Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
19.11.2014

ҮКІМЕТТІҢ ҚАУЛЫСЫ БҮГІНГІ КҮНГЕ ДЕЙІН НЕГЕ ҚАБЫЛДАНБАЙ ЖАТЫР?


ҮКІМЕТТІҢ ҚАУЛЫСЫ БҮГІНГІ КҮНГЕ ДЕЙІН НЕГЕ  ҚАБЫЛДАНБАЙ ЖАТЫР?

 

Астана, 19 қараша, Мәжіліс Үйі.

Мәжілісте Палата Спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутат Алмас Тұртаев  Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.Мәсімовке депутаттық сауал жолдады.

Өзіңізге белгілі, 2011 жылғы 8 шілдеде біздің еліміз Қазақстан Республикасы, Беларусь Республикасы және Ресей Федерациясы арасында жасалған Мемлекеттiк (муниципалдық) сатып алу туралы келiсiмді ратификациялады.

Еліміз өзінің міндеттемелерін орындау шеңберінде ағымдағы жылдың қаңтарында мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға өзгерістер енгізді. Шетелде шығарылатын тауарлардың, жұмыстардың, қызметтердің отанымызда шығарылатын тауарлармен, жұмыстармен, қызметтермен тең шарттарда қатысуға рұқсат беруді көздейтін ұлттық режим қағидаты енгізілді.

Отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында жаңа Заңда ҚР Үкіметінің отандық тауар өндірушілер өндіретін және тікелей сатып алу жолымен олардан сатып алынатын тауарлардың жекелеген түрлерінің тізбесін бекітетіні туралы норма (13-бап) көзделді.

Алайда, Үкіметтің мұндай Қаулысы бүгінгі күнге дейін әлі қабылданған жоқ. Нәтижесінде – нақты сектордың қазақстандық кәсіпорындары сатып алу сияқты маңызды салада мемлекеттің қолдауынсыз қалып отыр.

Бұл – жол беруге болмайтын сарсаңға салу мен жауапсыздықтың фактісі. Соның нәтижесінде «Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгі туралы» ҚР Заңының талабы (22-бап) бұзылып отыр, онда елдің экономикалық қауiпсiздiгі мемлекеттiк органдардың және лауазымды адамдардың ел экономикасында отандық тауарларды өндіру мен қызмет көрсету үлесiн арттыруға бағытталған шешімдерімен қамтамасыз етілетіні белгіленген. «Нормативтік құқықтық актілер туралы» Заңның нормасы (15-баптың 5-тармағы), онда  нормативтік құқықтық актілердің қолданысқа енгізілу тәртібі мен мерзімдері жеке кәсіпкерлік субъектілеріне залал келтірмеуге тиіс екені белгіленген.

Құрметті Кәрім Қажымқанұлы, жоғарыда жазылғандарға байланысты «Ақ жол» ҚДП депутаттық фракциясы Сізден:

1.             Қазақстан бизнесінің ұсыныстарын ескере отырып, отандық тауар өндірушілер өндіретін және тікелей сатып алу жолымен олардан сатып алынатын тауарлардың жекелеген түрлерінің тізбесін бекіту жөніндегі Үкімет Қаулысының қабылдануын жеделдетуді;

2.             Аталған Қаулыны әзірлеу мен қабылдау мерзімдерінің бұзылғанына және қазақстандық кәсіпорындарды қолдау жөніндегі
іс-шаралардың созылып кетуіне
кінәлі жауапты адамдардың дербес жауаптылығы туралы мәселені қарауды өтінеді.

 

 

 

(Сәуле Досжанова. Т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)

 

 

 

 

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі