Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
22.10.2014

ЖОҒАЛУҒА АЙНАЛҒАН АҢ-ҚҰСТЫ ҚОРҒАЙТЫН ҰЛТТЫҚ ТАБИҒИ ҚОРЫҚТАР ЖАСАУ МӘСЕЛЕСІН ҚОЛҒА АЛАЙЫҚ


ЖОҒАЛУҒА АЙНАЛҒАН АҢ-ҚҰСТЫ ҚОРҒАЙТЫН ҰЛТТЫҚ ТАБИҒИ ҚОРЫҚТАР ЖАСАУ МӘСЕЛЕСІН ҚОЛҒА АЛАЙЫҚ

 

 

  Астана, 22 қазан, Мәжіліс Үйі.

Мәжілісте Палата Спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутат Омархан Өксікбаев Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.Мәсімовке депутаттық сауал жолдады.

                                              

Бұл сауалға Алматы және Қызылорда облыстарындағы депутаттық кездесу барысында өңір тұрғындарының айтқан өтініштері себеп болды.

Өңір тұрғындарының бақылауы бойынша еліміздің фаунасы тез қарқынмен сиреп бара жатыр. Жабайы құстар мен аңдар жойылуға таяу. Бұған дәлел ретінде «Қызыл кітапқа» енгізілген жануарлар санының көбеюін атап айтуға болады. Осыған қарамастан, аң және құс аулау шаруашылығы тез дамып келеді. Жалға берілген аң шаруашылықтары фаунаны қайта жаңғыртумен айналыспайды, олар тек пайда табу мәселесін көздейді. Фаунаны қорғауға уәкілетті органдардың қажетті деңгейде бақылау жүргізуге қауқары жоқ. Себебі, техникалық жабдықталуы төмен, әрі үлкен аумақты бақылауға штат қызметшілерінің саны жеткіліксіз. Сонымен бірге, аң аулау қару-жарақтарының шексіз көлемде сатылуы біз мақтаныш ететін жануарлар әлемінің толығымен жойылуына себеп болып отыр.

Уәкілетті органдар жабайы жануарлардың миграциялық процесі мен олардың бас санын зерттеуді тоқтатқан, бұл фаунаның тез арада жойылуына ықпал етуде.

Жоғарыда айтылған мәселелерді ескере отырып, мыналарды ұсынамын:

1)                             жабайы жануарлар әлемін зерттеумен айналысатын институттарға қосымша қаржы бөлуді және аң шаруашылықтарына өз құзыреті шегінде рұқсат беру құқығын шектеуді қарастыруды;

2)                             фаунаны қайта жаңғырту және жануарлар миграциясын азайту мақсатында көктем мезгілінде аң мен құстың барлық түрін аулауға қатаң тыйым салуды;

3)                             жоғалуға айналған аңның төлдейтін, құстың балапандайтын жерлерін зерттеп, сол жерлерді қорғалатын ұлттық табиғи қорықтарына айналдыру мәселесін қолға алуды қамтамасыз етуді.

 

                                                                                                       

(Сәуле Досжанова. Т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі