Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
23.09.2014

МӘЖІЛІСТЕ – жол-көлік оқиғасы және өзіне -өзі қол жұмсау әрекетін төмендету тақырыбы талқыланды


МӘЖІЛІСТЕ – жол-көлік оқиғасы және өзіне -өзі қол жұмсау әрекетін төмендету тақырыбы талқыланды

 

Астана, 23 қыркүйек, Мәжіліс Үйі.

Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму  комитетінің төрайымы Гүлнар Иксанованың  жетекшілігіндегі кезекті кеңейтілген комитет отырысы өтті. Онда қазіргі таңда еліміздің өзекті мәселелерінің бірі болып табылатын –   жол-көлік оқиғасы және өзіне -өзі қол жұмсау әрекетін төмендету тақырыбы талқыланды.

Тақырыпқа алғашқы баяндаманы «Молодежь» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Жанар Буканова жасады.

Баяндамашының мәлімдеуінше, Қазақстанда 15-19 жас аралығындағы жастардың 31 000 –нан астамы өзіне-өзі залал келтіру салдарынан ажалынан бұрын өлген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша еліміз суицид жиілігі жүз мың адамға шаққанда 15 оқиға құрайтын елдердің қатарына кіреді. Суицид мөлшері ең жоғары 20 елдің ортасында онныншы болып тұрмыз.  Тіпті, 10-14 жас аралығындағы бозбалалар мен бойжеткендер арасындағы өлім коэфициенті бойынша Қазақстан 1-ші орында.

Мемлекеттік органдардың жастардың арасындағы өлім көрсеткішін төмендету жолындағы жұмысы тиімді болу үшін оның себептеріне жүйелі және тереңдетілген талдау жүргізілуі қажет.

Еліміздегі әр баланың өмірмен мезгілісіз қоштасуы барлығымызға орны толмас қайғы әкелері анық. Соңғы жылдары қоғамда адам өмірі, әр ата-ананың қызы немесе ұлынің өмірі, оқушы немесе студенттің өмірі үшін алаңдаушылық тууда. Осы қайғылы оқиғадан балаларды қалай аман алып қаламыз, олардың өмірден озуларына қандай себептер болды? Қанаты қатаймаған жасөспірім өміріндегі мәселені шешу үшін оған қандай жағдай жасалмады? деген ойлар күн сайын көкірегімізде жүреді.

Жалпы, тұлғаның дағдарысқа ұшырауы, басқа адамдармен тіл табыса алмауы, жеке адам ретінде даму мүмкіндігінің болмауы суицидке соқпақ салады. Өзіне өзі қол салуға итермелейтін психологиялық өзгерістерге сыртқы қоршаған ортаның, әлеуметтік факторлардың және басқа түйткілдердің себеп болып жататындығы тағы аян.

Бүгінгі жиналған қауымның бар арман-тілегі кәмелеттік жасқа толмағандар арасындағы суицид мәселесін түбегейлі жою және балаларымыздың ішкі ойларымен бөлісе алуына ықпал жасаудың тиімді жолдарын іздеу.

Басқосуда  Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарындағы жасөспірімдерді суицидтен алдын-алу шаралары жайындағы тәжірибелерін ортаға салды.

 

Отырысқа қатысушылар  Антуана де Сент-Экзюперидің: «Біз өмірдегі өз орнымызды білгенде ғана, тіпті, ол орын өте қарапайым және елеусіз болса да, біз шынайы бақытты бола аламыз...» деген ойымен келісіп, «…кез келген жанды құтқару – әр адамның қолында» деген тұжырыммен шараны қорытындылады.

 

(Сәуле Досжанова. Т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі