Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
29.10.2014

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БЮДЖЕТКЕ ЕНГІЗІЛГЕН ӨЗГЕРІСТЕР МАҚҰЛДАНДЫ


РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БЮДЖЕТКЕ ЕНГІЗІЛГЕН ӨЗГЕРІСТЕР  МАҚҰЛДАНДЫ

 

Астана. 29-қазан, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста бірқатар маңызды заң жобалары депутаттар талқысынан өтті. 

Ең алдымен  «2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы қаралды.

Жалпы елдегі экономикалық жағдайды талдау негізінде макроэкономикалық көрсеткіштердің өлшемдерін нақтылау және 2014-жылдың қаңтар-қыркүйек айларындағы іс жүзіндегі түсімдерге сүйене отырып, есептеулердi нақтылау 2014 жылғы республикалық бюджеттiң кiрiстерiн қайта қарауға негiз болып отыр.

Республикалық бюджеттің кірістерін болжамдау кезінде оларды ұлғайтатын да, азайтатын да факторлар есепке алынған. Ол бойынша 2014-жылға арналған республикалық бюджет кiрiстерiнiң нақтыланған болжамы (трансферттер түсiмдерiн есепке алмағанда) 2014-жылдың бекiтiлген жоспарына қарағанда 420 742 279 мың теңгеге азая отырып, 3 940 411 953 мың теңге сомасында айқындалған, оның iшiнде салықтық емес түсiмдер бойынша – 460 511 297 мың теңгеге азайған және салықтық емес түсiмдер бойынша 39 501 803 мың теңгеге, негiзгi капиталды сатудан түсетiн түсiмдер бойынша 267 215 мың теңгеге ұлғайған.
2014 жылғы республикалық бюджет кiрiстерi бекiтiлген жоспарға қарағанда 462 521 933 мың теңгеге азаяды деп болжанған, кiрiстер 41 779 654 мың теңгеге ұлғайған.

2014 жылға арналған республикалық бюджеттің тапшылығы 1 082 849 054 мың теңгені немесе ЖІӨ-нің  2,6 %-ын құрайды.

Инфляция бойынша өлшемдер жыл соңында болжамданған 6-8 % дәлізде сақталады.

Ал, 2014-жылға арналған Ұлттық қорға бағытталатын мұнай секторы ұйымдарынан түсетін түсімдердің нақтыланған болжамы мұнайға әлемдік бағаның бір барреліне 95 доллар, мұнайдың өндіру көлемі 81,8 млн.тонна және АҚШ долларына теңгенің бағамынан сүйене отырып, 3 344 388 304 мың теңгені құрады.

Мұнай секторы бойынша тікелей салықтар мен басқа да түсімдер көлемі 3 343 458 272 мың теңге сомасында болжамдалады немесе бекітілген жоспарға қарағанда 148 055 924 мың теңгеге азаяды.

2014-2016 жылдарға арналған бюджетке қатысты ҚР Ұлттық Экономика министрі Е. Досаев, ҚР Қаржы министрі Б. Сұлтанов, ҚР Ұлттық банк төрағасы Келімбетов баяндама жасады.

Мәжілісмендер белгілі бір бағдарламалар бойынша қайталанып отыратын, қаражаттың игерілмеуі, сондай-ақ мемлекеттік органдардың әкімшілендіру деңгейінің жеткіліксіздігін, ойластырылмаған жоспарлау мен күтілетін нәтижелер болжамының нашарлығын сынға ала отырып, өзекті сұрақтарды алға тартты.

Одан әрі күн тәртібі бойынша «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы дипломатиялық өкілдіктердің ғимараттарын салу үшін жер учаскелерін өзара беру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды.

Келісімнің басты мақсаты екі ел арасындағы достық қарым-қатынастарды нығайту, Қазақстан Республикасының – Қытай Халық республикасындағы дипломатиялық өкілдіктерінің болуы мен жұмыс істеуінің тиісті жағдайларын қамтамасыз ету болып табылады.

Осы күні Сенат қарауына жолданған «Дамуға ресми көмек туралы» заң жобасына келсек,  ол әріптес елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жәрдемдесу мақсатында Қазақстан Республикасының оған дамуға ресми көмек көрсетуі үрдісінде туындайтын қатынастарды құқықтық реттеу болып табылады.

Заң жобасында дамуға ресми көмекті реттеу жүйесі нақты регламенттеледі. Дамуға ресми көмектің Қазақстандағы қаржыландыру көздері бюджет қаражаты, жеке және заңды тұлғалардың ерікті қайырымдылықтары мен аударымдары, оператордың қызметінен түсетін кірістер, еліміз заңнамасында тыйым салынбаған басқа да түсімдер болмақ.

 «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» құжаттың негізгі міндеті – энергия тиімділігін арттыру тетігін одан әрі жетілдіру және өндіріс секторы мен энергия ресурстарын тұтыну саласында озық энергиялық тиімді технологияларды қолдану.

Жоғарыда аталған маңызды құжаттармен қатар жалпы отырыста сот төрелігін іске асыруды одан әрі жеңілдету, төрешілдік рәсімдерді азайту мәселелері бойынша Парламент Сенаты енгізген түзетулер  халық қалаулылары тарапынан қолдау тапты. 

Ал, мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру мәселелері бойынша Сенат енгізген түзетулер  палатааралық келісім комиссиясына жолданды.

 

(Зәмеш Кеңесқызы, 74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)

 

 

 

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі