Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
22.10.2014

«ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТІЛЕР ТУРАЛЫ» ЗАҢ ЖОБАЛАРЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ


«ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТІЛЕР ТУРАЛЫ» ЗАҢ  ЖОБАЛАРЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Астана, 22 қазан. Мәжіліс Үйі.

ҚР Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Рахмет Мұқашевтің жетекшілігінде  «Құқықтық актілер туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқықтық актілер мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заң  жобалары таныстырылды. Отырысқа Мәжіліс Төрағасының орынбасары Сергей Дьяченко қатысты.

Заң жобасымен Әділет министрінің орынбасары Зәуреш Баймолдина таныстырды.

1.     «Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Конституциялық Кеңестің 2013 жылғы 6 наурыздағы № 1 нормативтік қаулысын іске асыруға бағытталған, онда «құқықтық акті» деген термин өзінің мазмұны жағынан «нормативтік құқықтық акті» деген терминнен кеңірек, ал Конституцияның 83-бабының 1-тармағында пайдаланылатын «басқа құқықтық актілер» деген түсінік нормативтік сипаттағы да, көрсетілген белгілері жоқ өзге де актілердің барлығын қамтиды.

Осыған байланысты Заң жобасында құқықтық актілер нормативтік құқықтық және нормативтік құқықтық емес актілер болып 2 топқа бөлінген.

Нормативтік құқықтық актілер ретінде қазіргі таңда қолданылып жүрген нормативтік құқықтық актілер мен олардың түрлерін қарау ұсынылады.

Нормативтік емес құқықтық актілер тобына  нормативтік құқықтық актілерді ресми түсіндіру актілерін;  жеке қолданылатын құқықтық актілерді;

Мемлекеттік басқару жүйесі саласындағы құқықтық актілерді жатқызу ұсынылады.

2.                   Заң жобасында заң жобалау қызметін жоспарлаудың жаңа нысанын – Заң шығару жұмыстарының Парламентті шақыру кезеңіне арналған тұжырымдамалық жоспарын енгізу ұсынылуда.

Тұжырымдамалық жоспар ұзақ мерзімді жоспарлау мақсаттарына сай келетінін және заң жобалау жұмыстарының перспективалық жоспарына қарағанда неғұрлым прагматикалық болып табылатынын ескере отырып, Заң жобасында заң жобалау жұмыстарының перспективалық жоспарларын қалыптастыру қажеттігін алып тастау ұсынылады.

 

3. Заң жобасында оның мақсатын заңнаманың тиімділігін бағалауға және болжауға қайта бағдарлай отырып, құқықтық мониторинг институтын жетілдіру ұсынылады, өйткені олқылықтарды, қайшылықтарды, ескірген, сыбайлас жемқорлық туғызатын және тиімсіз нормаларды айқындау бойынша «Нормативтік құқықтық актілер туралы» Заңда айқындалған құқықтық мониторингтің мақсаты тек қана мониторинг жүргізу құралы болып табылады.

4. Заң жобасында қажеттігі бағдарламалық құжаттармен, сондай-ақ қолданыстағы тәжірибемен айқындалған «шоғырланған заң», «заң жобасының тұжырымдамасы»,  «заң ұқсастығы», «құқық ұқсастығы», «номативтік құқықтық актінің заңдық күші» деген кейбір терминдер мен анықтамаларды енгізу ұсынылады.

5. Ресми түсіндіретін субъектілерге мыналарды:

1) заңнамалық актілер бойынша  – прокурорды, бірақ тек өтінім тәртібімен, яғни жеке не заңды тұлғалардың заңнамалық актілерді білмеуі немесе дұрыс түсінбеуі заңнамалық актілерді не адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын бұзуға әкеп соғуы мүмкін деп пайымдауға жеткілікті негіз болған кезде ғана;

2) Үкімет қаулылары бойынша – Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша Әділет министрлігін мүдделі мемлекеттік органдармен бірге;

3) заңға тәуелді нормативитік құқықтық актілер бойынша – оларды қабылдаған (шығарған) органдар мен олардың лауазымды адамдарын белгілеу ұсынылады.

Егер сол немесе өзге актіні түсіндіру мемлекеттік органдардың құзыретіне жатпайтын болса, алайда олар  белгілі бір салада мемлекеттік саясатты жүргізетін болса немесе тиісті мәселелерді шешу олардың құзыретіне жатқызылған болса, мемлекеттік органдардың түсіндіру актілерін де ресми түсіндіру актілеріне жатқызу ұсынылады.

6. Жеке қолданылатын құқықтық актілерге мемлекеттік органдардың бір рет қолданылуға не уақыты бойынша өзге шектеулерге есептелген,  адамдардың белгілі бір айқындалған тобына қолданылатын,  адамдардың белгілі бір айқындалған тобының заңнамада белгіленген құқықтары мен міндеттерін қолданатын және (немесе іске асыратын) актілерін жатқызу ұсынылады.

7. Мемлекеттік жоспарлау жүйесі саласындағы құқықтық актілер жеке нормативтік емес құқықтық актілер санатына бөліп шығарылған, өйткені олардың өзі құқық нормаларын туғызбайды, іске асырмайды және оларды қолданбайды.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқықтық актілер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2014 жылға арналған жоспарының 18-тармағына сәйкес әзірленген және  қолданыстағы заңнамалық актілерді «Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының Заң жобасына (бұдан әрі – Негізгі заң жобасы) сәйкес келтіруге бағытталған.

Негізгі заң жобасында жеке-дара  қолданатын құқықтық актілер мәселесін регламенттеу ұсынылып отыр, осыған байланысты «Әкімшілік рәсімдер туралы» Заңнан тиісті ережелер алып тасталады.

Бұдан басқа, негізгі заң жобасында прокурор түсіндірме беретін актілер тізбесін кеңейту көзделеді. Қазіргі уақытта жеке не заңды тұлғалардың заңдарды білмеуі немесе дұрыс түсінбеуі заңдарды не азаматтың немесе адамдардың белгісіз бір тобының құқықтары мен бостандықтарын бұзуға әкеп соғады деп пайымдауға жеткілікті негіздер бар болған кезде прокурор заңның мазмұнына түсініктеме береді.

Негізгі заң жобасында прокурорлардың заңнама актілеріне  түсіндірме беру мүмкіндігін белгілеу ұсынылады, осыған байланысты «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының Заңына соған ұқсас түзетулер енгізілуде.

Негізгі заң жобасында, сондай-ақ, Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша Үкіметтің нормативтік құқықтық актілеріне ресми түсінік беруді Әділет министрлігінің  мүдделі мемлекеттік органдармен бірге жүзеге асыруы  көзделген.

Осыған байланысты «Әділет органдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына тиісті түзетулер енгізілуде, оларға сәйкес әділет органдары Қазақстан Республикасының Үкіметі және Премьер-Министрінің тапсырмасы бойынша және өз бастамашылығымен нормативтік құқықтық актілерге ресми түсіндірме береді.

Негізгі заң жобасында жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілер жобаларын жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктеріне және Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына сарапшылар кеңесі арқылы жіберу қажеттігін алып тастау ұсынылады.

Осыған байланысты, «Жеке кәсіпкерлік туралы» Заңға ұқсас түзетулер енгізу қажет.

 «Нормативтік құқықтық актілер туралы» Заңның күші жойылды деп танылғандықтан, «Демпингке қарсы шаралар туралы» Қазақстан Республикасының Заңын негізгі заңға сәйкес келтіру жүргізілуде және  негізгі заңға сілтемені өзгерту қажеттігі туындайды.

 

***

Заң жобасы енді  жұмыс тобының жетекшісі депутат Рамазан Сәрпековтің басшылығымен депутаттардың талқылауына түсетін болады.

 

(Сәуле Досжанова. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі