Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
30.10.2014

МӘЖІЛІСТЕ БҮКІЛҚАЗАҚСТАНДЫҚ МӘДЕНИЕТТІҢ ҚАЗІРГІ ЖАЙ КҮЙІ ЖӘНЕ ДАМУ ҮРДІСТЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ


МӘЖІЛІСТЕ БҮКІЛҚАЗАҚСТАНДЫҚ МӘДЕНИЕТТІҢ ҚАЗІРГІ ЖАЙ КҮЙІ ЖӘНЕ ДАМУ ҮРДІСТЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Астана, 30 қазан. Мәжіліс Үй.

               

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің ұйымдастыруымен «Мәдениет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасымен жұмыс шеңберінде «Бүкілқазақстандық мәдениеттің қазіргі жай күйі және даму үрдістері» тақырыбында социологиялық зерттеу нәтижелерінің таныстырылымы өтті.

Таныстырылымды Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Ахмадиев жүргізіп, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің хатшысы Майра Айсина беташар сөз сөйледі.

Негізгі баяндаманы «Бүкілқазақстандық мәдениеттің қазіргі жай күйі және даму үрдістері» деген тақырыпта Еуразиялық интеграция институтының директоры, заң ғылымының кандидаты Ж.Д. Құсманғалиева жасады.

                Таныстырылым шегінде Қазақстан мәдениетінің даму проблемалары талқыланды, сондай-ақ белсенді түрде пікір алмасу өтті, оның барысында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, филология ғылымының кандидаты, философия ғылымының докторы, мәдениеттану доценті Альмира Наурызбаева, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Орталық Азия өңіріндегі этникааралық және конфессияаралық қарым-қатынастарды зерделеу орталығының басшысы, социология ғылымының докторы Айгүл Сәдуақасова, театр сыншысы, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Әшірбек Сығаев, кино режиссері, сценарий жазушы, продюсер Рашид Нұғыманов ойларын ортаға салды.

«Осыменен бірнеше мәрте сіздердің отырыстарыңызға қатысып келемін, түбегейлі қалыптасқан шешуін көптен таба алмай келе жатқан  проблемаларды шешіп келесіздер. Тәуелсіздік жылдарында жаңа театрлар ашылды, ашылып жатыр. Солтүстік Қазақстанның С.Мұқанов театры, Қостанайдың И.Омаров театры, Ақтаудың Н.Жантурин театры, Түркістанда, Созақта да жаңа театрлар бой көтерді, осыған шүкіршілік етелік,- деп бастады сөзін ҚР халық әртісі, профессор Есмұхан Обаев.

                «Бүгінде алты тілде сөйлейтін театры бар бірде-бір мемлекет әлемде жоқ. Ал бізде қазақ, орыс, кәріс, неміс, ұйғыр, өзбек театрлары жұмыс істейді. Бұл біздің мемлекетіміздің  өрбіп-өскен,  іргелі мемлекет екендігін айқындайды.  Театрлардың бәрі қаржыландыруда, қойылым қаражаттарын алуда, жазушы-драматургтерге, қоюшы-режиссерларға қойылым қаламақылары төленіп, театрдың шығармашылық бетін әлемге әйгілеуге көптеген ұтымды іс-шаралар жасалуда.  Әлемге әйгілі режиссерлар Вайткус, Бикчентаев, Додиндерді шақырып, қойылымдар қойғызу қазақ театрларының бүгінгі бет-болмысын әлемдік театр кеңістігіне таратуға мүмкіндік жасап отыр.  Жас буын көрермендер үшін экспериментальді спектакльдер қойып, әлемдік театр үрдісін қазақ театрларында дамытып келеді. Бұл үлкен құптарлық және мақтанарлық жәйт.

                Осындай қуаныштармен қатар бүгінгі қазақ театрларында шешімін таппаған және сіздерден көмек қажет ететін проблемалар да аз емес. Театрдың ары да, бары да режиссер десек, сол режиссерлар бүгінде театрдың өріп өсуіне қол байлау болып отыр. Себебі, оларды дайындау проблемасы кезек күттірмейтін нәрсе. Неге Президенттің «Болашақ» бағдарламасы арқылы қазақ режиссерларын шет елдерде дайындау қолға алынбайды? Неге стажировкаға жіберілмейді? Бұрындары, Мәскеу мектебінде талай өнер жетекшілері дайындалған еді, олар режиссерлар, балетмейстерлер, дирижерлар, кинорежиссерлар еді. Бүгінде осылардың бірі де жоқ, болса да тым аз. Ол қаражаттың жоқтығынан шығар деп ойлаймын. Бүкіл қазақ театрларының техника-экономикалық қажеттіліктерін өтеу, уақыт күттірмейтін нәрсе. Барлық театрлардың жарық, дыбыс, тозығы жеткен акустикаларын ауыстырып, бүгінгі күн талабына сай келетін құралдармен жабдықтау керек»,- деп театрдың тарланы өз ойын ортаға салды.

                ***

                Іс-шараға Парламент депутаттары, Қазақстан Республикасы орталық атқарушы органдарының жауапты қызметкерлері, БАҚ өкілдері мәдениеттің көрнекті қайраткерлері, ғалымдар, сарапшылар қатысты. 

(Сәуле Досжанова. Т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі