Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
24.11.2014

МӘЖІЛІС: «ПРЕЗИДЕНТ. ПАРЛАМЕНТ. ИНТЕГРАЦИЯ» - ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ КҮНІНЕ АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ


МӘЖІЛІС: «ПРЕЗИДЕНТ. ПАРЛАМЕНТ. ИНТЕГРАЦИЯ» -

ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ КҮНІНЕ АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ

 

 

Астана, 24 қараша, Мәжіліс үйі. Парламент Мәжілісі Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президент күніне орай «Президент. Парламент. Интеграция» халықаралық конференциясын ұйымдастырды.

Бұл шара Мәжілістің бастамасымен үшінші рет өткізіліп отыр. Маңызды форум жұмысына қазақстандық депутаттармен қатар, Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттерінің парламентшілері, экономикалық интеграция саласындағы белгілі сарапшылар, мамандар, халықаралық ұйым өкілдері қатысты.  

Онда Қазақстан Республикасы Президенті Н. Назарбаевтың сыртқы саяси бастамаларын, сондай-ақ, Еуразиялық кеңістікте интеграциялық үдерістер бағытында парламенттік дипломатияны ынталандыру әрі заңнамалық қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.   

Конференцияны Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Қабиболла Жақыпов ашты.

Палата Төрағасы аталған мемлекеттік мерекенің тарихи маңызына айрықша назар аударып, бұл қоғамның  жасампаздық пен ынтымақ құндылықтары төңірегінде бірігіп, саяси-әлеуметтік, экономикалық жаңғырған күн, екендігін атап өтті.

Одан әрі Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекетті қалыптастыру мен дамытудағы айрықша рөлін жан-жақты баяндай келіп, тікелей Елбасының басшылығымен жүзеге асырылып жатқан ірі істерді сөз етті.

- Бүкіл әлем таныған, әлеуметтік жауапкершілігі зор, экономикасы мықты, демократиялық жолмен дамыған мемлекет құру - Тұңғыш Президентіміздің жасампаз еңбегінің тарихи көрсеткіші. 

Сонымен қатар, Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мемлекет ішінде де, жаһандық деңгейде де бейбітшілік пен келісімді сақтап, нығайтуда еңбегі орасан зор,-деді Қабиболла Жақыпов.

 Қазақстан Президентінің «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатының өзектілігіне баса көңіл бөлген Қабиболла Жақыпов   Елбасының жаһандық дағдарыстың қатерлері мен тәуекелдерін Қазақстан дамуының жаңа басымдықтарына айналдыру жолында барлық мүмкіндіктерді қолға алып жатқанын атап өтті.  

Қазақстандық парламенттің дамуы туралы сөз еткенде Қабиболла Жақыпов парламентаризмнің қазақстандық үлгісі өз тиімділігін дәлелдегенін алға тартты.  

- Жаңа қатерлер барлық мемлекеттік билік институттары қызметін үйлестіруді талап етеді. Біздің алдымызда геосаяси және экономикалық қауіптер мен тәуекелдерді есепке ала отырып, Елбасының «Нұрлы жол- болашаққа бастар жол» жаңа эономикалық саясты мен «Қазақстан-2050» Стратегиясында айтылған мақсаттарға жетуге бағытталған бірқатар маңызды заңдарды қарау міндеті тұр»,- деді Қ. Жақыпов.

Мәжіліс Төрағасының айтуынша, Қазақстанда парламентаризмді нығайту демократиялық үдерістерді дамытуға, адам құқығын қорғауды қамтамасыз етуге, мемлекеттілікті күшейтуге және Қазақстанның ең дамыған 30 елдің қатарына кіруіне ықпал етуге тиіс.

Ал, экономикалық интеграциялық үдерістер туралы Қабиболла Жақыпов 2014 жыл - Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 20 жыл бұрын ұсынған бастамалары жүзеге асқан, Еуразиялық Экономикалық Одақ құрылған жыл ретінде тарихта қалатынын жеткізді. Ал, интеграция тақырыбын сөз еткенде Қ.Жақыпов оны ең әуелі терең түсіну керектігін алға тартып, депутаттық корпусты, қоғам қайраткерлерін, ЕАЭО елдері ақпараттық, ғылыми-сараптамалық қауымдастықты осы мәселеде барынша білімді әрі жауапты болуға шақырды. Осы ретте Мәжіліс Төрағасы ЕАЭО әрбір қатысушы мемлекеттің қажеттілігі мен өзара тиімділігін ескере отырып, ерікті түрде, әмбебап бірдей ұстанымдармен ұлттық-мемлекеттік мүдде негізінде құрылғанын атап өтті. Бұл жерде қазақстандық тараптың ұстанымы -  интеграцияға қатысу ұлттық экономиканы индустрияландыруға, халықты жұмыспен қамтуға, бизнестің дамуына қолайлы жағдай жасауға қызмет етуге тиіс.

- Біздің елдеріміз қабылдайтын кез-келген заңдар, шешімдер экономикалық интеграцияны тереңдетуге, еңбекпен қамтуға, бизнесті қолдауға, сонымен бірге, одақ аумағында әрбір тараптың жұмыс күшінің, қызметтердің, тауарлардың еркін айналымына қолайлы жағдай туғызуы керек,-деді Қ. Жақыпов.

Сондай-ақ, Мәжіліс Төрағасының пікірінше, Бір бағыттағы интеграцияға күш салу басқа бағыттар бойынша интеграциядан бас тартуды білдірмейді.

                -Елбасының нық сенімі бойынша Еуразиялық аймақтың интеграциялық әлеуетін толықтай ашу -  ғаламдық дағдарысты еңсерудің тиімді жолдарының бірі.

Біз Еуразиялық экономикалық одақты жаһандық дүниеден аулақтану, бөлектену үшін емес, керісінше, басқа әлеммен ғаламдық ынтымақтастық орнату үшін құрдық,-деп атап өтті Мәжіліс Төрағасы. 

Мәжіліс Төрағасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ЕАЭО бойынша 2050-жылға қарай әлемдік интеграциялық бірлестіктер көшбасшыларының алғашқы үштігіне кіру биік мақсатын  ұсынып отырғанын да назардан тыс қалдырмады.  

Одан әрі конференция тақырыбын Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, Ресей Мемлекеттік Думасының Төрағасы Сергей Нарышкин жалғастырды.

Айта кетейік, 2011-жылы 10-қарашада Қазақстан Парламенті Қазақстан Республикасы Президенті күнін мемлекеттік мереке ретінде бекітетін заң қабылдады. Ол жыл сайын 1-желтоқсанда аталып өтіледі.

1991-жылы дәл осы күні Нұрсұлтан Назарбаев бүкілхалықтық сайлау нәтижесінде Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланды.

 (ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі