Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
25.05.2015

МӘЖІЛІС: ЖЕҢІЛ ӨНЕРКӘСІПТІ ДАМЫТУ, ОНЫ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ МЕН ЖАҢҒЫРТУДЫҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ


МӘЖІЛІС: ЖЕҢІЛ ӨНЕРКӘСІПТІ ДАМЫТУ, ОНЫ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ МЕН ЖАҢҒЫРТУДЫҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ

Астана, 25 мамыр, Мәжіліс Үйі.

Мәжілісте Палата Төрағасының орынбасары Дариға Назарбаеваның жетекшілігінде өткен Үкімет сағатындағы Палатаның Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Сейітсұлтан Әйімбетовтың жасаған қосымша баяндамасы.

«Дамыған елдерде де, дамушы елдерде де жеңіл өнеркәсіптің маңызы зор және ол тұтыну деңгейі бойынша тек азық-түлік өнімдерін тұтынудан кейін екінші орында тұр. Бәсекеге қабілетті өнім шығару жағдайында ол салынған ресурстардың жоғары айналымдылығы (жылына 2-3 есе) мен тиімділігін, кең ауқымды өңіраралық және салааралық кооперацияны қамтамасыз ете отырып, өткізудің орнықты нарығын иеленеді.  

Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының жеңіл өнеркәсібі республика бюджетін 25%-ға дейін қалыптастырғаны бәріміздің есімізде. Оның өңдеуші өнеркәсіп құрылымындағы үлесі 21%-ды құрады. Республикада 1 000-нан астам ірі және орта кәсіпорын, оның ішінде қала құрайтын кәсіпорындар жұмыс істеді (10 мыңнан астам жұмысшысы бар Алматы мақта-мата комбинаты (АХБК), 1 мыңнан астам жұмысшысы болған Алматы кілем фабрикасы, 9 мыңға дейін адамды жұмыспен қамтыған Қостанай мауыты-шұға комбинаты сияқты алып кәсіпорындар және басқалар табысты жұмыс істеді),

Бүгінгі таңда бұл көрсеткіштер бірнеше есеге қысқарды. 2014 жылы аталған салада жұмыспен қамтылғандар саны небәрі 13,7 мың адамды құрады, қысқарту – 15 еседен артық. Жеңіл индустрияның өңдеуші өнеркәсіп құрылымындағы үлесі
19 есеге қысқарып, небәрі 1,1%-ды құрады.

Бұл басқа салалармен салыстырғанда жеңіл өнеркәсіптегі өндірістің құлдырауы аса жоғары болғанын айғақтайды.

Мысалға, жеңіл өнеркәсіптің үлесі дамыған елдерде (АҚШ, Италия, Германия, Қытай, Түркия, Португалия) сақталып,
12-20%-ды құрап отыр.

Бүгін Әсет Өрентайұлы Қазақстан Республикасындағы жеңіл өнеркәсіп туралы толық ақпарат берді.

Сонымен бірге, саланы дамытудың, оны қалпына келтіру мен жаңғыртудың кейбір мәселелеріне тоқталып өткім келеді.

Біріншіден, халықаралық бағалау бойынша отандық өндірістің үлесі ресурстардың жалпы көлемінде 30 %-ға жеткен жағдайда елдің экономикалық қауіпсіздігінің шекті деңгейіне кол жеткізіледі екен.

Отандық жеңіл өнеркәсіпті дамыту және елдегі ішкі нарықты қорғау үшін мемлекеттік қолдау шаралары тұрақты түрде қабылданып жатқанын есте сақтаған жөн:

Жеңіл және тамақ өнеркәсібінде импортты алмастырудың 2001-2003 жылдарға арналған бағдарламасы; Мақта-тоқыма кластері - «Оңтүстік» АЭА құру; Қазақстан Республикасында жеңіл өнеркәсіпті дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған бағдарлама. Сонымен қатар 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустрияландырудың мемлекеттік бағдарламасында жеңіл өнеркәсіп дамудың негізгі секторларының бірі болып айқындалды. Бұл ретте
2008-2013 жылдарда жеңіл өнеркәсіптің негізгі капиталына салынған инвестициялар 3
7 млрд. 910 млн. теңгені құрады.

Бірақ бұған қарамастан, отандық кәсіпорындар бүгінгі күні алға озатын өсімді көрсетпей отыр. Оларға сатудың төмен көлемі және елдің ішкі нарығының қажеттіліктерін азғантай көлемде жабу ғана тән. Мәселен, отандық тоқыма және тігін өнеркәсібі республиканың ішкі нарығы қажеттілігінің тек 8%-ын, аяқ киім 1%-ға жуығын ғана қамтамасыз етеді және жеңіл өнеркәсіп өнімінің 90%-дан астамы импорт үлесіне тиесілі.

2008 жылдан бастап 2013 жыл аралығында жеңіл өнеркәсіп тауарларының импорты бес есеге жуық өскен, өсу қарқыны рекордтық көрсеткішті - 481,5%-ды құрады, ал экспорт небары
5 %-ға өсті.

Бұл үрдіс әлі жалғасуда. 2014 жылғы талдау жеңіл өнеркәсіп тауарларының импорты экспорттан 12 есеге жуық асып түсіп, 2 млрд. 241 млн. 492 мың долларды құрағанын көрсетті.

Осылайша, мемлекет зор әлеуеті (шикізат, еңбек ресурстары) бола тұра, толықтай импортқа тәуелді болып отыр. Тауарлар импорты мен шикізат экспорты (ресурстар) ғана болған кезде нақты экономиканың қандай да бір өсуі туралы сөз қозғауға болмайды. Бұдан Үкімет қабылдаған шаралардың өндірістің құлдырау деңгейін тек тұрақтандырғанын ғана көруге болады.

Өндірушілер үшін тең емес экономикалық жағдайлар отандық тауар өндірушілерге ішкі нарықтарда да, сыртқы нарықтарда да өндірісті тиімді дамытуға мүмкіндік бермейді. Оның үстіне, жеңіл индустрия өніміне жыл сайынғы қажеттілік
5 млрд. долларға жуық деп бағаланып отыр.

Біздің ойымызша, елдің ішкі нарығын қорғау үшін:

-Жеңіл өнеркәсіптегі өз өндірісіміздің планкасын экономикалық қауіпсіздік деңгейіне дейін жеткізу (отандық өндіріс үлесін 30 %-ға дейін жеткізу).

-Ішкі нарықты отандық сапалы өніммен толтыру үшін қолайлы жағдайлар жасау.

-Шикізатты дайын өнімге дейін терең өңдеуді жүзеге асыратын жеңіл өнеркәсіп өнімін өндірушілер үшін жеңілдіктер беру тетігін енгізу қажет. Оларды қосылған құн салығынан босатуға, преференциялар мен субсидияларды және басқаларды беруге болады.

-Санитариялық-гигиеналық нормативтерге, техникалық регламенттер мен стандарттарға сәйкес келмейтін тігін, тоқыма, тері-былғары және аяқ киім өнімін өткізу үшін жауаптылықты қатаңдату.

-Отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілетті тауарларын сыртқы нарыққа жылжытуы бойынша қолдау көрсету қажет.

 

Екіншіден, сапалы шикізатты терең қайта өңдеу және олардың жетіспеушілік проблемасын шешу қажет. Мысалы, қазіргі уақытта мақта-талшықтың тек 2%-ы ғана дайын өнімге дейін қайта өңделеді, жүннің 12%-ы бастапқы өңдеуге жатқызылады. Статистика деректері бойынша шикізаттың
90%-ға жуығы (шитті мақта, өңделмеген тері, жуылмаған жүн түріндегі) шетелге экспортталады. Тігін өнеркәсібі жұмыста іс жүзінде Қазақстанда өндірілмейтін импорттық маталарды, иірілген жіпті, жіпті, фурнитураны пайдалануға мәжбүр болып отыр. Бұл бұйымдар құнының жоғары болуына және бағасы бойынша олардың импорттық өніммен бәсекелесуге қабілетсіздігіне әкеп соғады.

Сондықтан отандық өндірушілер шетелдік өндірушілермен бәсекелестік күресте жеңіліп жатады.

Бұл проблеманы шешу үшін шикізат экспортын тежеу және өңделу дәрежесі төмен өнімді әкетуге жоғары баждарды енгізу бойынша шаралар қолданылуға тиіс.

Сондай-ақ отандық жеңіл индустрияны дамыту үшін өндірістің: шикізатты алудан дайын өнімді жасауға дейінгі толық циклі аса қажет (мысалы, өсірілген мақтадан шитті мақтаны алу ғана емес, сонымен бірге одан мата дайындалғаны және дайын киім тігілгені біз үшін маңызды).

Бұл мәселеде біздің кеңестік дәуірден көп жылғы тәжірибеміз бар – біздің өз шикізат қорымыз болған, толық қайта өңдеуді және дайын өнім шығаруды жүзеге асырдық. «Алматыкілем», Шымкент қаракүл зауыты, Семей тері-былғары комбинаты, Алматы мақта-мата комбинаты (АХБК), Жамбыл жүн өңдеу комбинаты және Алматы қаласындағы «Жетісу» аяқ киім фабрикасы сияқты қазақстандық жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары әлемге әйгілі болып, өнімге жоғары сұранысқа ие болған.

Қазіргі кезде республикада шикізат қорын дамыту мәселелері де мемлекеттің агроөнеркәсіптік кешенді мықты және жүйелі қолдау бағдарламаларын іске асыру арқылы шешілуде.

Сондықтан Қазақстанның жеңіл өнеркәсібінің бұрынғы қарқынын жаңғырту үшін барлық алғышарттар бар.

Бұл үшін, бірінші кезекте, бәсекеге қабілетті дайын өнімді шығаратын кәсіпорындарды қолдау және ішкі нарықты қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ  өткізілген өнім бірлігіне қосымша жеңілдіктер беру жолымен одан әрі экспортын ынталандыру қажет (дайын өнімнің экспортын ынталандырудың мұндай әдісі Қытайда, Өзбекстанда табысты қабылданған).

Мұндай шаралар шикізатты дайындау мен өңдеу, материалдарды сапалы дайындау, халықтың, әсіресе әйелдердің жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету және ең бастысы, салада және жалпы республикада қосымша жұмыс орындарын ашу бойынша жеңіл өнеркәсіпті дамытуға жаңа серпін береді.

                Сондай-ақ қазіргі заманғы жеңіл индустрияның ғылымды қажетсінетінін ескеру керек. Қазіргі уақытта бұл саланың бәсекеге қабілеттілігінің технология мен инновацияға салынатын инвестицияның деңгейіне тәуелділігі жоғары.

                Өкінішке орай, өндірістің еңбекті көп қажетсінетіні жеңіл өнеркәсіптің отандық кәсіпорындарының көпшілігіне тән. Бұл жабдықтардың, сондай-ақ өндірістің технологиялық процестерінің физикалық және моральдық жағынан тозуына байланысты. Бұл еңбек өнімділігіне (дамыған елдердің деңгейінен 30 – 40 %), өнім сапасына және т.б. теріс әсер етеді.

                Отандық өндірушілердің технологиялар трансфертінде белсенділігінің, ұтқырлығының және қызығушылығының болмауы тағы бір маңызды мәселелердің бірі  болып табылады (мысалы, Mango, Zara сияқты көпшілікке қолжетімді брендтер жаңа киім үлгілері таныстырылғаннан кейін 10-15 күннен соң шығарылып, бүкіл әлемде сатыла бастайды).

                Бұл проблеманы шешу үшін технологиялар, жабдықтар, қосалқы және көмекші бөлшектер сатып алуға жеңілдікті кредиттер беруді көздеу қажет. Оның ішінде шетелден сатып алынатын көпфункционалдық және мобильді жабдықтарды баждардан және қосымша құн салығынан босатуды да көздеуге болады.

                Үшіншіден, әлеуетінің жоғары болуына қарамастан, жеңіл өнеркәсіп 2015–2019 жылдарға арналған индустрияландырудың екінші кезеңінің бағдарламасына енгізілген жоқ. Демек, біз салада жоғары нәтижеге қол жеткізбей, жарты жолда тоқтап қалдық. Отандық жеңіл индустрияның жай-күйін жақсарту жөнінде үйлестірілген және нақты іс-қимылдар жоспары жоқ екені де анық.

                Ал шалағай әрекеттердің мемлекет экономикасына айтарлықтай нұқсан келтіретіні белгілі.

                Тері өндірісі мәселесі бойынша

                Қазақстанда климаттың, сапалы жем-шөп базасының және табиғи селекцияның арқасында тері сапалы әрі жоғары сұранысқа ие болады.

                Алайда, өкінішке орай, біз мынаны атап өтеміз. Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының деректері бойынша 2012 жылы елімізде 10 млн. дана өңделмеген тері өндірілген. Оның ішінде 2 млн. дана экспортталған, ішкі өңдеуге 1,7 млн. дана жіберілген. Импорт мүлдем жүзеге асырылмаған дерлік.

6,3 млн. дана өңделмеген тері «көлеңкеде» қалып отыр және «қара» және «сұр» экспорт схемасы арқылы заңсыз жолмен елден шығарылған.

                Тері – стратегиялық өнім болып табылады, оны жоғары өңдеуге дейін жеткізіп, дайын өнімді экспортқа шығаруға болады. Мәселен, практика көрсеткендей, өңделген теріні сатқанға дейін тері шикізатының сатып алу бағасын 20 есеге, ал дайын өнім (аяқ киім, күртеше, сөмке) шығарған кезде оны
70 есеге дейін көтеруге болады.

                Мысалы, Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының  аяқ киім саласының қалыптасу кезеңінде аяқ киім өндірісінің көлемі жыл сайын шамамен 390 млн. жұп болған.

                Тері дайындау осы саланың тағы бір маңызды проблемасы әрі тежеуші факторы болып табылады. Қазақстан аграрлық ел болғанына қарамастан, бізде тері дайындау және өңдеу жөніндегі кәсіпорындар қалған жоқ деп айтуға болады.

                Сондықтан әкімдіктер бизнеспен бірлесіп, сатып алу-дайындау кеңселерін ашу жұмыстарын жүргізуі керек. Бұл ретте, дайындау кеңселерін теріні кейіннен отандық тері зауыттарында өңдеу үшін оны бастапқы өңдеуге міндеттеу керек.

                Бұдан басқа, республикамыз өзінің артықшылықтарын, яғни тері өндіру бойынша Орталық Азиядағы үстем жағдайын; географиялық жағынан қолайлы орналасуын (орасан үлкен Қытай нарығына жақын болуы) пайдалануы тиіс. Мұның барлығы Қазақстанға бүкіл Орталық Азияда тері шикізатын өңдеу жөніндегі өңірлік процессингтік орталықтың орнын иеленуге мүмкіндік береді.

                Мақта өңдеу мәселесі бойынша: елде жыл сайын шамамен 100 мың тонна мақта талшығы өндіріледі, оның 90 %-ы экспортталады. Бүгінгі күні Оңтүстік Қазақстан облысында
15 мақта өңдеу зауыты бар, олар жабдықтардың энергияны көп қажетсінуімен, шығарылатын талшық сапасының төмен болуымен және өз шикізатының жетіспеушілігімен ерекшеленеді.

                Толық қуатында жұмыс істеген кезде отандық кәсіпорындар мақта талшығы жалпы көлемінің 30 %-на дейін өңдей алады.

                 Бұл ретте, мақта шитін егудің жаңа технологияларын (өсірудің қазіргі заманғы әдістемелері, пленка астында тамшылатып суару әдісі) қолдану қажеттілігіне де назар аудару қажет, бұл егіс алқаптарын ұлғайтпай, оның өнімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

                Бұдан басқа, субсидиялау тетігін қайта қарайтын кез келді. Оларды жанар-жағармайға, суаратын суға және минералдық тыңайтқыштарға бөлудің орнына субсидияны өндірілген өнімнің бірлігіне, яғни шитті мақтаға бөлу тиімдірек болады.

                Жүн өңдеу мәселесі бойынша: жыл сайын қырқылатын 40 мың тонна жүннің шамамен 30 %-ы, оның ішінде 17 %-ы жуылмаған күйде    экспортталады.

                Жүннің 70 %-нан астамы жоғалады, өңделмейді. Берекетсіз жүн нарығының болуынан жүн арзан бағамен бақылаусыз және сертификатсыз Қазақстаннан тыс жерлерге, ал түскен қаражаттың айтарлықтай бөлігі «көлеңкелі айналымға» кетіп жатыр, бұл үлкен шығындарға әкеліп, осының салдарынан мемлекет жыл сайын 6,0 млн. доллар жоғалтып отыр.

                Егер жүн өндірісінің шығындарын барынша азайтсақ, ол елдің бюджетін толтырып қана қоймай, сонымен қатар халықтың жүн өндіру мен оны өңдеуде, оның ішінде ауылдық жерлерде жұмыспен қамтылуын ұлғайтуға мүмкіндік береді.

                Бұдан басқа, жүргізілген есептер шикізатты толық өңдеу циклін жолға қою бастапқы өңдеумен салыстырғанда жалпы өнім көлемін үш есе ұлғайтуға мүмкіндік беретінін көрсетіп отыр.

                «Баяғы жартас – сол жартас» деген белгілі мәтелді жеңіл өнеркәсіптегі қазіргі біздің жағдайымызға қолдануға болады. Қазақстанда барлық алғышарттар – мемлекеттік қолдау, негізгі өндіріс, адам ресурстары бар.

                Тек кәсіпкерлеріміздің осы секторда жұмыс істеуге, яғни мақта өсіруге, тері және былғары илеуге, киім мен аяқ киімді модельдеуге және тігуге ынтасы ғана жетпей тұр. Өйткені мұнда сауда және қызметтер көрсету саласы сияқты бір сәтте пайда алу мүмкін емес. Статистика бойынша тауарларды бөлшек саудада сату айналымы 2013 жылдың өзінде ғана 5 трлн. 474,3 млрд. теңге болған.

                Сондықтан,      қысқа уақытта спутниктік байланыс пен хабар таратудың ғарыштық жүйесі, дәлдігі жоғары спутниктік навигация инфрақұрылымы, автомобиль, радиоэлектроника, өнеркәсіп жабдығын өндіруді қоса алғанда, машина жасау кешені сияқты ғылымды қажетсінетін және инновациялық күрделі өндірістер құрған біздің елімізде жеңіл өнеркәсіпті «аяғынан тұрғызу» күрделі міндет болып табылмайды.

                Осыған байланысты, Үкімет жеңіл өнеркәсіпті экономиканың басым секторларына қосып, оған деген көзқарасын қайта қарауы қажет. Елбасы айтып өткендей, өндірушінің сапасы мен кепілдігін білдіретін «Қазақстанда жасалған» деген жазуы бар танымал бренд жасау керек.

                Бұл үшін жеңіл өнеркәсіпті дамыту жөніндегі ұстанымдарды:

-тұрып қалған кәсіпорындарды жеңіл өнеркәсіпті басқару жөнінде дербес ұлттық оператор құру арқылы іске қосу үшін мемлекеттік даму институттарының, оның ішінде «Kaznex Invest» акционерлік қоғамының, «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингі» акционерлік қоғамының құралдарын пайдалану;

-шетелдік инвесторлар үшін де, өзіміздің өндірушілерді ынталандыру үшін де тартымды жағдай жасау;

-шетелдіктер үшін келісімшарттың қолданылу уақытына оңайлатылған визалық режим мүмкіндігін қарау;

-өндірістерде ТББ – техникалық бақылау бөлімдерін жаңғырту;

-«Қазақстанда жасалған» деген белгісі бар тауарларды танымал ету және қазақстандық тауар өндірушілер және киім мен аяқ киім брендтері туралы танымдық теле, радио бағдарламаларын шығару арқылы қайта қарау керек.

                Төртіншіден, балалар тауарларын өндіру мен қамтамасыз ету проблемасын ерекше атап өткіміз келеді.

                 Бүгінгі күні сарапшылардың бағалауы бойынша балалар киімі мен аяқ киімі нарығының көлемі жыл сайын 200,0 млрд. теңгені құрайды. Алайда, отандық балалар тауарларымен қамтамасыз етілу 1 %-дан аспайды.

                Оқушыларды сапалы әрі денсаулық үшін қауіпсіз мектеп формасымен қамтамасыз ету мәселесі де ерекше алаңдатады.

                Мәселен, жыл сайын күзде ата-аналар мектеп формасын іздеу мен оған тапсырыс берудің әлегіне түседі. Өйткені оларды бізге Қытайдан, Түркиядан, Қырғызстаннан әкеледі.

                Мынадай сұрақ туындайды: біз балаларымыз үшін не сатып алып жатырмыз? Бізге бағасы қымбат, бірақ сапасы төмен, қауіпсіздік сертификаттары, шығарылу сертификаттары жоқ, инвойстары жоқ тауар ұсынады. Ең сорақысы, сол мектеп формасына балаларымыздың денсаулығына зиян келтіретін синтетикалық маталарды жиі қолданылады.

                Біз өз өндірушілерімізді қолдаудың орнына, іс жүзінде басқа елдердің экономикасына инвестиция салып, оларды көтеріп әрі байытып отырмыз. Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының ақпараты бойынша қазақстандық оқушылардың саны шамамен 2 млн. болса, 1 балаға шаққанда мектеп формасының бағасы шамамен 15 мың теңге деген есеппен алғанда, бұл нарықтың көлемі жыл сайын шамамен 30,0 млрд. теңге деп бағаланып отыр.

                Сондықтан Үкіметке бірыңғай мектеп формасын енгізу және оны тек Қазақстанда ғана өндіруді міндеттеу мәселесін қарайтын уақыт келді.

                Бұл бір жағынан – мәжбүрлі әрі қажетті шара, екінші жағынан – балаларға арналған мектеп формасын, спорт костюмдерін, киім және аяқ киім шығаратын, патриоттық рухта жұмыс істеп жатқан қазақстандық шағын және орта кәсіпорындарды нақты қолдау. Бұл отандық тауар өндірушілерді нақты қолдаудың алқашқы қадамы болады.

                Жеңіл өнеркәсіптің отандық кәсіпорындарының қарулы күштер, ішкі істер органдары, құтқару және басқа да қызметтердің қызметкерлері үшін нысанды киім-кешек тігуі екінші қадам болуы мүмкін. Біз Қазақстанның барлық өңірлері мен қалаларында сапалы мектеп формасы мен нысанды киім-кешек тігіп, жемісті жұмыс істегісі келетін кәсіпорындар бар деп сенімді түрде айта аламыз.

                Бұл үшін тауарларға үнемі мониторинг жүргізу, бірыңғай ақпараттық портал құру, облыстық әкімдіктердің сайттарында ақпарат орналастыру, жеңілдікті шарттармен сауда алаңдарын ұсыну қажет.

                Бесіншіден, бүгінгі күні қазіргі заманның талаптарына сай келетін білікті кадрлардың жетіспеушілігі Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі үшін өткір проблема болып отыр. Жұмысшылар, тігіншілер, портнойлар ғана емес жоғары және орта буынның техникалық жұмыскерлері де жетіспейді.

                Елде әртүрлі деңгейдегі жеңіл өнеркәсіп мамандарын дайындайтын оқу орындары жеткілікті болғанымен, көптеген түлектер өзінің мансабын өндіріспен байланыстырғысы келмейді. Бұл еңбек жағдайының ауырлығы мен жалақының төмендігіне байланысты. Кәсіпорындарда кадрлардың жиі кетуі байқалады.

                Сондықтан, кадр мәселесі персоналды басқару мен кәсіптің беделін көтерудің жаңа тәсілдерін енгізуді талап етеді. Бүгінгі күні мамандар даярлаудың сапалық көрсеткіштерін жақсартуға баса екпін берілуге тиіс және мұнда білім мен кәсіби шеберлік өндірістің маңызды ресурсы ретінде қаралуға тиіс. Бұдан басқа, білім беру мен экономиканың нақты секторы арасындағы алшақтықты жою қажет.

Бұл үшін біздің білім ведомстволарымыз бизнес мұқтаж болып отырған мамандарды даярлауға мемлекеттік тапсырысты қалыптастыруы керек, сондай-ақ оқу стандарттарын нақты бизнес өкілдерімен және салалық қауымдастықтармен келісуге тиіс.

Сондай-ақ бұл кәсіптің беделін көтеру үшін «Өндіріс озаты», «Ерен еңбек», «Үздік тігінші», «Үздік өндіріс шебері» атақтарын жаңғырту қажет.

Құрметті депутаттар!

Қазақстанның әлемдегі дамыған 30 елінің қатарына кіру жөнінде Мемлекет басшысы қойған міндеттерді орындау мақсатында депутаттық корпус жеңіл өнеркәсіп саласындағы ахуалды жақсарту бойынша үлкен жұмыс атқаруда. Партиялардың қоғамдық қабылдауының, «Нұр Отан» фракциясы жанындағы маңызды кеңестердің диалог алаңдарында жеңіл индустрияның және агроөнеркәсіптік кешеннің онымен өзара байланысты салаларының еңбек ұжымдарымен, қоғамдық бірлестіктерімен және кәсіпкерлерімен кездесулер мен талқылаулар өткізілуде. Мұнда депутаттар саланың жағдайын жақсарту және саланың тұтынушылары мен қызметкерлерінің құқықтарын қорғау бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуде.

Сонымен қатар қазіргі уақытта Парламент Мәжілісінде мақта саласының дамуын жетілдіру, арнайы экономикалық аймақтар мәселелері жөнінде маңызды заң жобалары қаралуда. Кәсіпкерлік кодексінің жобасын жан-жақты талқылау және пысықтау жұмысы жүргізіліп жатыр. Ағымдағы сессияда Парламент кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды түбегейлі жақсарту, мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуын шектеу мәселелері жөнінде заңдар қабылдады, бұл заңдар бизнес жүргізу жағдайын жақсартуға, кәсіпкерлікті қолдауға және елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.

Сөзімді аяқтай келе, Әсет Өрентайұлына алға қойылған міндеттерді шешуде табыс тілеймін. Бұл үшін барлық мүмкіндіктер бар. Бүгінгі күні Министрліктің жеңіл өнеркәсіптің жедел дамуына серпін беруге қабілеті жеткілікті және ең бастысы, көзделген барлық мақсатты іске асыруға міндетті». 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі