Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
30.03.2015

ҚАБИБОЛЛА ЖАҚЫПОВ ВЬЕТНАМ ПРЕЗИДЕНТІМЕН КЕЗДЕСТІ


                ҚАБИБОЛЛА ЖАҚЫПОВ ВЬЕТНАМ ПРЕЗИДЕНТІМЕН КЕЗДЕСТІ  

               

Астана, 30 наурыз, Мәжіліс үйі. Вьетнам Социалистік Республикасына ресми сапары барысында Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов ел Президенті Чыонг Тан Шангпен кездесті.

Кездесу қарсаңында Мәжіліс Спикері бастаған парламенттік делегация мүшелері Хо Ши Мин кесенесіне гүл шоқтарын қойды.

Вьетнам президентімен әңгіме барысында Қабиболла Жақыпов Қазақстан Президентінің арнайы өкілі ретінде Чыонг Тан Шанга Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Қазақстан кандидатурасын қолдау жөнінде жолдауын табыс етті.  

Мәжіліс Төрағасы қазақстандық-вьетнамдық қарым-қатынас жайын сөз еткенде, аталған мемлекеттің Оңтүстік-Шығыс Азиядағы Қазақстанның маңызды саяси және экономикалық әріптесі екенін атап өтті.

Қ. Жақыпов БҰҰ, ИЫҰ, АСЕМ аясында екі елдің өзара байланысын күшейтудің маңыздылығына тоқталды.  Спикердің айтуынша, осы күндері Ханойда өтіп жатқан Парламентаралық Одақтың 132-Ассамблеясы Вьетнамның халықаралық қатынастағы салмақты рөлінің көрсеткіші.

Мәжіліс Төрағасы қарқынды дамуға, вьетнамдық қоғамның қайта құрылу ауқымдылығына көңіл бөлді.  «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатына, ҮИИД бағдарламасына, сондай-ақ, Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын жоғарлату мәселелеріне тоқталды.

Чыонг Тан Шанг Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығының арқасында жеткен жетістіктерді сараптап, Қазақстанның болашақта талай асуларды бағындыратынына сенім білдірді және вьетнамдық азаматтарға көрсеткен көмек үшін  біздің елімізге алғыс білдірді

Тараптардың атап өткеніндей, болашақта туризм, мұнай-газ, ауылшаруашылығы салаларында ынтымақтастықты нығайтудың мүмкіндігі зор.

Осы ел Президентінің пікірінше, вьетнамдық компаниялардың Астанада өтетін  ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуы даму үрдісіне жаңа серпін береді.    

Ал, қос мемлекет президенттері арасындағы келісімдерді заңдық тұрғыдан қолдау жайында Мәжіліс Төрағасы қазақстандық парламентшілердің алдағы уақытта да екі елдің өзара іс-қимылын күшейтуге ықпал етуге дайын екендіктерін жеткізді.

Жүздесуге сондай-ақ, сенатор Е.Мұқаев, мәжілісмендер М.Әшімбаев, Р.Мәдинов, Ә.Бимендина, В.Киянский, Ү.Медеуов қатысты.

 

 (ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі