Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
26.11.2014

ХАЛЫҚТЫ СУМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ БОЙЫНША БАҒДАРЛАМАНЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУДА ӨТЕ ЖАУАПТЫЛЫҚ КЕРЕК


ХАЛЫҚТЫ СУМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ БОЙЫНША БАҒДАРЛАМАНЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУДА ӨТЕ  ЖАУАПТЫЛЫҚ  КЕРЕК

Мәжілісте Палата Спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутат Әмірхан Рахымжанов Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаевқа депутаттық сауал жолдады.

Судың маңызды тіршілік ресурсы екендігі баршамызға белгілі. Сумен қамтамасыз етудің қауіпсіздігі мен тұрақтылығы алға қойылған басты міндеттердің бірі болып табылады.

Қазақстанда 2000 жылдан бастап мемлекеттің жүйелі қолдауымен халықты ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша нақты іс-шаралар жүзеге асырылып келеді.

2002-2010 жылдары ауылдық жерлердегі су желілерін жақсартуға бағытталған «Ауыз су» бағдарламасы іске асырылса,  2011 жылдан бастап қалалық және ауылдық сумен жабдықтау нысандарын қамтитын «Ақ бұлақ» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында Бағдарламаны қаржыландыру көлемі 1,27 триллион теңге құрап отыр.

Алайда, талдау көрсеткендей, облыстардың көпшілігінде ауыз су мәселесі өз шешімін таппай отыр. Ауылдық елді мекендердің 47% жуығы орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қол жеткізе алмаған.

Бұдан бөлек, орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесі жүргізілген 3410 ауылдық елді мекендердің ішінде 1408 ауылда  мамандандырылған  пайдаланушы кәсіпорындар жоқ.

Кейбір жағдайларда бағдарлама шеңберінде қомақты бюджет қаражатына салынған сумен жабдықтау нысандары жұмыс істемей, тоқтап тұрғанын атап айту керек.

Ендігі бар үмітіміз  қазіргі «Ақ бұлақ» бағдарламасында екені даусыз. Осыған байланысты мынадай проблемалық мәселелерге назар аударғанымыз жөн.

Біріншіден,  пайдалануға берілмеген нысандардың болуы.

Мәселен, ағымдағы жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша  
88 сумен жабдықтау және суды бұру нысандары пайдалануға берілмеген. 2004-2013 жылдары «Ауыз су» бағдарламасы бойынша - 23 нысан, «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша  -  65 нысан. Нәтижесінде 594 823 адам орталықтандырылған сумен қамтамасыз етуге қол жеткізе алмай, сумен жабдықтаудың сапалы қызметтерімен қамтамасыз етілмеген.

Екіншіден, жергілікті атқарушы органдарда Бағдарламаны жүзеге асыруда жүйелі ұстанымның  болмауы және жоспарлаудың төмен сапасы.

Мәселен, статистика мәліметтеріне сүйенсек, 2014 жылдың
1 қаңтарындағы жағдай бойынша ауылдық елді мекендердегі орталықтандырылған сумен жабдықтауға қолжетімділік көрсеткіші 19,5 % құрайтын аймақтар кездеседі.

Баяндалғанның негізінде, құрметті Ерболат Асқарбекұлы, орталық және жергілікті атқарушы органдардың өзара қарым-қатынасын күшейтуді, ауыз судың сапасын қамтамасыз етуде және бағдарламаны тиімді жүзеге асыруды өтінеміз.

Сонымен қатар, халықты сумен қамтамасыз ету бойынша бағдарламаны жүзеге асыруда жол берілген кемшіліктерді жою жөнінде белгіленген  тәртіппен жауап беруіңізді сұраймыз.

 

 

 (Сәуле Досжанова. Т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)

 

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі