Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
22.10.2014

ҚАРЖЫЛЫҚ ҚҰЖАТТАРДЫҢ САЛМАҒЫ БАСЫМ БОЛДЫ


ҚАРЖЫЛЫҚ ҚҰЖАТТАРДЫҢ САЛМАҒЫ БАСЫМ БОЛДЫ

 

                Астана, 22 қазан, Мәжіліс үйі.  Мәжіліс Спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста мемлекетіміздің бас қаржылық құжаттарына қатысты бірқатар заң жобалары назарға алынды.

Ең әуелі «2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы жұмысқа қабылданды.  Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарағұсованың атап өткеніндей, заң жобасы негізінен аталған жылдар бюджетіне өзгерістер енгізе отырып, 2014-2018 жылдарға арналған макроэкономикалық өзгерістер болжамын нақтылауға жол ашады. Комитет осы заң жобасы бойынша ағымдағы жылдың 26-қарашасына дейін қорытынды әзірлемек.

Ал, «2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасымен жұмыс одан әрі жалғасып, қорытынды әзірлеу мерзімі үстіміздегі жылдың 30-қарашасына дейін ұзартылды. Дәл осы уақытта аталған комитет «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2015-2017 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасы бойынша да қорытынды әзірлейтін болады.

Жалпы отырыста Палата Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы автомобиль өткізу пункттерінде ветеринариялық-санитариялық бақылау және өсімдіктер карантині бойынша бақылау функцияларын кеден органдарына беру мәселері бойынша Сенат енгізген 28 түзетумен келісті.  Алайда ол, аталған заң жобасының тұжырымдамалық ережелерін өзгертпейді.

Осы күні Мәжіліс Қазақстан және Беларусь азаматтарының екі елдің аумағында болу тәртібі туралы Келісімді ратификациялауға қатысты заң жобасын жұмысқа қабылдады.

 

(Зәмеш Кеңесқызы-74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі