Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
24.06.2015

МӘЖІЛІС БАЗАЛЫҚ ЗЕЙНЕТАҚЫ ТАҒАЙЫНДАУ ТӘРТІБІН ӨЗГЕРТУДІ КӨЗДЕЙТІН ЗАҢ ЖОБАСЫН МАҚҰЛДАДЫ


 

МӘЖІЛІС БАЗАЛЫҚ ЗЕЙНЕТАҚЫ ТАҒАЙЫНДАУ ТӘРТІБІН ӨЗГЕРТУДІ КӨЗДЕЙТІН ЗАҢ ЖОБАСЫН МАҚҰЛДАДЫ

 

Астана. 24-маусым. Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілісте Палата Спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті.

Халық қалаулылары зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.

Атап өтерлігі, 2017 жылғы 1 шілдеден бастап базалық зейнетақы тағайындау тәртібі өзгеретін болады.

Базалық зейнетақы азаматтар зейнеткерлік жасқа жеткен кезде ғана және зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты тағайындалады.

Зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жыл және одан аз жыл болған  және ол болмаған жағдайда базалық зейнетақының мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 %-на тең, оның мөлшері 10 жылдан артық әрбір жыл үшін 2 %-ға арттырылып отырады, бірақ  қатысу өтілі 35 және одан көп жыл болған жағдайда ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100 %-ынан аспауға тиіс.

Зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі, сондай-ақ  аталған датадан кейінгі міндетті зейнетақы жарналары төленген жұмыс кезеңдері де қосылады.

Сонымен бірге базалық зейнетақыны тағайындау саясатының өзгеруіне байланысты, мөлшерлері қазіргі кездегі базалық зейнетақы мөлшеріне тең келетін, жасына байланысты берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы жойылады.

Сондай-ақ, әлеуетті құрылымдардың барлық қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік бюджет есебінен жүзеге асырылады. Олардың зейнетақы мөлшері еңбек сіңірген жылдарына және қызметтен босатылған сәттегі ақшалай қамтылымына байланысты есептеледі.

Бұл ретте, 2016 жылдан бастап әлеуетті құрылымдар қызметкерлерінің ақшалай қамтылымынан 20 %-дық  міндетті зейнетақы жарналарын төлеу бойынша мемлекеттік бюджеттің міндеттемелері жойылады.

Бұдан басқа, олардың пайдасына 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін бюджет қаражаты есебінен аударылған міндетті зейнетақы жарналары сомаларының елу пайызын бюджет кірісіне қайтару ұсынылады.

Заң жобасымен жұмыс істеу барысында жұмыс тобының 7 отырысы өткізіліп, онда 160-тан астам түзету қаралды.

Жалпы отырыста «Атом энергиясын пайдалану туралы» Заң жобасы ілеспелі түзетулермен бірінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасы қызметін атом энергиясын пайдалану саласында жүзеге асыруға лицензиясы бар тұлғаларды радиацияның әсері және радиоактивтік зақымдану салдарынан туындайтын, персоналдың немесе үшінші тұлғалардың өміріне, денсаулығына және мүлкіне келтірілуі мүмкін залалдан сақтандыруды жүзеге асыруды міндеттейтін нормамен толықтырылды.

Ілеспелі құжат Қазақстанның екі кодексі мен үш заңына атом энергиясын пайдалану саласындағы сақтандыру, лицензиялау, радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді.

Осы күні Мәжіліс депутаттары қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша түзетулерді екінші оқылымда қарады.

Осы заң жобасы бойынша келіп түскен ұсыныстар жұмыс тобының сегіз отырысында және Комитеттің кеңейтілген екі отырысында мүдделі министрліктер мен ведомстволар, сондай-ақ бірқатар үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен қаралды.

Заң жобасын қарау барысында депутаттар қаржы мониторингіне жататын операциялар үшін шектердің деңгейін жоғарылату жөнінде, сондай-ақ «қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату)» және «шетелдік жария лауазымды адам» ұғымдарын нақтылау жөнінде түзетулер енгізді.

Депутаттар тарапынан қолдауға ие болған  тағы бір заң жобасы  жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру мәселелері бойынша түзетулер. 

Заң жобасында кейбір ұғымдардың анықтамасы ашылып, жұмылдыру дайындығы саласындағы уәкілетті органның, жұмылдыру тапсырмалары бар мемлекеттік органдардың және жұмылдыру тапсырыстары бар ұйымдар басшыларының құзыреті нақтыланады.

Жұмыс барысында депутаттар оның нормаларын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келтіруге, заң жобасының редакциясын нақтылауға және мазмұнын жақсартуға бағытталған түзетулер енгізді.

Сондай-ақ, бірқатар ратификациялық құжаттар талқыланып, мәжілісмендер тарапынан қолдауға ие болды. Олар: Литвамен, Ресеймен реадмиссия туралы үкіметаралық келісімді және Ресеймен реадмиссия туралы келісімді іске асыру тәртібі туралы атқару хаттамасын, сонымен қатар, Қазақстан мен Жапония арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және қорғау туралы келісімді ратификациялауға бағытталған.

Депутаттар Иран Ислам Республикасымен  жолаушылар мен жүктердің халықаралық автомобиль тасымалдары туралы үкіметаралық келісімді, Қылмыстық істер бойынша өзара көмек туралы америкааралық конвенцияны,   2003 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан мен Қырғыз Үкіметі арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы және Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуына байланысты ЕАЭ одақтың құқығына кіретін жекелеген халықаралық шарттарды және Еуразиялық экономикалық одақ органдарының актілерін қолдануы жөніндегі жағдайлар мен өтпелі ережелер туралы хаттаманы ратификациялау туралы бейінді комитеттерге қорытынды әзірлеу мерзімін тағайындады. 

Сонымен бірге, екінші деңгейдегі  банктердің жұмыс істемейтін кредиттері мен активтері, қаржылық қызметтер көрсету және қаржы ұйымдары мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қызметі мәселелері бойынша түзетулерді жұмысқа қабылдады.

Жалпы отырыста ілеспелі түзетулермен қайырымдылық, демеушілік және меценаттық қызмет туралы заң жобалары бойынша жұмысты жалғастыру туралы қаулы қабылданды.

(Зәмеш Кеңесқызы - 74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз  қызметі)

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі