Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
26.02.2015

Мәжілісте денсаулық сақтау секторындағы технологияларды беру және институционалдық реформа жүргізу жобасын іске асыру талқыланды


Мәжілісте денсаулық сақтау секторындағы технологияларды беру және институционалдық реформа жүргізу жобасын іске асыру талқыланды

 

Астана, 26 ақпан. Мәжіліс Үйі.

 

Бүгін, Мәжілісте Әлеуметтік-мәдени даму  комитетінің отырысында  «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау секторындағы технологияларды беру және институционалдық реформа жүргізу» жобасын іске асыру туралы мәселе талқыланды.

«Аталған комитет хатшысы Майра Айсина отырысты жүргізіп, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Алексей Цой баяндама жасады.  

2008 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіру міндетін алға қойды. Соған байланысты Үкімет денсаулық сақтау саласына халықаралық стандарттарды енгізу туралы шешімді қабылдады.

Осы мақсатты іске асыру мерзімі 2008-2013 жылдарды қамтитын «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау секторындағы технологияларды беру және институционалдық реформа жүргізу» инвестициялық жобасы әзірленді.

Жобаның мақсаты денсаулық сақтау жүйесін дамыту мемлекеттік бағдарламасына қолдау көрсету халықаралық стандарттарды енгізу және ұзақ мерзімді институционалдық әлеуетті құру болып табылады.

Жобаны іске асыру 2009 жылы Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі шеңберінде іс-шараларды қолдаудан басталды. Жоба іс-шараларының мазмұны Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасымен толықтай үйлестірілген.

Жобаны іске асырудың қорытындылары бойынша:

-                    саланың қаржыландыру және басқару жүйесін жаңғырту үшін;

-                    медициналық қызметтердің сапасын арттыру үшін;

-                    халықты дәрімен қамтамасыз етуді жақсарту үшін;

-                    тамақ өнімдерін бақылау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру үшін;

-                    Медициналық білімді, медициналық ғылымды басқару жүйесін жаңғырту үшін;

-                    электрондық денсаулық сақтауды енгізу үшін негіз құрылғаны туралы сенімді атап айта аламыз.

Әрбір компоненттердің жетістіктеріне қысқаша тоқталып кетуге рұқсат берулеріңізді сұраймын.

 «Денсаулық сақтау секторын қаржыландыру және басқару» «А» компоненті шеңберінде 2010 жылдан бастап, сіздің білуіңізше, Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі енгізілді.

Нәтижеге бағдарланған және ұсынылатын қызметтердің сапасын арттыруға ынталандыратын алдыңғы қатарлы ақы төлеу тәсілдері енгізілді: амбулаторлық-емханалық көмек деңгейіндегі кешенді жан басына шаққандағы нормативы, стационарлық және стационарлық көмекті алмастыратын қызметтерге ақы төлеуге арналған клиникалық-шығын топтар.

Инвестициялық жоспарлау бойынша ұсыныстар әзірленді, сондай-ақ бюджеттік инвестициялар және мемлекеттік жекешелік әріптестікті ескере отырып медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдары, зертханалық қызмет және ауруханалар желісін кешенді инфрақұрылымдық дамыту жөнінде шеберлік-жоспарлар әзірленді.

Солардың негізінде әрбір облыстың жергілікті атқарушы органдары 2025 жылға дейін Желіні дамытудың перспективті жоспарын әзірлеп, оны Министрлікпен келісті. Шеберлік-жоспарларды іске асыру жобалаудың әлемдік стандарттарына сәйкес келетін медициналық ұйымдарының тиімділігі жоғары желісін құруға мүмкіндік береді, сондай-ақ медициналық көмектің халыққа қолжетімділігін елеулі арттырады. Мысалы, елдің зертханалық қызметін орталықтандыру жыл сайын 9 млрд-тан астам теңгені үнемдейді.

Медициналық ұйымдарды басқарудың тиімділігі мен сапасын арттыру үшін денсаулық сақтау менеджерлерін қарқынды оқыту жүргізіліп жатыр.

Британдық кәсіби стандарттардың негізінде менеджерлерге жаңа білікті стандарттар әзірленді және бұл қазақстандық ноу-хау болып табылады. Қазіргі таңда осы стандарттардың апробациясы жүргізілуде.

Сонымен қатар, медициналық қызметтерді жеткізушілердің автономдылығын дамытатын механизмдер енгізіліп жатыр.

Осы компонент шеңберінде саланың 14 мыңнан астам жұмыскері әр түрлі оқу үлгілерінен өтті.

Денсаулық сақтау қызметтерінің сапасын арттыру (В компоненті) – бұл халық өмірінің ұзақтығын арттыру, аналардың өлуі мен нәрестенің шетінеу көрсеткіштерін, жұқпалы емес аурулардың салдарынан пайда болатын өлімдердің көрсеткіштер қатарын төмендету бойынша мақсатқа қол жеткізуге арналған негізгі компоненттің бірі.

Бұл бағытта, медициналық қызметтердің сапасын арттыру жөнінде ұлттық стратегия құрамының бөлігі ретінде медициналық ұйымдарды ұлттық аккредиттеу жүйесі құрылды және енгізілді. Аккредиттеудің негізгі мақсаты – медициналық қызметтердің сапа кепілі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, денсаулық сақтау саласының мемлекеттік және мемлекеттік емес медициналық ұйымдары арасындағы бәсекелестікті арттыру.

2009-2014 жылдар ішінде аккредиттеу саласының 4000 жуық мамандары оқытылды, 3 мыңға жуық ұйымдар аккредиттеуден өтті, олардың ішінде 20% астамы – жеке меншік нысаны бар ұйымдар.

Қазақстанның аккредиттеу жүйесі (ISQua) сапасы бойынша Халықаралық қауымдастықпен әлемдік деңгейде танылған.

Өзге де, сапаны арттырудың маңызды аспектісі дәлелді медицинаға және медициналық технологияларды бағалауға негізделген емдеу мен профилактиканың заманауй қауіпсіздік және тиімді тәсілдерін енгізу болып табылады. Бұл ең үздік халықаралық тәжірибеге сәйкес клиникалық хаттамалардың негізінде стандарттау арқылы мүмкін болады.

Қазақстанда клиникалық нұсқаулықтар мен хаттамаларды әзірлеу және қайта қарау жүйесі құрылды, «ескі» үлгідегі (2007-2010 жылдар) диганостика мен емдеудің 700-ге жуық хаттамаларына тексеріс жүргізілді және дәлелді медицинаға негізделген 500-ге жуық жаңа клиникалық хаттамалар әзірленді. Бұл жұмыс әрдайым жалғасуда.

Клиникалық тәжірибені өзерту – дәрігерлер мен халықтың мінез-құлқын өзгертуге бағытталған еңбекті және көп жылдарды керек ететін жұмыс екенін айта кеткім келеді.

Дәлелденген клиникалық және экономикалық әсері бар емдеу тәсілін тәжірибеге енгізуге мүмкіндік беретін медициналық технологияларды бағалаудың ұлттық жүйесінің негізі салынды. Жобаны іске асырған жылдар бойы медициналық технологияларды бағалаудың 8 толық және 70 қысқартылған процедуралары өткізілді, солардың арқасында тегін медициналық көмектің кепілденген көлеміне қан тамыры стенттарының әр түрлері, кейбір экстракорпоралдық ұрықтану тәсілдері, жасанды сол жақты асқазан имплантациясы және басқалары қосылған.

Денсаулықты тиімдірек басқару үшін медициналық қызметкерлер мен созылмалы аурумен ауыратын пациенттер арасында әріптестіктің құрылуы медициналық көмектің жаңа бағыты болып табылады. 2013 жылы Ауруларды басқару бағдарламасын пилоттық енгізу басталды, оған Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарының созылмалы аурумен ауыратын 1000-нан астам тұрғындары қатысты.

Өткен жылы зертханалық қызмет пен қын қызметінің әлемдік стандарттарын енгізу бойынша жұмыс басталды.

Медициналық білімді және ғылымды жаңғырту жөнінде жұмыстар жүргізіліп жатыр (С компоненті).

Халықаралық сарапшылармен бірлесіп дәрігерлердің және орташа медициналық қызметкерлердің медициналық біліміне жаңа амалдар әзірленіп енгізілді.

9 медициналық және фармацевтикалық мамандықтар бойынша Мемлекеттік білім стандарттары, магистратура (5 мамандық), докторантура (3) және резидентура (49) бойынша стандарттар қайта құрылды.

Медбикелерді дайындауда әлемдік талаптарға сәйкес «Медбике ісі» мамандығы бойынша қолданбалы бакалавриат бағдарламасы әзірленді. Оны еліміздің 6 пилоттық медицина колледждеріне енгізу жүзеге асуда.

Денсаулық сақтау мамандарына арналған білікті емтихандар жүргізілетін білім және дағдыларды бағалау орталықтарының ұлттық желісі құрылды. Алғашқы рет сала тарихында, жұмыс істеп жатқан дәрігерлердің емтиханы тәжірибелік дағдылардың бағаларына негізделген.

Денсаулық сақтау саласының кадрлық ресурстар обсерваториясы құрылды.

Барлық медициналық ЖОО-дар Медициналық білімнің дүниежүзілік федерациясы негізінде институционалдық аккредиттеуден өтті.

Пилоттық күйде көптеген сұхбаттар мен психометрикалық тестілеуге негізделген медициналық университеттерге талапкерлерді қабылдау бойынша өзық әдіс енгізіліп жатыр, ол денсаулық сақтау саласында жұмыс істеуге қажетті жеке және академиялық сипаттағы кандидаттарды іріктеудің тұрақты жүйесін құруға мүмкіндік береді.

Ең маңызды компоненттердің бірі D компоненті «Денсаулық сақтаудың ақпараттық жүйесін дамыту» болып табылады. Электрондық денсаулық сақтауды енгізу үшін келесі бағыттар бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Бірінші. Еліміздің 3 өңірі:  Астана қ., Ақмола және Қарағанды облыстарының 290 медициналық ұйымдарында АТ-инфрақұрылымы (серверлер, компьютерлер, басып шығару құралы, локальдік желілер) құрылды

Екінші. Елдің барлық аумағына, веб-портал принципі бойынша жұмыс істейтін және пациенттің медициналық ұйымды еркін таңдау принципін іске асыруды, қаржыландыру мен сапаны бақылаудың жаңа тәсілдерін енгізуді, медициналық көмекті ұсыну жүйесін басқаруды қамтамасыз ететін 14 бағдарламалық өнім енгізілді.

Айтып өтетін жайт, порталдық шешімдерді және өзге де ақпараттық жүйелерді елдің барлық аумағына енгізу - өте қиын тапсырма, өйткені бұл жерде еңбекті көп талап ететін, кең қоғамға көрінбейтін, барлық механизмдерді ретке келтіруді талап ететін жұмыс істеледі, ал нәтижесін денсаулық сақтау жүйесінің барлық деңгейінде қолданады.

Үшінші. Халықаралық консультанттар мен Дүниежүзілік Банк сарапшыларының қатысуымен Қазақстан Республикасының электрондық денсаулық сақтау саласын дамытудың 2013-2020 жылдарға арналған жаңа тұжырымдамасы әзірленіп, Қазақстан Республикасының Үкіметімен мақұлданған. Электрондық денсаулық сақтаудың 15 базалық стандарттары әзірленіп бекітілді.

Осы тұжырымдаманы іске асырудың нәтижесінде:

- елдің әрбір азаматы электрондық жеке кабинет арқылы өзінің жеке электрондық денсаулық паспортына қол жеткізе алатын болады;

- медициналық ұйымдарға арналған бағдарламалық өнімдерді жеткізушілердің нарығы монополиясыздандырылады;

- медициналық құжаттама тек электрондық үлгіде ғана жүргізілетін болады.

Электрондық денсаулық сақтаудың инфрақұрылымдық немесе «қатаң» негізі 2 республикалық деңгейдегі деректерді өңдеу орталықтары болып табылады, онда денсаулық сақтау жүйесінің барлық ақпараты орналасатын болады.

Электрондық денсаулық сақтаудың бағдарламалық немесе «жұмсақ» негізі денсаулық сақтау саласын ақпараттандыру және интероперабелділік платформасы болып табылады. Платформа – бұл әрбір қазақстандық үшін электрондық денсаулық паспортын құруды, әр түрлі ақпараттық ресурстар арасында ақапарат алмасуды, сондай-ақ әр түрлі өндірушілердің бағдарламалық өнімдерінің үйлесімділігін қамтамасыз ететін кешенді бағдарламалық өнім болып табылады.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Дәрілік қамтамасыз ету (Е компоненті) мәселесіне үлкен назарын аударады. Осыған байланысты, формулярлық жүйені жаңғырту жөнінде үлкен жұмыс атқарылды.

Халықаралық сарапшылардың қатысуымен, дәрілік формуляр үшін дәлелденген тиімділігі бар дәрілік заттарды іріктеу жөнінде нұсқаулық әзірленді, республикалық формуляр қайта қаралды, ол жердегі халықаралық танылған деректерден 400-ден астам ескірген дәрілік заттар және тиімділігі туралы мәліметі жоқ дәрілік заттары алынып тасталды.

Басым бағыттардың бірі амбулаторлық деңгейде дәрілік қамтамасыз ету жүйесін жаңғырту болып табылады. Халықаралық сарапшылардың қатысуымен 2020 жылға дейін амбулаторлық дәрілік қамтамасыз ету жүйесін дамыту стратегиясы, амбулаторлық дәрілік қамтамасыз ету жүйесін бағалау көрсеткіштері әзірленді. Бұл – елімізде амбулаторлық дәрілік қамтамасыз етудің оңтайландырылған механизмдерін енгізуге мүмкіндік береді, оның ішінде жоспарлау, қаржыландыру және дәрілік заттардың шығыстарын өтеу.

Маңызды бағыттардың бірі дәрілік заттарды тиімді пайдалану болып табылады. Пациенттер өздерінің клиникалық қажеттіліктеріне сәйкес дәрілерді, өздерінің жеке ерекшеліктеріне сәйкес мөлшерде, сәйкес уақыт аралығында және пациенттер мен халыққа қолжетімді бағамен алуы тиіс.

2010-2011 жылдары елдің барлық 16 өңірінде Дәрілік ақпараттық орталықтар құрылды, олар БАҚ, Call-орталықтары арқылы халықты және медицина қызметкерлерін дәрілік заттарды дұрыс пайдалану туралы ақпаратты бере бастады, медицина қызметкерлерін дәрілік заттардың қауіпсіздігі мен тиімділігі туралы заманауй ақапартпен жабдықтай бастады.

Дәрілік заттардың сапасын қамтамасыз ету ұлттық қауіпсіздік факторларының бірі болып табылады. Бұл бағытта «Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медицина техникасын сараптау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК сынау орталығын  заманауй зертханалық құралдармен жабдықтау, сондай-ақ зертхана мамандарын дайындау жүргізілді.

Тамақ өнімдерінің қауіпсіздік мәселесі барлық әлемде өзекті болып табылады (F компоненті). Қазақстан Республикасы тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі жөнінде арнайы Заң қабылдаған бірінші мемлекеттердің қатарында.

ДСҰ-ға кіру шеңберінде ауыл шаруашылық өнімдері сауда-саттығына Қазақстан Республикасының кең түрде қатысуы үшін ФАО, Кодекс Алиментариус сияқты ұйымдардың халықаралық талаптарымен үйлесу қажет.

Осыған байланысты, халықаралық тәсілдерге сәйкес тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін бақылау жүйесін нығайту жөнінде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осылайша, 2009-2014 жылдар аралығында келесі жұмыстар жүргізілді:

- халықаралық талаптарға, оның ішінде Codex Alimentarius сәйкес тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі мәселелері бойынша Кеден Одағының 9 техникалық реттемесі әзірленді және қабылданды;

- ДСҰ, ААШҰ (FAO), Codex Alimentarius талаптарымен бірге ұлттық техникалық реттемелерді үйлестіру бойынша ұсыныстар әзірленді;

- 11 санитариялық-эпидемиологиялық сараптау орталығына заманауй зертханалық және арнайы жабдықтармен және тамақ өнімдерінің сапасын зерттеу үшін диагностикалық тестілермен материалдық-техникалық жабдықтау жүргізілді;

- тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін бақылау, қатерлердің талдау және бағалау мәселесі бойынша НАССР (ХАССП) Орта Азиялық оқу орталығы құрылды.

Жұмыс нәтижелері өткізілетін зерттеулердің сапасын арттыруға және тізімдерін кеңейтуге, өңірлік тамақ өнімдерінің зертханалар қызметінің сыртқы бақылауын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ бұл шаралар отандық өндірушілер арасында өнімнің сапасына бәсекелестікті ынталандырады, импортталатын және экспортқа шығатын өнімдердің қауіпсіздігін арттырады – бұл Қазақстанның болашақта ДСҰ-ға кіру шеңберінде өте маңызды.

 

Жобаны басқару (G компоненті) Министрлікпен және Жобаны іске асыруға қолдау көрсету тобымен жүзеге асырылады.

Жоба бойынша қарастырылған тауарлар мен қызметтерді сатып алу, ұйымдастырудың озық тәжірибесіне үдгі болатын Дүниежүзілік Банктің барлық рәсімдері бойынша өткізіледі.

2014 жылдың ішінде 132 келісімшарттарды әкімшілеу жұмысы, оның ішінде консультациялық қызметтерді орындауға және әлемнің 9 мемлекетінің компанияларымен серіктестік өзара іс-қимылына 26 келісімшарты бойынша жұмыстар жүргізілді.

Саланың кадрлық ресурстарының әлеуетін арттыру – Жоба тапсырмаларының бірі болып табылады. Жобаны іске асырудың барлық мерзімі ішінде әр түрлі біліктілікті арттыру курстарында 92 мыңнан астам адам оқытылды.

Жобаны іске асыруға қадағалау жүргізу Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі тарапынан, жыл сайын тәуелсіз тексерушіні тарту арқылы жүзеге асырылады.

Шолу миссиялары барысында (жылына 2 рет), сондай-ақ 2011 жылы өткізілген Жобаның нәтижелерінің ортақ мерзімді шолулары барысында Дүниежүзілік Банк Жобаны іске асыруға қадағалау жүргізеді. Осы шолудың қорытындысы бойынша Жобаны іске асырудың мерзімін ұзарту ұсынылған болатын.

Жобаны іске асыруға әсер ететін маңызды проблемалардың бірі – кемінде 1 жыл уақыт алатын халықаралық сауда рәсімдерінің ұзақтығы болып табылады.

Сіздің білуіңізше, Жобаның жалпы құны 296,0 млн. АҚШ долларын немесе эквивалентінде 49,92 млрд. теңгені құрайды. Оның ішінде Қарыз қаражатының сомасы – 117,7 млн. АҚШ доллары (19,81 млрд. теңге) немесе жоба құнының 40%. Республикалық бюджеттен бірлесіп қаржыландыру – 178,3 млн. АҚШ доллары (30,11 млрд. теңге), сәйкесінше 60% құрайды.

Жобаның аяқталуына дейін біз орындайтын жұмыстар мыналар:

- міндетті медициналық сақтандыруды енгізу барысында және мемлекеттік жекешелік әріптестіктің жобаларын сүйемелдеу кезіндегі консультациялық қолдау көрсету;

ауруларды басқару бағдарламаларын енгізу;

- клиникалық-диагностикалық зертханалардың жүйесін дамыту және референс-зертханалардың халықаралық аккредитациясы;

- қан қызметін дамыту және қан қызметінің референс-зертханаларын халықаралық аккредиттеу;

- медициналық білім және ғылымды жаңғырту жөніндегі іс-шараларды жалғастыру;

2 республикалық деңгейде деректерді өңдеу орталықтарын құру;

денсаулық сақтау саласын ақпараттандыру және интероперабелділік платформасын енгізу;

еліміздің 10 денсаулық сақтау ұйымында медициналық ақпараттық жүйелерді енгізу бойынша пилоттық жобалар.

- 2020 жылға дейін Ұлттық фармацевтикалық саясатты қабылдау;

дәрілік заттарға референттік баға белгілеу жүйесін енгізу;

Қазақстанның дәрі-дәрмектердің сапасын бақылау жөніндегі ресми зертханалардың Еуропалық желісіне кіруі;

Ұлттық фармацевтикалық инспекторат құру және Фармацевтикалық инспекцияның халықаралық ынтымақтастық жүйесіне кіру.

- интеграциялық бірігу шарттарында тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі саласында нормативтік-құқықтық базаны одан ары үйлестіру жөніндегі іс-шараларға қолдау көрсету;

- тамақ өнімдерін қайта өңдеу өнеркәсіптерінде НАССР (ХАССП) жүйесінің қағидаттарын енгізу.

Көріп отырғандарыңыздай, Жобаның іс-шаралары тек Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасымен ғана біріктірілген жоқ, сондай-ақ денсаулық сақтау саласының алдына қойылған жаңа тапсырмаларын іске асыруға да бағытталған.

Жоба жоғарғы әлеуметтік маңызға ие. Көптеген іс-шаралардың елімізге экономикаға жағымды мультипликативтік әсері бар, бәсекелестік ортаны құруға, денсаулық сақтау саласына нарықтық механизмдерді енгізуге көмектеседі, орта және кіші бизнестің дамуына, инвестицияларды тартуға көмектеседі»,- деді вице-министр.

Аталған жобаның қаржылық жағына ҚР Қаржы министрінің орынбасары Руслан Бекетаев тоқталды. Оның мәлімдеуінше:

Жобаның жалпы құны - 296,0 млн. АҚШ доллары, оның ішінде қарыз қаражатынан – 117,7 млн. АҚШ доллары және республикалық бюджеттен қоса қаржыландыру қаражатынан – 178,3 млн. АҚШ доллары.

Банктің аталған қарызы 5 жылдық жеңілдік кезеңін қоса алғанда, 16 жыл өтеу мерзімімен берілген, пайыздық мөлшерлеме – ЛИБОР + Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкінің  спрэдіне тең (қазіргі уақытта мөлшерлеме 0,49%-ды құрайды), біржолғы комиссия - 0,25%-ға тең. 

Қарыз қаражатынан игеру 2015 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша 58,2 млн. АҚШ долларын немесе 49%-ды құрады.

Үнемделген қаражат есебінен іске асырылатын қосымша іс-шаралардың енгізілуіне байланысты 2013 жылғы 30 маусымға белгіленген қарызды жабудың бастапқы күні (игеру кезеңі) 2015 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартылды. 

2015 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша көрсетілген қарыз шеңберінде өтелген негізгі борыштың сомасы – 23,5 млн. АҚШ долларын, пайыздарды төлеу бойынша қарызға қызмет көрсету сомасы – 89 мың АҚШ долларын құрады. Қарыз шеңберінде 294 мың АҚШ доллары сомасына біржолғы комиссия төленді.

«Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау секторындағы технологияларды беру және институционалдық реформа жүргізу» жобасының Қазақстандағы үйлестірушісі Болат Төкежанов жоба жайында таратын түсіндіріп берді.

 

***

Баяндамашылардың сөздерінен кейін Мәжіліс депутаттары А.Нұркина, Ә.Бимендина, И.Аронова, Қ.Қаракен, У.Бишимбаев, Г.Исимбаева, Г.Сейтмағанбетова сұрақтар қойды.

 

 

(Сәуле Досжанова. Т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)

 

 

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі