Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер

Халықаралық қызмет


09.01.2021

Нұрлан Нығматулин халықаралық байқаушылармен кездесті

Нұр-Сұлтан, 9 қаңтар, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Чехия Парламенті Депутаттар палатасы төрағасының орынбасары Войтех Филиппен кездесті. Мәртебелі мейман елімізге Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі және мәслихаттары сайлауына халықаралық байқаушы ретінде келген. Кездесу барысында Мәжіліс Төрағасы елімізде халықаралық талаптарға сәйкес ашық та әділ сайлау өткізу үшін барлық қажетті жағдайлар жасалғанын атап өтті. Оның ішінде, эпидемияға қарсы шаралар да қарастырылған. Сонымен қатар, Нұрлан Нығматулин Мәжіліс депутаттығына кандидаттар Қазақстанның халық партиясы, «Nur Otan», «Ауыл», «Ақ жол» және «Adal» партияларынан қатысып жатқанын айтты. Мәжіліс Төрағасының пікірінше, бұл алдағы сайлаудың бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді. Нұрлан Нығматулин Қазақстанның сайлау заңнамасына сәйкес барлық партиялық тізімдерде гендерлік және жас мөлшеріне қатысты квотаның ескерілгеніне назар аударды. Сондай-ақ, елдің саяси жүйесі жаңғыртылып, соның нәтижесінде саяси партияларды тіркеу тәртібі жеңілдетіліп, парламенттік оппозиция институты енгізіліп жатқаны туралы айтылды. Өз кезегінде, Чехия Парламенті Депутаттар палатасы төрағасының орынбасары Войтех Филип Қазақстандағы сайлау науқанына дайындыққа қатысты пікірімен бөлісті. Осы уақытқа дейін Қазақстанда бірнеше сайлауға қатысқанын алға тартқан халықаралық байқаушы бұл жолы да сайлаудың демократиялық талаптарға сай, жоғары деңгейде өтетініне сенім білдірді. Сонымен бірге, екі ел арасындағы ынтымақтастық барлық салада қарқынды дамып келе жатқанын айтып, оған қазіргі пандемия кезінде де экономикалық-саяси байланыстардың белсенді жалғасуы нақты дәлел екенін атап өтті. Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Чехия арасындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылап, оның дамуына екі елдің парламентшілері де елеулі үлес қосқанына тоқталды.

09.01.2021

Мәжіліс депутаттары халықаралық байқаушылармен кездесті

Нұр-Сұлтан, 10 қаңтар, Мәжіліс үйі. Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Ерман Парламент Мәжілісі депутаттарының және мәслихаттардың сайлауына байқаушы болып келген ТМД мен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Парламентаралық Ассамблеялары байқаушылар топтарының үйлестірушілері А. Майоровпен және У. Умахановпен кездесті. Кездесуде М.Ерман алдағы сайлауға дайындық барысы туралы, сондай-ақ, сайлау процесіне халықаралық бақылаушылардың қатысуының маңыздылығын атап өтті. ТМД ПАА байқаушылар топтарының үйлестіруші, Ресей Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің аграрлық азық-түлік саясаты және табиғатты пайдалану жөніндегі комитетінің төрағасы Алексей Майоров алдағы сайлауға дайындық деңгейін бағалап, бақылаушылардың жұмысы үшін барлық қажетті жағдайлар жасалғанын атап өтті. Өз кезегінде, ҰҚШҰ ПАА байқаушылар топтарының үйлестіруші, Ресей Федералдық Жиналысы Мемлекеттік Думаның ТМД, Еуразиялық интеграция және отандастармен байланыс жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Умахан Умаханов Қазақстандағы сайлауға дайындық туралы пікірімен бөлісіп, халықаралық ұйымдарға бақылау процесіне жәрдем көрсеткені үшін алғысын білдірді. Тараптар жалпы парламентаралық қатынастар туралы айта келе, халықаралық ұйымдар шеңберіндегі ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.

23.12.2020

Мәжіліс депутаттары көшбасшы әйелдер кеңесін құру идеясын қолдайды

Нұр-Сұлтан, 23 желтоқсан, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева бүгін бейнеконференция форматында өткен Орталық Азия мемлекеттерінің көшбасшы әйелдер кеңесін құру жөніндегі алғашқы кездесіне қатысты. Вице-спикері көшбасшы әйелдер кеңесін құру идеясын қолдай отырып, мұндай ұйымның, әсіресе, коронавирус пандемиясы кезеңінде өзектілігі мен қажеттілігін атап өтті. Кездесу барысында Орталық Азия мемлекеттері үшін саяси, экономикалық және әлеуметтік маңыздылығы тұрғысынан кеңес жұмысының болашағы мен басымдықтары туралы сөз болды. Гүлмира Исимбаеваның пікірінше, жаңа Кеңес қызметінің басым бағыттары - әйелдердің шиенелістерді алдын алудағы рөлі, бейбітшілікті нығайту мәселелеріне және жалпы шешім қабылдау процестеріне әйелдердің қатысуын арттыру. Сондай-ақ, Мәжіліс Төрағасның орынбасары Қазақстанда тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап гендерлік саясат мәселелері Елбасы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше назарында болғанын айтып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, тұңғыш рет әйелдер мен жастарға арналған партиялық тізімдегі 30 пайыздық квота туралы заңнамалық норма енгізілгеніне тоқталды. Гүлмира Исимбаеваның айтуынша, бұл әйелдер мен жастарды Парламентке және жергілікті өкілді органдарға тартудың тиімді механизміне айналады және олардың елдің қоғамдық-саяси процестеріне белсенді қатысуына ықпал етеді. Саяси партиялардың бағдарламалық құжаттарындағы гендерлік «квоталар» да заңды түрде реттелген, ондағы әйелдер үлесі 33-тен 57% -ға дейін. Кездесу соңында Мәжіліс Вице-спикері мұндай кездесулер парламентаралық ынтымақтастыққа қосымша серпін беріп, аймақтағы жалпы даму мақсаттарына қол жеткізуге ықпал ететініне сенім білдірді. Форумды Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан парламентшілері мен мемлекеттік қызметкерлеріне арналған Орталық Азия үшін превентивті дипломатияның аймақтық орталығы және БҰҰ Даму бағдарламасы ұйымдастырды

30.11.2020

Н.Нығматулин Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Парламенттік Ассамблеяның отырысына қатысты

Нұр-Сұлтан, 30 қараша, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) Парламенттік Ассамблеясының отырысында сөз сөйледі. Бейнеконференция форматында Кеңес отырысы және ҰҚШҰ ПА он үшінші пленарлық отырысы өтті. Отырыстарда Ресей Федерациясының ҰҚШҰ-ға 2020 жылы төрағалық ету басымдықтарын іске асыру жөніндегі жұмыстың қорытындылары, сондай-ақ ҰҚШҰ-ның жауапкершілік аймағындағы жағдай және ұжымдық қауіпсіздікке төнетін қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл жөніндегі шаралар туралы айтылды. Сонымен қатар Парламент өкілдері жаппай қырып-жою қаруының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл, жаңа психобелсенді заттарды мемлекеттік тіркеуге қатысты ҰҚШҰ мемлекеттерінің ортақ тәсілдерін қалыптастыру, сондай-ақ Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың авиациясының халықаралық ұшуларын ұйымдастыру саласындағы заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсынымдар қабылдады. Отырысқа қатысушылар ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің ұлттық заңнамасын жақындастыру және үйлестіру жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған Қызмет бағдарламасын, сондай-ақ ҰҚШҰ ПА-ның 2021 жылға арналған жұмыс жоспарын бекітті. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин атап өткендей, құжаттар Ассамблеяның нормативтік-құқықтық базасын тереңдету үшін тақырыптар мен бағыттар кеңінен қамтылып, бүгінгі күннің шынайылығын ескере отырып, егжей-тегжейлі пысықталған. Сондай-ақ, келесі бес жылға арналған бағдарламада ауқымды деректерді қалыптастыру және пайдалану жөніндегі ұлттық заңнаманы дамыту, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, цифрлық қолтаңбалар жасау мәселелеріне қатысты модельдік актілер бар. Отырыстарға Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстанның парламент және палаталарының басшылары, сондай-ақ Ауғанстан мен Сербия ҰҚШҰ ПА бақылаушы ретінде қатысты.

26.11.2020

Халықаралық Парламент өкілдері Елбасының Қазақстанды дамыту және парламентаризмді нығайту жолындағы рөлін атап өтті

Нұр-Сұлтан, 26 қараша, Мәжіліс үйі. Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында халықаралық парламенттік конференция өтті. «Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстандағы парламентаризмнің қалыптасуы мен дамуындағы рөлі» атты дәстүрлі шара Мәжілістің ұйымдастырылуымен Тұңғыш Президент күніне орай ұйымдастырылды. Биылғы жылы бейнеконференция форматында өткен форумға Вьетнам, Италия, Ресей, Түркия, Өзбекстан, Чехия, Еуропалық Парламент, ТүркПА парламенттерінің басшылары мен депутаттар қатысты. Отырысты алғысөзбен ашқан Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақстанымызды және оның парламентаризмін қалыптастыру жолындағы теңдессіз рөліне тоқталды. Мәжіліс Төрағасы атап өткендей, Елбасымыз елімізді барлық қиындықтан аман алып шығып, ірі саяси, экономикалық әлеуметтік реформалар жасады. Мемлекетімізді әлемдік деңгейге жеткізді. «Қазақстандық даму жолы» қалыптасты. Сондықтан, шын мәнінде, «Тәуелсіздік жолы ол Елбасы жолы». Осы даму жолымыз қазір Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен одан әрі жалғасуда. Осы үлкен жолда тәуелсіздік тарихымен бірге келе жатқан қос палаталы Парламенттің де үлесі зор екенін баса айтқан Нұрлан Нығматулин: -Бүгінде біздің кәсіби Парламент қоғамдық пікірлер мен ашық саясаттың биік орны болумен қатар, мүмкіндігі мол, қуаты мықты, жоғары заң шығарушы органға айналды. Өзіне жүктелген әрбір міндетті абыроймен атқарып, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың және Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың маңызды қадамдарын, саяси, экономикалық, әлеуметтік бастамаларын сапалы заңдармен қамтамасыз етіп келеді, -деді. Сонымен қатар Палата Спикері Қазақстан Парламентінің өркениетті елдердің заңнамалық органдарымен тең дәрежеде қызмет етіп, Елбасымыз айтқандай, нағыз демократия мектебіне айналғанын жеткізді. Нұрлан Нығматулиннің пікірінше, осының барлығы, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ел басқарудағы дана, көреген, сындарлы саясатының жемісі. Конференция барысында Қытай Халық Республикасы Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Ли Чжаньшу Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекетті қалыптастыру, оның саяси жүйесін жетілдіру және тұрақтылықты қамтамасыз ету жолындағы ерен еңбегіне тоқталды. «Тұңғыш Президент Назарбаев - халықаралық қоғамдастықтағы беделді саясаткер болумен қатар, қытай халқының тілеулес досы ретінде ұзақ уақыттан бері қытайлық-қазақстандық тату көршілік және достық ынтымақтастықты нығайтып, Қытайда жоғары беделге ие болып келеді» - деді Қытай Парламентінің Спикері. Ал, Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының Спикері Вячеслав Володин Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси даналығы, бай өмірлік және басқарушылық тәжірибесі Ресей мен Қазақстан арасындағы қатынастарды дамыту ісінде, халықтарымыз арасындағы достықты нығайтуда, Еуразиялық кеңістікте көпжақты ынтымақтастықты ілгерілетуде ұзақ жылдар бойы сұранысқа ие болады, - деді. Вячеслав Володинның айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл өмірін өз еліне және халқына қызмет етуге арнаған тұлға. Түркияның Ұлы Ұлттық Мәжілісінің Төрағасы Мұстафа Шентоп Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамалары бүкіл әлем үшін зор маңызға ие деп санайды. - Қазақстанның үдемелі дамуында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың демократияны, адам құқықтарын және заңның үстемдігін дамыту жолында қолға алған қадамдары маңызды орын алатыны сөзсіз, - деді түрік Парламентінің өкілі. Сонымен қатар Өзбекстанның Олий Мәжілісі заң шығару палатасының Спикері Нурдинжон Исмоилов қазақстандықтарды Тұңғыш Президент күнімен құттықтап, бұл мерекені Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы стратегиялық әріптестіктің беріктігі мен тиімділігін бағалаудың тамаша мүмкіндігі деп атады. Халықаралық конференцияда сөз сөйлеген Нурдинжон Исмоилов Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевты Қазақстан мемлекетін құрудың бастауында тұрған көрнекті тұлға екенін айтып: - Оның стратегиялық бағытының арқасында Қазақстан Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін мерекелеу Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы стратегиялық серіктестік тамырын тереңдете түседі, - деді Өзбекстанның заң шығару палатасының Спикері.

26.11.2020

РФ Мемлекеттік Думасының Спикері В.Володин: Қазақстанның Тұңғыш Президенті - бүкіл өмірін өз еліне және халқына қызмет етуге арнаған тұлға

Нұр-Сұлтан, 26 қараша, Мәжіліс үйі. Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының Спикері Вячеслав Володин Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси даналығы мен оның бай тәжірибесі Ресей мен Қазақстан арасындағы қатынастарды дамыту, еуразиялық кеңістікте көпжақты ынтымақтастықты ілгерілету үшін қажет деп санайды. Тұңғыш Президент күніне орай «Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстандағы парламентаризмнің қалыптасуы мен дамуындағы рөлі» атты Мәжіліс ұйымдастырған халықаралық конференцияда Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының Спикері Вячеслав Володин Нұрсұлтан Назарбаевтың парламентаризмді дамытуда да, Қазақстан мен Ресей арасындағы екіжақты қатынастарды нығайтуда да, еуразиялық кеңістікте халықаралық ынтымақтастықты ілгерілетуде де, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы сияқты бірқатар халықаралық ұйымдар шеңберінде интеграциялық процестерді арттыруда да маңызды рөлін атап өтті. Вячеслав Володинның айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл өмірін өз еліне және халқына қызмет етуге арнаған тұлға. Тұңғыш Президенттің үлкен еңбегі-осы жылдар ішінде мемлекет нық дамып, экономикалық, әлеуметтік және ғылыми-техникалық салаларда табыстарға жетуде. -Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси даналығы, бай өмірлік және басқарушылық тәжірибесі Ресей мен Қазақстан арасындағы қатынастарды дамыту ісінде, халықтарымыз арасындағы достықты нығайтуда, Еуразиялық кеңістікте көпжақты ынтымақтастықты ілгерілетуде ұзақ жылдар бойы сұранысқа ие болады, - деді Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының Спикері.

26.11.2020

Мұстафа Шентоп: Қазақстанның Тұңғыш Президентінің бастамалары бүкіл әлем үшін зор маңызға ие

Нұр-Сұлтан, 26 қарша, Мәжіліс үйі. Түркияның Ұлы Ұлттық Мәжілісінің Төрағасы Мұстафа Шентоп Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамалары бүкіл әлем үшін зор маңызға ие деп санайды. Тұңғыш Президент күніне орай «Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстандағы парламентаризмнің қалыптасуы мен дамуындағы рөлі» атты Мәжіліс ұйымдастырған халықаралық конференцияда сөз сөйлеген Түркия Парламентінің Спикері Мұстафа Шентоп Қазақстан мен Түркия терең тарихи және мәдени байланыстарды жалғастыратын екі достас және бауырлас халық екенін айтты. Мұстафа Шентоптың айтуынша, Түркия Қазақстанды Орталық Азиядағы маңызды саяси және экономикалық серіктес және өңірдегі тұрақтылық пен бейбітшіліктің кепілі ретінде қарастырады. Мұстафа Шентоп Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мемлекеттіліктің қалыптасуы мен елдің экономикалық дамуындағы ғана емес, сонымен бірге Қазақстанды бейбітшілікті нығайту ісінде көшбасшы болып табылатын қуатты мемлекетке айналдырудағы тарихи рөлін атап өтті. - Қазақстанның үдемелі дамуында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың демократияны, адам құқықтарын және заңның үстемдігін дамыту жолында қолға алған қадамдары маңызды орын алатыны сөзсіз, - деді түрік Парламентінің өкілі. Нұрсұлтан Назарбаев мықты көшбасшылық қасиеттермен қатар демократияны нығайтып, Қазақстанды жаңғырта білген, бұл ретте мызғымас ерік-жігер танытқан сирек кездесетін саясаткерлердің бірі екеніне Түркия Ұлы Ұлттық Жиналысының Төрағасы ерекше тоқталды. Сонымен қатар конференцияда талқыланған мәселелердің өзектілігі мен маңыздылығын назар аударған Мұстафа Шентоп Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың парламентаризм мен парламенттік мәдениетті дамытуға қосқан үлесін де атап өтті. - Нұрсұлтан Назарбаев - жол көрсететін және өте дана тұлға. Сондықтан оның құнды көзқарастары мен көрегендігін бүкіл әлем қолдануы керек, - деді Мұстафа Шентоп.

26.11.2020

Нурдинжон Исмоилов: Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Қазақстан мемлекеттілігінің бастауында тұрған көрнекті тұлға

Нұр-Сұлтан, 26 қараша, Мәжіліс үйі. Өзбекстанның Олий Мәжілісі заң шығару палатасының Спикері Нурдинжон Исмоилов қазақстандықтарды Тұңғыш Президент күнімен құттықтап, бұл мерекені Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы стратегиялық әріптестіктің беріктігі мен тиімділігін бағалаудың тамаша мүмкіндігі деп атады. Тұңғыш Президент күніне орай «Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстандағы парламентаризмнің қалыптасуы мен дамуындағы рөлі» атты Мәжіліс ұйымдастырған халықаралық конференцияда сөз сөйлеген Нурдинжон Исмоилов Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевты Қазақстан мемлекетін құрудың бастауында тұрған көрнекті тұлға екенін айтты. Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның және бүкіл Орталық Азия аймағының мүдделері үшін ынтымақтастықты дамытуға деген ұмтылысын ерекше атап өтті. - ҚР Тұңғыш Президенті күнін мерекелеу Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы стратегиялық серіктестік тамырын тереңдете түседі және екі елдің басшылары Шавкат Мирзиеев пен Қасым-Жомарт Тоқаевтың көпжоспарлы ынтымақтастығын нығайтудағы жоғары рөлін атап өтуге мүмкіндік береді, - деді Өзбекстанның заң шығару палатасының Спикері. Нурдинжон Исмоиловтың айтуынша, қос ел арасындағы стратегиялық өзара байланыс дәстүрлі түрде жоғары деңгейде әлемдегі қазіргі эпидемиологиялық жағдайға қарамастан, қарқынды дамып келеді. Өзбекстанның заң шығару палатасының Спикері екі ел арасындағы Парламентаралық ынтымақтастықты жоғары бағалап: -Біз, екі елдің парламентшілері, мемлекетаралық ынтымақтастықты дамытуға өз үлесімізді қосуға дайынбыз және өз құзыретіміз шеңберінде оны кеңейтуге үлес қосамыз, - деді Нурдинжон Исмоилов.

26.11.2020

ҚХР Парламентінің Спикері: Тұңғыш Президент Назарбаев - халықаралық қоғамдастықтағы беделді саясаткер

Нұр-Сұлтан, 26 қараша, Мәжіліс үйі. Қытай Халық Республикасы Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Ли Чжаньшу Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың халықаралық деңгейдегі жоғары беделін және оның еліміздегі тарихи рөлін атап өтті. Конференция қатысушыларына сөз арнаған Ли Чжаньшу Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекетті қалыптастыру, оның саяси жүйесін жетілдіру және тұрақтылықты қамтамасыз ету жолындағы ерен еңбегіне тоқталды. -«Тұңғыш Президент Назарбаев - халықаралық қоғамдастықтағы беделді саясаткер болумен қатар, қытай халқының тілеулес досы ретінде ұзақ уақыттан бері қытайлық-қазақстандық тату көршілік және достық ынтымақтастықты нығайтып, Қытайда жоғары беделге ие болып келеді» - деді Қытай Парламентінің Спикері. Ли Чжаньшу қос ел арасындағы парламентаралық өзара іс-қимыл деңгейін жоғары бағалап, оның екі ел халқына да тиімді екеніне тоқталды. Сонымен қатар Тұрақты комитеттің төрағасы ҚХР Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының Қытай мен Қазақстан арасындағы стратегиялық әріптестік жан-жақты дамыту мақсатында ҚР Парламенті Мәжілісімен ынтымақтастықты тереңдетуге дайын екендігін жеткізді.

26.11.2020

Н.Нығматулин: Тұңғыш Президент қазақстандық парламентаризмнің негізін қалады

Нұр-Сұлтан. 26 қараша. Мәжіліс үйі. Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында «Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстандағы парламентаризмнің қалыптасуы мен дамуындағы рөлі» атты халықаралық конференциясы өтуде. Дәстүрлі форумды форумды алғысөзбен ашқан Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанымызды және оның парламентаризмін қалыптастыру жолындағы теңдессіз рөліне тоқталды. Мәжіліс Төрағасы атап өткендей, Елбасымыз елімізді барлық қиындықтан аман алып шығып, ірі саяси, экономикалық әлеуметтік реформалар жасады. Мемлекетімізді әлемдік деңгейге жеткізді. «Қазақстандық даму жолы» қалыптасты. Сондықтан, шын мәнінде, «Тәуелсіздік жолы ол Елбасы жолы». Осы даму жолымыз қазір Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен одан әрі жалғасуда. Осы үлкен жолда тәуелсіздік тарихымен бірге келе жатқан қос палаталы Парламенттің де үлесі зор екенін баса айтқан Нұрлан Нығматулин: Бүгінде біздің кәсіби Парламент қоғамдық пікірлер мен ашық саясаттың биік орны болумен қатар, мүмкіндігі мол, қуаты мықты, жоғары заң шығарушы органға айналды. Өзіне жүктелген, әрбір міндетті абыроймен атқарып, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың және Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың маңызды қадамдарын, саяси, экономикалық, әлеуметтік бастамаларын сапалы заңдармен қамтамасыз етіп келеді, -деді. Сонымен қатар палата Спикері Қазақстан Парламентінің өркениетті елдердің заңнамалық органдарымен тең дәрежеде қызмет етіп, Елбасымыз айтқандай, нағыз демократия мектебіне айналғанын жеткізді. Нұрлан Нығматулиннің пікірінше осының барлығы, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ел басқарудағы дана, көреген, сындарлы саясатының жемісі. Мәжіліс Төрағасы бүгінгі таңда бүкіл әлемді қамтыған күрделі ахуалға назар аударып, осындай қиын жағдайда біздің елімізде әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтауға, жұмыспен қамтуға және халықтың табыс деңгейін қамтамасыз етуге зор көңіл бөлінді. Осы ретте, Нұрлан Нығматулин: Дағдарысқа қарсы жедел шаралар шеңберінде кірістерін уақытша жоғалтқан 4,5 миллионнан астам қазақстандық ай сайынғы өтеусіз мемлекеттік көмек алды. Бұл мақсатқа 450 миллиардтан астам теңге жұмсалды. Осы күрделі кезеңде біздің Тұңғыш Президентіміз бұрынғыдай барша қазақстандықтар бірлігінің кепіліне айналғанын ерекше атап өткім келеді, - деді. Елбасымыздың бастамасымен «Birgemiz» атты ұлттық қайырымдық қор ұйымдастырылып, жалпыхалықтық қозғалыс барлық қазақстандықтарды бір мақсатқа жұмылдырды. Сонымен қатар, қордың біржолғы қайырымдылық қаржылай қолдауына 550 мыңнан астам қазақстандық отбасы ие болды. Миллионнан астам адам азық-түлік және тұрмыстық көмекпен қамтылып, мыңдаған еріктілер мұқтаж жандарға жәрдемдесті. Өз кезегінде коронавирустың таралуына қарсы тұру және төтенше жағдай кезінде тұрақтылықты қамтамасыз ету жолында Елбасының бастамасына Мәжіліс депутаттарының бірауыздан қолдау білгіргенін айтқан Палата Спикері Нұрлан Нығматулин: Бүгінде Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі бастамасы заңнамалық қолдауға ие болып отыр. Өздеріңізге белгілі, ағымдағы жылдың наурыз айынан бері Парламент ерекше жағдайда жұмыс істеуде. Төтенше жағдай кезінде Парламентте басқарушылық шешімдер қабылдаудың жаңа үлгісі қолданыла бастады. Ол заң жобаларын қашықтықтан талқылау жүйесі. Біз үшін барлық мүдделі тараптардың, депутаттардың, мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамның үздіксіз қашықтықтан жұмыс істеуін қамтамасыз ететін бейне байланыс, селекторлық кеңестер және басқа да заманауи ақпараттық технологиялар мүмкіндігін барынша пайдалану маңызды болды. Ерекше айту керек, заң жобаларын мақұлдаудың қарқыны мен сапасы төмендеген жоқ. Өз уақытында жедел әрі тиімді шешімдер қабылданды. Сонымен қатар, конференцияда Мәжіліс Төрағасы ең алдымен депутаттар ұлттық экономика, ауыл шаруашылығы, халықты әлеуметтік қолдау, денсаулық сақтау саласындағы жүйелі шаралар, эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру, білім берудің барлық деңгейлерінің сапасы мәселелерін ерекше бақылауға алғанын жеткізді. Сондай-ақ, Палата Спикері Нұрлан Нығматулин бүгінде елімізде экономикалық өсімді қалпына келтіру, шағын және орта бизнесті қолдау, халықтың әлеуметтік әл-ауқатын нығайту бойынша жұмыстар белсенді жүргізіліп жатқанына назар аударды.

29.10.2020

Мәжіліс депутаты Грузиядағы Парламент сайлауын байқауға қатысады

Нұр-Сұлтан, 29 қазан, Мәжіліс үйі. Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Ерман ағымдағы жылдың 31 қазанында Грузияда өтетін парламенттік сайлауды бақылауға қатысады. Мәжіліс депутаты ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының бақылаушылар миссиясының құрамында Грузия Парламентінің сайлауына мониторинг жүргізеді.

15.10.2020

Мәжіліс депутаттары қытайлық әріптестерімен онлайн кездесу өткізді

Нұр-Сұлтан, 15 қазан, Мәжіліс Үйі. Бүгін Мәжіліс Төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитеті төрағасының орынбасары Ван Чэнмен онлайн-кездесу өткізді. Тараптар әңгімелесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың, халықаралық ұйымдардағы өзара іс-қимылдың және өңірдегі қазіргі ахуалдың кең ауқымды мәселелері бойынша пікір алмасты. Сондай-ақ 2022 жылы 30 жылдығы атап өтілетін екіжақты қарым-қатынастардың қарқынды және үдемелі дамуы туралы айтты. Мәжіліс Төрағасының орынбасары Нұр-Сұлтан мен Бейжің арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнаған 28 жыл ішінде қарқынды саяси диалог пен терең экономикалық байланыстар орнап, жан-жақты өзара іс-қимыл серпінді дамып келе жатқанына тоқталды. Гүлмира Исимбаева әңгімелесу барысында бұл екі елдің кешбасшыларының еңбегі екенін, Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарының қалыптасуы мен нығаюында Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше рөлін атап өтті. Ал Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары және сол ресми сапар барысында бірлескен мәлімдемеге қол қойылуы Қазақстан-Қытай қатынастарының жаңа дәуірінің басталуы екеніне назар аударды. Өз кезегінде Қытай Парламентінің өкілі Қазақстанмен екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға үлкен қызығушылық танытып, оларды қазіргі заманғы халықаралық қатынастардағы достық пен тату көршіліктің эталоны деп атады. Экономикалық өзара іс-қимыл туралы әңгіме барысында тараптар ҚХР-ның «Бір белдеу – бір жол» бастамасына және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол» бағдарламасына үлкен көңіл бөлінетінін мәлімдеді. Бұдан басқа отырыста коронавирустық инфекция пандемиясының теріс салдарын азайту бойынша тәжірибе алмасу үшін екі елдің күш-жігерін үйлестірудің маңыздылығы атап өтілді. Осыған байланысты Қытай вице-спикері Қазақстанның елдегі эпидемиялық жағдайдың шиеленісуі кезеңінде көрсеткен көмегі үшін алғыс айтып, COVID-19 індетіне қарсы жаңа екпе әзірлеп, оны сынамадан өткізгені туралы хабарлады. Өз кезегінде Гүлмира Исимбаева Қытай дәрігерлеріне консультативтік және тәжірибелік көмек көрсеткені үшін ризашылығын білдірді. Сонымен қатар, тараптар экономиканы цифрландыру, жасанды интеллект, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, көлік және басқа да салалардағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту қажеттігін атап өтті. Әңгімелесу барысында екі елдің заң шығарушы органдарының сындарлы және серпінді диалог ісіндегі маңызды рөлі атап өтілді. Кездесуге Мәжіліс депутаттары Мұхтар Ерман мен Қуаныш Сұлтанов қатысты.

08.09.2020

Н.Нығматулин бейнеконференция режимінде АСЕАН ПАА отырысында сөз сөйледі

Нұр-Сұлтан, 8 қыркүйек, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қауымдастығының Парламентаралық Ассамблеясының 41-ші Бас Ассамблеясына (АСЕАН ПАА) қатысты. Бұл ауқымды форум осы жылы бейнеконференция режимінде өтті. АСЕАН ПАА Бас Ассамблеясының пленарлық отырысында сөз сөйлеген Мәжіліс Спикері әлемдік жеткізу тізбектерін қалпына келтірудің, қазіргідей күрделі геосаяси жағдайларда көлік-логистикалық бағыттардың ашықтығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. - Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бүкіл Еуразия құрлығында серіктестік құру туралы Үлкен Еуразия стратегиялық идеясы ерекше өзекті болып отыр. Сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты тереңдету үшін Еуразиялық экономикалық одақ желісі бойынша АСЕАН-мен өзара іс-әрекетті дамыту әлеуетті болып табылады, - деді Нұрлан Нығматулин. Мәжіліс Төрағасының айтуынша, осы форматтағы экономикалық байланыстарды нығайту континент елдерінің дамуына, экономикалық өсуіне және азаматтардың әл-ауқатының артуына қуатты серпін бере алады. 670 миллионға жуық халқы бар АСЕАН, жалпы ішкі өнімі 3,5 трлн. АҚШ долларын және сыртқы сауда айналымы 4,5 трлн. АҚШ долларын құрайтын ең ірі аймақтық ұйымдардың бірі. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтағы халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты дамытуға ерекше мән беретінін айтқан Нұрлан Нығматулин Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен қарым-қатынасты нығайту және АСЕАН-мен байланысты кеңейтуді Қазақстанның сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі деп атады. Сонымен қатар, Мәжіліс Төрағасы парламенттік дипломатияның халықаралық ынтымақтастықтың тиімді тетіктерін құруда және аймақтық және континентальды деңгейлерде ортақ шешімдер табуда айтарлықтай әлеуетке ие екендігіне сенім білдірді. Айта кету керек, АСЕАН ПАА 41-ші Бас Ассамблеясының отырысы Ханой қаласында ұйымдастырылды, оның қазіргі президенті Вьетнам Ұлттық Ассамблеясының Төрағасы. Сондай-ақ, күн тәртібіне сәйкес бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, Парламенттің COVID-19-дан кейін аймақтағы ынтымақтастық пен экономиканы қалпына келтірудегі рөлі, жұмысшы әйелдер үшін жұмыс пен кірісті қамтамасыз етуде Парламенттегі әйелдердің рөлін арттыру, ПАА АСЕАН жас Парламент өкілдерінің бейресми кездесуі туралы мәселелер қаралды.

15.06.2020

Н.Нығматулин ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының отырысында сөз сөйледі

Нұр-Сұлтан, 15 маусым, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Парламенттік Ассамблеясы Кеңесінің отырысына видеоконференция режимінде қатысты. Кеңестің кезекті көшпелі отырысы Душанбеде өтуі керек болатын. Алайда, коронавирус індетіне байланысты күн тәртібіндегі мәселелер бейнеконференция режимінде талқыланды. Отырысқа Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстанның Парламент спикерлері, сондай-ақ, Сербия мен Ауғанстан Парламентінен ҰҚШҰ ПА бақылаушылары қатысты. Қатысушылар Парламенттік Ассамблеяның 2021–2025 жылдарға арналған іс-шаралар бағдарламасының жобасын қарады. Отырыста сөз сөйлеген Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин құжат нормативтік-құқықтық базаны кеңейтуге және ғылыми-әдістемелік қамтамасыз етуді жетілдіруге бағытталған көптеген тақырыптар мен бағыттарды қамтитынын атап өтті. Бағдарлама жобасы ҰҚШҰ ПА тұрақты комитеттерінде және ұлттық парламенттерде қаралады. - Модельдік заңнаманы әзірлеу кезінде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының ұстанымдары мен мақсаттарын және ҰҚШҰ Жарғысын басшылыққа алып, сондай-ақ, Ұйымға мүше мемлекеттердің ұлттық заңнамаларын ескеру қажет, - деді Нұрлан Нығматулин. Сонымен қатар, жиынға қатысушыларға ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің күзгі сессиясының қорытындылары, Ұйымның жауапкершілік аясындағы ахуалы, ұжымдық қауіпсіздікке төнетін қатерлер мен қауіптерге қарсы іс-шаралар және ҰҚШҰ аясында жасалған халықаралық шарттарды ратификациялау туралы ақпарат берілді.

06.03.2020

Мәжіліс депутаттары ТМД Парламентаралық Ассамблеясының Санкт-Петербордағы тұрақты комиссиясының отырысына қатысты

Нұр-Сұлтан, 6 наурыз. Мәжіліс үйі. Санкт-Петербордағы Таврия сарайында ТМД Парламентаралық Ассамблеясының Саяси мәселелер және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы өтті. Отырыста Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің Төрағасы М. Ерман ПАА-ның саяси мәселелер және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы болып сайланса, Р. Рубинян, Т.Думбадзе және К. Косачев орынбасарлары болып сайланды. Іс-шарада қатысушылар Өзбекстанның Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына 2020 жылы төрағалық ету Тұжырымдамасы туралы мәселені қарады. Талқылаудың тағы бір тақырыбы – халықаралық парламенттік ұйымдар сессияларының нәтижелері және аталған ұйымдардың жұмысында ТМД-ға мүше мемлекеттердің парламенттік делегацияларының әрекеттерін үйлестіру туралы болды. Сонымен қатар, қатысушылар назарына ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесі отырысының нәтижелері (2019 жылғы 10 қазан, Ашхабад) және 2020 жылдың 3 сәуірінде ТМД сыртқы істер министрлерінің кеңесінде қарауға ұсынылған мәселелер туралы (Алматы, Қазақстан Республикасы) баяндама комиссия мүшелеріне ұсынылды. Сондай-ақ, Комиссия мүшелері Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің халықаралық қатынастар факультетінің әлемдік саясат кафедрасының профессоры Н. Васильевтің Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесін реформалау перспективалары туралы баяндамасын тыңдады. Отырысқа қатысушыларға Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясының байқаушылар тобының сайлауға бақылау жүргізуге қатысуы туралы қорытындылары ұсынылды. Атап айтқанда, 2019 жылғы 22 желтоқсанда өткен Өзбекстан Республикасының Олий Мажлисі Заңнамалық палатасы, 2020 жылғы 9 ақпанда Әзербайжан Республикасы Милли Меджлисі және 2020 жылғы 1 наурызында өткен Тәжікстан Республикасының намояндагон маджлиси оли (парламенттің төменгі палатасы). Іс-шараның нәтижесі бойынша отырысқа қатысушылар комиссияның 2019 жылғы жұмысын қорытындылады.

21.01.2019

Н. Нығматулин Қырғызстан елшісін қабылдады

Астана, 21 қаңтар, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Қырғызстанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Жээнбек Кулубаевты қабылдады. Тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытудың өзекті сұрақтарын талқылады. Мәжіліс Спикерінің пікірінше, біздің елдеріміз Президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Сооронбай Жээнбековтің өзара түсіністік пен достыққа негізделген, бірлескен жұмыстарының нәтижесінде бүгінде екіжақты және көп қырлы ықпалдастықты нығайтудың жоғарғы көрсеткіштеріне қол жеткізілді. Алдағы уақытта да Қазақстан үшін бауырластық, стратегиялық әріптестікті одан әрі тереңдету маңызды болып қала бермек. Осы ретте Н. Нығматулин екі ел ратификациялаған қазақ-қырғыз мемлекеттік шекарасын шегендеу туралы Шарт өзара сенім мен татукөршілік қатынасты нығайтуға жол ашатынын атап өтті. Өз кезегінде Қырғыз елшісі қос мемлекет Көшбасшыларының сындарлы саясатының арқасында елдеріміз арасындағы байланыс басқа елдерге үлгі боларлық деңгейде дамып келе жатқанын, болашақта да Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы ынтымақтастық әлеуетінің зор екенін айтты. Одан әрі тараптар, барлық бағытта, соның ішінде, парламентаралық қарым-қатынасты күшейтудің маңыздылығына тоқталды. Кездесу барысында Палата Спикері Қазақстан Президентінің еуразиялық идеясының 25 жылдығына орай Астанада, қыркүйекте Еуропа және Азия елдері парламенттері спикерлерінің Төртінші кеңесі өтетінін айтып, оған қатысуға қырғыздық әріптестерін де шақырды. Н. Нығматулин жаңадан қызметіне кіріскен елшіге депутаттық корпус атынан табыс тіледі.

08.11.2018

Мәжіліске Вестминстер қорының делегациясы келді

Астана, 8 қараша, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліске Демократияны қолдау бойынша Лондондағы Вестминстер қорының делегациясы келді. Басқару мәселелері жөніндегі аға кеңесші Франклин де Вриз басқарған делегация өкілдерін Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің Төрағасы Мұхтар Ерман қабылдады. Тараптар әңгімесу барысында екі ел арасындағы байланыстың нығайып, көпжақты әріптестіктің орнағанына назар аударды. Сонымен қатар, кездесуде Вестминстер қорының қызметі, парламентаризм, Қазақстан Республикасы Парламентінің заң шығару қызметінің тәжірибесі мен заң жобаларын қарау кезіндегі жұмыста қоғамдық-саяси бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуы және басқа да бірқатар мәселелер туралы айтты. Сондай-ақ, тараптар серіктестік пен ынтымақтастықты одан әрі дамыту қажеттілігіне назар аударды.

07.11.2018

Мәжіліске америкалық дипломат келді

Астана, 7 қараша, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Ерман мен Қазақстан Республикасындағы Америка Құрама Штаттарының Уақытша сенімді өкілімен Теодор Лингпен кездесті. Әңгімелесу барысында Қазақстан мен Америка арасындағы маңызды мәселелер талқыланып, ерекше назар Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың ағымдағы жылдың қаңтар айында АҚШ-қа ресми сапарының қорытындысы бойынша екі ел арасында жүзеге асқан белсенді жұмыстар туралы айтылды. Сонымен қатар, тараптар парламентаралық байланыстарды арттыруға назар аударды.

06.11.2018

Мәжіліс Төрағасы Н. Нығматулин Эстонияның Премьер- Министрі Ю. Ратаспен кездесті

Астана. 6-қараша, Мәжіліс үйі. Бүгін Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин Эстонияның Премьер-Министрі Юри Ратас бастаған делегация өкілдерімен кездесті. Тараптар екіжақты қарым-қатынасты нығайтудың өзекті сұрақтарын талқылады. Мәжіліс Төрағасы Эстония Қазақстанның Балтық аймағындағы маңызды әріптесі екенін алға тарта келіп, өткен жылы екі ел арасында дипломатиялық қатынастың орнағанына 25 жыл толғанын атап өтті. Біздің еліміз аталған мемлекетпен жан-жақты әрі сындарлы диалогты одан әрі дамытуға ынталы. Мәжіліс Төрағасы әсіресе, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына айрықша тоқталды. Осы ретте Эстонияның цифрландыру, ақпараттық-коммуникациялық технология саласындағы жетістіктерін сөз еткен Н. Нығматулин осы бағытта жан-жақты, соның ішінде, заңнамалық деңгейде тәжірибе алмасудың маңыздылығына ерекше көңіл бөлді. Өз кезегінде Эстония Премьер – Министрі Қазақстанның, соның ішінде, Астананың даму қарқынына таңданысын жасырмады. Сондай-ақ, біздің елдеріміздің өзара іс-қимылы табысты дамып келе жатқанын айта келіп, екіжақты қатынасты одан әрі нығайтудың әлеуеті зор екеніне тоқталды. Одан әрі Палата Спикері Мәжілістің заң шығармашылық жұмысы жайында әңгімелей келіп, парламентаралық байланысты күшейту мәселелеріне тоқталды.

02.10.2017

Н. Нығматулин Жапонияның Қазақстандағы елшісін қабылдады

Астана, 2 қазан, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Итиро Кавабатаны қабылдады. Қос тараптың алғашқы ресми кездесуінде екіжақты қарым-қатынасты одан әрі тереңдетудің өзекті мәселелері талқыланды. Тараптар биыл екі ел арасында дипломатиялық байланыстың орнағанына 25 жыл толғанына айрықша назар аудара келіп, осы уақыттар ішінде жеткен жетістіктерді одан әрі еселей түсудің маңыздылығына назар аударды. Н. Нығматулин атап өткендей, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Жапония Премьер-министрі Синдзо Абэ арасындағы достық қатынастың арқасында екі ел арасындағы ынтымақтастық бүгінгі күні барлық салада кеңейтілген стратегиялық әріптестік деңгейіне жетті. Сонымен бірге, біздің елдеріміз ядролық қарусыздану және таратпау, атом энергиясын бейбіт мақсатқа пайдалану, тұрақты даму бағытында өте жақын серіктестер. Мәжіліс Төрағасының пікірінше, екіжақты ынтымақтастықты дамытуда парламенттік дипломатияның өзіндік орны бар. Осы ретте Мәжіліс Спикері біздің еліміз ең дамыған 30 елдің қатарына кіру мақсатын қойғанын, оған жетуде алдыңға қатарлы мемлекеттер тәжірибесінің маңыздылығын алға тарта келіп, бұл жолда 70 жылдық тарихы бар жапондық парламентаризмнің ықпалы айрықша екенін атап өтті. Елші өз қызметінің былтыр Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығында басталып, биыл қос мемлекет арасындағы дипломатияның мерейтойлық маңызды кезеңімен жалғасып жатқанын, әрқашанда елдер арасындағы достық әрі әріптестік ықпалдастықты күшейтуге дайын екенін жеткізді. Кездесу иелері ЭКСПО көрмесі төңірегіндегі қорытынды ой-пікірлерін де назардан тыс қалдырмады.