Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
29.01.2015

Қазақстан Парламенті өкілдерінің Германияға және Лихтенштейнға іс-сапары


 

Қазақстан Парламенті өкілдерінің Германияға және Лихтенштейнға іс-сапары

 

Ағымдағы жылдың 28-қаңтарында ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Дариға Назарбаева бастаған қазақстандық делегацияның Германияға және Лихтенштейн Князьдігіне сапары басталды.

Сапардың негізгі мақсаты - 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Қазақстанның кандидатурасын жылжыту, сондай-ақ, екі ел арасындағы парламентаралық өзара іс-қимылдың қазіргі ахуалы мен келешегін талқылау.

Бағдарлама аясында  Берлинде Бундестаг Төрағасының орынбасары Йоханнес Зингхаммермен және Берлин Сенатының спикері Ральф  Виландпен және Бундестаг депутаттары –Санфред Грунд бастаған «Германия – Орталық Азия» достық парламенттік топ мүшелерімен кездесу өтті.  Кездесу барысында Қазақстан мен Германияның парламентаралық байланыстарын нығайту мәселелері кеңінен  талқыланды. Осы ретте тараптар 90-жылдары тарихи Отанына оралған этникалық неміс азаматтарының «біздің елдеріміздің арасын байланыстыратын көпір» екендігі айтылды. Әсіресе, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті сұрақтарға назар аударылды.

Германиялық тарап Қазақстанның «тек Орталық Азияда емес, жалпы Азия аумағында тұрақтылық кемесі» бола жүріп,  ғаламдық саясаттың ең жауапты жерлерінде қомақты тәжірибе жинап, халықаралық қатынас алаңында маңызды елге айналғанын айтуда. Сонымен қатар, Қазақстан Президентінің Украинадағы жағдайды реттеуге қатысты дәнекерлік рөліне аса жоғары баға бере отырып, өз тараптарынан Минск келісімдерін жүзеге асыру аясында жанжалды бейбіт жолмен шешу үшін бар күш-жігерлерін жұмылдыратынына сендірді.

Ал, ГФР Сыртқы істер министрлігінің статс-хатшысы Маркус Эдерермен кездесуінде Дариға Назарбаева ҚР Президентінің 2017-2018 жылдарға Қазақстан кандидатурасын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне жылжыту  мәселелері жөніндегі Арнайы өкілі ретінде  Германия Канцлері А.Меркельдің атына Елбасының жолдауын табыс етті.

Делегация басшысы кездесу иелерін Қазақстанның аймақтық және халықаралық тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту жолында атқарып жатқан жұмыстарынан хабардар етті. Осы ретте ядролық қарусыздану және таратпау, сондай-ақ, АӨСШК және ЕҚЫҰ аясындағы белсенді іс-қимылдарға назар аударылды. Д. Назарбаева Қазақстан тарапынан Ауғанстанға жасалып жатқан гуманитарлық және техникалық көмектерді де сөз етті. Айта кетерлігі, 2010-жылдан бері мыңдаған студенттердің Қазақстан жоғары оқу орындарында еркін білім алуына жол ашқан білім бағдарламасы жүзеге асырылуда.

Қазақстанның мәдениаралық және дінаралық үнқатысуды қолдау әрі дамыту жолындағы қосып жатқан үлесі де жан-жақты баяндалды.

Д. Назарбаева Германияның қоғамдық-саяси және іскер топтар өкілдерімен кездесуінде Елбасының өткен жылдың қараша айындағы «Нұрлы жол – Болашаққа бастар жол» Жолдауында айтылған Қазақстанның жаңа экономикалық саясатының негізгі бағыттарына және елдегі инвестициялық климатқа тоқталды.  

Тараптар екі ел арасында, соның ішінде Еуразиялық Экономикалық Одақ аясында сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін талқылады.

Ал, бүгін, яғни 29 қаңтарда «Болашақ» бағдарламасы арқылы Германияда білім алып жатқан қазақстандық студенттермен кездесу ұйымдастырылды.

Делегация құрамында Мәжіліс депутаттары Г. Иксанова және В. Рогалев бар.

(ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі