санфред Грунд бастаған «Германия – Орталық Азия» достық парламенттік топ мүшелерімен кездесу өтті. Кездесу барысында Қазақстан мен Германияның парламентаралық байланыстарын нығайту мәселелері кеңінен талқыланды. Осы ретте тараптар 90-жылдары тарихи Отанына оралған этникалық неміс азаматтарының «біздің елдеріміздің арасын байланыстыратын көпір» екендігі айтылды. Әсіресе, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті сұрақтарға назар аударылды. Германиялық тарап Қазақстанның «тек Орталық Азияда емес, жалпы Азия аумағында тұрақтылық кемесі» бола жүріп, ғаламдық саясаттың ең жауапты жерлерінде қомақты тәжірибе жинап, халықаралық қатынас алаңында маңызды елге айналғанын айтуда. Сонымен қатар, Қазақстан Президентінің Украинадағы жағдайды реттеуге қатысты дәнекерлік рөліне аса жоғары баға бере отырып, өз тараптарынан Минск келісімдерін жүзеге асыру аясында жанжалды бейбіт жолмен шешу үшін бар күш-жігерлерін жұмылдыратынына сендірді. Ал, ГФР Сыртқы істер министрлігінің статс-хатшысы Маркус Эдерермен кездесуінде Дариға Назарбаева ҚР Президентінің 2017-2018 жылдарға Қазақстан кандидатурасын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне жылжыту мәселелері жөніндегі Арнайы өкілі ретінде Германия Канцлері А.Меркельдің атына Елбасының жолдауын табыс етті. Делегация басшысы кездесу иелерін Қазақстанның аймақтық және халықаралық тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту жолында атқарып жатқан жұмыстарынан хабардар етті. Осы ретте ядролық қарусыздану және таратпау, сондай-ақ, АӨСШК және ЕҚЫҰ аясындағы белсенді іс-қимылдарға назар аударылды. Д. Назарбаева Қазақстан тарапынан Ауғанстанға жасалып жатқан гуманитарлық және техникалық көмектерді де сөз етті. Айта кетерлігі, 2010-жылдан бері мыңдаған студенттердің Қазақстан жоғары оқу орындарында еркін білім алуына жол ашқан білім бағдарламасы жүзеге асырылуда. Қазақстанның мәдениаралық және дінаралық үнқатысуды қолдау әрі дамыту жолындағы қосып жатқан үлесі де жан-жақты баяндалды. Д. Назарбаева Германияның қоғамдық-саяси және іскер топтар өкілдерімен кездесуінде Елбасының өткен жылдың қараша айындағы «Нұрлы жол – Болашаққа бастар жол» Жолдауында айтылған Қазақстанның жаңа экономикалық саясатының негізгі бағыттарына және елдегі инвестициялық климатқа тоқталды. Тараптар екі ел арасында, соның ішінде Еуразиялық Экономикалық Одақ аясында сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін талқылады. Ал, бүгін, яғни 29 қаңтарда «Болашақ» бағдарламасы арқылы Германияда білім алып жатқан қазақстандық студенттермен кездесу ұйымдастырылды. Делегация құрамында Мәжіліс депутаттары Г. Иксанова және В. Рогалев бар.

27.01.2015

МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ БЕРЛИНДЕ ӨТКЕН «ЖАСЫЛ АПТА» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨРМЕСІНЕ ҚАТЫСТЫ

Астана, 27 қаңтар. Мәжіліс Үйі. Мәжіліс депутаты, Палатаның Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Ромин Мадинов, Светлана Қадралиева, Роман Ким және Рауан Шаекин 16-21 қаңтар аралығында Берлинде жыл сайынғы өтетін «Жасыл апта» халықаралық көрмесіне қатысты. Германия канцлері А.Меркель қатысқан көрменің салтанатты ашылуына Қазақстандық парламенттік делегация арнайы шақырылған. Сапар барысында қазақстандық депутаттар Германияның ауылшаруашылық министрлігінің статс-секретары Роберт Клас және Германия Бундестагының аграрлық комитетінің төрағасы Гит Конеманмен екіжақты кездесулер өткізді. Тараптар ауыл шаруашылығы саласы мен агроөндірістік кешеннің екіжақты ынтымақтастықты ұлғайтудың өзекті мәселелерін талқылады. Мәжіліс депутаттары әңгіме барысында неміс әріптестерінің қызығушылығын туғызған Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Жолдауында жаңа экономикалық саясатының негізгі ережелері жайында айтып берді. Бағдарлама шеңберінде қазақстандық қатысушылар үшін «Barnstadte» и «Raiffeisen» аграрлық кооперативтерін көру ұйымдастырылды. Депутаттар фермерлік шаруашылық саласын дамытуға енгізілген жаңа неміс технологияларымен танысты.

22.01.2015

Қ.ЖАҚЫПОВ: ҚАЗАҚСТАН МЕН ЕУРООДАҚ ТЕҢ ҚҰҚЫЛЫ ӘРІ ӨЗАРА ТИІМДІ ӘРІПТЕСТЕР

Астана, 22 қаңтар, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов пен Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық жөніндегі Еуропарламент делегациясының басшысы Ивета Григуле қазақстандық-еуропалық өзара іс-қимылды нығайту мәселелерін талқылады. Бұл Ивета Григуленің жаңа қызметінде Қазақстанға алғашқы келуі. Қабиболла Жақыпов аталған бағыт біздің еліміздің стратегиялық басымдықтарының бірі екенін алға тарта келіп, Қазақстан Президентінің сан қырлы саясаты әлемнің көптеген елдерімен ынтымақтастық орнатуға айқын жол ашатынын атап өтті. Ивета Григуле Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық үдерісіне өте жоғары баға берді. Оның айтуынша біздің елде әрбір адамның, жалпы алғанда бүкіл қоғамның әл-ауқатын көтеруге айрықша көңіл бөлінген. Бүгінгі күні Еуроодақ Қазақстанның барлық саладағы ірі әріптесінің бірі. Мәртебелі мейманның атап өткеніндей, адамдар арасында сенімділік қарым-қатынасты орнату мен дамыту өте маңызды, ол жалпы мемлекет табысының жарқын кепілі. Мәжіліс Спикері өз кезегінде Елбасы саясатының арқасында жыл санап нығайып келе жатқан қазақстандық қоғамның толеранттылық үлгісіне көңіл бөлді. Кездесу барысында Қазақстан мен Еуродақ арасында сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту, инвестициялық тартымдылық, транзиттік-көліктік әлеует, сондай-ақ, парламентаралық қарым-қатынас сынды ауқымды сұрақтар әңгімеге арқау болды. Қабиболла Жақыпов делегация мүшелеріне Мәжіліс қызметі туралы, елдің заңнамалық базасын жетілдіру жолында атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндап берді. Парламентаралық қарым-қатынасты тереңдету қажеттігін айтқан Ивета Григуле Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық жөніндегі делегациямен байланысты кеңейту мақсатында қазақстандық депутаттарды Еуропарламентке шақырды.

21.01.2015

МӘЖІЛІС ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ Д. НАЗАРБАЕВА ГФР ЕЛШІСІМЕН КЕЗДЕСТІ

Астана, 21 қаңтар. Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасының орынбасары Дариға Назарбаева ГФР-ның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Гидо Херцпен кездесті. Елшімен әңгіме барысында Мәжілістің парламенттік делегациясының жақын уақытта Германияға жасайтын іс-сапар жайы талқыланды. Сапар мақсаты – Германия федералдық канцлері А. Меркельге Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Қазақстанның кандидатурасын ілгерлетуге қатысты жолдауын табыс ету. Вице-спикер алдағы іс-сапардың маңыздылығына көңіл бөле келіп, Германия мен Қазақстанның жақын әрі сенімді әріптестер екенін атап өтті. Біздің елдеріміздің екіжақты қарым-қатынасы тұрақты саяси үнқатысу, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстарды жүйелі кеңейту жолында дамып келеді. БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа да ұйымдар шеңберінде өзара іс-қимылды одан әрі нығайту да назардан тыс қалмады. Дариға Назарбаева: - Ғаламдық қауіпсіздік мәселелерінде, әріптестік, достық қатынасты, әлеуметтік, экономикалық және мәдени салаларда өзара іс-қимылды дамытуда біздің елдеріміздің ортақ көзқарасы бар. Олардың барлығын Германияға сапарымыз барысында және делегация бағдарламасында белгіленген кездесулер кезінде талқылайтын боламыз,-деді. Өз кезегінде елші Германияның Қазақстанның маңызды халықаралық бастамаларын қолдайтынын және біздің елімізбен ықпалдастықты одан әрі дамытуға мүдделі екендігін алға тартты. Кездесу иелері әріптестік басымдықты сөз етіп, екі ел арасындағы байланысты, соның ішінде, парламентаралық дипломатияны жаңа белеске көтеру қажеттілігін атап өтті. Кездесуге Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Виктор Рогалев та қатысты.

13.06.2014

ҚАЗАҚСТАН ПАРЛМЕНТШІЛЕРІ ТҮРКПА ЖАҢА КОМИССИЯСЫН ҚҰРУ ТУРАЛЫ ҰСЫНЫСҚА ҚОЛДАУ БІЛДІРДІ

Астана, 13 маусым. Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов бастаған Қазақстан Парламентішлері Бакуде өтіп жатқан ТүркПА 5-пленарлық отырысы барысында Ассамблея комиссиясын қайта құру туралы ұсынысты қолдады. Қабиболла Жақыпов ТүркПА-ның өзекті тақырыптар мен ғаламдық сын-қатерлерге сай болу қажеттігін айта келіп, Ассамблеяның институционалдық дамуына айрықша назар аударды. Жаңашылдық қолданыстағы 4 комиссияның үшеуіне тікелей қатысты болмақ. Енді халықаралық қарым-қатынас және құқықтық мәселелер бірыңғай Комиссия аясында қаралады. Экономика, сауда және қаржы мәселелері толықтай Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі комиссия еншісінде. Қосымша тағы да Экология және табиғи ресурстар жөніндегі комиссия құрылуда. Ал, Әлеуметтік, мәдени және гуманитарлық мәселелер жөніндегі комиссияға өзгеріс енгізілмейді. Мәжіліс Спикерінің атап өткеніндей, ғажайып Каспий теңізі экосаланы сақтау, сондай-ақ, трансшекаралық өзендерді пайдалану экология және табиғи ресурстар жөніндегі комиссия жұмысының басым бағыттарының бірі болмақ. Одан әрі Қабиболла Жақыпов: - Баламалы және жаңғыртылатын энергия көздеріне арналған «Болашақ энергиясы» тақырыбында 2017-жылы халықаралық ЭКСПО көрмесін өткізу қарсаңында Астанада осы тақырыпқа қатысты аталған комиссияның отырысын өткізген дұрыс болар еді,-деді. Пленарлық жиында сондай-ақ, комиссиялар төрағалары сайланды. Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі комиссияны Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Серікжан Қанаев басқаратын болды. Ал, мәжілісмен Нұрлан Әбдіров халықаралық қарым-қатынас және құқықтық мәселелер жөніндегі Комиссия төрағасының орынбасары. Жиын барысында аталған ұйымға кіретін елдер парламентшілері Венгрия Мемлекеттік жиналысына ТүркПА-да бақылаушы мәртебесін ұсыну мүмкіндігін де сөз етті. Жиын қорытындысы бойынша Баку декларациясы қабылданды. ТүркПА-ның 6-пленарлық отырысы келер жылы маусым айында Астанада өтеді.