Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
29.01.2015

МӘЖІЛІСТЕ ЖАҢА РЕДАКЦИЯДАҒЫ АЗАМАТТЫҚ ПРОЦЕСТІК КОДЕКСІНІҢ ЖОБАСЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ.


МӘЖІЛІСТЕ ЖАҢА РЕДАКЦИЯДАҒЫ  АЗАМАТТЫҚ ПРОЦЕСТІК  КОДЕКСІНІҢ ЖОБАСЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ.

 

Астана. 29-қаңтар. Мәжіліс үйі. Бүгін Парламент Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің ұйымдастыруымен  жаңа редакцияда Азаматтық процестік кодекс жобасының таныстырылымы өтті.

                Аталған комитеттің төрағасы Рахмет Мұқашев: «жаңа кодекс жобасын әзірлеу тікелей бүгінгі уақыт талабынан туындап отыр. Қолданыстағы кодекс нарықтық қатынастар жаңа қалыптаса бастаған 1999 жылы қабылданған. Ол кезді  Азаматтық іс-жүргізу кодексінің мақсаты нарықтық қатынастар қалыптастыруға, шетелдік инвесторлар тартуға жағдайларды оңтайландыру болса, экономикалық қатынастарды одан әрі дамыту, сондай-ақ шетелдік инвестициялар ағыны мен ақпараттық технологиялардың дамуы қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізуді қажет етеді. Мемлекет басшысы Республика судьяларының VI съезінде сот жүйесін, соның ішінде тараптар үшін азаматтық істерді ыңғайлы әрі тез қарау тәртібін көздейтін, оларды татуластыруға және қазіргі заманғы технологияларды кеңінен пайдалануға бағдарланған азаматтық іс жүргізу заңнамасын дамытудың басым бағыттарын белгілеп берді. Азаматтық іс жүргізу кодексінің жобасы осы мақсаттарға сай келеді», - деді.

                Кодекс жобасы бойынша ҚР Жоғарғы сотының судьясы Ұ. Сүлейменова, ҚР Бас Прокурорының орынбасары Ж. Асанов баяндама жасады.

                Жоба адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сотта тиімді қорғау мақсатында азаматтық іс жүргізу заңнамасын жаңғыртуға бағытталған.

Бұл мақсатта Кодекс жобасында істі сапалы және толыққанды дайындау үшін осы сатыда шешілетін мәселелердің ауқымы барынша кеңейтіліп, істі сот талқылауына дайындау сатысы жетілдірілуде.

Дәлелдемелерді ұсыну тәртібі регламенттелді, осы орайда дәлелдемелер істі сот талқылауына дайындау сатысында және бірінші сатыдағы сотта ұсынылуға тиіс. Егер дәлелдемелер сот дәлелді деп таныған себептермен ұсынылмаса, олар тек ерекше жағдайларда ғана апелляциялық сатыдағы сотқа беріледі.

Жобада татуластыру рәсімдерін кеңінен қолдану көзделеді.  Тараптардың татуластыру рәсімдерін жасасқан келісімдерінің тәртібі мен салдарын егжей-тегжейлі реттейтін «Татуластыру рәсімі» деген бөлек тарау енгізілді. Азаматтық процеске тараптардың өтінішхаты бойынша судья іске асыратын сот медиациясы енгізіледі. Сот бекіткен медиациялық келісімді орындауға жіберу мәселесі бітімгершілік келісімдегідей шешіледі.

Татуластырудың жаңа тәсілі «партисипативтік рәсім» енгізіледі. Оның міндеті тараптардың татуласуы және дауды адвокаттардың реттеуі болып табылады. Осыған байланысты, адвокаттарға дауды бітімге келіп шешуге міндетті түрде көмектесу міндеті жүктеледі. Тараптарды татуласуға ынталандыру мақсатында сотқа талап арыз беру кезінде төленген мемлекеттік баж оларға қайтарылатын болады.

Жобада дауларды сотқа дейінгі реттеу институтын кеңейтуге бағытталған ережелер қарастырылған. Тиісті тәртіп заңнамалық актілерде белгіленген немесе шартта көрсетілген жағдайларда дауды сотқа дейін реттеу міндетті болып табылады. Дауды сотқа дейінгі тәртіппен реттемеу істі қарамай кері қайтаруға, сондай-ақ сот шығындарын дауды бітімгершілікпен реттеуге кедергі келтірген тараптарға жүктеуге негіз болады.

Сонымен қоса, сотқа дейінгі тәртіппен жасалған келісімдерді орындауға жіберу мәселесі осы шаралар арқылы шешіледі. Мұндай келісімдер «Жеңілдетілген (жазбаша) іс жүргізу» деген жаңа тарауға енгізілді. Осыған орай істер ауызша талқылау жүргізілместен жазбаша дәлелдемелердің негізінде және тараптардың өтініші бойынша жеңілдетілген тәртіппен және бір ай мерзімде қарауға жатады. Сонымен қатар, дауды сотқа дейін реттеу шеңберінде кінә қоюға жауапта көрсетілген келісім талаптарды бұйрық арқылы іс жүргізіп қарау үшін негіз болып табылады.

Жеңілдетілген (жазбаша) іс жүргізу істерінің санатына сондай-ақ талап қою бағасы жеке тұлғалар үшін 100 айлық есептік көрсеткіштен, заңды тұлғалар үшін 500 айлық есептік көрсеткіштен аспаса, талап қою бағасына қарамастан, талапкердің ұсынған жазбаша құжаттарына негізделген істер жатқызылады.

Сот ісін жүргізуді жеңілдету мақсатында бұйрық арқылы сот ісі жүргізіліп қаралатын істер талаптарының тізбесі кеңейтілді.

Тұтастай алғанда, жобада тараптардың іс жүргізу құқықтары мен міндеттерін (дәлелдемелерді ұсыну, сараптама жүргізуге ықпал ету, сотқа дейін реттеуді сақтау және т.б.) асыра пайдалануына жол бермеуге бағытталған жаңа ережелер қарастырылады. Осындай әрекеттер үшін материалдық жауапкершілік (айыппұл шаралары, сот шығындарын жүктеу) белгіленеді.

Адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғау сапасын арттыру мақсатында және халықаралық тәжірибеге сәйкес азаматтық процесте тараптардың өкілдік ету институты жетілдірілуде. Сотта өкіл бола алатын басқа адамдар үшін жоғары заң білімінің болуы міндетті болып табылады.

Сот актілерін қайта қарау сатысында істерді жаңадан қарауға жіберу негіздері азайтылды. Жоғары тұрған сот сатысы іс дұрыс шешіліп, материалдық және іс жүргізу құқығының нормалары елеусіз бұзылған жағдайда осы олқылықтың орнын толтыруға тиіс. Осы ереже сот актілерін қайта қарау туралы шағымдар мен өтінішхат бергені үшін мемлекеттік баждың енгізілуімен үйлеседі. Осы орайда тараптар істерді қарауды соза түсу үшін емес, құқықтарын қорғау мақсатында сотқа жүгінетін болады деп күтілуде.  

Азаматтық сот ісін жүргізуде ақпараттық технологияларды қолдану мүмкіндігі кеңейеді. Арыздар мен өзге де құжаттарды беру, процеске қатысушыларды хабардар ету, дәлелдемелерді қашықтан зерттеу, іске қатысушы адамдардың түсініктемелерін тыңдау ақпараттық құралдар қолданыла отырып іске асырылатын болады.

Инвестицияларды құқықтық қорғауды арттыру, бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында Жоғарғы Сотта апелляциялық алқа мен Астана қалалық сотында инвестициялық дауларды қарау бойынша мамандандырылған құрам ұйымдастыру жолымен инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі мамандандырылған соттарды құру мәселесі қарастырылуда.

Осылайша, заң жобасын қабылдау соттардың азаматтық істерді қарау тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, сот төрелігін жүзеге асыру сапасына оң әсерін тигізеді, азаматтық процеске қатысушылардың құқықтарына кепілдік күшейеді, сондай-ақ сот ісін жүргізудің ашықтығы мен анықтығы қамтамасыз етіледі деп күтілуде.

Мәжіліс депутаттары жобаны әзірлеушілер тарапына сұрақтар қойып, өз ұсыныстарын жеткізді.

 

***

 

                Жаңа редакциядағы Кодекс бойынша құрылған жұмыс тобының жетекшісі Мәжіліс депутаты Нұрлан Әбдіров. Оның атап өткеніндей, алдағы уақытта осы жоба бойынша түрлі басқосулар, кездесулер дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып, кең көлемде талқылау жоспарланып отыр. Бұл әрбір адамның тағдырына ықпал ететін аса маңызды құжат болғандықтан оған әрбір азамат белсене қатысып, өз ұсыныс тілектерін жеткізе алады.

 

(Зәмеш Кеңесқызы, 74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі