Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
30.09.2014

МӘЖІЛІСТЕ: сумен жабдықтау және су бұру мәселелері бойынша заң жобасының таныстырылымы өтті


МӘЖІЛІСТЕ: сумен жабдықтау және су бұру мәселелері бойынша заң жобасының таныстырылымы өтті

 

Астана, 30 қыркүйек,Мәжіліс Үйі.

 

Мәжілістің  Экономикалық реформа және аймақтық даму комитетінің төрағасы Сейітсұлтан Әйімбетовтың жетекшілігінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сумен жабдықтау және су бұру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы  болды.

Ұлттық Экономика министрінің орынбасары Қайырбек Өскенбаев баяндама жасады. 

Заң жобасында Қазақстан Республикасының Су, Жер және Экологиялық кодекстеріне, «Мемлекеттік мүлік туралы», «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» Заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделеді.

Су кодексінде:

баланстық тиесілілікті бөлу шекарасы мен пайдалану жауапкершілігін айқындау бөлігінде ұғымдық аппарат қайта қаралады;

сумен жабдықтау және су бұру саласында құқықтық қатынастарға  қатысушылар мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз ету, сондай-ақ энергия және суды үнемдеу технологияларын енгізу және басым дамыту үшін жағдайлар жасау бөлігінде су заңнамасының мақсаттары мен міндеттері нақтыланады;

елді мекендердің ауыз сумен жабдықтау және су бұрудың иесіз жүйелеріне және (немесе) олардың құрамдас элементтеріне жатқызу, сондай-ақ оларды есепке алу тәртібін айқындайды.

Бұдан басқа, Су кодексінде сумен жабдықтау және су бұру саласында тұтынушылардың құқықтары мен міндеттері айқындалады. Атап айтқанда:

шаруашылық-ауыз суды тұтыну үшін санитариялық-эпидемиологиялық қағидаларға сәйкес ауыз сумен жабдықтау жүйелерінен сумен үзіліссіз қамтамасыз етілу;

ауыз судың сапасы және оны берудің ықтимал тоқтап қалуы туралы ақпарат алу;

объектілері тұрғын үй, денсаулық сақтау саласы және азық-түлік өнімдерін өндіру үшін пайдаланылатын болса, ауыз судың сапасы нормаларына және ауыз суды тұтыну нормаларына сәйкес бірінші кезектегі тәртіпте ауыз сумен жабдықтау жүйесінен ауыз сумен қамтамасыз етілу құқықтары.

Тұтынушылардың:

Елді мекеннің сумен жабдықтау және су бұру желілеріне қосылуға техникалық шарттарды, жеке құрылыс салу үйлерінде тұратын тұтынушылар үшін мемлекеттік сәулет органдары орындаған меншік желілердің атқарушылық түсірілімінің болуы;     

зиянды заттардың жол берілетін шоғырлануынан асатын ластанған сарқынды суларды ағызуға жол бермеу;

қосалқы тұтынушылардың сумен жабдықтау және су бұру меншік желілеріне сумен жабдықтау және су бұру жөніндегі ұйымның рұқсатысыз  қосылмау міндеттері.

Жер кодексіне жер учаскесін таңдау актісін рәсімдеген кезде қолданыстағы инженерлік коммуникацияларды бөлінетін учаске шекарасының сыртына шығару қажеттілігі туралы норма енгізіледі.

Күнделікті пайдалану барысында, әсіресе аварияларды жою қажет болған жағдайда сумен жабдықтау және су бұру желілеріне еркін қол жеткізу талап етіледі. Техниканың жүруі, тиісті жұмыс түрлерін жүргізу мүмкіндігі қамтамасыз етілуге тиіс.  

Экологиялық кодекс бойынша – қазіргі уақытта тоған-жинағыштар, тоған-буландырғыштар, биологиялық тоғандар, сүзгілеу алаңдары қандау құрылыстарға жатқызылатыны жөнінде бір мағыналы түсінік жоқ.

Енгізіліп отырған толықтыру осы объектілерді сарқынды суларды биологиялық тазарту құрылыстарына жатқызуға мүмкіндік береді (225-бап).

ТМД-нің басқа елдерінде сияқты Қазақстанда сумен жабдықтау және су бұру бойынша қызметтерді бір кәсіпорын – су арнасы көрсетеді. Көптеген жағдайларда бұлар – шаруашылық жүргізу құқығындығы мемлекеттік кәсіпорындар. Алайда, «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңында су бұру саласындағы мемлекеттік кәсіпорындардың қызметі көзделмеген және осы Заң жобасында тиісті толықтыру енгізу көзделеді.

Энергия мен суды үнемдеу, ауыз суды тиімді пайдалану талаптарын негізге ала отырып, «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының нормаларын суды коммерциялық есептеу аспаптарын міндетті түрде орнатуға қатысты нақтылау ұсынылады. 

 

***

 

Заң жобалары бойынша жұмыс тобының жетекшісі болып  депутат Әмірхан Рақымжанов бекітілді.

 

(Сәуле Досжанова. Т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі