Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
25.02.2015

КОМПАНИЯ ӘРЕКЕТІНІҢ ЗАҢДЫЛЫҒЫНА ҚҰҚЫҚТЫҚ БАҒА БЕРУДІ СҰРАЙМЫЗ


КОМПАНИЯ ӘРЕКЕТІНІҢ ЗАҢДЫЛЫҒЫНА ҚҰҚЫҚТЫҚ БАҒА БЕРУДІ СҰРАЙМЫЗ

 

Астана, 25 ақпан, Мәжіліс Үйі.

Мәжілісте Палата Спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутат Айқын Қоңыров Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Асхат Дауылбевқа  депутаттық сауал жолдады.

«Қазақстан Коммунистік Халық партиясының қоғамдық қабылдауына заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін банктер мен ипотекалық ұйымдардың проблемалары бар қарыз алушылары өтінішпен келді. 

                Бүгінде «БТА Ипотека» АҚ ипотекалық ұйымы (Компания) алғашқы тіркелген күннен бастап бірнеше рет өзінің атауын өзгертіп үлгергені бәрімізге мәлім. Бұрын Компанияда Қазақстан Республикасының банк заңнамасында көзделген ұлттық және шетел валюталарында банктік қарыз операцияларын жүргізуге  Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің (ҚР ҚҚА) 2008 жылғы 14 тамыздағы №27 лицензиясы болған. Компания бірқатар пруденциалдық нормативтерді сақтамағаны үшін ҚР ҚҚА шешімінің негізінде бұл лицензияның қолданылуы 2009 жылғы 2 қазаннан бастап үш ай мерзімге тоқтатылды. ҚР ҚҚА 2009 жылғы 29 желтоқсандағы қаулысымен лицензияның қолданылуын тоқтата тұру мерзімі 2010 жылғы 26 наурызға дейін ұзартылды. Бұдан әрі 2010 жылғы 19 наурызда Компания банк қызметін жүзеге асыруға лицензияны өз еркімен қайтару және Компания бизнесінің стратегиясын активтерді қайта құруға, қалпына келтіруге және ипотекалық активтерді секьюритендіруге маманданған кәсіпорынға қайта бейімдеу туралы шешім қабылдады. 2010 жылғы 25 мамырда «БТА Ипотека» компаниясының банк операцияларын жүргізуге лицензиясының қолданылуы біржола тоқтатылды.

                Компанияның ресми қызметіне қатысты Астана қаласы Әділет департаментінің 2015 жылғы 15 қаңтардағы №09-10/ЖТ-14-359 жауабына сәйкес «БТА Ипотека» - «БТА Банк» Акционерлік қоғамының еншілес ұйымы» болып заңды тұлға ретінде тіркелді және коммерциялық ұйым болып табылады. Өтінішке/жарғыға сәйкес қызмет түрінде «кредиттеудің өзге түрлері» деп көрсетілген.

                Осылайша қазіргі уақытта Компанияның коммерциялық қызметі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (ҚР ҰБ) қаржылық реттеуіш юрисдикциясына жатпайды және, тиісінше, қолданыстағы заңнамаға сәйкес соңғысының алдында ешқандай жауаптылықта болмайды.

                2013 жылға арналған аудиторлық есепте көрсетілгендей, «Эрнест энд Янг» ЖШС Компаниясының жалғыз акционері «БТА Ипотека» АҚ болып табылады. Компанияға түпкілікті бақылауды 2009 жылғы ақпаннан бастап «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ қатысатын Қазақстан Республикасының Үкіметі жүзеге асырады.

                Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі қарай – ҚР АК) 34-бабының 1-тармағына сәйкес өз қызметiнiң негiзгi мақсаты ретiнде табысын келтiрудi көздейтiн (коммерциялық ұйым) заңды тұлға бола алады.

                «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – заң) 26-бабының
7-тармағында банк операцияларының барлық түрлерi оны жүргiзу құқығы лицензияда тiкелей көрсетiлген жағдайда ғана жүзеге асырылуы мүмкiндігі көзделген. 

                Сонымен бірге, Заңның 30-бабында банк операцияларының барлық түрлері анықталған, солардың негізінде банк немесе ипотекалық ұйымдар табысын келтіруге құқылы.

                2010 жылғы 25 мамырдан бастап Компанияның банк операцияларын жүргізу құқығы лицензиясының қолданылуы тоқтатылды, яғни Компания аталған датадан бастап Заңға сәйкес пайда алуға құқығы жоқ және заңды тұлғаның коммерциялық қызметі ҚР АК сәйкес реттеледі.

                ҚР АК 293-бабына сәйкес  борышқор мiндеттемесiн орындамаған немесе тиiсiнше орындамаған ретте, атап айтқанда, орындау мерзiмiн өткiзiп алған ретте несие берушiге төлеуге мiндеттi, заңдармен немесе шартпен белгiленген ақша сомасы айып төлеу (айыппұл, өсiм) деп танылады. Айып төлеу туралы талап бойынша несие берушi оған келтiрiлген залалдарды дәлелдеуге мiндеттi емес. 

                ҚР АК 295-бабының 1-бөлігінде заңды айып төлеу ұғымы белгіленген, яғни несие берушi тараптардың келiсiмiнде айып төлеу мiндетi көзделген-көзделмегенiне қарамастан, заңдарда белгiленген айып төлеудi (заңды айып төлеудi) талап етуге құқылы. 

                Өз кезегінде, ҚР АК 353-бабында біреудің ақшасын заңсыз пайдаланғаны үшін жауапты болу тетігі нақты жазылған:

                1. Ақша мiндеттемесiн орындамау салдарынан бiреудiң ақшасын заңсыз пайдаланғаны не оларды төлеу мерзiмiн өткiзiп жiбергенi, не оларды негiзсiз алғаны немесе басқа адамның есебiне сақтағаны үшiн тұрақсыздық айыпақы төленуге тиiс. Айыпақының мөлшерi ақша мiндеттемесiн немесе оның тиiстi бөлiгiн орындаған күнгi Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлеген қайта қаржыландырудың ресми ставкасы негiзiнде есептеледi. Борышты сот тәртiбiмен өндiрiп алу кезiнде сот несие берушiнiң таңдауы бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң қуыным жасалған немесе шешiм шығарылған немесе iс жүзiнде төленген күнгi қайта қаржыландырудың ресми ставкасын негiзге ала отырып, несие берушiнiң талабын қанағаттандыра алады. Егер заң құжаттарында немесе шартта айыпақының өзге мөлшерi белгiленбесе, осы ережелер қолданылады. 

2. Басқаның ақшасын пайдаланғаны үшiн айыпақы, егер заңдарда немесе шартта айыпақы сомаларын есептеудiң өзге тәртiбi белгiленбесе, бұл ақшаның сомасы несие берушiге төленген күнге дейiн өндiрiлiп алынады.

3. Егер несие берушiнiң ақшасын заңсыз пайдаланудан оған келтiрiлген залал осы баптың 1-тармағының негiзiнде оған тиесiлi айыпақының сомасынан асып кетсе, ол борышқордан осы сомадан асатын бөлiкте залалды өтеудi талап етуге құқылы. 

                Жоғарыда аталған материалдық құқық нормаларынан көрініп тұрғандай, Компания қолданыстағы азаматтық заңнаманың негізінде өзінің коммерциялық қызметін жүзеге асыруға міндетті, алайда, ипотекалық қарыз алушылардың мерзімі өтіп кеткен кредиттеріне қатысты айыппұл мен өсім көлемін есептеу кезінде Компания ҚР ҰБ бекіткен қайта қаржыландырудың ресми мөлшерлемесін қолданбайды. Мерзімі өтіп кеткен заңды айыпақыны есептеудің әрбір жағдайында төлеуге жататын айыппұл мен өсімдердің есептелген сомасы негізгі қарыздың мөлшеріне пара-пар келеді, ал кей кезде қарыз алушылардың Компания алдындағы қарызынан да асып түседі.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде, Сізден банк операцияларын жүргізуге лицензияның қолданылуын тоқтатқан кезден бастап Компания әрекетінің заңдылығына және негізділігіне құқықтық баға беруіңізді және заңнаманы бұзушылық анықталған жағдайда, прокурорлық ден қоюдың барабар шараларын қолдануыңызды сұраймыз»,- деген сауал соңына  «Халық коммунистері» фракциясының мүшелері қол қойған.

 

(Сәуле Досжанова. Т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі