Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
22.10.2014

ҚЫМЫЗ ӨНДІРУГЕ МЕМЛЕКЕТТІК МАҢЫЗ БЕРУ ҚАЖЕТ


ҚЫМЫЗ ӨНДІРУГЕ МЕМЛЕКЕТТІК МАҢЫЗ БЕРУ ҚАЖЕТ

 

Астана, 22  қазан, Мәжіліс Үйі.

Мәжілісте Палата Спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутат Алдан Смайыл Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.Мәсімовке депутаттық сауал жолдады.

 

Біздер, Мәжіліс депутаттары, Республика Үкіметіне ұлттық тағамдарды, атап айтқанда қымыз өндіруге мемлекеттік маңыз беру қажет екендігін мәлімдеп, екі рет сауал жолдағанбыз. Соңғы сауалға Үкімет басшысының тарапынан берілген жауапта біз көтерген ұсыныс-талаптардың қолдау табатындығы атап көрсетілген еді. Мәселен, сауылатын биені бағып күтуге берілетін субсидияның көлемін ірі қараға бөлінетін қаржы деңгейіне дейін жеткізу туралы ұсыныс орынды екені айтылды. 2013 жылы қымызды субсидиялауға 307,2 млн. теңге бөлінген, бұл 2012 жылға қарағанда екі есе көп. 2014 жылдан бастап 280 жылқы шаруашылығына жаңа техника мен құрал-жабдық сатып алуға кететін шығынның 50 пайызын өтеу үшін инвестициялық субсидиялар бөлінетін болды. М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде «Қазақтың ұлттық тағамдары» ғылыми орталығын ашу жөніндегі ұсыныс та қолдау тапты.

Ұлттық мүддеден туған осы талап-тілектердің жүзеге асырылғаны үшін мың да бір рахмет. Бізді толғандырып отырғаны – депутаттық сауалдағы басқа екі өтініштің Үкімет тарапынан мақұлданғанымен, әлі күнге кешеуілдетіп жатқаны. Соның бірі – қымыз және ұлттық тағамдар туралы Қазақстан Республикасы Заңының жобасын әзірлеу. Үкімет басшысы берген жауапта қымыз және ұлттық тағамдар өндірісін дамыту мәселесі Қазақстан Республикасы Конституциясының 61-бабы 3-тармағындағы аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін тізімде қаралмағандықтан арнайы заңмен емес, салалық заңнамалық актілерге толықтырулар енгізу арқылы реттелетін болады делінген еді.

Содан бері жылға жуық өтті, қозғалыс жоқ. Елімізде қымыз бен шұбат, басқа да ұлттық тағамдар өндіруге жаппай құлшыныс бар екенін, бұл сала ауыл экономикасын, тұтастай алғанда ұлттық экономиканы дамытудың ықпалды саласы бола алатынын ескеріп, аталған мәселені жеделдетуді өтінеміз.

Ел күтіп отырған екінші шара – қымыз өндірушілердің республикалық және аймақтық палаталарын құру. Үкіметтің тарапынан бұл талап та қолдау тапқан болатын. Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстан Республикасының «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» Заңына қой және жылқы шаруашылықтары саласындағы жеке және заңды тұлғалардың мүдделерін қорғау үшін республикалық палаталарды құру жөнінде өзгерістер енгізетіні және Парламент Мәжілісінің қарауына ұсынылатыны айтылған еді. Алайда әлі күнге нақты шешімін тапқан жоқ. Сондықтан бұдан әрі кешіктірілмеуін сұраймыз.

Аталған мәселелер барынша өзекті, себебі қымыз өндіру қарқыны жыл сайын артуда, оны шетелдер де игеруде, жаңа өндірістік құрылымдар пайда болуда. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Евразия Инвест LTD» компаниясы Қарағанды мен Астана қалаларының орта тұсында биенің құрғақ сүтін, балаларға арналған емдік-диеталық тағам өндіретін зауыт салуда. Ресейде мұндай тағамның жылына 500 тоннасы шығарылады.

Осындай ауқымдағы шаралар заңмен реттелуі қажет. Біз бұл шешімге бәрібір келеміз, сондықтан ұзын арқан, кең тұсауға сала бермейік.           

 

 

 

                                                                                                    

(Сәуле Досжанова. Т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі