Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
22.09.2014

МӘЖІЛІСТЕ: ТЕАТР ЖӘНЕ МУЗЕЙ САЛАСЫНЫҢ ЖАҒДАЙЫ


МӘЖІЛІСТЕ: ТЕАТР ЖӘНЕ МУЗЕЙ САЛАСЫНЫҢ ЖАҒДАЙЫ

 

Астана, 22 қыркүйек, Мәжіліс Үйі.

Мәжілісте Палата Төрағасының орынбасары Сергей  Дьяченконың жетекшілігінде кезекті Үкімет сағаты «Қазақстан Республикасы театр және музей саласының өзекті сұрақтары» деген тақырыппен өтті.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан – 2050» Стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында «...Жалпықазақстандық мәдениетті дамытуға жаңаша серпін берген жөн. Бәсекеге лайықты мәдени ментальдікті қалыптастыру керек.

Яғни, жаңа заманға сай мәдениет кластерін дамытуға бағытталған шаралар белгілеу қажет» - деп, атап өтті.

 Сондай-ақ, Үкіметке мәдени саясаттың ұзақ мерзімді Тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырған болатын»,- деп сөз бастаған вице-спикер  Үкіметтік сағаттың тақырыбына сәйкес, театр және музей саласын дамытуда атқарып жатқан жұмыстары жөнінде ақпарат беру үшін, кезекті Қазақстан  Республикасының  Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына берді. 

«Мәдениет саласындағы маңызды жобалардың бірі –  бәсекеге қабілетті мәдени ментальдікті қалыптастыру мен заманауи мәдени кластерлерді дамытуға бағытталған Мәдени саясаттың ұзақмерзімді тұжырымдамасын әзірлеу туралы Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру болып табылады.

Тұжырымдаманы әзірлеуге жетекші мәдениеттанушы ғалымдар, өнер саласындағы білікті сарапшылар және шығармашылық одақтар қатысты.

                Құжат ҚР Парламентінің Сенатында, «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінде, мемлекеттік органдардың ведомствоаралық жұмысшы топтары мүшелерінің, шығармашылық одақтардың, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мүшелерінің және өзге де ұйымдардың қатысуымен жариялы түрде талқыланды, сондай-ақ тұжырымдаманың жобасы елдің көптеген өңірлерінде ұсынылды.

Жаңа мәдени саясаттың стратегиялық доминантасы Мемлекет басшысы ұсынған «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы болып табылады. «Мәдениет – ұлттың генетикалық коды» деп Мемлекет басшысы айрықша атап өткен болатын.

Тұжырымдаманың аса маңызды қағидаларының ішінде ұлттың «мәдени коды» түсінігінде белгіленген нығайтушы бастаманың өзектілігі ерекше атап өтілді. Ол жеті бөліктен тұратын – Жеті Қазына: мұра, дәстүр, салт, тіл, отбасы, шаруашылық жүйелер мен мерекелер. Жеті Қазынаның бір бөлігінің жоғалуы ұлттық бірегейлігімізден айырылуға әкеліп соқтыруы мүмкін!

Осы салаларда туындап отырған мәселелерді жылдам шешу тетіктерінің бірі Мәдени саясат тұжырымдамасының аясында көзделіп отырған беделді консультациялық-кеңесші орган – Мемлекет басшысы немесе ҚР Үкіметі жанынан Әдебиет және өнер жөніндегі ұлттық кеңесті құру  бола алады. 

Оның құрамына депутаттар, Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүшелері, көрнекті шығармашылық тұлғалар, шығармашылық одақтар мен мәдениет ұйымдарының жетекшілері, сарапшылар, қоғам қайраткерлері және бизнес қауымдастығының өкілдері кіреді. Әдебиет және өнер жөніндегі ұлттық кеңестің жұмысшы органы Мәдениет және спорт министрлігі болады. Осылайша, біз барлық мүдделі тараптардың қатысуымен аса өткір мәселелерді жоғары деңгейде талқылауға және тиімді шешімдерін қабылдауға мүмкіндік аламыз.

                Сонымен қатар, Тұжырымдама Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі жанынан театр және мұражай ісі жөніндегі шығармашылық кеңестерді құруды қарастырады.   

Бүгінгі таңда театрлар қызметінің бірыңғай мақсатты ұстанымы жоқ. Мәдениеттің өңірлік ұйымдарының қызметін үйлестірудің барлық мәселелері жергілікті атқарушы органдардың қарамағында екені өздеріңізге мәлім. Мамандарды оқытуБілім және ғылым министрлігінің қарауында, оларды жұмысқа орналастырумен жергілікті әкімдік айналысуда, ал біздің Министрлік бұл процеске тікелей араласа алмағандықтан, театрдың шығармашылық қызметін ұйымдастыруда диспропорциялар бар. Ал бұл өз кезегінде – мәдени сепаратизмге әкелуі мүмкін.

Сондықтан театр маманын дайындау кешенді түрде болуы тиіс. Яғни, актер немесе режиссердің - білім алуы, жұмысқа орналасуы – Министрліктің құзыретінде болуы керек. Сол кезде сахна өнеріндегі «жанартау-таланттар» болған – бүгінгі күннің «Фаридалары», «Асанәлілері», «Досхандары» шығады.  

                Еліміздегі барлық театр ұйымдарының қызметін біріктіруіміз қажет. «Біріктіру» сөзін тура қабылдап, оны жекелеген құрылым немесе ұйым ретінде қабылдаудың қажеті жоқ. Бұл түсінікті біз кеңінен қарастыратын боламыз.

Қазіргі таңда Қазақстанда 52 мемлекеттік театр жұмыс жасайды, олардың 9 республикалық, 43 өңірлік театрлар, сондай-ақ 10-нан астам әр бағыттағы мемлекеттік емес театрлар бар.

                Тәуелсіздік кезеңінде республикада 18 театр ашылды,                3 театрға арналып Орал, Қарағанды және Қостанай қалаларында жаңа ғимараттар салынды.

                Қазақстан бұл орыс, неміс, корей, ұйғыр, өзбек ұлттық театрлары қызмет ететін бірегей ел.

Театр өнерін дамыту мақсатында ұлттық, драмалық театрлардың халықаралық және республикалық фестивальдері сияқты ауқымды имиджді іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Оған қоса, «Тәуелсіздік толғауы» республикалық байқауы тұрақты түрде өткізіліп тұрады, ең үздік опералық және драматургиялық шығарма номинациялары бойынша үздіктер марапатталуда.

Мамандардың жетіспеуіндегі негативті факторлардың бірі жалақының төмендігі. Бүгінгі күні өңірлік театр қызметкерінің орташа жалақысы барлық үстемелерімен 48 000 теңгеден 70 000 теңгені ғана құрайды. 

Тұрғын үй мәселелерінің шешілмеуі де мамандар зәрулігін тудыруда. Әрине баспана беріледі, бірақ  жүйелі және тұрақты сипатта емес.

Міне, театр қызметінің негізгі және өзекті мәселелері осындай. Бұлардың көбісі мұражай саласына да қатысты.

Ғаламдану және қоғамның заманауи қарқынды даму жағдайларында елдің тарихи-мәдени мұрасының сақталуы мен тұтастығы маңызды стратегиялық міндет болып отыр.

                Осыған байланысты, мұражайларға мәдени құндылықтарды сақтайтын ең басты орын ретінде ерекше рөл беріледі.

                Қазіргі уақытта Қазақстанда 237 мемлекеттік мұражай қызмет атқарады, оның ішінде республикалық деңгейдегі
15 мұражай және қорық-мұражайлар, облыстық деңгейдегі 214 және 8 ведомстволық мұражайлар бар.

                Мұражайлардың қорлары мен қойылымдарында
3,6 млн-ға жуық мәдени құндылықтар бар. Орта есеппен алғанда жыл сайын мұражайлар 7 мыңнан астам көрмелер, 11 мың дәрістер, 190 мыңнан астам экскурсиялар өткізеді.

Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік мұражайларға келушілер саны өткен жылы 5 миллионға жуық адамды құрады. Бұл қоғамның өзінің мұрасына деген қызығушылығының артқандығын көрсетіп отыр.

                Еліміздің мұражай өміріндегі орасан зор оқиға -Қазақстанның астанасында Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайының ашылуы болды. Ұлттық мұражай Орталық Азиядағы ең ірі мәдени орталықтардың бірі болып отыр.   

Біздің қорық-мұражайлардың әлеуеті жеткілікті. Жыл сайын бір ғана Тамғалы кешеніне 15 мыңнан астам адам келеді.

Қазіргі жағдайда тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау аймағының территориялық тұтастығын сақтау мәселесі өзекті болып тұр. Бұл Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» Мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының территориясына да қатысты. Қожа Ахмет Яссауи кесенесі ЮНЕСКО-ның тізіміне кірген Дүниежүзілік мұраның ескерткіші болса да, аталған ескерткіштің қорғау аймағына қол сұғушылықтар тоқтамай отыр.

Мұндай теріс факторларды болдырмау мақсатында қорық-мұражайлардың басшылықтарына қорық-мұражайларды Дамытудың бас жоспарларын әзірлеу тапсырылды. Бұл шараның мақсаты - қорық-мұражай         аумағындағы кез-келген құрылыс бекітілген Бас жоспардың негізінде жүзеге асуы тиіс болып отыр.

Сондықтан, мұражайлардың қызметінде туындаған барлық мәселелер мен қиындықтар ерекше көңіл бөлуді және Парламент пен Үкімет, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар тарапынан жан-жақты қолдауды қажет етеді»,- деп министр мұражай мен театр қызметі салаларындағы жетістіктер мен туындап отырған мәселелерді атап өтті.

                Тақырыпқа Мәжілістің Әлеуметтік мәдени даму комитетінің төрайымы Гүлнар Ықсанова қосымша баяндама жасады.

«Тақырыпқа сай, депутаттар тарабынан сындарлы ұсыныстар айтылды. Олардың барлығын министрлік өз жұмысында ескеруі тиіс, деп ойлаймын.  Н.Сабильянов, А.Смайыл, М.Ахмадиев, О.Өксікбаев, О.Асанғазы және басқа  депутаттар өте орынды пікірлер айтты.

                Отырыс қорытындысы бойынша Үкіметке бірқатар ұсыныстар жобасы дайындалды.           Қосымша айтылған ұсыныстар мен пікірлер толық ескеріліп, Бас комитет тиісті жұмыс жасайтын болады»,- деп Мәжіліс Төрағасының орынбасары Үкімет сағатын қорытты.

 

***

Театр және музей саласының өзекті сұрақтары мен даму перспективалары жайлы баяндаған министрге депутаттар сұрақ қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Олардың барлығын министрлік өз жұмысында ескерілетіні айтылды. Тақырыпты аша түсуге депутаттарға қосымша көрме ұйымдастырылды.

 

 

(Сәуле Досжанова, т.74-63-01. Суретті түсірген Ж.Құспанов. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)

 

 

 

 

               

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі