Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
22.09.2014

МӘЖІЛІСТЕ: заң жобасының таныстырылымы


МӘЖІЛІСТЕ: заң жобасының таныстырылымы

 

Астана, 22 қыркүйек, Мәжіліс Үйі.

Мәжілістің  Экономикалық реформа және аймақтық даму комитетінің төрағасы Сейітсұлтан Әйімбетовтың жетекшілігінде  «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуын шектеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»  заң жобасының таныстырылымы болды.

Құжатпен депутаттарды Ұлттық экономика министрінің орынбасары Тимур Жақсылықов таныстырды.

«Ағымдағы жылғы 14 ақпанда Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында жеке компаниялардың капиталында мемлекеттің ықтимал қатысуы шарттарының, рәсімдерінің нақты тізбесін көздей отырып, «Yellow Pages Rule» қағидаттарын бекітетін заң жобасын әзірлеуді тапсырды.

Аталған тапсырманы орындау үшін Ұлттық экономика министрлігі Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Ұлттық басқарушы холдингтердің, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның қатысуымен тиісті заң жобасын әзірледі.

«Yellow Pages Rule» («Сары парақтар қағидалары») қағидаттары өз атауын бір ғасырдан аса дәстүрлі түрде сары қағазда басылатын, кәсіпорындар мен ұйымдар туралы мәліметтері бар анықтаманың түсіне қарай алған.

«Үш сары парақ» қағидасын алғашқы рет АҚШ-тың Индианаполис  қаласының мэрі енгізген болатын. Егер мемлекет телефон анықтамасында бар үш жеке компаниясы жүзеге асыратын қызметті көрсетуді көздесе, онда бұл жағдайда атқарушы биліктің осы қызметті көрсетуі жөнсіз деп саналды.

Қағидаттарды енгізу қажеттілігі бүгінгі күні байқалатын мынадай жағдайға байланысты.

Қазіргі уақытта, квази мемлекеттік секторды 6963 ұйымды құрайды: бұл оперативтік, шаруашылық басқару құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындар, жарғылық капиталына мемлекет қатысатын АҚ, ЖШС, сондай-ақ ұлттық холдингтер және компаниялар.

Республикалық меншікте 398 мемлекеттік кәсіпорын, мемлекет қатысуымен АҚ (ЖШС) бар. Коммуналдық      меншікте – мемлекет қатысатын 6023 ұйым бар. Ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар активтерінің құрылымында 542 ұйым бар.

Мемлекеттік активтерді салалық талдау мынаны көрсетті:

1. Республикалық меншікте 55 %-дан астамын әлеуметтік саланың ұйымдары құрайды, оның ішінде білім беру ұйымдары – 28 % (ғылым ұйымдары, ЖОО, колледждер), денсаулық сақтау ұйымдары – 15 % (санитариялық-эпидемиологиялық және медициналық сараптама, мамандандырылған ғылыми-медициналық орталықтар, оңалту орталықтары), мәдениет ұйымдары – 7 % (театрлар, мұражайлар, оркестрлер), мемлекеттік органдарға  әр түрлі қызметтер көрсететін – 18 % (әдіснамалық, зерттеу ұйымдары, Шаруашылық басқармасы), ауыл шаруашылығы ұйымдары – 6 % (балық, орман питомниктері, метеорология).

2. Коммуналдық меншік құрылымында 82 %-дан астамын әлеуметтік саладағы ұйымдар құрайды, оның ішінде білім беру ұйымдары – 53 % (балабақшалар, мектептен тыс ұйымдар, колледждер), денсаулық сақтау ұйымдары – 14 % (ауруханалар, емханалар, диспансерлер), мәдениет ұйымдары – 10 % (мәдениет үйлері, мұражайлар, театрлар) тұрғын үй-коммуналдық саладағы ұйымдар – 10 % (жылумен, энергиямен, сумен жабдықтау, абаттандыру), БАҚ – 2 %, ауыл шаруашылығындағы ұйымдар – 3 % (ветеринарлық қызметтер).

                Осылайша, ұйымдардың республикалық және коммуналдық меншіктегі айтарлықтай үлесі әлеуметтік секторда.

Халықаралық тәжірибені зерделеу және оны біздің заңнамаға имплементациялау жөніндегі кеңесші ретінде  Big Four деп аталатын төрт Ірі аудиторларлық компаниялардің төрттігіне кіретін «PricewaterhouseCoopers» компаниясы тартылады.

«Yellow Pages Rule» қағидаттарын АҚШ, Сингапур және Норвегия сияқты елдерде енгізу тәжірибесі зерделенді.

Алда айтып өткенімдей, қағидаттар алғашқы рет АҚШ-та, Джордж Кеннеди атындағы Гарвард мектебінің профессоры Стефан Голдсмит қолданған болатын. С. Голдсмит мэр лауазымын атқара отырып, Индианаполис Штатының мысалында «сары парақтар тестін» сынады, нәтижесінде мемлекеттік қызметтің 50 түрінен астамы бәсекелестік ортаға берілді, ал қызметті көрсетуге жұмсалатын шығыстар       400 астам млн. АҚШ долларына азайды.

«Сары парақтар» қағидалары алғашқы рет гольф алаңдарын, демалыс және ойын-сауық парктерін, мұражайларды, хайуанаттар парктерін жекешелендіру кезінде іске асырылды, бұл үздік сападағы қызметті аса төмен бағамен көрсетуге алып келген.

Қағидаттар заңнамалық түрде «Федералдық түгендеу туралы» АҚШ Заңында бекітілген, ол барлық агенттіктер жыл сайын функционалдық талдау жүргізеді және Бюджет және менеджмент министрлігіне/департаментіне функцияларды дәстүрлі және коммерциялық деп бөліп, олардың тізімін береді. Барлық коммерциялық функциялар/қызметтер одан әрі жекешелендіруге жатады.  

Сингапурдың мемлекеттік инвестициялық Темасек қоры өзінің инвестициялық портфелін бағалау кезінде мемлекет кәсіпорынды жеке сектор көрсететін қызметтерді ұсынатын кәсіпорын ретінде ұйымдастырмауға тиіс деген қағидатты басшылыққа алады.

Норвегияда мемлекет мемлекеттік кәсіпорындарындағы өзінің қатысуы дәрежесін үнемі бағалайды, ал мемлекеттік кәсіпорындар өз кезегінде мақсаттарына қарай төрт санатқа бөлінеді.

Норвегияның  жоғарғы мұнай кірістерін ұлттық әл-ауқат қоры, Мемлекеттік зейнетақы қоры (МЗҚ)  шоғырландырады және басқарады, сондай-ақ МЗҚ мемлекеттің шамадан тыс қатысуын, әсіресе таза коммерциялық мақсаттағы компанияларда қатысуын біртіндеп азайту қағидатын ұстанады. 

Халықаралық тәжірибені зерделеу барысында араласпау, теңдік, мемлекеттік компаниялардың еншілес құрылымдарын құруды, мемлекеттік органның рөлін күшейту, саяси транспаренттік және ашықтық, ықпал етуді реттейтін сайлау әділдігі қағидаттары мен бақылау қағидаты талданды.

Мынадай қағидаттар негіз қалаушы болып айқындалды:

-          мемлекеттік компаниялардың еншілес құрылымдарын құруды шектеу;

-          экономиканың бизнес қатысатын салаларында мемлекеттің қатыспауы;

-                      монополияға қарсы органның рөлін күшейту.

Осы қағидаттарды заңнамалық бекіту «Бәсекелестік туралы», «Мемлекеттік мүлік туралы», «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» заңдарда мыналар арқылы іске асырылуда:

-          жаңа мемлекеттік кәсіпорындарды және еншілес компанияларды құруда қатаң шектеуді енгізу;

-          анықталған қағидаттарға қарамастан құрылған мемлекеттік компанияларды ғана жекешелендіру;

-          монополияға қарсы органды күшейту.

Заң жобасында мемлекеттік компанияларды және еншілес ұйымдарды құру мынадай жағдайларда көзделген:

1) ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің, мемлекеттің қорғаныс қабілеттілігінің немесе қоғам мүдделерін қорғаудың басқа мүмкіндігінің болмауы;

2)  мемлекеттік меншіктегі стратегиялық объектілерді пайдалану және ұстау;

3)  мемлекеттік монополияға жатқызылған, сондай-ақ мемлекеттік саясатты жетілдіру бойынша тиімділікті талдау және ұсыныстар әзірлеу үшін құрылған салалардағы ұйымдардың қызметті жүзеге асыруы;

4) ұқсас немесе өзара алмастыратын тауарды өндіруді және (немесе) іске асыруды жүзеге асыратын жеке кәсіпкерлік субъектілерінің тиісті тауар нарығында болмауы;

5) мұндай құру Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарында немесе Үкіметінің шешімдерінде тікелей көрсетілген кезде.

Бұдан басқа, «Жеке кәсіпкерлік туралы» Заңда бекітілген критерийлерге сәйкес жеке кәсіпкерлік субъектілеріне жататын мемлекеттің қатысуымен ұйымдар құруға, сондай-ақ оларда мемлекеттік қатысуына тыйым салынады.

Қандай да бір нарықта бәсекелестік болмаған жағдайда мемлекет оның қатысуымен заңды тұлғаны құру туралы шешім қабылдай алады. Осындай заңды тұлға жобаның өзін-өзі ақтауы кезеңін ескере отырып, мемлекеттің осы заңды тұлғадан кейін шығуымен, мемлекеттік-жекешелік әріптестік қағидаттарында құрылуға тиіс.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік құралдарын қолдану кәсіпкерлік субъектілерінің бастапқы кезеңде мемлекеттің қолдауысыз дами алмайтын салаларда оларды құруға және өсіруге ықпал ететін болады.   

«Самұрық Қазына» Қорының сатып алуында бизнес субьектілерінің қатысуын қамтамасыз ету мақсатында, заң жобасында Қордың тобына кірмейтін кәсіпкерлік субъектілерінің қатысуымен конкурстық негізде сатып алу өткізу және олар болмаған жағдайда ғана өздерінің аффилирленген ұйымдарынан тауарларды сатып алу сияқты  Қордың міндеті көзделген. 

Осы қағидаттарға қарамастан мемлекеттің қатысуымен құрылған ұйымдар жекешелендірілуге, ал қатысу үлесі иеліктен шығарылуы тиіс.

Қолданыстағы заңнама мемлекеттік компанияларға монополияға қарсы органның келісімінсіз жеке бизнес қатысатын салаларда да жаңа қызмет түрлерін жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл мемлекеттік компаниялардың бар әкімшілік ресурсын ескере отырып, оларға тиісті салаларда басты орын алуға мүмкіндік туғызады.

Осыған байланысты, заң жобасында Монополияға қарсы органның тауарлы нарықтарын бәсекелістік ортаға беру үшін қызмет түрлерін және мемлекеттік компанияларды анықтау тұрғысында жыл сайынғы талдау жүргізуді бекітетін норма енгізіледі. 

Бүгінгі күні іс жүзінде мемлекеттік компанияларды сату кезінде мемлекеттік активтердің жоғары құны белгіленеді және мемлекеттік компаниялар жоғары бағаға сатып алушылардың болмауын пайдаланып, өз қызметін жүзеге асыруды жалғастырады. Осындай тәжірибе мемлекет қатысатын компаниялар үшін нарықта болуға мүмкіндік туғызады.

Осындай мүмкіндікті болдырмау мақсатында заң жобасында  мемлекеттің жүз пайыз қатысуымен кәсіпорындарды және заңды тұлғаларды міндетті жоюды, сондай-ақ осындай шешімді қабылдаған кезден бастап 2 жыл ішінде жекешелендірілмеген жағдайда мемлекеттің қатысу үлесін иеліктен шығаруды көздейтін норма енгізіліп отыр.

Жоғарыда көрсетілген талдау нәтижесі бойынша монополияға қарсы орган иеліктен шығаруға жататын мемлекеттік компаниялардың, сондай-ақ, бәсекелестік ортаға берілетін қызмет түрлерінің тізбесін қалыптастырып, оны Үкіметке жолдайды. 

Мемлекеттік компаниялар жүзеге асыруды жоспарлайтын әрбір жаңа қызмет түрі міндетті түрде монополияға қарсы органмен келісілуге тиіс дегенді көздейтін норма енгізіледі.

Бұдан басқа, монополияға қарсы орган жүргізетін тауар нарықтары талдауының ашықтығын мен жариялылығын қамтамасыз ету мақсатында заң жобасында жүргізілген талдаудың нәтижелерін еркін қол жеткізуге болатын ресми сайтта міндетті жариялауды көздейтін норма қарастырылып отыр. 

Қорыта келе, заң жобасын қабылдау елде кәсіпкерлікті және бәсекелестікті дамыту үшін жаңа серпін құруға мүмкіндік береді».

 

****

Заң жобасымен танысқан депутаттар өз пікірлерін ортаға салып, сұрақтарына жауап алды. Жұмыс тобы құрылып, оған жетекшілікке депутат Айгүл Соловьева бекітілді.

 

 

 

 

(Сәуле Досжанова. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі