Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
26.11.2014

КОРПОРАЦИЯ ҚЫЗМЕТІН РЕТТЕЙТІН ЗАҢНАМАЛЫҚ БАЗА ҚАЖЕТ


КОРПОРАЦИЯ ҚЫЗМЕТІН РЕТТЕЙТІН ЗАҢНАМАЛЫҚ БАЗА ҚАЖЕТ

Астана, 26 қараша, Мәжіліс Үйі.

Мәжілісте Палата Спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутат Сәкен Жылқайдаров Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.Мәсімовке депутаттық сауал жолдады.

Әлеуметтік-кәсіпкерлік кор­по­ра­цияларды  құру идеясын алғаш рет Мемлекет басшысы 2006 жылғы 1 наурызда Қазақстан хал­қына арнаған Жолдауында айтқан еді. Президент идеясы бойынша Корпорациялар – жергілікті жерлердегі мем­лекеттік актив­терді басқаратын хол­дингтік компаниялар ретінде ай­мақтарды дамытатын инсти­тут­тарға ай­налуы тиіс болатын. Кор­по­ра­циялар өз қызметін өндіріс және тауар өн­діру, қызмет көрсе­ту­ден пайда табу мақсатында ұйымдастырыл­ған тұрлаулы бизнес құрылымдар ретінде дүниеге келді.

2006 жылғы 30 мамырдағы Үкі­мет­тің №483 қаулысымен Кор­по­ра­циялар құру тұжырымдамасы бекітіліп, аталған құжаттың негізінде өңірлік корпорациялар өз қызметін қалыптастыра түсті.

2006-2007 жылдар аралығында жеті экономикалық макроаймақты қамтитын 7 әлеу­меттік-экономикалық корпорация құрылды. Кейіндері әр облыста жеке корпорациялар құрылып, олардың саны 16 жетті.

Бүгінгі күні өңірдегі Корпорациялардың қызметі мен жұмысына қатысты  бірнеше проблемалар бар. Атап айтсақ:

1. Корпорациялар қызметін реттейтін арнайы заңның жоқтығы.

2008 жылы өңірлік корпорациялар қызметін реттеу мақсатында заң жобасы әзірленді.

«Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар туралы» ҚР Заңының жобасы ҚР Үкіметінің 2009 жылғы 14 желтоқсандағы №2096 Қаулысымен ҚР Парламентінің Мәжілісінен кері қайтарып алынды. Содан бері заң жобасына қатысты ешқандай жұмыстар жүргізілмеді.

ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 31 қазандағы №1382 қаулысымен «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды дамыту тұжырымдамасы» қабылданды. Тұжырымдама заң емес. Тұжырымдамада әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияға қатысты ұғымдар мен көзқарастардың жиынтығы немесе жүйесі сипатталған. Ал, корпорацияға байланысты қатынастарды тек заң ғана реттейді. Сондықтан бізге нақты заң қажет.

Көптеген мәселелердің туындауы Корпорация қызметін реттейтін заңнамалық базаның жоқтығынан болып отыр.

2. Корпорациялардың қызметін орталықтан үйлестіру жұмысының бір жолға қойылмауы.

Корпорациялардың қызметін үйлестірумен алғашқыда Индустрия және сауда министрлігі айналысып, «Самұрық-Қазына» қорына берді.  Бір жылдан соң қайта министрлікке берілді, одан Өңірлік даму министрлігі аталған функцияны атқарып, соңында Ұлттық экономика министрлігіне қайтып келді. Әрине осындай өзгерістер  корпорациялардың дамуына кедергі жасайды. Корпорациялар қызметін орталықтан үйлестірудің жүйелі, әрі жоспарлы жүргізілмеуі, оның қызметінің сапасына да әсер етеді. Нәтижесінде, Корпорациялардың қызметін орталықтан үйлестіруге қатысты барлық кемшіліктерге жауапты тиісті орган да немесе тұлға жоқ болып шығады. Бұл бағыттағы жұмыстың негізінде қыруар қаражаттар мен жауапты жобалар тұрғандығын ескеруіміз қажет.

                3. Корпорацияларға бөлінген қаражаттардың тиімсіз жұмсалуы.  

2011 жылы 12 корпорацияның, 2012 жылы 9 корпорацияның жылдық қаржылық нәтижесі шығынмен аяқталды. (Өңірлік даму министрлігінің мәліметі бойынша)

Есеп комитетінің есебі бойынша (2009) түрлі жобаларды жүзеге асыруға бөлінетін бюджет қаражаты екінші деңгейлі банктерде депозит түрінде салынған. Осылайша қаражат мақсатсыз қолданылуда. Мемлекет ақшасы банкте жатпау керек, керісінше жұмыс істеп, пайда әкелу тиіс.

Корпорация салған инвестициялар пайда әкелмек түгіл берілген қаражаттың өзі қайтарылмай отыр. Шығынға ұшырауда. Корпорациялардың негізгі міндеті екінші деңгейлі банктерге қаражат құю  емес, өңірдегі әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу.

Сондай-ақ, Корпорациялардың жалақы қоры және әкімшілік шығындары көп. Ұйым қызметкерлерінің жалақылары 2-3 есе жоғары. Мәселен, бірінші басшылардың ай сайынғы жалақысы 400-630 мыңды құрайды. Өңірлердегі орташа жалақы 50-95 мыңды құраса, Корпорация қызметкерлерінің орташа жалақысы 220-270 мың. Қызметкерлердің штаттық саны 19-62 адам, яғни министрліктегі бір департамент немесе комитет қызметкерлерінің санымен бірдей. 

4. Өзге де ұйымдастыру жұмыстарының кемшіліктері.

Корпорациялардың басым көпшілігінде (2014 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 16 Корпорацияның 6-да ғана жеке қойма бар) сауда алаңдары, тауарларды тасымалдау қызметі, азық-түлікті сақтау қоймалары жоқ немесе жалға алынуда. Аталған жағдай қосымша қаражаттың шығуына және азық-түлік нарығын тұрақтандыруды реттеуге ықпал ете алмауда. Азық-түлікке деген баға жылдан жылға өсуде, яғни корпорация аймақтық институт ретінде негізгі міндетін іске асыра алмауда.

Корпорация басшыларының жиі ауысуы. Мәселен, «Каспий» корпорациясы құрылған 7 жыл ішінде 7 басшысы ауысты. Мұндай жағдай өзге өңірлерде де жиі кездеседі.

Корпорация төрағалары облыс әкімімен тағайындалады. Ал, директорлар кеңесінің төрағасы - облыс әкімі. Яғни өңір әкімдері тұрақты қызмет істегеніне қарамастан корпорация басшыларының жиі ауысуының себебі неде? Бұл Корпорация жауапкершілігін төмендетіп, тұрақты жұмыс істеуге кедергі келтіреді. Жаңа басшы жаңа саясат жүргізеді. Кадрлардың ауысуына әсер етеді. Мәселен, 2013 жылы Корпорациялардан кадрлардың кетуі «Ертіс»-63%, «Есіл»-60%,  «Солтүстік»-58%, «Жетісу»-48% құрады. Мұндай жағдай аталған Корпорацияларда 2012 жылы да байқалған.

5. Корпорация жұмыстарының ашықтығы мен жариялылығының жеткіліксіздігі. Корпорациялардың сайттарын арнайы тексеру барысында конкурстар мен тендерлер туралы мәліметтердің және іске асып жатқан жобалар туралы жан-жақты ақпараттың жеткіліксіздігі анықталды. Сондай-ақ, мерзімінде жаңа ақпараттармен толықтырылмайды.  

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Корпорациялардың қызметі мен жұмысына қатысты проблемалар бойынша бүгінгі таңда қандай жұмыстар жүргізілуде.

Сондай-ақ, әр өңірдегі Корпорациялар қызметінің шығындары мен табыстары қанша, соның ішінде корпорацияға қарасты барлық мекемелеріндегі шығындар көлемі.

«Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар туралы» арнайы заң жобасы әзірлене ме?

Алдағы уақытта өңірлік азық-түлік қауіпсіздігі қалай жүзеге асырылмақ?  

Ортақ жобалар бойынша Инвесторлардың салған инвестицияларының көлемі?

Корпорацияларға қатысты қаржылық заң бұзушылықтар және проблемалы жобалар саны қанша, оларды шешудің жолдары мен қолданылып жатқан шарлар жөнінде жан-жақты, толық ақпарат беруді сұраймын. 

 

(Сәуле Досжанова. Т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)

 

 

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі