Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
26.06.2015

МӘЖІЛІСТЕ ӨЗІН-ӨЗІ БАСҚАРУДЫ ОДАН ӘРІ ДАМЫТУ ЖАЙЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ


МӘЖІЛІСТЕ ӨЗІН-ӨЗІ БАСҚАРУДЫ ОДАН ӘРІ ДАМЫТУ ЖАЙЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

 

Астана. 26-маусым, Мәжіліс үйі.  Бүгін Мәжілісте «Нұр Отан» ХДП Фракциясы жанындағы Өңірлік саясат және маслихаттармен жұмыс жасау жөніндегі кеңесінің жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту туралы Тұжырымдамасының және заң шеңберінде жергілікті өзін-өзі басқару дамытуды талқылауға арналған отырысы өтті.

Жиынды Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, аталған кеңестің төрайымы Гүлнар Сейтмағанбетова кіріспе сөзбен ашып,  тақырыптың маңыздылығына тоқталды.

Г. Сейтмағанбетованың атап өткеніндей, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін қай бағытта дамыту керектігі, осы бағытта қандай жұмыстар қолға алынып жатқаны азаматтық қоғамды толғандырып отыр. Сондықтан «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына өзгерістер енгізу мәселесі өте өзекті.

-Қолданыстағы Заңға енгізетін өзгерістердің негізгі бағыттарын қамтыған Тұжырымдаманың жобасы- халықтың мұң-мұқтажын күнбе-күн көріп, оны шешуге жұмыстанып отырған село әкімдерінің, маслихаттардың барлық деңгейінің жұмыстарын жақсартуға тікелей ықпал етеді,-деп атап өтті мәжілісмен. 

Тақырып төңірегінде баяндама жасаған Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтің айтуынша, республика бойынша 2013 жылы 2457 жергілікті басқарудың арнайы бюджеттен тыс шоттары ашылған. Бұл шоттарға  кірістер мемлекеттік мүлікті жалға беруден, заңды және жеке тұлғалардың ерікті салымдарынан,  сыртқы жарнама орналастырудан, әкімшілік құқық бұзушылықтың айыппұлдарынан түседі.  2015 жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша аталмыш шоттарға шамамен республика бойынша 600 миллион теңге түскен. Түсімдердің басым бөлігі заңды және жеке тұлғалардың ерікті жарналары.

Оның айтуынша, тұжырымдаманы жүзеге асырудың бастапқы кезеңінде аталған қаражат ауқымды болмағанымен, бұл қаражаттың түсімі және жұмсалу тетігі жергілікті жұртшылықтың жергілікті қауымдастық істеріне қатысты белсенділігін арттырады.

Өзекті мәселе бойынша Мәжіліс депутаттары Б. Ертаев, А. Маковский, Р. Шаекин, М. Айсина, Ш. Мырзахметов проблемалық сұрақтарды алға тартты.

Отырыс қортытындысы бойынша арнайы ұсынымдар әзірленді.

 Шараға Парламент Мәжілісінің депутаттары,  Ұлттық экономика вице-министрі А. Қайырбек, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, ауылдық округтер әкімдері, «Нұр Отан» партиясы  аудандық филиалдарының басшылары қатысты.  

 

 

 

(ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі