Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
19.11.2014

ТҮЙЕ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУҒА ЖЕТКІЛІКТІ КӨҢІЛ БӨЛІНБЕУДЕ


ТҮЙЕ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУҒА ЖЕТКІЛІКТІ КӨҢІЛ БӨЛІНБЕУДЕ

 

Астана, 19 қараша, Мәжіліс Үйі.

Мәжілісте Палата Спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутат Гүлнәр Сейтмағанбетова Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.Мәсімовке депутаттық сауал жолдады.

«Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаев елімізді азық-түлікпен қамтамасыз етуде Қазақстанда өндіретін өнімдерді дамыту керектігін үнемі айтып келеді.

Табиғаты қатал, шөлейт аймақта орналасқан Маңғыстау облысы үшін осы мәселені шешуде түйе шаруашылығы үлкен рөл атқарады. Қатаң климатқа осы түлік бейімделген,  жергілікті халық оның етін, сүтін азық ретінде пайдаланып, жүнінен әр-түрлі бұйымдар дайындап келеді.

Бүгінгі таңда Маңғыстау облысында еліміздегі түйе малының 1/3 бөлігі өсіріледі, ауыл шаруашылығының жалпы өнімінде оның жеке салмағы 35-37 % құрайды. Түйе шаруашылығы тек Маңғыстау емес, Атырау, Қызылорда, Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан облыстарында да өсіріледі.

Алайда, елімізде түйе шаруашылығын дамытуға жеткілікті көңіл бөлінбеуде. Сондықтан, осы саланы дамытуға байланысты қордаланып қалған кейбір проблемаларды шешуді ұсынамын.

Біріншіден, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министірлігі 2014 жылдың 23 мамырда №1-1/277 бұйрығымен ауыл шаруашылығы салаларының дамуының аймақтардағы басым бағыттарын бекіткен. Алайда,  бекітілген тізімде түйе шаруашылығы бір де бір аймақта басым бағытта дамытатын түлік ретінде енбеген. Ал, бұл тізімге енбеген мал шаруашылығының бағыттарына мемлекеттік субсидия берілмейтіндігін ескерсек, онда түйе шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қаржылық қолдау болмайды деген сөз.

Сондықтан, осы бұйрықтағы көрсетілген басым бағытта дамытатын салаға Маңғыстау облысы бойынша түйе шаруашылығын енгізуді ұсынамын.

Екіншіден, облыста табиғи сүт өнімін алудың бірден-бір  көзі – түйенің сүті, шұбаты болып есептеледі. Сондықтан, жоғарғы құндылықты түйе сүтін сатып алуды және оны жеткізуді дұрыстап ұйымдастырсақ, сүтті- тауарлы фермаларды кеңінен дамытуға болар еді. Ол үшін оларды «Сыбаға» бағдарламасына енгізуді қарастыру керек. Сол сияқты аймақта осы салаға инвестициялық субсидия беру мәселесі де Ауыл шаруашылығы министірлігі тарапынан қайта қарауды қажет етеді.

Үшінші, бүгінгі күні шұбатты өндіруге сиыр сүті деңгейінде (литріне 55 теңге) субсидия беріледі. Ал, шұбаттың сүт емес екенін, оның құнарлы, емдік қасиеті бар ашытылған өнім екенін, арнайы технологиямен дайындалып, міндетті түрде өңделіп, қосымша материалдық еңбек, қаржылық, энергетикалық шығын кететінін ескерсек, нормативтік субсидияны литріне 150 теңгеден кем емес етіп өзгерту қажет.

 

(Сәуле Досжанова. Т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі