Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
18.12.2014

МӘЖІЛІС- «НҰР ОТАН» - ТҰРҒЫН ҮЙ МӘСЕЛЕСІН ШЕШУ


МӘЖІЛІС- «НҰР ОТАН» - ТҰРҒЫН ҮЙ МӘСЕЛЕСІН ШЕШУ

Астана, 18 желтоқсан. Мәжіліс Үйі.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары – «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі   Дариға  Назарбаеваның төрағалығымен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі «Нұр Отан» партиясы фракциясының басқосуы өтті.

Депутаттар «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның тұрғын үй құрылысы бағдарламаларын іске асыруы туралы» тақырыбын талқылады.

Негізгі баяндаманы экономиканы дамытуға және әртараптандыруға жәрдемдесу, инвестицияларды тарту мақсатында құрылған «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның Басқарма Төрағасы – Қуандық Бишімбаев жасады.

«Тұрғын үй проблемасын шешу мемлекеттік саясаттың басымды бағыттарының бірі болып табылады. Тұрғын үй құрылысы тақырыбы Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына ағымдағы жылғы 11 қарашадағы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауының аясында қаралуда.

«Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы бұл мәселені жалға берілетін тұрғын үй құрылысы көлемін ұлғайтуға екпін қоя отырып, шешу жолдарын қарастыру міндетін қойды. Елбасының тапсырмаларын сәтті орындау белсенді әрі өкілетті бақылаудың орын алуын қарастырады. «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесі отырысының қорытындылары бойынша біз фракция жанынан бюджет қаражаты мен Ұлттық қор қаражатының жұмсалуын бақылау жөніндегі төрт комиссия құрылған болатын. Комиссиялардың біреуі тұрғын үй құрылысы мәселелеріне жетекшілік етеді.

Комиссия жетекшілері үкімет отырысының жұмысына қатысты, қазіргі таңда өзара іс-әрекеттің практикалық мәселелерін пысықтауда. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Холдинг Үкіметтің қаржы агенті ретінде EXPO 2017 көрмесін өткізу дайындығына қатысады. Үкіметтің шешіміне сәйкес бізге шетелдік делегациялар орналастырылатын тұрғын үй объектілерінің, сондай-ақ EXPO 2017 шеңберінде рекреациялық-туристік объектілердің құрылысын қаржыландыруды қамтамасыз ету тапсырылды. Іс-шара өткізілгеннен кейін барлық тұрғын үй объектілері Астана қаласының тұрғын үй қорына тапсырылады және олар Қазақстан азаматтарына берілетін болады.

Мемлекет басшысының үлестік салымдарды сақтандыру жүйесін әзірлеуге қатысты тапсырмасын орындау үшін Холдинг тұрғын үй құрылысына кепілдік беру жүйесін енгізу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

Тетікті әзірлеудің негізі ретінде тұрғын үй құрылысына үлестік қатысудағы үлескерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау туралы заңнаманы жетілдіру қажеттілігі болды. Бұдан басқа, қазіргі уақытта «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қолданылмайтын үлестік қатысу қатынастары үшін құқықтық алаң құру қажет.

 Мемлекет басшысы «НҰРЛЫ ЖОЛ – БОЛАШАҚҚА БАСТАР ЖОЛ» Жолдауында мемлекетті дамытудың стратегиялық бағыттарының бірі – тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту екенін атап көрсетті.   

Агломерацияның қалыптасуы халықтың көшуімен байланысты болады. Бұл жағдай еңбек нарығы мен қалалардың инфрақұрылымына, оның ішінде тұрғын үй қорына қысым жасайды. Озық әлемдік тәжірибе көрсеткендей, халықты барынша баспанамен қамтамасыз етудің аса перспективалы және табысты құралы жалға берілетін тұрғын үйді салу болып табылады. 

Сондықтан қолжетімді тұрғын үй құрылысының көлемін арттыру мақсатында жалға берілетін тұрғын үй құрылысының тәсілдері қайта қаралды. Мемлекет жалға берілетін әлеуметтік тұрғын үйді салып, оны халыққа сатып алу құқығымен ұзақ мерзімге жалға береді. Үйді тікелей, делдалсыз және барынша төмен пайызбен кредитке беру оның құнын төмендетуге мүмкіндік береді.

Осы үшін Мемлекет басшысы 2015 – 2016 жылдары ішінде жалға берілетін тұрғын үй құрылысын қаржыландыруды қосымша 180 миллиард теңге сомасында ұлғайту туралы шешім қабылдады, оның 35 миллиард теңгесі инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды салуға бөлінеді, 145 миллиард теңге жалға берілетін тұрғын үй қүрылысы мен оны сатып алуға Холдингке бөлінеді (2015 жылы 92,5 млрд. теңге және 2016 жылы 52,5 млрд. теңге). 

Жалпы, 2020 жылға дейін 1,4 млн. шаршы метр немесе  29 мың пәтер пайдалануға беріледі деп күтілуде»,- деп бастаған Басқарма Төрағасы тұрғын үй құрылысы бағдарламасының қалай жүзеге асырылып жатқанына тоқталды.

Қосымша баяндамалармен – Ұлттық экономика вице-министрі Қ.А. Өскенбаев, «Қазақстан Ипотекалық компаниясы» ипотекалық ұйымы» АҚ-ның Басқарма төрағасы А.А. Ибадұллаев, «Тұрғын үй -құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның Басқарма төрағасы А.Н. Жұмағұлов, «Қазақстандық ипотекалық кредиттерге кепілдік беру қоры» АҚ-ның Басқарма төрағасы А.О. Омарханов сөз алды.

 

(Сәуле Досжанова. Т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі