Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
17.06.2015

ҚАЗАҚСТАН МЕН БЕЛАРУСЬ ПАРЛАМЕНТТЕРІ АРАСЫНДА КЕЛІСІМГЕ ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ


ҚАЗАҚСТАН МЕН БЕЛАРУСЬ ПАРЛАМЕНТТЕРІ АРАСЫНДА КЕЛІСІМГЕ ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

 

 

Астана, 17 маусым, Мәжіліс үйі. Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Қабиболла Жақыпов пен Қазақстанда ресми сапармен жүрген Беларусь Ұлттық Жиналысы Өкілдер Палатасының Төрағасы Владимир Андрейченко ынтымақтастық туралы Келісімге қол қойды.

                Кездесу иелерінің атап өткеніндей, екі ел басшылары ықпалының нәтижесінде Қазақстан мен Беларусь арасындағы қарым-қатынас стратегиялық сипатқа ие болды.

                2014 жылдың қорытындысы бойынша өзара тауар айналымы 750 млн. доллардан асты. Қазіргі уақытта кен және шахта техникаларын, тракторларды, астық және астық жинау комбайндарын басқа да техникаларды құрастыруға бағытталған қазақстандық-беларустық бірлескен жобалар жүзеге асырылуда.

Бұл ретте тараптар барлық салада ынтымақтастықты одан әрі нығайту қажеттілігіне тоқталды. Осыған орай, жалпы өзара тиімді байланысты күшейтуде қос мемлекет парламенттерінің ықпалы зор болмақ. Сондықтан, Мәжіліс пен Палата өкілдерінің арасында қол қойылып отырған бүгінгі Келісім парламентаралық қатынастың тереңдеуіне тың серпін береді. Қабиболла Жақыпов:

                -Келісім екіжақты, сондай-ақ, көпжақты  форматта парламентаралық қарым-қатынастың болашағы үшін  үлкен мүмкіндіктерге жол ашады, бұл екі мемлекеттің игілігіне қызмет ететін болады,-деп атап өтті.

                Өкілдер Палатасының Төрағасы Владимир Андрейченко екі мемлекет арасындағы өзара сенім мен сыйластыққа негізделген саяси, дипломатиялық, парламентаралық байланыстың бүгінгі күні жоғары деңгейде дамып келе жатқанын алға тарта келіп:

                -Келісімге қол қоя отырып, біз саясат, сауда-экономикалық, салаларда, келісім-құқықтық базаны жетілдіруде, аймақтық ынтымақтастық бағытында әріптестікті одан әрі тереңдетуді жоспарлап отырмыз. Ол үшін барлық жағдай жасалған,-деді.

 

(ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі