Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
30.09.2014

С. ДЬЯЧЕНКО ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАҚЫЛАУШЫЛАР ТОБЫМЕН КЕЗДЕСТІ


С. ДЬЯЧЕНКО ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАҚЫЛАУШЫЛАР ТОБЫМЕН КЕЗДЕСТІ

 

Астана. 30-қыркүйек. Мәжіліс үйі.  ҚР Парламенті Мәжілісі  төрағасының орынбасары С. Дьяченко ТМД ПАА қатысушы-мемлекеттер Ассамблеясы атынан келген халықаралық бақылаушылар тобымен кездесті.

Аталған топ ертең Қазақстанда өтетін Парламент Сенаты депутаттарын сайлау үдерісін бақыламақ. Топ құрамында ТМД ПАА қатысушы-мемлекеттердің, яғни: Әзербайжанның, Арменияның, Қырғызстанның, Молдованың, Ресей Федерациясының, Тәжікстанның жоғары заң шығарушы орган депутаттары, сондай-ақ, ТМД ПАА қатысушы-мемлекеттер азаматтардың сайлау құқын қорғау, парламентаризмді, демократияны дамыту халықаралық мониторинг институтының сарапшылары бар.

С. Дьяченко халықаралық бақылаушылардың сайлау үдерісін толықтай сүзгіден өткізуі үшін барлық жағдай жасалғанын тілге тиек ете келіп, Сенат сайлауын өткізуде еліміздің қолданысытағы заңнама талаптары қатаң сақталатынын және дауыс беруді ұйымдастыру мен өткізу халықаралық ережелерге сай болатынын алға тартты.

Мәжіліс Төрағасының орынбасары ТМД ПАА  аясында барлық салада ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған өзара іс-қимыл маңыздылығына да баса назар аударды. Жемісті жұмыстардың алдағы уақытта да өз жалғасын табатынына сенім білдірді.

Өз кезегінде бақылаушы топ мүшелері қазақстандық тараптың ілтипатына ризашылықтарын білдіріп, біздің елге келудегі басты миссияларын абыроймен атқаруға дайын екендіктерін жеткізді.

 Тәжікстан Республикасы милли Мәжілісінің депутаты, бақылаушылар тобының үйлестірушісі Фарход Рахимов сайлауды толыққанды, жоғары деңгейде бақылау үшін барлық мүмкіндіктер қаралғанын айта келіп, Сенат сайлауының заң талаптарына сәйкес ашық әрі әділ өтетініне сенім білдірді.

Орталық сайлау комиссиясының ақпараттарына сүйенсек, еліміз бойынша 16 депутаттық орынға 39 үміткер тіркеліп отыр.

(Зәмеш Кеңесқызы,-74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі