Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
19.11.2014

МӘЖІЛІС 2015-2017 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БЮДЖЕТ ТУРАЛЫ ЗАҢ ЖОБАСЫН МАҚҰЛДАДЫ


МӘЖІЛІС 2015-2017 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БЮДЖЕТ ТУРАЛЫ ЗАҢ ЖОБАСЫН МАҚҰЛДАДЫ

 

Астана, 19 қараша, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында еліміздің бас қаржы құжаты «2015 – 2017 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы мақұлданды. Осыған орай Қабиболла Жақыпов құжат алдағы үш жылда Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген тапсырмаларды дер кезінде жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Сондай-ақ, бұл құжатта мемлекет алдындағы әлеуметтік міндеттемелерді толықтай қамтамасыз етуге айрықша көңіл бөлінгенін алға тарта келіп: 

- Бұл әсіресе, дағдарыс жылдарында біздің азаматтарымызға көрсетіліп жатқан үлкен қолдау.  Меніңше, халықтың әл ауқаты үшін және мемлекеттің болашағы үшін айтарлықтай мол қаржылар бөлінетін осындай заң жобасын мақұлдау бәріміздің де көңілімізді толтырары сөзсіз,-деді

Мәжіліс Төрағасы бөлінген қаржылардың тиімді жұмсалуына барынша назар аударды.

-Енді ең бастысы, Елбасымыз көрсеткендей, ол қаржылардың межелі жерге жетіп, мақсатты жұмсалуы. Осы бағытта біз өз құзіретіміз деңгейінде Үкіметке мүмкіндігінше көмектесуіміз керек,-деді Мәжіліс Спикері. 

Қ. Жақыпов Елбасының Жолдауында айтылғандарға қатысты заң жобаларын жедел қабылдау қажеттілігін де назардан тыс қалдырмады.

Ал, аталған уақытқа жоспарланған республика бюджеті төмендегідей болжанып отыр:

2015-2019 жылдарға мұнайға деген бағаның болжамдық деңгейі бір баррель үшін 90 доллар, ЖІӨ-нің нақты өсімі 5,0 – 6,5 % деңгейінде болжанған.

2015-2017 жылдардағы жылдық инфляция деңгейі кейіннен орта мерзімді кезеңде 5-7 % деңгейге дейін азайтыла отырып, 6-8 % дәлізінде жоспарланды.

Республикалық бюджеттің тапшылығы 2015 жылға – 997,1 млрд. теңге (болжанатын ЖІӨ-ге қатысты 2,2 % ), 2016 жылға – 1 059,4 млрд. теңге (ЖІӨ-ге қатысты 2,1 %), 2017 жылға  972,5 млрд. теңге (ЖІӨ-ге қатысты1,7 %) мөлшерінде айқындалды.

Кірістер:

Жоспарлы кезеңге республикалық бюджет кірістерінің болжамын қалыптастыру кезінде 2013 жылғы республикалық бюджет кірістерінің атқарылуы туралы есеп деректері, 2014 жылғы қаңтар-шілде айларында бюджетке түсетін түсімдердің серпіні негізінде ағымдағы жыл бойынша түсімдерді бағалау ескерілді.

Республикалық бюджет кірістерінің болжамы (трансферттердің түсімдерін есепке алмағанда) 2015 жылға – 4 338,4  млрд. теңге сомасында айқындалды немесе ағымдағы жылғы бағалауға 410,3 млрд. теңгеге арта отырып 110,4 %-ды құрады, 2016 жылға 4 753,4 млрд. теңге сомасында немесе 2015 жылғы болжамға қарағанда 415,1 млрд. теңгеге өсе отырып, 2017 жылға – 2016 жылға қарағанда 394,3 млрд. теңгеге өсе отырып 5 147,7 млрд. теңге сомасында айқындалды. Шығыстар:

Республикалық бюджет шығыстарының жалпы көлемі 2015 жылға  –7 306,5 млрд. теңге, 2016 жылға –  7 796,9 млрд. теңге, 2017 жылға
8 099,6 млрд. теңге сомасында жоспарланып отыр.

Бюджет шығыстарының 2015 жылы өсуі 2014 жылмен салыстырғанда 181,7 млрд. теңгені құрайды, бұл негізінен Мемлекет басшысы жылсайынғы жолдауларында айтып өткен, Қазақстан Республикасының    әлеуметтік-экономикалық дамуының оң серпінін қамтамасыз етуге бағытталған  шараларды іске асырумен байланысты.

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының алға қойылған міндеттерін ескере отырып, азаматтардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету негізгі басымдық болып табылады, оны іске асыруда мыналар ескеріледі:

1) 2015 жылғы 1 шілдеден бастап мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылуына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшерін 25 %-ға арттыру;

2) 2015 жылғы 1 шілдеден бастап азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеудің жаңа моделін енгізу;

3) 2015 жылғы 1 шілдеден бастап «Б» корпусының мемлекеттік қызметшілеріне еңбекақы төлеу деңгейін 15 %-ға және  2016 жылғы                        1 шілдеден бастап 15 % -ға арттыру;

4) 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап стипендиялардың мөлшерін
25 %-ға ұлғайту;

5) тұрғын-үй коммуналдық шаруашылықты жаңғырту арқылы өңірлерді дамыту және халықтың өмір сүру жағдайын жақсарту, тұрғын үй құрылысын дамыту, халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету, агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру;

6) экономиканы әртараптандыру және   инфрақұрылым жобаларын дамыту, көліктік-коммуникациялық кешенді, көлік-логистика жүйесін дамыту, өнеркәсіп орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру;

7)   әлеуметтік саланы жаңғырту,   Қазақстан азаматтарының денсаулығын жақсарту,   жұмыссыздықты қысқарту;

8) мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің және мемлекеттік функцияларды іске асыру сапасын арттыру;

9) серпінді дамитын ірі қалалар базасында қарқынды өсудің маңызды «нүктелерін» қалыптастыру арқылы өсу нүктелерін қалыптастыру (Астана, Алматы қалалары),   EXPO 2017 өткізу шеңберінде объектілер салу жөніндегі                   іс-шараларды қаржыландыру.

Сонымен бірге, ағымдағы жылғы қыркүйек-қазанда әлемдік экономикадағы жағдай мен 2015-2017 жылдарға арналған бюджет жобасын қалыптастыруға негіз болған  бастапқы сыртқы параметрлер нашарлады.

Ағымдағы жылғы 12 қарашада Brent мұнайына әлемдік баға                       1 баррельге 81 АҚШ долларына дейін төмендеді.

Ағымдағы жылғы қазан айында Дүниежүзілік валюта қоры 2015 жылғы әлемдік экономиканың өсуі жөніндегі болжамды   3,8 %-ға дейін төмендетті.

Қазақстан Республикасының Үкіметі қалыптасып отырған сыртқы факторларды ескере отырып, Қазақстан экономикасының консервативтік сценарийі және 2015 жылы Brent мұнайының бағасы 1 баррельге 80 АҚШ доллары болу жағдайында 2015-2019 жылдарға арналған                          әлеуметтік-экономикалық даму болжамын нақтылады.

Нақтыланған болжамға сәйкес 2015 жылы номиналды ЖІӨ                    43 721,3 млрд. теңге көлемінде болжанып отыр, бұл тамызда мақұлданған 1 310,9 млрд. теңге көрсеткішіне қарағанда төмен.

Жиынтық сұраныс өсімінің баяулауына байланысты, ЖІӨ-нің нақты өсімі бойынша болжам 5,0 %-дан 4,8 %-ға дейін төмендеді.

2015 жылы экспорт 72,1 млрд. АҚШ доллары көлемінде болжанып отыр, бұл базалық болжамнан 7,1 млрд. АҚШ долларына аз.

Болжам бойынша импорт базалық көрсеткіштен 4,1 млрд. АҚШ долларына аз және 46,0 млрд. АҚШ долларын құрап отыр.

Үш жылдық бюджет жобасын өзгерген сыртқы жағдайларға жедел сәйкес келтіру мақсатында, сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыруды бастау үшін 2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюджеттің параметрлері қайта қаралды.

Макроэкономикалық көрсеткіштердің азайтылған болжамын ескере отырып, республикалық бюджеттің кірістері (трансферттерді есепке алмағанда) 2015 жылы – 4 159,5 млрд. теңге (бюджет жобасымен салыстырғанда 178,9 млрд. теңгеге аз), 2016 жылы – 4 606,2 млрд. теңге (147,3 млрд. теңгеге аз), 2017 жылы 4 971,7 млрд. теңге (176,0 млрд. теңгеге аз) сомасында айқындалды.

Ағымдағы жылғы 11 қарашада «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды іске  асыру мақсатында 2015-2017 жылдарға арналған бюджетте «Нұрлы Жол» жаңа экономикалық саясатын іске асыруға қосымша шығыстар көзделді.

Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңестің қабылданған шешімдеріне сәйкес республикалық бюджетке осы мақсаттарға Ұлттық қордан                         2015 жылы – 707,5 млрд. теңге, 2016 жылы – 372,5 млрд. теңге, оның ішінде:

- 1 трлн. теңге шеңберіндегі екінші транштың іс-шараларын іске асыруға (2015 жылы – 360,0 млрд. теңге);

- Мемлекет басшысының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаларды іске асыруға                  (2015 жылы – 347,5 млрд. теңге, 2016 жылы – 372,5 млрд. теңге) нысаналы трансферттер тартылатын болады. 

Көрсетілген көлемдегі осы нысаналы трансферттерді тарту Ұлттық қордағы қаражаттың азайтылмайтын қалдығы (ЖІӨ-нің 30 %-ынан аз емес) жөніндегі шектеуді бұзбайды.

Нысаналы трансферттер тартуды ескере отырып, республикалық бюджеттің шығыстары 2015 жылы – 7 855,1 млрд. теңге, 2016 жылы – 8 042,2 млрд. теңге және 2017 жылы 7 943,6 млрд. теңге көлемінде айқындалды.

Республикалық бюджет тапшылығының мөлшері жоспарланған деңгейде сақталып қалды.

Сонымен бірге қайта қаралған бюджет Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, бұрын қабылданған әлеуметтік міндеттемелердің орындалуын қозғамайды және жаңа бағыттар бойынша шығыстарды қамтиды.

Заң жобасын қарауға дайындау барысында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Комитеттері оң қорытындыларын берді.

Бұл ретте Әлеуметтік-мәдени даму комитеті кейбір бағдарламалар әкімшілерінің (Білім және ғылым министрлігі, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі, Мәдениет және спорт министрлігі) шығыстарды жоспарлау кезінде өткен кезеңдер бойынша ескертпелерді ескермейтінін, шығыстарды оңтайландыру бойынша жұмыс  жүргізбейтінін, бюджетті дайындау кезінде бірқатар жағдайларда мемлекеттік органдар арасында, оның ішінде жергілікті және орталық органдар арасында өзара бірлескен іс-қимылдың жоқтығын атап өту қажет деп есептейді.

Үш жылдық бюджет шығыстарын өзгерту, сондай-ақ қаражатты қайта бөлу жөніндегі жекелеген ұсыныстарды жұмыс тобы заң жобасында ескерді.

Сондай-ақ, мәжілісмендер  ҚР Ұлттық қорынан 2015-2017 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы Заң жобасын мақұлдады. 2015 2017 жылдарда Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт жыл сайын 1 702 млрд. теңге мөлшерінде айқындалған.

Сонымен бірге, осы күні кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды түбегейлі жақсарту және  жер қойнауын пайдалану мәселелері бойынша заңнамалық жаңа енгізілімдер халық қалаулылары тарапынан қолдау тапты.

Мәжіліс депутаттары   Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы қазақстандық-әзербайжандық үкіметаралық келісімді ратификациялау туралы заң жобасын жұмысқа қабылдады.

 

 

(Зәмеш Кеңесқызы, 74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі