Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
26.03.2015

МӘЖІЛІС ТӨРАҒАСЫ Қ. ЖАҚЫПОВ КОРЕЯЛЫҚ ДЕЛЕГАЦИЯ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ


МӘЖІЛІС ТӨРАҒАСЫ Қ. ЖАҚЫПОВ КОРЕЯЛЫҚ ДЕЛЕГАЦИЯ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

 

 

Астана, 26 наурыз, Мәжіліс үйі. Бүгін Парламентте Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының «Қазақстан Республикасы – Корея Республикасы» ынтымақтастық жөніндегі парламентаралық топ жетекшісінің орынбасары, Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының депутаты Чаң Юнсок бастаған делегация өкілдерімен кездесті.

Тараптар барлық сала бойынша екіжақты қарым-қатынасты дамыту жайында пікір алмасты.

Мәжіліс Төрағасы Корея Қазақстанның Шығыс Азиядағы маңызды стратегиялық әріптестерінің бірі екенін алға тарта келіп, саяси, сауда-экономикалық саладағы жетістіктерге тоқталды. Корея Республикасының Президенті Па Кын Хенің өткен жылғы Қазақстанға жасаған мемлекеттік іс-сапары өзара саяси іс-қимылға  тың серпін берді.

Қос мемлекет арасындағы тауар айналымы өткен жылы 2 млрд долларға жуықтады. Бүгінгі күні Қазақстанда 800-ден астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Әсіресе, Атырау облысында салынып жатқан газ-химиялық кешен, жақын уақытта іске қосылатын «Жамбыл» кен орны, Балхаш ЖЭС сынды ірі жобалар Қазақстанның инфрақұрылымдық дамуына айтарлықтай үлес қосумен қатар, біздің елдеріміздің инвестициялық және технологиялық ынтымақтастығын нығайта түспек.

         Осы ретте Мәжіліс Спикері Еуразиялық экономикалық одақ басымдықтарын да назардан тыс қалдырмады. 

Одан әрі Мәжіліс Төрағасы оңтүстік кореялық бизнес өкілдерін «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясат және ауқымды үдемелі индустриялық даму бағдарламасы аясында Қазақстанда индустриялық – инновациялық жобаларды жүзеге асыруға, сондай-ақ, Астанада өтетін «ЭСПО-2017» халықаралық көрмесіне белсене қатысуға шақырды.

Қабиболла Жақыпов көпжақты іс-қимылды нығайту жайын сөз еткенде Корея Респбуликасының 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Қазақстан кандидатурасын қолдайтындығына сенім білдірді. Ал елдегі саяси ахуалды әңгімелеу барысында сәуір айында өтетін президенттік сайлаудың маңыздылығын  атап өтті.  

         Өз кезегінде делегация жетекшісі Астанаға бірінші рет келгенін, қаланың заманауи деңгейде өркендеп келе жатқанына тәнті болғанын жеткізді.  Чаң Юнсоктың атап өткеніндей, ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының арқасында Қазақстан қарқынды даму жолына түсті. 

Кездесу иелері мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту мәселесіне де көңіл бөлді.

Сондай-ақ, парламентаралық ықпалдастықты күшейтуге айрықша назар аударылды.  Осы орайда Мәжіліс Спикері  Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының Төрағасы Чон Ый Хваға Қазақстанға ресми сапармен келуге шақыру жолдады.

 

(Зәмеш Кеңесқызы-74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)

 

               

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі